«Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы ашылды

0
4916

ХІХ ғасырда Ұлы Абай «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деді. Хәкімнің ұлағатқа айналған бұл тұжырымы уақыт өткен сайын көмескіленбей, керісінше мән-мағынасы артып келеді. Себебі, жаңалығы желмен жарысқан бүгінгідей заманда өркениетті елдер ғылымға қатты көңіл бөледі. Олар іргелі ғылымсыз ілгерілеу болмайтынын, өнертабыссыз өндіріс өрге баспайтынын жақсы біледі. Иә, бүгінде 90 жылдық мерейтойын атап өткен қара шаңырақ ҚазҰУ-дың жетістіктері жетерлік. Күні кеше Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 90 жылдық мерейтойына орай баспасөз турын өткізіп, жаңадан бой көтерген «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығын таныстырды.

Айта кетейік, жалпы ауданы 5 мың шаршы метрді құрайтын хабта креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобалар жүзеге асырылады. Ғимарат замануи үлгіде жасақталып, ерекше дизайнмен безендірілген. Мұнда әлемге белгілі ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорациясы мен басқа да шетелдік компаниялардың орталықтары, университет базасындағы ғылыми-зерттеу институттары орналасқан. Сонымен қатар, Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы, Ми институты, «Робототехника және мехатроника RoboMech» ғылыми-білім беру орталығы, Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институты, сот сараптамалары орталығы, Ашық үлгідегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасы және Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығының ғылыми жетістіктері мен инновациялық жобалары ұсынылды.

Еске сала кетейік, ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асыруда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2025 жылы Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетімен бірлесіп ғарышқа микроспутник ұшырмақшы. Бұл ортақ жұмыс өз кезегінде ғарышты зерттеуге, аталған салада білікті мамандарды даярлауға, ортақ нано және микро спутниктерді әзірлеуге жол ашады. Осы арқылы жерді зерттеу жұмыстарын қашықтықтан жүргізуге мол мүмкіндік береді. 

– Биология факультетінде Америкамен біріккен лаборатория ашылды. Осы жылы 20-30 зертхана іске қосылды. Олардың бірі – робототехника лабораториясы, – дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департаментінің директоры Марғұлан Ибраимов.

Толағай жетістікке жетіп отырған оқу ордасында жағымды жаңалық мол ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінен 4 млрд теңгенің Мегагрантын жеңіп алған. Батыс Қазақстан өңіріндегі стратегиялық маңызды міндеттерді шешуге бағытталған жоба үш жыл ішінде жүзеге асырылады. Осы уақыт аралығында мамандар аймақтың тұрақты экологиялық-әлеуметтік-экономикалық дамуы, экология, су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтау және басқару мәселелерін де шешу жолдарын табады. Жоба аясында ҚазҰУ ғалымдары ағымдағы жылы батыс өңіріне барып, су тасқыны жағдайына байланысты арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын.

Сондай-ақ, биылғы жылы университет зерттеушілері 3 млрд теңгенің Мегагрантына қол жеткізді. Яғни, ҚазҰУ мамандары қазақ тілі мен технологиялық прогресті қолдауға арналған LLM тілдік моделін әзірлейді. Негізгі басты мақсат – қоғамның түрлі салаларына қазақ тіліндегі үлкен тілдік модельдерді әзірлеу және енгізу, бұл технологиялық прогреске ықпал етеді және мемлекеттік тілдегі онлайн қызметтерге қолжетімділікті кеңейтеді. Осы жоба аясында ғалымдар ҚазҰУ базасында өнімділігі жоғары ғылыми-зерттеу дата-орталығын ашуды жоспарлап отыр. Жаңа нысан бүкіл елдің зерттеушілеріне озық жасанды интеллект технологияларын әзірлеу және енгізу үшін қажетті ресурстарды ұсынбақ.

Университет студенттердің әлеуметтік мәселесін де естен шығармаған. Журналистер күрделі жөндеуден өткен №9 жатақханаға барып, студенттер үйінде жастардың игілігі үшін жасалған жұмыстарды көрді. Қонақтарға жатақхананың күрделі жөндеуге дейінгі және кейінгі жай-күйі көрсетілді. Жөндеу кезінде ғимараттың сыртқы қасбеті жаңартылып, барлық бөлменің қабырғалары қайта әрленді. Есік-терезе ауыстырылып, электр жүйесі жүргізілді.

Студенттер игілігіне берілген 15 жатақхана бар. Ағымдағы оқу жылында 3 жатақханаға күрделі, 12 студенттер үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде ҚазҰУ қалашығындағы құрылысының екінші кезеңі аясында 3 жаңа жатақхананың құрылысы қолға алынбақ. Тоғыз қабатты 3 студенттер үйінің әрқайсысы 677 орынға, барлығы 2 031 орынға арналған екен.

10 инновациялық зертханадан тұратын география және табиғатты пайдалану факультетіндегі «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы таныстырылды. Тұрақты даму мақсаттарының бағыттарын жүзеге асыратын ғылыми орталықта ғалымдар су ресурстарының сапасын талдау, топырақ құрамын зерттеу, климат өзгерісін бақылау, экологиялық қауіптің алдын алу, отандық туризмді дамыту бағытында жұмыстар жүргізеді. Мәселен, орталық мамандары су тасқынының алдын алу, салдарын анықтау және жер сілкінісіне мониторинг жасау бойынша жұмыстар атқаруда. Жерді қашықтықтан бақылау арқылы қауіп-қатерді алдын ала ескертіп, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижелері туралы толық атап өтті.

– Бізде геоморфология және геодинамика мәселелерді қарастыратын ғалымдар бар. Сол ғалымдар жер астындағы плиталардың жылжуы қандай, қай жылы қандай температура әсер етті, қазір тіпті климаттың өзгеруі де осы жер астындағы плиталардың жылжуына бағалап, модельдеп жатырмыз. Жерасты жылжитын массалар бар, сол массаны сезетін сезімталдық датчиктер арқылы, осы ҚазҰУ-дың аймағына қоямыз. Тұрғындарға біз бес минут болса да, айта аламыз, мынадай балл жер сілкінісі келе жатыр, – деп пікір білдірді ҚазҰУ География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева.

Қазақстан мен Қытай бірлесіп ашқан зертхана Орталық Азия бойынша жұмыс істейтін, табиғат ресурстарына мониторинг жүргізетін жалғыз орталық. Сондықтан аталған ғылыми зертхана болашақта ғылыми зерттеулердің орны ғана емес, Орталық Азиядағы қоршаған ортаны тұрақты дамытудың басты хабына айналмақ.

Ғалымдардың тағы бір табысты жобасы – суперкомпьютер орталығының қызметін айтсақ болады. Жоғары технологиялық құрылғы бүкіл Қазақстан ғалымдарына деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, мемлекеттік органдардың түрлі жағдайларын модельдеуге және отандық IT саласын дамытуға септігін тигізеді. Орталық Азияда ең қуатты саналатын құрылғының жоғары өнімділігі 1,94 PFLOPS құрайды. Сондай-ақ, әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің тізіміне кіреді. Қазіргі таңда құрылғыны орнату жұмыстары жүргізілуде.

Суперкомпьютер жасанды интеллект технологияларын, университет қызметінің негізгі бағыттары бойынша ғылымды қажетсінетін есептеулерді жасау, IoT-объектілерді басқару және ұйымдастыру, Smart-технологиялар объектілерін басқару жөніндегі бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу үшін пайдаланылатын болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – Бірінші проректор Еркін Дүйсенов БАҚ өкілдеріне университетте атқарылған ауқымды жұмыстар жөнінде ақпарат беріп, алдағы жоспар туралы баяндады. Проректор өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен 50 жылдық тарихы бар ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңі басталатынын айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», – деген болатын. Ендеше, еліміздегі жетекші университеттің ғылымға және ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға үлес қосып жатқаны қуантады.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here