Аңқай көтерілісі жайлы ақиқат

0
2198

Бұл мақала ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссиясын құру туралы» Жарлығы бойынша басталған зерттеу жұмыстары шеңберінде Қазақстан Республикасы Президенті архивінің, Түркістан облысы Полиция департаменті арнайы архивінің құпия қорларындағы құжаттары негізінде жазылды.

1931-1932 жылдардағы Аңқай көтерілісі – былайғы жұрт біле бермейтін, зерттеушілер де енді зерделей бастаған, ашынған халықтың атеистік билікке қарсы ашық бас көтерулерінің бірі. Алапат аштықтың тұсында аяқ астынан бірден бұрқ ете қалған бұғауға көнбейтін жұрттың бұл бұлқынысы бастапқыда Шаян ауданында шаң  бергенімен, аз күнде-ақ аумағы кеңейіп, Созақ, Талас, Арыс, Бөген аудандарын да шарпыған.     «Тарпаң мінезді елдің өрісін тарылтқан өкіметке қарсы қарулы қақтығыста Бұралқының Бектеб, Аңқау, Тоғызбай, Сегізбай атты арыстан жүректі апайтөс ұлдары, құралайды көзге атқан Жорабек мерген, кеудесі кекке толы Күзбай аңшы, т.б. бәйжігіттің батыр бозымдары, Созақ пен Таластан көмекке келген жігіттермен бірге бес қаруы сай қызылдармен Қаратаудың төсінде сан күн соғысыпты» деген аңызға бергісіз ақиқатты ауылдың аузы дуалы ақсақалы Ыбырай қажы, әулет тарихын әріден қозғайтын Бағдат, Құрманәлі, Дәуір, Жарқынбек секілді игі жақсылар жиі айтып отыратын. Бұл – бала күннен қанық әңгімем. Берекелі Бәйдібек ауданының Майбұлақ ауылында тұратын өлкетанушы һәм шежіреші Мырзанәлі Сағынбековтің терең талдап, тарқата айтуына қарағанда, Аңқайдағы азаттық айқасына қатысқандардың дені бәйжігіт руынан, соның ішінде Көшімбет атасынан, Тоғанас батырдың әулетінен және Тоғанастың бауырлары Шаған мен Досаманның әулетінен екен.

Осы тұста Бұралқы би турасында да білгенімізді тәпсірлей кетер болсақ, ол өз дәуірінде дәулеті тасыған, дәурені жүрген бай кісі болған екен. Кеңеске қарсы бұл көтеріліс кенеттен тұтанды десек те қателесеміз. «Колхоз боламыз» деп елдің қорасындағы бар малын сыпыра тартып алып, тапқаны тамағынан артылмайтын жұртқа алым-салықтың сан түрін салған өкіметтің озбырлығы беделді бидің де ыза-кегін тудырып, жүрегінде оты бар жігіттерін түгел атқа қондырған. Қаратауды қалқалап, Байжансай өңірінде жасырынып жүріп, күші басым жауымен кеудесінен жаны шыққанша жағаласып өткен. Аға-інілерінің көбі қару-жарағы сайлы жазалаушы отрядтармен тау бөктерінде болған сайыста оққа ұшады. «Банды атанған» бәйжігіттердің біразы таудағы қарулы текетірестен тірі қалып, қайта айналып қыстаққа түскенде, тасадан тосып алып, атып тастаған. Қолға түскендерін азаптап қинап, аяусыз жазалаған.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі және Мемориал қоғамы құрған, ашық интернетке жүктелген базаларда мынадай мәліметтер көрсетілген: «Бұралқиев Бектеб 1877 жылы туған болса, Бұралқиев Аңқау 1882 жылы дүниеге келген екен. Ағалы-інілі екеуі Оңтүстік Қазақстан облысы, Талас ауданы, 10-ауылдың тумасы. Тұтқынға алынғанға дейін Бөген ауданы, Көктерек ауылдық кеңесінде тіршілік кешкен. Арыс аудандық ОГПУ қызметкерлері 1932 жылдың 9 сәуірінде тұтқынға алып, үштіктің үкімімен 1933 жылдың 23 мамырында РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-10-бабымен айыпталып, 10 жылға еңбек лагеріне бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі. Тек 1989 жылдың 8 маусымында Шымкент қаласының аймақтық прокуратурасы осы жылдың 16 қаңтарындағы КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының қаулысы негізінде аталған істі тоқтатады».

Жалпы жұртты, ойлы оқырманды ел есіндегі ереуілдің Аңқай аталу себебі қызықтыратыны да күмәнсіз. Ауыл-аймақта Аңқай турасындағы аңыз-әңгімелер аз емес десек те, көтеріліс көсемінің кім екені әлі де анық емес. Біз тек «Халық айтса, қалып айтпайды» деген тәмсілге сүйеніп, ұлт жадында не қалса, соны  ұқыптап жазуға тырысып бақтық.

Ел естілерінен естігендерімізді тілге тиек ете кетсек, мәлімет беруші Құрманәлі Ілебаевтың айтуынша, ол «Талас төңірегінде Аңқай атты тутамғалының батыры болған» деген әңгімені ілгеріде үлкендерден естіген екен. Ал осы зерттеу мақаланы жазу барысында бар білгенін баян етіп, қисынға келетін деректерін ұсынған ұлтжанды өлкетанушы Мырзанәлі Сағынбековтің  де мәліметіне көп сүйендік. Айтуынша, Аңқай мергеннің азан шақырып қойған есім-ныспысы Бейсенәлі екен. Соған қарағанда «Аңқай» ауылдас жеңгелерінің қойған аты болса керек деп болжалдаймыз. Айтпақшы, ата мекенде азаттық жолында мерт болған Аңқайдың артында қалған жесірі Балбырауын «Ттағдыр – тәңір ісі» деп, кейіннен сол Шаянның Шақпақ өңірінде өмір сүрген Бердіқұл бақсының етегінен ұстапты.

Бердіқұлдан тараған ұрпақтар бүгінде баршылық. Дегенмен, Аңқайдың өзге ұрпақтары, не өзі турасындағы нақтылы мұрағаттық құжаттар жоқтың қасы. Зар заман зобалаңын зердесіне түйгендердің айтуынша, Шаян ауданында басталған бұл көтерілістің көсемі Мұратбеков Бедер болған. Бектеб пен Аңқау Бұралқиевтердің абақтыдағы айғақты жазбаларына көз жүгіртсек, кезінде жұрт дегенде жүгініп, бір қауым елге болыс болған, аймаққа билігін, ақсақалдарға сөзін өткізе алған өңірге сыйлы азамат, ашынған халықты соңынан ерте алатын айтулы батыр Бедердің дүрбелеңге дем бергенін көрген ауыл-аймақтың намысты жігіттерінің бәрі де көтерілісшілердің қарасын көбейткен. Жүрегінің түгі бар батыр Бедер Мұратбеков 1885 жылдың тумасы. қаламгер Бағдат Қалаубаевтың деректеріне сүйене отырсақ, Бедердің басы бұғауға ілініп, бүлік басылғанда, Шаяндағы шаңырағында зайыбы мен Зайып атты жалғыз қызы артында аңырап қалған екен. Алайда, архив деректерінде Аңқай көтерілісіне қатысқан ел арыстарының қаншасы жер жастанғаны жайлы мәлімет мардымсыз. Тек Бұралқыдай тектінің тұяғы, аңғал батыр Аңқаудың 1932 жылы ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында мынадай жолдар бар:

«…Біз бағзыдан-ақ қорасынан мал, қойнауынан құт үзілмеген бай-қуатты әулеттің тұқымымыз. Төңкерістен бұрын да төрт түлігі сай, тағдырына таршылық жазылмаған, бұл төңіректегі түтіні түзу ұшқан шаңырақтың бірі едік. Қызыл үкімет орнаған кейінгі жылдарда да қылшығымыз қисайған жоқ. Қорамда кем дегенде 300 қойым, 100-ге жуық жылқым болды. Туыстарым да арғы тегінен тартып тіршілігінде аузы аққа жарып өскен өңшең ауқаттылар», – депті. Тағы бір айта кетерлігі, бұл тергеу хаттамасы толтырылған тұста Аңқау ердің жасы – елуге таяп қалған ел ағасы санатындағы көшелі кісі тұғын. Сол шақта жұбайы Жадыра 25-те болса, қызы Майгүл (әлде Шайкүл) 10 жастағы ойын баласы, аяғын апыл-тапыл басып, томпаңдап жүрген Тұрысбегі небәрі 4-тегі бүлдіршін еді. Осы тұстан әңгімеміздің желісін бір сәтке үзе отырып, 55 жасында ағайын қамы үшін атқа қонған Бұралқиев Бектептің баянхатына да  байыппен үңіліп көрелік:

«…Жанұям жайлы айтар болсам, қос қосағым – Мария 35 жаста, Жалпақ 50 жаста. Шешем 80-дегі кәрі кейуана. Балаларым Шардарбек 8 жаста, Тұрғымбек 6 жаста, Құлбек 5 жаста. Қызылдар келіп қысымға алмай тұрғанның өзінде тұрмысым көп ауылдастан көш ілгері еді. Кемінде 100 қойдан астам малым, түйелерім болған. Совет өкіметі Құдай берген дәулетіме құрық салып, бар малымды дым қоймай тартып ала берді. Ал, Аңқай қырғыны туралы ақиқатты ақтарыла айтар болсам, кеңестік жүйенің керітартпа саясатына наразы болған көтерілісшілер біздің №6 ауылда жиналды. Жабы тірлік жағасынан алған, жоқшылық әбден титықтатқан, аштыққа ұшырай бастаған алақандай ауыл жұртының басын қосып, кеңес өткіздік. «Бәрінен бейхабар болғандай сыңай танытқан тасмейір өкіметке бақыр тиындық құнымыз қалмады. Тым құрыса тұяқ серпуге жарамағанымыз ба? Шешелерің жарық дүниеге келгенде Жаратқанға тәубе айтып, қалжа жегені рас болса, жігіт-желең түгел атқа қоныңдар! Аштан бұратылғанша, алысып өлейік!» – деп, бұқараны билікке қарсы үгіттедік. Ел құлағы – елу. Шаяндағы шаруаның жанайқайын ұзынқұлақтан естіген айнала-маңайдағы басқа ауылдың бас көтерер ер азаматтары да топ-тобымен қарамызды көбейтті. Бірақ, «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» дегендей, бір бармағын бүгіп, тасадан тас атуға дайын тұрғандар бірлігімізге сызат түсірді, берекемізді кетірді. Группировка  деген шықты. Ауылда 1900 жылы туған Серімбай Нұрлыбековтің группировкасы бедел жиып, бел алып тұрды.

Жалпы біздің бөгде пиғылымыз, теріс ниетіміз жоқ тұғын. Бар болғаны хлебозаготовкаға (астық, ет салықтарына) қарсы болдық. Өйткені, онсыз да өлместің күнін кешіп, қап түбіндегі қос уыс бидайымен «шықпа, жаным, шықпалап» күнді күнге жалғап келе жатқан жатақ кедейдің өкімет міндеттеп ауылға салған 20 пұт астық, 500 келі ет жоспарын орындауға шамасы келмейтін. Содан сұраулы жүзбен сүзіле қарап тұрған көпшіліктің ортасынан суырылып шығып, «Мен тапсырмаймын!» – деп кесімді сөзімді айттым. Агитация жасадым. Шыдамы шегіне жетіп, кедейліктен ыңыршағы айналған ызалы ел де мұнымды құптап, соңыма ерді. Көтерілісті бастадық. Бейбіт ауылдың ынтымағын ыдыратқан «банды» атандырсаңыздар, «бүлікші» деп ат қойып, айдар тақсаңыздар да еріктеріңіз. Басымды алсаңдар да батыл сөйлеп, өз биігімде өлейін, бандыны құрған мына мен, біздер: 1. Бектеб Бұралқиев, 2. Бедер Мұратбеков (Бедер Байжансайда өлді), 3. Қуанышбек Пазылбеков, 4. Серімбай Нұрлыбеков. 5. Мақатай Бижанов 6. Байдалы Тәңірбергенов. 7. Жұмаділла Нұрлыбеков. 8. Төртбай Бектібаев (Талас ауданына барып, сол жақта елді көтеріліске шақырған).

Ереуілге де еріккеннен шыққан жоқпыз. Ел мүддесі жолындағы егестің басты себептері мыналар: Өзімбілермендікке салынып, өктемдігі тым өршіп кеткен өкімет біздің айрандай ұйып отырған іргелі рудың арасына іріткі салып, ыдыратып тынды. Балталаса да бұзылмайтын береке-бірлігіміздің быт-шытын шығарды. Сайын далаға сыймаған еркін қазақты колхозға қоғамдастырып, мәжбүрлеп кіргізді. Иманға ұйыған елден ұят, коммунист келіннен иба қашты. Құранға қарсы шығарып, Құдайымызды ұмыттырды. Діңгек көрген дінімізден ажыратты. Азғантай малымызды да талап-бұлап, қолдан ашаршылыққа ұшыратты. Ұяға қондырған ұлымыз аштықтан өлді. Қияға қондырған қызымыз қиянда қаза болды. Белсенді біткен балақтағы биттей бетке шығып, асыра сілтеді, аша тұяқ қалдырмады. Қазан жалаған қатын жесір, бесіктегі бала жетім қалды. «Мұндай қорлыққа шыдап, жер басып тірі жүргенше, көмусіз қалсақ та кеудемізді бастырмайық» деп жаппай көтерілгеніміз рас. Екі күн мәжіліс құрып, аузы дуалы ақсақалдардан бата алдық. Көпке созбай көтеріліске шықтық. Біздің агитаторларымыздың бірі Төртбай Бектібаев деген жігерлі кісі болатын. Содан 150 жігіт бостандық үшін, ұлт үшін, теңдік үшін ұлт ұранына айналған батыр бабамыздың аруағына сыйынып, «Тоғанас! Тоғанас!» – деп атқа қонып, бізге тізесін әбден батырған белсенділерді бытырата қуып шаптық. Еліне қорған болған ер Тоғанастың аруағы қолдап, жеңіске жететінімізге кәміл сендік. Көтерілісті сырттан келіп ешкім басқарған жоқ, мұның бәрі сыпсың сөз. Халық қаласа, хан түйесін де сояды. Теңіздей толқыған қалың топ әп-сәтте Шаян болысы 6-ауылының айра-жайрасын шығарды. Алдымен көзге күйік болған кооперативті күштеп басып алып, ашыққан жұртқа астық тараттық. Байжансай кенішінде де бүлік шығарып, магазинді қиратып, азық-түлікті талап алдық. Біраз жігіт жараланды, біраз адам мерт болды. Басиеміз Бедер Мұратбеков Байжансайдан қашып шыққанда, соңына түскен жендеттер ауыл маңындағы Аша деген жерде атып өлтіреді. Ауылдағы Бедермен қарайлас Ақай деген кісі түнде барып, Бедердің сүйегін ауылға әкеп, жуындырған соң, қайтадан Ашаға апарып жерлеген».

Бұл жерде Бектептің «ұранымыз «Тоғанас» еді» деп ерекше атап көрсетіп отырған баһадүрі – заманында тұтас қазаққа тұлға болған, ұлы жүз Сіргелінің ұранына айналған, жоңғар шапқыншылығында егеулі найзасымен ел қорғаған егей батыр Тоғанас Сабдалыұлы болатын. Яғни, атеистік билік ата діннен бездірсе де, қызыл коммунистер тамыры тереңде жатқан тарихымызды теріске шығарса да, рухы биік текті жұрт екі ғасыр бұрын ел қамын жеген жаужүрек Тоғанасын ұмытпай ұрандап, жазалаушы әскермен әлі келгенше тіресіп бағады.

Анығында, ел аузында аңызға айналған Аңқай көтерілісі турасындағы там-тұм мәліметтерде Қаратаудағы Байжансай кеніші жиі атап көрсетіледі. Анықтама ретінде айта өтейік, Байжансай бұрыннан-ақ сіргелілердің мекен еткен ата қонысы. Ал, Байжан сол Ұлы жүз Сіргелінің ішінде тутамғалыдан шыққан кәнігі аңшы, атқан оғы мүлт кетпейтін мерген кісі болған деседі білетіндер. Қансонарда із шолып, жер құрғақта қыр кезіп, жұт қысқан жылдары бір ауылды бір өзі аң етімен асырағанын абыз қариялардың аузынан бала кезде біз де талай естігенбіз. Оған қоса Байжан бұл жерден алғаш қорғасын тауып, геологтарға білдірген. Қойнауы қазба байлыққа толы кенішті өлкенің Байжансай аталуы да содан болса керек деп болжалдаймыз.

Олай болса, Бектептің ОГПУ тергеушілеріне берген жауабын әрі қарай тәпсірлей түсейік.

«Шаяндағы шатақтың шуы басыла бере «Қараой жақта елді көтеріп жатқан Құспай Төрегелдиев деген датқа бар екен…», «Талас ауданында Аңқай мерген мылтық асынған милиция атаулының мысын басып, зәре-құтын қашырыпты» деген дақпыртты есітіп, Байжансайдағы бұлқыныста есесі кеткен 150 жігітпен бесін ауа Қараойға беттедік. Бірақ, атағы жер жарған Аңқай мергенді көрген емеспіз. Мақсатымыз мәлім. Біздің көтерілісшілерге көмек беруді көздеп келе жатқанымыздан құлағдар болғандар Созақ жақтан сабымызға қосылып жатты. Бірақ, Қараойға қарға адым жер қалғанда алдымыздан бір топ колхозшы шығып, жолымызды кес-кестеп тұрып алды. Фамилиясын білмеймін, Жұмахан деген колхоздың председателі бастаған батырақтар: «Өмірем қабайын демесеңдер, өкіметке қарсы шықпаңдар. Қаруларыңды тастап, қыстақтарыңа қайтыңдар! Бәлкім, бәлшебектер кеңшілік жасап, қателеріңді кешер!» – деп үкіметтен үміт үзген үркердей топқа үгіт айтып, болмағасын қоқан-лоққы көрсете бастады. Керілдесудің соңы керіске, айқай-шудың соңы ашық төбелеске ұласты. «Көп қорқытады, терең батырады» деген рас екен. Жұдырығы да жуан, ашуы да асаудай бұлқынған  ызалы топ  колхозшыларды сілейте сабап, сазайын берді. Бірақ, әлгі колхозшылардан ешкім өлген жоқ. Қорқаулардың қолшоқпарына айналған қара шаруаға қару кезеніп неміз бар. Сөйтсек, онымыз ағаттық болған екен. Жымысқы ойлы Жұмаханның жігіттері жолымызды әдейі бөгеп, мұздай қаруланған милиция мен ОГПУ қызметкерлерін көмекке шақырып қойыпты. «Жау қайда?» деп жалаңдаған жендеттер жедел жеткесін, жағдайымыз мүлде қиындап кетті. Жан-жақтан қаумалай қоршап, ентелеген жазалаушылар біздің жігіттерді мылтықпен атқылап, тырқыратып қуа бастады. Өңшең өрімдей жас бозымдардың өлгені өлді, қалғанымыз қарақан басымыздың қамын ойлап, бет-бетімізбен бытырап, төтелеп келген ажалдан әрең қашып құтылдық».

Біз білетін, басталмай жатып қанға боялып басылған көтерілістің қысқаша тарихы осындай. Бабалар тарихын білуді бала күнімнен өзіме мақсат санаған мен де Аңқай арпалысы жайлы аңыз-естеліктерді ел аузынан тірнектеп жинап келемін. Бір жағы осы аймақтың  азаматы болғасын, Аңқай көтерілісіндегі аталарымыздың арпалысына ой жүгіртсем, көтерілісшілердің бес қаруы сай болмаған. Бірен-саран кісі ғана аңшының шиті мылтығымен шықса, қара көбейтіп жүргендердің денінде сойыл мен шоқпардан өзге жауды жасқайтын жөндемді қару жоқ. Арасында айла тауып, киіз үйдің уығын үшкірлеп жонып, найза жасап алғандар да бар екен. Сондықтан қаһары қаймықтырғанмен, қарулы жасаққа қарсы тұрарлық қауқары шамалы қызуқанды жігіттерге ауылдың кейбір ақсақалдары: «Айналайындар, ақылға келіп айтқанымызға құлақ салыңдар. Бүлікті тыйып, бітімнің жолын табайық. Босқа қырылып қаласыңдар», – деп басалқы болғанымен, бурадай буырқанған бірбеткей жігіттер айтқанынан қайтпаған. Әйтпесе, саналы ғұмырында советтік органдарға қалтқысыз қызмет еткен, партия тапсырмасын мүлтіксіз орындаған, жұртына жанашыр, еліне ниеттес жерлестері Қилыбай Қилыбаев та қыбын тауып, ОГПУ-дың жазалаушы отрядтары жан-жақтан анталап келе жатқанын алдын ала ескерткен екен. Жаманат хабарды жұрт жақсысынан естіген ауыл адамдары бір түнде Өзбекстанға үдере көшіп үлгерген.

Дегенмен, Аңқайға қатысушылар қылыш, найзадан құралақан болды деп бір-ақ тұжыру да біздіңше қате түсінік. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, қалың жұрт қара темірді қып-қызыл отпен балқытып, не түрлі қалыпқа салып, қамырша илейтін кәнігі ұсталарға кенде болмаған. Майбұлақ ауылында туып өскен Жарқынбек Пәрімбекұлы Пердебековтың айтуынша, Тоғанас батыр әулетінен «Бес ұста» атанған шебер ағайынды кісілер шыққан. Ұсталар қолдан пышақ, қылыш, найза, сауыт, шиті мылтық та жасаған. Бес ұстаның атақ-даңқы тек Шаян еліне емес, Шымкент, Әулиеата уезіне де толық жайылған. Жасаған бұйымдары, заттары, қару-жарақтары бүгінде өңір музейлерінде сақтаулы тұр.

Осы тұста Бектеп Бұралқиевтің тергеушілерге берген жауабына қайта ойысар болсақ, Аңқай қырғынының қаһарманы онан арғы оқиғаны былайша тарқата баяндапты:

«…Көтеріліске қатысқандар күйрей жеңілген соң, біздің Шаян болысының 6-ауылын әп-сәтте таратып, Талас ауданына қосып жіберді. Қазіргі кезде (сол 1932 жылы) біздің ауыл Талас ауданының 30-ауылы аталады (кейін 10-ауыл болып өзгерді).

Бір тықырдың таянғанын сезіп, алғашында туыстарыммен бірге тауға қаштым. Иен дала, құла дүзде еркін өскен бізге тысыр еткен дыбыстан секем алатын тау тағысындай жақпарлы жартасты паналап жан бағу оңай болған жоқ. Амал жоқ, қу жанымызды бір Құдайға тапсырып, түн қата қашып, Әулиеатаның Аша деген жеріне аяқ іліктірдік. Ізімізге шырақ алып түскен сақшылар мұнда да тұрақтатпайтынын біліп, Өзбекстанға, одан ары Тәжікстанға өтіп кеттік. Тәжікстан біздің тақиямызға тар келген жоқ. Түртпексіз тыныш өмір сүрдік. Ілгеріде барып ірге көтерген он шақты ірі қазақ байларымен жылап көрісіп, жақын араласып кеттік. Шамасы олар 1928-1929 жылдардағы кәмпеске науқанында ата мекенінен амалсыз қол үзіп қашқандар болуы керек.

Бір жылдан соң Қазақстандағы коммунистердің уәкілдері келіп: «Болар іс болды, бояуы сіңді, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген. Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адасыңдар. Ақылға келіп, елге қайтыңыздар. Шаян төңірегі түгел тынышталды, ашаршылықтың да беті қайтты. Жұртпен бірге бейнеттеніп, жаңа заман, жаңа қоғамға бейімделіңіздер», – деп әрі үгіттеп, әрі қолқалап жүріп, кіндік қанымыз тамған құтты мекенге қайта оралдық. Келсек, Аңқай көтерілісінің ошағы саналған Шаян ауданын таратып, жартысын Таласқа, жартысын Арысқа қосып жіберіпті. Кеңес үкіметінің кешірім берсе де, кеңшілік бермейтінін бірден ұқтым. Келер күнге үміттен гөрі күдігім басым. Ауылға барудан қорқып, Ақбастау колхозында секретарь болып істейтін Сауқанұлы Оңғар бажамның баспанасына бас сұқтым. Болған жайды бүге-шігесіне дейін білетін Оңғар бажам да, біздің бәйжігт руынан шыққан колхоз председателі Әлмағамбет Қараұлы ағамыз да қиын-қыстау шақта көкірегімнен кері итермей, құшағына басты. Сол ағамыз бізге бір туғандығын көрсетіп, «Баяғыдан бері осы «Көктерек» ауылдық советінде тұратын жергілікті тұрғын» деген бір жапырақ құжат жазып беріп қатарға қосты, қанатының астына алды.

Ақбастауға келгесін көпке сіңісіп, алғашында тып-тыныш тіршілік кешіп жаттық. Кісі баласына зәредей зиянымыз тимеді. Ұрлық істеп, ұятқа қалмадық. Ел қатарлы еңбек етіп, азын-аулақ мал бақтық. Түйелерім бар еді, соларды сойып, етін базарға сатып, ес жиып, еңсе тіктей бастадық. Мен өзім бір түйемді сойдым, Күрішбай Бөрібеков бір түйесін сойды…».

Осынау архивтік материалда аты аталған Күрішбай Бөрібеков те осал кісі емес. Әйгілі бақ қонып, қыдыр дарыған бәйжігіт Бөрібек Төлебаев деген байдың бел баласы. 1862 жылы туған Бөрібек бай ит басына іркіт төгілген ілгерідегі заманның өзінде аузынан май аққан, маңайындағы елді байлығымен де, билігімен де иіріп ұстаған ауқатты адам болатын. 1928 жылы «Бай шаруашылықтарын тәркілеу және оларды жер аудару туралы» большевиктік биліктің арнайы декреті қабылданған тұста бар дәулетінен бір-ақ күнде айырылған, жетпістің жотасына шыққан Бөрібек бай сақалын сыйламаған белсенділердің қорлығына төзе алмай, күйіктен қайтқан екен. Тәркі дүниедегі татар дәмі таусылып, аманат жанын Аллаға тапсырмағанда тектінің бәрін жіпке тізіп кәмпескелеген коммунистер орны бөлек Төлебаевты да тыныш қоймай, Оралға жер аударып тынар еді. Артында Үркімбай, Күрішбай, Әбдәрбек, Дәріпбек, Әділ деген бос ұлы қалыпты. Үркімбайдан Қазақстанға белгілі қоғам қайраткері Фазыл Үркімбаев тарайтынын көзіқарақты оқырман білсе керек деп топшылаймыз. Ал Фазылдың ел құрметіне бөленген Марс пен Төржан атты балалары бар.

Анығы сол, Аңқау мен Бектептің ата мекендегі алаңсыз күндері де ұзаққа созылмапты. Өстіп жүргенде Арыс аудандық ОГПУ органдарына бір жасырын хат келеді. «Жаптым жала, жақтым күйеден» тұратын әлгі хатта: «Арыс ауданындағы саяси жағдай аса алаңдатарлықтай. Ақбастау мен Көктеректе бір топ банды өріп жүр. Арасында колхозға ептеп кіріп алып, ел ішіне іріткі салған, тиісті органдардан бой тасалап жүрген тап жаулары – келімсек байлар да көп. Айтып-айтпай не керек, кезінде Аңқай көтерілісіне қатысқан, қаны бұзық Бектеп пен Аңқау дегендердің «Ей, арып-ашыған ағайын! Сендерге жанымыз ашығандықтан айтып отырмыз. «Ашынғаннан шығады ащы даусым!» демеуші ме еді атам қазақ. Қайыры жоқ қызылдардың қырманына телміріп, қашанғы аш-жалаңаш отыра бермексіңдер!? Намыс қайда?! Намысын нанға сатпайтын нар жігіттерің қайда?! «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деп өкімет бермесе, неменеге тартып алмайсыңдар!? Біз бұрын Талас ауданында белсендісымақтардың белін опырып, көсемсіген коммунистердің көкесін көзіне көрсетіп тұрып, азық-түлігін тартып алғанбыз!» – деп ел алдында екілене сөйлегенін талай көрдік. Бірақ, «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген осы. Осындай сорпасы сорғалаған сорақылықты көрсе де көрмеген болып отырған председатель Қараев жолдастың өзі сау сиырдың жапасы емес, бұрынғы байдың тұқымы. Секретарь Сауқанов Оңғар екеуі сыбайласып, бұғаудан қашқан байлар мен бір топ бандыны ауылға кіргізіп алып, қолтығына су бүркіп, батырақтардың бейбіт өмірінің берекесін кетіріп отыр. Байларға келгенде Атымтай жомарттан асып түсіп, азық-түлікті артығымен таратады да, кедей көрсе кіржиіп, «азық жоқ» деп ауыздарын қу шөппен сүртеді. Араларында ағасымақ болып жүрген Жантасов Қамысбай деген де кісі бар. Бұрынғы бай, талайға тізесі батқан тап жауының нақ өзі. Оны да жасырып отырған осы ауылдың адамдары. Қысқасы, Көктеректегі кедейдің күні күн болмай тұр…» делініпті. Домалақ арыз кеудесіне нан піскен партияшыл дөкейлердің қолына тигесін, Арыстың ОГПУ отряды да дереу қимылдап, колхоз төрағасы Әлмағамбет Қараевтың, хатшысы Оңғар Сауқановтың, банды деп айыпталған Бектеб Бұралқиев, Аңқау Бұралқиевтың және бай-кулак Қамысбай Жантасовтың қолына кісен салып, тұтқынға алады. Сөйтіп бұлардың барлығы он жыл мерзімге Қарағанды лагеріне айдалып кетеді.

Ел естілерінің естеліктерінде де ереуілге қатысқан есіл ерлердің аянышты тағдыры, жазалаушы отрядтың жанарыңды жасқа шылайтын жосықсыз әрекеті, ОГПУ-дың озбырлығы аз айтылмайды. Қысқа күнде қырық құбылған заманда шолақ белсенділердің шектен шыққаны сонша – ауыл ішінде алдынан шыққан адамның бәрін бандыға балап, сотсыз, сұраусыз шетінен жайрата атып тастай берген. Бейшара Бектептің де бетіне шоқ басып, аяусыз азаптаған, құлындай шырқыратып қинаған. Ал, Байжансайдағы атыста ішіне оқ тиген Жорабек аңшы ішек-қарны ақтарылып, атының жалына жабысып, ауылға әрең жетіп жан тапсырыпты.

Ал, Күзбайдың Жүзбай, Жорабек деген інілері де болған. Жорабек бала күнінен батыл болып өсіп, мылтық көрсе маңайынан кетпей қояды екен. Бозбала шағының өзінде өзегі талған елді өзен жағалап жүріп-ақ асыраған айтулы аңшыға айналған. Ал, Күзбайы ас-ауқатқа ашқарақтау болыпты. Бұл екеуін бала күнінен білетін, даналық ойдан дән іздеген ауылдың абыз ақсақалы сонда сынай қарап саңқ етіп:

«Ей, Жорабек, қағыс айтсам Құдай кешер. Сен түбі құмалақтай қорғасын оқтан өлесің, Күзбай сен аштан өлесің», – депті. Айтқаны айдай келіп, Жорабек аңшы әлгі атыста оқтан ауыр  жараланып, ауылға жете алмай, ауылдың шетіне ілінгенде құлайды. Бұл хабарды естіген шешесі мен ауылдағы 18 жасар Құрменбек деген кісі Жорабекті табады. Шешесінің көз алдында жан тапсырған Жорабектің көрін Құрманбек қазып жерлеген екен. Ал, Күзбай көтерілістен соңғы қуғыннан қорқып тауға қашып, «Тоғанастың қорғаны» деген жердегі үңгірлерде бой тасалап тығылып жатыпты. Былайғы жұртқа білдірмей інілері тамақ-суын апарып беріп тұрса керек.

Былайша айтқанда, тағдырын арызқой ауылдастың бір парақ хаты шешкен колхоз төрағасы Әлмағамбет Қараев, оның хатшысы Оңғар Сауқанов, «банды» деп айыпталған Бектеп пен Аңқау Бұралқиевтер, Қамысбай  Жантасов 1933 жылы Қылмыстық кодекстің 58-10-бабымен айыпты деп табылып, 10 жылға Карлагқа айдалғанымен, олардың дені сол еңбекпен түзеу лагерінен аман қайтпаған. Тек 1886 жылы Бөген ауылында (Бөген өзенінің бойындағы Ақбастау ауылы) дүние есігін ашқан Әлмағамбет Қараев жайлы ғана жарытымсыз деректер бар. Сол жылдың 23 мамырында Қарағандыға жөнелтілген Қараев амалын тауып, 1937 жылы ажал ордасынан қашып шығыпты. 1939 жылы іле-шала оған бүкілодақтық іздеу салынып, ОГПУ жансыздары жер-дүниені аударып-төңкергенімен бұрынғы төрағаны бәрібір таба алмайды. Тек 1957 жылы іздеу тоқтатылып, «Қарасын батырған Қараев тірі болса, түптің түбінде бір табылар еді. Жобаласақ, жасы жетпістен асып жығылған болар еді, шамасы шырағы сөнген сыңайлы» деп ісі жабылады.

Одан бөлек, Құрманәлі Ілебаевтың балаң шақта әжесінен, естияр тартқанда егде кісілерден естігендерін де елеп-екшей отырар болсақ, Аңқайдағы арыстарымыздың дені сотсыз, сұраусыз-ақ атылған екен. Тіпті, тоталитарлық жүйеге лағынет айтып, лапасқа қамалатынын күні бұрын білсе де лажысыздан қолына қару ұстаған Бұралқы, Тоғызбай, Сегізбайлардың артында тұяқ та қалмаған. Біз тілге тиек етіп отырған бұл тұлғалар – иісі қазаққа, қала берді күллі Сіргеліге ұран болған әйгілі Тоғанас батырдың туыстары – Сары, Шаған, Байдәулеттердің балалары болып келеді. Ал, жоғарыда аз-кем әңгіме ауанына айналған Жорабек, Күзбай секілді аңшылар жайында ескі де есті аңыздар ел аузында еміс-еміс қана қалды демесеңіз, Аңқайдағы аласапыранға қатысқандардың көзін көргендердің бәрінің де бүгінде татар дәмі түгесіп, келмеске кеткелі қашан. Әттең, әміршіл жүйенің әңгіртаяғын жеген, жазықсыз жазаланған, кінәсіз қудаланғандардың құйқа тамырынды шымырлататын шым-шытырық тағдыры жайлы тәспісін аудара отырып тебірене айтатын аузы дуалы абыз қария да қалмады-ау қазір… Олардың соңы сонау тоқсаныншы жылдардың тұсында тәркі дүниесін тастап кете барғанын ойша безбендеп те отырмын.

Осы тұста ауыл-аймақта аты аңызға айналған Жорабек аңшының түп-тегін, есім-сойын сан архивтен індете іздей отырып, біраз олжаға кенелгенімізді де айта отырайық. Абайлап айтып, айғақтап сөйлер болсақ, сол кезеңдегі Шаян болысындағы №4, 5, 6-ауылдарға қатысты архив құжаттарын, оның ішінде 1920-1929 жылдардағы ауылдық кеңестің іс қағаздары мен салық төлеушілердің списогін (тізімін) хал-қадірімізше шолып шықтық. «Қосшы» одағының сол құжаттарының бірінен 1924 жылғы Шаян болысындағы 4-ауылдағы Ақжар ұясында 1878 жылдың тумасы Жорабек Шеңгелбайұлының тіршілік кешкені тарқата айтыла тасқа басылып, тарихта қалыпты.

Сіргелі дейтұғын іргелі рудың шежіре-шалдарының алдын көрген, көкейге түйгені көп Тәшібай Бердібайұлы да бұл пікірімізді құптап, өз жазбаларында ол кісілерді «Шеңгелбайдың ұрпақтары еді» деп атап көрсетіпті.

Әсілі, «Аңқай көтерілісін бердеңке асынған аңшылар бастаған» деген ауыл арасындағы алып-қашпа сөз де негізсіз емес-ау деп тұспалдаймыз. Түптеп келгенде, Аңқайдың өзі де бізге белгісіз бір аңшының аты болуы да бек мүмкін. Мұндай байламды, көтеріліс қан-жоса етіп басылған соң басиесіз қалған елдің Өзбекстан мен Тәжікстанға үдере көшкенін ауылдағы Абылай Байғазиев ақсақал да шып-шырғасы шықпаған шындық деп отыр.

Байжігіттің Жылқыбай атасынан тарайтын ақсақалдың айтуынша, бағзыдағы бабаларын былай қойғанда, арғы аталары да тектілігі тамыр қуған бай-төренің тұқымы екен. Айталық, Ырысбайдің балалары Байғазы, Жанғазылар бір қауым елді уысында ұстаған би-болыстар болса, бертіндегі Байғазының баласы Сәбден Совет үкіметі тұсында сауатын ашып, білім-биігіне ұмтылып жүріп заң оқуын бітірген зерек те зерделі адам болған деседі.

1930 жылғы үркіншілікке көршілес Өзбекстанның Китаб деген жерде (Ол жерде «Бешқазақ» деген қазақ ауылы да бар) тұрақтап қалып, ала тақиялы ағайынның өзін білім-білігімен мойындатып, бірқанша жыл прокурор қызметін абыроймен атқарыпты.

Бодырдан тарайтын бізге де бұл тарих таңсық емес. Сол Созақ пен Аңқай оты тұтанған жылдары әкем Әбутәліп әлі кішкентай бала болған. Ауылдық кеңес төрағасы Қилыбай Көсеубаев өз басына қатер төнсе де қыбын тауып Дулат атаға жасырын келіп, жазалаушы әскердің әлекедей жаланып төніп келе жатқанын жеткізген екен. Сонымен қатар, Совет үкіметіне қалтқысыз қызмет атқарған Қилыбай Көсеубаев Ақбастау, Шаян, Боралдай, т.б. елді-мекендердегі бүкіл ағайын-туыс, құда-жегжат, бір туған бауырларының бәрін жазалаушы жасақтың келе жатқанынан күні бұрын құлақтандырып, талай әулетті нәубеттен аман сақтап қалған нар тұлғалы азамат. Сонда жарықтық Дулат ата кір жуып, кіндік кескен ата мекенін қимай, жанары жасаурап:

«…Біз бір зауал соққанда да, шаңырағы шайқалғалы тұрғанда да ошағының отын сөндірмеген халықпыз. Тәңірім өзі тілегімізді берсе, түбі бір түп қазығымызға, өз үй – өлең төсегімізге оралармыз. Ошағымның оты сөнбесін!» деп отын сөндірмей, асығыс көшіп, Ташкент жақты бетке алыпты. Жолай аштықтан ажал құшқан мыңдаған өлікті көріп, қазағының бұл қайғысына жүрегі қан жыласа да, қолдан келер дәрмені болмай, дәтке қуат етер құлыншақтарын аман алып қалу үшін Ферғанадан да ары өтіп, Қырғызстанның Ош қаласының маңайына барып паналапты.

Ал, сөз соңында Аңқай көтерілісінің көсемдеріне қайта оралар болсақ, «Шындық шырағы дауыл соқса да сөнбейді» дегендей, 1989 жылы 8 маусымда ақыры әділдік салтанат құрып, КСРО Жоғары Прокуратурасының Жарлығымен Бектеб пен Аңқау Бұралқиев толық ақталды. Демек, Аңқай көтерілісінің ақиқаты архив деректерінің негізінде бүгінде, болашақта да айтыла беруі керек. Өйткені, қазір бізге қарулы қақтығысқа қатысқан ұзын саны 150 қазақтың бірнешеуінің ғана аты-жөні белгілі. Сондықтан тарихымызды тануды өз өлкемізден бастап, өңіріміздің өлмес батырларын ұрпаққа өнеге етсек, ұтылмайтынымыз анық.

Абдулла Әбутәліпұлы, өлкетанушы, шежіреші

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here