Тау басындағы тартымды Көлсай

0
2359

Алматы облысындағы туризм тетіктері жолға қойыла бастады. Өңірдің мақтанышына айналған өлкенің бірі әрі бірегейі – Көлсай көлдері. Алматы қаласынан шыққаннан бастап Көлсайдың тамаша көліне тірелген жерге дейінгі жол жақсы. Соның арқасында келушілердің қатарын соңғы екі жылда екі есеге арттырып отыр. Сонымен қатар, Қайыңды көліне дейін электр желісін тарту мәселесі Үкіметтің жоспарында бар.

ҚОРҒАУДАҒЫ ҚАР БАРЫСЫ

Өзінің көркем келбетімен туристерді тамсандыра алатын Көлсайдың әлеуеті зор, мүмкіндігі мол. Қазіргі таңда ұлттық паркпен келісімшартқа отырған 13 туристік фирма жұмыс істейді. Экологиялық және танымдық туризмді дамыту мақсатында ұлттық парк аумағында туристер мен демалушыларға арналған 7 туристік маршрут бойынша қызмет көрсетіледі. Атап айтқанда, «Саты ауылы – Қайыңды көлі», «Саты ауылы – Саты асуы», «Төменгі Көлсай көлі – Сарыбұлақ асуы», «Құрметі ауылы – Ортаңғы Көлсай көлі», «Құрметі ауылы – Қыземшек тауы», «Өрікті сайы – Мәжі көлі», «Төменгі Көлсай көлі» маршруттары жаяу және атпен жүруге арналған. 2021 жылы ұлттық парк аумағына келуші туристер мен демалушылардың саны 83,1 мың адамды құрады. Ал, 2022 жылы бұл көрсеткіш 160,5 мың адамға жетіп отыр.

Ұлттық парктің жалпы аумағы – 161 045 гектарды құрайды. Ұлттық паркті 70 мемлекеттік инспектор бақылайды. БҰҰ-ның даму бағдарламасының демеушілігімен мемлекеттік инспекторларға Смарт мобильді құрылғысы беріліп, олардың жұмыстары жаңа технология бойынша жетілдірілді. Өңірдегі барлық жағдай Дрон құрылғысы арқылы бақыланып отырады. Бүгінгі таңда «Ormankz» бағдарламасы арқылы инспекторлардың жұмысы жаңа электронды жүйеде жетілдірілді. Парк арқылы жаз маусымында демалушыларға танымдық және экологиялық туризмді дамыту жағдайы қамтамасыз етілген. Спорттық және әуесқойлық аңшылықпен, балықшылықпен айналысудың мүмкіндігі қарастырылады. Табиғат аясы мен тарихи, археологиялық ескерткіштерге бару ұйымдастырылады. Бұл аймақтар жалпы ұлттық парк территориясының 13,5 пайызын құрайды. Көлсай көлдері, Қайыңды көл, Талды, Саты сайлары келушілердің ең көп сұранысын арқалаған жерлер. Иә, Үкіметіміздің қамқорлығымен Көлсайға баратын жол қолға алынып, үш жылдың ауқымында толығымен бітті.

Көлсай – бұл көздің жауын алған жауһар дүние «Көлсай көлдері» ҰТП теңіз деңгейінен 1800-3500 метр биіктікте орналасқан. Көлсайдың тамаша өңірі жануарлар мен өсімдік әлеміне бай. Тіпті, ғажайып мекенде сирек әрі жоғалып бара жатқан табиғат дүниесі мен жануарлар ұшырасып жатады. Оған таңдануға болмайды. Мұнда шын мәнінде адамдардың қолы тимеген дүниелер сақталған. Көне мәдениеттік мұраның орындары бар. Ұлттық парк аумағында 40 түрлі жабайы жеміс-жидектің жеуге жарамдысы өседі. Олар: шетен, барбарис, таңқурай, қой қарақат, ит мұрын, шырғанақ, қой бүлдірген, рауғаш, жабайы пияз, сарымсақ тағы басқалар. Мұнда емдік қасиеті бар жұпаргүл, уқорғасын, томар дәрі, қондық шавель, қалақай, мың тамыр, пижма, кипрей, жалбыз, өгей шөп, қылқан жапырақ өседі. Ақ жаңбырлардан кейін көркін, бар тұлғасын аша жайнап тұратын өсімдік әлемінің дені емдік қасиетке толы. Жаңбырдан кейінгі жұпар шашқан түрлі иісіне не жетсін, шіркін?!

Көлсай өңірінде 226-ға тарта жан-жануарлар кездеседі. Жалпы алғанда, Қазақстандағы жануарлардың 21 пайызын дәл осы өңір құрайды. Аталған жан-жануарлардың ішінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген сүт қоректілердің 6 түрі, құстардың 13 түрі бар. ҚР Қызыл кітабына енген жануарлар түрлерінің 17 пайызы осында. Сүт қоректілердің 29 түрі, жәндіктердің 15 пайызы, қанаттылардың 6 пайызы, жыртқыштардың 3 пайызы, кеміргіштердің 3 пайызы, аша тұяяқтылардың 3 пайызы ұшырасып отырады. Рас, омыртқалы жануарлардың ең көп санын құрайтын құстар әлемі болып табылады. Сұлулығымен, түрлі үнімен көз баурайтын құстардың орманды мекендейтін 197 түрі бар. Парк аумағында жалпы жәндіктердің 735 түрі кездеседі. Кезінде сүйіншілеп жазғанымыздай, өңірде қар барысы бар. БҰҰ даму бағдарламасының демеушілігімен және ұлттық парктің есебінен фототұзақтар арқылы қар барысының 16 дарағы анықталды. Тәуелсіз Отанымыздың өркендеуінің нышанына айналған қар барысының сұлу да сымбатты мекеннің адам аяғы тие бермейтін жерлерінде өмір сүріп жатқаны үлкен қуаныш.

КӨЛСАЙДЫҢ КЕМЕЛ КЕЛЕШЕГІ

Тасқа тұнған тамшыдай тау басындағы көлдің туризм саласындағы әлеуетін арттыруды облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев айтты. Тұмса табиғаты көдің көркін алатын өңірдің инфрақұрылымын дамыту, туристер санын арттыру басты бағыттардың бірі. Саты ауылы Көлсайдың қақпасы саналады. Туристер табан тірейтін алғашқы аумақ Саты болғандықтан ауылды дамытатын жаңа жоспар қажет. Сондықтан осы елдімекенде визит-орталық, коворкинг және қолөнершілерге арналған арнайы аймақ құру жоспарда. Туристер саны жыл сайын артып келе жатқандықтан, ауылда әртүрлі стильде қонақүйлер көптеп салыну керек екені айтылды. Сонымен қатар, өзінің көркімен баурап алатын Көлсай көлдерінде қонақтарға арналған тамақтану орындары, ат байлайтын, итпен серуендейтін алаңқайлар да қарастырылып отыр. Келген туристердің қызығушылығын оятып, уақыттарын тиімді пайдаланатын ашық аспан астында кинотеатр және спорт алаңдарын салуда жоспарда бар.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here