Эмилио Певида Пупо: «Кубалықтар емін-еркін өмір сүруді үйренді»

0
6160

Кариб теңізінде орналасқан Куба Республикасы «Бостандық аралы» атымен көпшілікке мәлім. Бұл ел туристер қауымын қайталанбас сұлулығымен, өмірге құштар халқымен, ыңғайлы климатымен, таңғажайып жағалауымен баурап алады. Жылдың кез келген маусымында баруға болатын туристік аймақ саналады. Жылына 4 миллиондай турист Куба еліне барады. Дегенмен, 11,2 млн халқы бар ел алпысыншы жылдардан бері АҚШ-тың экономикалық санкциясының құрсауында қалды. Америкалықтар Кубаға, кубалықтар АҚШ-қа аттап аяқ баспайды. Атлант мұхиты арқылы көрші саналатын екі ел бір-бірімен байланысты үзген. Алыс-беріс, барыс-келіс жоқ. Тіпті, Ақ үй Гаванамен экономикалық байланысы бар шетелдік компанияларға да қырын қарайды. Ал, осыдан кейін шетелдік инвесторлар да бұл елден басын ала қашады. Яғни, АҚШ Кубаны жан-жақты қыспаққа алған. Сөйтіп, алпыс жылға созылған санкция салдарынан Куба экономикасына елеулі нұқсан келген. Сонда аралда орналасқан елдің бүгінгі жағдайы қалай? Халықтың тұрмысы түзелді ме? Медицинасы қалай алғы шепте тұр? Куба мен Қазақстанды не байланыстырады? Осы және өзге де сұрақтарға Куба Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Эмилио Певида Пупо жауап береді.

«КУБАНЫҢ АҚ ҮЙДІҢ АЙДАУЫМЕН ЖҮРГЕН КЕЗДЕРІ ДЕ БОЛДЫ»

Эмилио Певида Пупо ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулинмен бірге

– Тарихқа үңілер болсақ, Кубаны революцияға дейінгі және революциядан кейінгі ел ретінде қарастырамыз. Осы жайында тарқатып айтсаңыз…

– Сөзіңіздің жаны бар. Өздеріңіз тарихтан білетіндей, XIX ғасырдың соңынан бастап АҚШ Куба территориясына үстемдік етті. Кейіннен бізге бостандық сыйлағандары жайлы әлемге жар салды. Дегенмен, бұл «жалған бостандық» біздің  Конституциямызға едәуір өзгерістер енгізді. Нәтижесінде, АҚШ Куба аймағын қалаған уақытта саудаға сала алатын үстемдікке ие  болды. Сол шақтарда біздің жерімізге өздерінің әскери базаларын салды. «Гуантанамо» теңіз-әскери базасын әлі уысында ұстап отыр. Ондағы әлемге әйгілі «Гуантанамо» түрмесін жақсы білесіздер. Айтайын дегенім, өткен ғасырдың ортасына дейін кубалықтар бар істе Ақ үйге құлдық ұрды, соның айтқанын істеп, айдауымен жүрді. Елімізде жемқорлық, сауатсыздық, ұрлық-қарлық сынды әлеуметтік мәселелер өрши бастады. Жергілікті тұрғындардың саяси-әлеуметтік тұрғыдан ешбір құқығы болған жоқ. Қоғамдағы осындай мәселелерден қажыған Куба халқы революцияны, өзгерісті асыға күтті.

– Сонда революциядан кейін Кубада қандай өзгерістер болды?

– «Революция» ұғымы біздің еліміздің таным көкжиегін кеңейтіп, болашаққа сеніммен қарауға жол ашты. Яғни, революциядан кейін Куба жаңа деңгейге көтеріліп, сауатсыздықпен күресті қолға алды. Білім беру саласын дамыту мақсатында мектептер мен жоғары оқу орындарын көптеп салған Куба мемлекеті алдымен ой еркіндігіне ие болды. Білімді, көкірегі ояу адам ғана кез келген жағдайда өзін еркін сезіне алады. «Бостандық аралы» білім беру мен жаппай сауаттылыққа ден қойғандықтан білімгерлер тегін біліммен, оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Революциядан кейін қалыптасқан осы үрдіс бүгінге дейін күшін жойған емес.

Білім беру саласында Кубада «Қолымнан келеді!» деп аталатын сауатсыздықты жою әдістемесі және оның жалғасы ретінде «Мен одан әрі де жүре аламын!» атты бағдарлама әзірленді. Ол білім деңгейін көтеруге бағытталған. Қазірдің өзінде бүкіл әлем бойынша 10 млн адам осы бағдарламалардың арқасында сауатсыздықты жойды. Сіздер сапалы білім беретін елде өмір сүріп жатырсыздар. Сондықтан сауатсыздық мәселесі сіздер үшін проблема емес. Бірақ, әлемде оқи да, жаза да алмайтын миллиондаған адам бар. Ал, сауатсыз адамды алдау оңай. Оның үстіне, қазір әлемде ақпараттық соғыс жүріп жатыр.

Сонымен қатар, революциядан кейін Кубаға тиесілі аймақтарда ауыл шаруашылық саласы да ауқымды түрде дамыды. Жергілікті халықтың еңбек етіп, өз күштерімен нан табуына барлық жағдай жасалады. Оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп қана қоймай, жер телімдері де тегін үлестіріледі.

Кубалықтар осындай өзгерістерден кейін саяси-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық іс-шараларға белсене қатысып, өз құқықтарын қорғайтын болды.

Денсаулық сақтау саласына да ерекше көңіл бөлініп, медициналық қызметтер тегін көрсетіле бастады. Мәселен, ауруханада ем қабылдап жатқан науқастың барлық дәрі-дәрмегі мен медициналық тексерулердің шығынын мемлекет көтереді. Ал, дәріханалардағы дәрілердің құны қолжетімді әрі көптеген жеңілдіктер жасалады.

Жалпы, революция Куба халқына еркіндік пен азаттық тарту етіп қана қоймай, ұлттық рухты жандандырды, өткен мен бүгінді, болашақты бағдарлауға баулыды. Еліміздің азаматтары өз жерінде еңбек етіп, ешкімнің қабағына қарамай, емін-еркін өмір сүруді үйреніп, бостандықтың дәмін татты.

«КУБА ХАЛҚЫ ДА ҚАЗАҚТАР СЕКІЛДІ «ОТБАСЫ» ҰҒЫМЫН АСА ҚАСТЕРЛЕЙДІ»

АҚШ салған санкцияға байланысты Кубадан су жаңа көліктерді кездестіру қиын. Өйткені, «Бостандық аралына» америкалық, еуропалық, жапониялық жаңа көліктер келе бермейді. Сондықтан кубалықтар америкалық, кеңестік ретро көліктерді жүргізеді. Келмеске кеткендей болған «Москвич» көліктері Куба көшелерінде әлі жүр…

– Кубаның социалистік мемлекет екені мәлім. Оған жоғарыда өзіңіз айтқан тегін білім, тегін медицина дәлел бола алады. «Бостандық аралының» тұрғындарына тағы қандай әлеуметтік жеңілдіктер жасалады?

– Әрбір мемлекеттің басты құндылығы халқы екені белгілі. Ұлтына адал қызмет ететін, отансүйгіш азаматтар мемлекет үшін ең құрметті саналады. Жоғарыда айтқанымдай, халықты тегін біліммен, медициналық жәрдеммен, ауыл шаруашылық өндірісімен қамтамасыз ету мемлекетке де оңай емес. Дегенмен, Кубада «Халықты әлеуметтік қамтамасыз ету жайлы» арнайы заң бар. Біз көмекке зәру жандарға, көпбалалы мен тұрмысы төмен отбасыларға барынша көмектесеміз. Мемлекет тарапынан әрбір баланың киім-кешегіне және қажетті құралдарына жеткілікті жәрдемақы беріледі. Баспанасы жоқ көпбалалы отбасыларға баспана беру де қарастырылған. Оларды тұрмыстық заттармен қамтамасыз ету де бұл тізімді толықтырады.  Мүгедек жандардың қамқоршысына арналған жәрдемақылар да ескерілген.

Куба медицинасы әлемдегі ең озық медицина қатарында тұр. Бұл дәрежеге қол жеткізудің қандай да бір құпиясы бар ма?

– Куба халқы да қазақтар секілді «отбасы» ұғымын аса қастерлейді. Сондықтан әрбір отбасының жанұялық дәрігерлері мен медбикелері бар. Мәселен, орта есеппен бір ғана дәрігер 120 отбасына тегін қызмет көрсетеді.

Куба медицинасы мен кубалық дәрігерлер әлем назарында және үлкен беделге ие. Олардың жоғары біліктілігі баршаға мәлім. Олар кейде өте қиын жағдайда жұмыс істеп, әр түрлі елдердің денсаулық сақтау саласын  дамытуға нақты көмек пен қолдау көрсетеді. Көпшілігі тегін жұмыс істейді.

Медицина саласында оқитын кубалық студенттер әлеуметтік мәртебесіне қарамастан науқастарға көмек көрсетуге бағытталған медициналық этика аясында тәрбиеленеді.

Дәрігерлер өз елдерінің ең шалғай жерлерінде жұмыс істеуге, кедейлерге көмектесуге дайын болуы керек. Мұны әлемнің көп елдерінде кездесетін жағдайдан гөрі медициналық тәжірибеге деген жаңаша көзқарас десек болады. Бұл қағидалардың бәрі әуелде біздің елде қаланған.

Куба халқы революциямен бірге келген қайта құру нәтижесінде сапалы және жан-жақты білім мен тәрбиеге қол жеткізді. Қазір 65 мемлекетте 40 мың кубалық маман медицина саласы бойынша жұмыс істейді. Егер барлық жылдарды есептейтін болсақ, Куба әлемнің 135 мемлекетімен ынтымақтастық орнатқан екен.

– Мемлекет тұрғын үй мәселесін қалай шешеді?

– «Елімізде баспанаға қатысты ешбір мәселе жоқ» десем жалған болар. Дегенмен, кез келген елде тұрғын үйге қатысты түйткілдер болады ғой. Кубада тұрғын үй құрылысына арналған бағдарлама бар. Бұл бағдарлама мемлекеттің тікелей көмегімен жүзеге асады. Яғни, ел азаматы мемлекеттен белгілі бір мерзімге қаржы алып, өзіне баспана салады. Осылайша, екі жақты келісімнің нәтижесінде мемлекет әрбір азаматты тұрғын үймен қамтамасыз етеді.

«БАТЫС ЕЛДЕРІ ӨЗДЕРІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МІНДЕТТЕМЕЛЕРІН ТОЛЫҚ ОРЫНДАМАЙДЫ»

Жылдың кез келген маусымында баруға болатын туристік аймақ саналатын Кубаға жылына төрт миллиондай турист барады

– Куба – туристердің сүйікті мекені. «Бостандық аралына» барушылардың саны жыл сайын артпаса, еш кеміген емес. Мұның сыры неде?

– Куба – әлемдегі ең қауіпсіз елдердің бірі. Сонымен қоса, біздің еліміздің өзіне тән тарихы мен мәдениеті өзгелерді бейжай қалдырмайды. Куба денсаулық сақтау, білім беру салалары дамыған елдердің санатында екенін жоғарыда айттым. Табиғатының көркемдігін сөзбен суреттеу мүмкін емес. Өз басым Куба халқының қонақжайлығын, кеңпейілдігін қазақ халқына ұқсатамын.

Иә, Кубада туризм көз ілестірмес екпінмен даму үстінде. Мәселен, Кубаға келушілердің саны жыл сайын 20%-ға артып отырады. Өткен жылы 4,3 млн туристі құшақ жая қарсы алдық. Негізінен 5 миллионнан астам турист келуі тиіс болатын. Алайда, Трамп билігі жариялаған санкцияға байланысты, яғни Кубаға саяхаттауға тыйым салынғандықтан бұл жоспарымыз іске аспады. Ал, Қазақстаннан келетін туристердің саны да жыл сайын артып келеді.

– Кубаның ынтымақтастық бағдарламалары туралы толығырақ айтып берсеңіз…

– Біздің елде мұны «Халықаралық парызды орындау» деп атайды. Революциядағы жеңісінен кейін Куба Республикасы басқа елдерге түрлі салалар бойынша әрдайым көмек көрсетті. Әсіресе, медицина, білім беру, ауыл шаруашылығы салаларында. Мәселен, 400 мың кубалық дәрігер мен медбике медицина саласындағы өздерінің халықаралық міндеттерін орындады. Біздіңше, адамгершілікті осындай өзара ынтымақтастық қана сақтай алады. Бұдан басқа жол жоқ. Егер мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас дамыған елдердің басымдықтарына қарай құрылатын болса, бұл теңсіздікке, кедейлікке әкеліп соқтырады. Өкінішке қарай, АҚШ немесе Еуропаның дамыған елдері өздерінің халықаралық міндеттемелерін толық орындамайды. Гуманитарлық ынтымақтастық пен даму бағдарламаларын саяси мақсаттарға жету үшін, саяси шешімдер қабылдауда қысым көрсету үшін пайдаланатын мемлекеттер де бар. Ал, біздің көзқарасымыз бөлек. Біз – Куба Республикасымыз. Өзгелерге көмектесуді сол елдерді дамыту ретінде қарастырамыз. Оның астарында ешқандай мүдде жасырынып жатқан жоқ. Куба әлем елдеріне серіктес ретінде емес, дос ретінде қарайды. Біз үшін дос пен серіктестің айырмашылығы жер мен көктей.

Әрине, асылық айтып қажеті жоқ. Куба Республикасы да кез келген мемлекет сияқты өзара өтемақы негізіндегі қарым-қатынастарға ие. Бірақ, елдің сыртқы саясатының тек пайда табуға бағытталуы мен басқа елге жаңа деңгейге көтерілуі үшін көмектесудің арасында үлкен айырмашылық бар.

Өзге елдерге көмектесу – біздің парызымыз. Мұның бәрі Республиканың ресми құжаттарында көрініс тапқан. Кубаның қашанда әлемге құшағы ашық. Сол себепті, біздің ел бүкіл әлемнің мәдени әсерін бастан өткерді.

Кубалықтар – түрлі ұлттардың қосындысы. Аралдың байырғы халқы отарлау кезінде жойылып кеткен. Кейіннен Кубаға әртүрлі тайпалардан, Африканың түрлі бөліктерінен және Қытайдан құлдар әкелінді. Бізге америкалықтар мен еуропалықтар, ал революциядағы жеңістен кейін социалистік лагерь республикаларының тұрғындары келді. Олар өздерімен бірге мәдениеттерін, дәстүрлерін ала келді. Сондықтан басқа елдерге көмектесуді міндетіміз деп санаймыз. Әсіресе, колонизация және неоколонизациядан зардап шеккендерге көмек қолын созуға міндеттіміз. Бұл біз үшін өте маңызды қағида. Ол Куба сыртқы саясатының негізіне айналды. Солай болып қала береді де…

«БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ КУБА ЖАСТАРЫНА ДӘРІС ОҚЫҒАН»

Куба астанасы Гаванада 2,1 млн халық тұрады

– Былтырғы жылы Қазақстан мен Куба арасындағы тауар айналым 12 млн долларды құрапты…

– Иә, ол рас! Дегенмен, бұл көрсеткіш бұрындары 19 миллионға да жеткен болатын. Негізінен Қазақстанға Кубадан кофе, темекі және ром ішімдігі экспортталады. Сонымен қоса, фармацевтика саласындағы сауда-cаттықтың да рөлі зор. Біздің бірнеше дәрілік өнімдеріміз бен екпелеріміз Қазақстанның арнайы сараптамасынан өтіп, сапалы өнімдердің тізімінде тұр.

– Сіздің ойыңызша, кубалықтар қазақ халқын қай қырынан таниды?

– Қубалықтар қазақ халқын бауырындай жақсы көреді. Бұған себеп болған қазақтың батыры әрі әйгілі қаламгері – Бауыржан Момышұлы. Өйткені, 60-шы жылдары Бауыржан Момышұлының Куба топырағына табаны тиіпті. Кубалықтар ол кісіні қаhарман ретінде мойындаған екен. Батырды біздің елімізге әйгілі Фидель Кастро арнайы шақырыпты. Осылайша, қазақ батыры бір айға жуық Кубада тынығып, ел жастарының азаматтық көзқарасын қалыптастыру бағытында дәрістер оқыпты.

Екі елдің арасындағы қарым-қатынас туыстық деңгейге жеткеніне сенімдімін. Себебі, біз қазақтардың болмыс-бітімін аса құрметтейміз. Екіжақты байланыстардың дамуына сауда мен экономика, энергетика, білім беру, ғылым және мәдениет, спорт, еңбек және әлеуметтік қорғау, визалық мәселелер негіз болады деп ойлаймын.

– Ашық әңгімеңізге алғыс білдіреміз!

Әңгімелескен: Әлия ІҢКӘРБЕК«Qazaq»-тың шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here