Олжас Сапарбеков: «Индустриалдық даму тұрақты экономикалық өсуде маңызды рөлге ие»

0
1125

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанға жаһандық, әсіресе өңірлік нарықта табысты бәсекеге қабілетті, қуатты әрі технологиялық тұрғыдан прогрессивті өнеркәсіп қажет» деп атап өтіп, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің алдына үлкен міндет қойды. Биыл Қазақстанда соңғы бес жылдағы ең көп индустриалдық жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, 2025 жылы жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жоба іске қосылып, 20,1 мың жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Аталмыш жобалар толық қуатына шыққанда өндіріс көлемі 2,2 трлн теңгеге дейін жетеді деп күтілуде. Жаңа өнеркәсіптік саясат, өңдеу секторы және индустриялық-инновациялық даму сынды ел экономикасының күре тамыры саналатын салалардағы жаңашылдықтар мен оң өзгерістер жайлы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековпен сұхбаттастық.

Changan, Chery және Haval автокөліктері Қазақстанда жазға дейін құрастырыла бастайды

«2025 ЖЫЛЫ ЕҢ КӨП ИНДУСТРИАЛДЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛМАҚ»

– Индустрияландыру – экономика игілігі. Отандық экономиканы әртараптандыруды және оның шикізат экспортына тәуелділігін азайту – бүгінгі басты мақсаттардың бірі. Осы ретте индустрияландыру бағытындағы бағдарламаларға барынша басымдық берілуде. Стратегиялық жоспарлар бекітіліп, межелі міндеттер екшелді. Осы ретте Сізден елімізде қолға алынған кең көлемдегі индустриялық-инновациялық даму туралы сұрағым келіп отыр.

– 2025 жылы Қазақстанда соңғы бес жылдағы ең көп индустриалдық жоба жүзеге асырылмақ.

Қазақстанда сутегі пероксиді, сұйық шыны, күкірт қышқылы, минералды тыңайтқыштар, полипропилен және сары фосфор өндірісі ұлғайтылады. Бұл жобалар химия саласының дамуына және нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Биыл сэндвич-панельдер, керамикалық кірпіш, құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын жаңа зауыттар іске қосылады. «Qaragandy Power Silicon» және «Ekibastuz FerroAlloys» зауыттары ферроқорытпа өндірісін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. 2025-2035 жылдары министрлік металлургия, машина жасау және химия өнеркәсібі салаларында 9 ірі жобаны жүзеге асырады. Олар жобалық қуатына жеткенде өндірілетін өнім көлемі шамамен 7,3 млрд долларды құрайды.

– Ел Президенті қазіргі жаңа геосаяси және экономикалық жағдайда индустрияға болсын, жалпы ел экономикасына жеке инвестиция тарту – Үкіметтің басты міндеті екенін нақтылады. Ел экономикасына қосымша инвестиция тарту – Қазақстанның ресурстық әлеуетін арттырады, жаңа өндіріс ошақтарының пайда болуына жағдай жасайды. Салаға инвестиция тартуда қандай жұмыстар жүргізілуде және бұл тарапта қандай келісімдерге қол жеткізілді?

– Аталмыш жобаларға 6 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылып, 12 мың жұмыс орны ашылады. Бұл жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген. Олар 25 мың жұмыс орнын ашуды көздейтін 17 ірі жоба тізімінің бір бөлігі. Барлық жобалар жоғары технологиялық кластерлерді құруға бағытталған. Министрліктің құзіреті аясында жүзеге асырылатын ірі жобалар қатарында металлургиялық кластер, Changan, Chery және Haval маркаларының автокөліктерін шығаратын мультибрендті зауыт, KIA маркалы автокөліктер зауыты, ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт, машина жасау мен автокөлік өнеркәсібі үшін жаңа өнімдер шығару, мыс қорыту зауыты, аммиак-карбамид кешені, калий тұздарын өндіруге арналған байыту кешені және жоғары көміртекті сульфидті алтын концентраттарын өңдейтін гидрометаллургиялық комбинат бар. Жоғарыда аталған тоғыз жобаның екеуі 2025 жылы іске қосылады. Костанай облысында 1500 жұмыс орнын қамтамасыз ететін KIA автокөліктерін шығаратын зауыт іске қосылады, ол жылына 70 мың автокөлік өндіреді. Алматы қаласындағы Changan, Chery және Haval маркаларының автокөліктерін шығаратын мультибрендті зауыт 3600 жұмыс орнын қамтамасыз етіп, жылына 90 мың көлік шығаруға мүмкіндігі бар.

Инвестиция тарту бойынша өңірлердегі ахуалға тоқталып өтсек. Қарағанды облысына тартылған инвестиция сомасы 175,3 млрд теңге. Өңірде 2 386 жұмыс орнын құрумен 13 жоба іске асырылады.  Павлодар облысындағы инвестиция сомасы 133,6 млрд теңге. Аймақта 1 222 жұмыс орнын құрумен 4 жоба іске асырылады. Қостанай облысында 3 446 жұмыс орнын құрумен 8 жоба іске асырылмақ. Инвестиция сомасы 281,6 млрд теңге. Түркістан облысындағы 13 жобаға тартылған инвестиция сомасы 73,63 млрд теңге. Жобалардың басым бағыттары экономиканың күретамыры саналатын салаларды қамтиды. Атап айтқанда, машина жасау саласында 35 жоба, тамақ өнеркәсібі саласында 33 жоба, құрылыс индустриясы саласында 29 жоба, металлургия саласында 23 жоба жүзеге асырылмақ.

Барлық жобаларды іске асырудың әлеуметтік-экономикалық әсері толық қуатқа шыққан кезде өндіріс көлемі шамамен 2,3 триллион теңгені құрайтын болады.

– Олжас Сапарбекұлы, еліміздің бірқатар өңірлерінде жаңа кәсіпорындар ашылып, пайдалануға берілуде. Көңіл қуантарлық жаңалық. Басқасын айтпағанда, бұл – ең алдымен жергілікті тұрғындар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Тұрақты жұмыс орындары пайда болып, әлеуметтің әлеуеті нығаяды. Бұл жобалар жаңа құрылған облыстар мен аудандарды, шекара маңы елді мекендерін қалай қамтиды? Аталған аймақтарда қандай ірі жобалар қолға алынады?

– Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2025 жылға арналған жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 190 жоба пулын іске асыруды жоспарлап отыр. 190 жоба пулының инвестиция көлемі шамамен 1,55 триллион теңгені құрайды. 22,7 мың адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Соның ішінде бірқатар негізгі жобаларға тоқталып өтсем. Ақтөбе облысындағы Лиманное кен орнын өнеркәсіптік игеру. Тартылған  инвестиция сомасы – 241,4 миллиард теңге. 460 жұмыс орны құрылады. Өндіріс ошағы жылына 1,2 млн тонна кен шығаруға қауқарлы. Ал, Павлодар облысындағы ферроқорытпа зауытында 800 жұмыс орны құрылмақ. Жоспарланған өнім көлемі – жылына 240 мың тонна ферросилиций. Ақтөбе облысындағы Рельс дәнекерлеу кәсіпорнына тартылған инвестиция сомасы – 21,4 миллиард теңге. Бұл зауыт іске қосылғанда 297 адам «екі қолға – бір күрек таппақ». Жылына 825 шақырымды құрайтын теміржол рельсі мен 290 мың дана шпал өндірілмек. Бұдан бөлек, Қарағанды облысындағы Болат түзу тігісті құбырлар шығаратын зауытын, Шымкент қаласында алюминий қаптамасын (ыдысын) шығаратын кәсіпорынын, Қарағанды облысында алюминий радиаторларын өндіретін зауытын, Алматы қаласындағы Chery, Changan, Haval, Tank брендтерінің Қытай жеңіл автомобильдерін шығаратын мультибрендтік зауытын, Қостанай облысындағы KIA автомобильдерін шығаратын кәсіпорынды, Алматы облысындағы Тұрмыстық техника өндіретін зауытты атап өтуге болады.

Түркістан облысы – аграрлық өнеркәсібі ең дамыған өңірлер қатарында. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының барлық салалары дамыған, жеткілікті еңбек ресурстары бар аймақ. Десе де, жылыжайы көп, көкөніс өсіруге қолайлы өлкеде тыңайтқыш тапшы. Жуырда құны 140 млрд теңгелік зауыттың іргетасы қаланды. Бұл жоба қашан нақты іске қосылады және аймаққа не береді?

– «Созақ фосфат» инвестициялық жобасының құрылысы «Саутс-Ойл» компаниясы жүргізуде. Жобаның серіктесі қатарында қытайлық China Tianchen Engineering Corporation LTD компаниясы бар. Бұл кәсіпорын 1000-ға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Өндіріс заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтарды пайдаланады. Бұл өз кезегінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Өндіріс ошағы фосфор тыңайтқыштарын өндіреді. Жобаның бірінші кезеңінде 500 мың тонна, ал екінші кезеңінде 2 млн тоннаға дейін тыңайтқыш өндірілмек.

– Машина жасау саласын өндірісті жаңғыртудың нақты драйвері және елдегі өнеркәсіптің бәсекелестік артықшылығын айқындайды. Бұл тұрғыдағы Президенттің тапсырмалары қалай орындалуда?

– Автомобиль өнеркәсібіндегі жаңа жобалардың арқасында 2025 жылы саладағы өндіріс көлемі 5 пайызға артады деп күтілуде. Жоспар бойынша биыл 149 мың жеңіл көлік шығарылуы қажет. Ал, 2024 жылы бұл тұрғыдағы көрсеткіш 134 мың болған. Әр өңірдің өз экономикалық құрлымына лайық өндіріс керек. Бұған Павлодар мен Қостанай облыстарын мысал етуге болады. Екеуі де егіс алқабына арқа сүйеген ауыл шаруашылығы өркендеген өңір. Индустриялық жобалардың ішінде Қостанайда KIA автокөліктерін шығаратын зауыт ашылатынын жоғарыда атап өттім. Бұл – мың жарым мың адамды жұмыспен қамтитын аса ірі жоба. Тартылған инвестиция көлемі – 90 млрд теңгені құрайды. Бұл жоба жылына 70 мың бірлік автомобиль шығаруға мүмкіндік береді. Ал, екінші бір жоба – «KamLitKZ» ЖШС. 82,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салынған кәсіпорын 550 тұрақты жұмыс орнын ашып, жылына 74 мың дана техника шығаруға жол ашады.

«ӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТУДАҒЫ БАСТЫ МАҚСАТ – ШЕТЕЛДІК ТАУАРЛАРҒА ТӘУЕЛДІЛІКТІ АЗАЙТУ»

– Елімізде катодтық мыс, dore алтын құймаларын өндіретін кәсіпорындар жұмысын бастағанына хабардармыз. Қазақстанда алғаш рет вольфрам концентратын өндіру қолға алынғаны да белгілі болып отыр. Өңдеу секторында бұдан өзге қандай жұмыстар жоспарланған?

– Қазақстанда соңғы бес жылда алғаш рет өңдеу өнеркәсібінде 5,9 пайыз өсім тіркелді. Өсім көрсеткіші негізінен металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі және басқа салалардағы өндіріс көлемінің артуына байланысты болып отыр. Жалпы өндіріс көлемі 24,5 трлн теңгені құрады. Түсті және қара металлургия салалары тұрақты өсім көрсетуде. Мыс, алюминий, цинк және қорғасын өндірісі мен қайта өңдеу көлемдері ұлғаюда. Құрылыс материалдары өндірісі де қарқынды дамып, ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандырып, өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік беруде.

Индустриалды жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстанда 15 арнайы экономикалық аймақ және 51 индустриалды аймақ жұмыс істейді. 2025 жылы осы аймақтарда 110 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда Қазақстанда жаңа механизм ретінде шағын өнеркәсіп аймақтары енгізілген. Олар кәсіпкерлерге дайын үй-жайларды ұсынады. Осы жоба аясында кәсіпкерлер құрылыс үшін жеңілдетілген несиелер мен тиімді жалға алу шарттарын пайдалана алады. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік береді.

Бүгінде Астана, Шымкент қалалары мен Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 34 шағын өнеркәсіп аймақтары жұмыс істейді. 2025 жылы 14 облыста шағын өнеркәсіп аймақтарын құру жоспарланып отыр. Кәсіпорындар туралы толық ақпараты бар Қазақстандық өндірушілердің бірыңғай тізілімі қолдау шараларының бірі болмақ.

Ірі тапсырыс берушілерден отандық өнімдерді дамыту бағдарламаларын бекіту талап етіледі. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарды салу кезінде отандық құрылыс кезінде материалдар мен жабдықтарды импорттық материалдарға ауыстыру үшін жергілікті мәслихатпен келісу талап етілетін болады.

Бұл шаралар отандық өндірушілердің позицияларын нығайтуға, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, шағын және орта бизнесті ынталандыруға бағытталған.

– Отандық тауар өндірушілерді қолдау – экономика құрылымын өзгерту аясындағы негізгі міндеттердің бірі. Осы мақсатта Үкімет отандық өндіріс тауарларын тұтынуды ынталандыруға бағытталған экономикалық патриотизм қағидатын енгізді. Жалпы алғанда, салалық министрлік бұдан өзге қандай іс-шараларды атқаруда?

2024 жылы өңдеуші өнеркәсіп саласында 163 жоба, ал тау-кен саласында 17 жоба іске асырылды. Жалпы инвестициялар сомасы 1,3 трлн теңгеден асқан. Еліміздің бірқатар өңірлерінде жаңа өндіріс орындары ашылды. Ең көп жоба Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылды. Құбыр арматурасын, жылу оқшаулағыш материалдарды, керамикалық плиткаларды, Chevrolet Onix автокөліктерін, жиһаз және жүк көліктерінің компоненттерін шығаратын зауыттар іске қосылды.

2024 жылы іске қосылған жобалар толық қуатына шыққаннан кейін өндіріс көлемі шамамен 2 трлн теңгені құрайтын болады.

Қазақстанда отандық өндірушілерді қолдау офтейк келісімшарттары мен ұзақ мерзімді келісімдер тиімді түрде жүзеге асырылып, бұл жергілікті өнімнің үлесін арттыруға септігін тигізеді. 2024 жылы ірі субъектілер сомасы 704 млрд теңгені құрайтын 600-ге жуық ұзақ мерзімді келісімдер мен офтейк келісімшарттарға қол қойды. Министрлік саланың қарышты дамуына, әлеуетіміздің артуына тың серпін беру бойынша тиісті жұмыстарды жалғастырады.

Қазақстандағы индустриалдық даму тұрақты экономикалық өсуді сақтауда маңызды рөл атқарады. Мемлекет өнеркәсіпті дамытуды жалғастырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, шетелдік тауарларға тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде елдегі өндірістің жақсаруына мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен: Жандар АСАН

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here