«Болашақ» – білімнің биік белесі

0
983

Еліміз егемендік алған елең-алаң шақта күнкөрістің қамымен жүрген жандар үшін «Болашақ» бағдарламасының болашағы бұлыңғыр еді. Биыл әлем назарын аударған бұл бағдарламаға 30 жыл толып отыр.  Ордалы отыз жыл ішінде «Болашақ» арқылы мемлекетіміздің жалынды жастары жаһанның жақсы университеттерінде білім нәрімен сусындады. Бүгінде қоғамның әр саласында қызмет етіп жүрген «Болашақ» түлектерінің ой-пікірін тыңдаған едік.

ӘУЕСБАЙДЫҢ Қанаты, ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттары қауымдастығының Кеңес мүшесі: «Болашақ» бағдарламасы бабасының табаны тимеген жерге, баласының қаламын тиігізді

«Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа мыңжылдықтың бастауында тұрып-ақ әлемдік білім кеңістігіне кірігу үшін еліміз үлкен бетбұрыстар жасай бастағаны мәлім. «Болашақ» халықаралық стипендиясы – соның бір дәлелі. «Болашақ» бағдарламасы бүгінде дарынды жастардың шетелде білім алуларына мүмкіндік беретін үлкен жобаға айналған. Көпшілігі үшін бұл жоба әлеуметтік баспалдақ болды. «Болашақ» бағдарламасы қазақстандық жастарға не берді деген сауал қоғамда жиі қойылады. Үнемі айтатыным бар – «Болашақ» бағдарламасы бабасының табаны тимеген жерге, баласының қаламын тиігізді. Рас сөз – осы. Кеңес Одағы тұсында елгезек ел жастарының арасында қолы жеткендері тек көрші Ресейде оқуға мүмкіндік алғаны есте. «Мәскеу көрген» зиялы, білімді, орта көрген жастардың синониміне айналғаны да сол тұс еді. Бұл қазақи идиоманың екіншісі – «Тәшкен көрген». Пысық, қағілез, епті, тез тіл табысқыш, орташыл адамдарға қатысты әңгіме бола қалса, «Е, ол Тәшкен көрген жігіт қой» деп айтылатыны белгілі. Меніңше, бүгінде бұл қазақи идиоманың мәні өзгерген. Кезінде өркениеттің дені шығыстан шыққан. Заманында шығыс батыстың көзін ашқаны белгілі. Қазіргімізге келсек, өркениеттің көп игілігі батыстан. Ел егемендігі арқасында зейінді қазақ жастары Еуропаның, Американың ең үздік университеттерінің төріне нық жайғасты. Бүгінде Алаш баласы әлемдік ең озық оқу орындары Гарвард, Кэмбридж, Оксфорд, Колумбия университеттерінде еркін білім алып жүр. Баласының қаламын тигізді дейтінім де сол. Алаштың баласы әлемдік білім мен ілімнің қазанынан айызы қанғанша азығын теріп, зердесін толықтырып жүр. 30 жылдың бедеріндегі тәуелсіздіктің басты жетістігінің бірі – осы. «Батыс көрген» дегеніміз кегежені кейін тартатын кертартпа стереотиптерден ада, жаңаша ойлайтын, орта көрген, алғыр өскелең ұрпақтың бітімі бөлек болмысын айқындайды деп білемін. «Болашақтың» жастарға бергенін осы тұрғыдан көремін».

Ғани ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, Алматы қалалық кардиологиялық орталығының жоғары санатты аритмолог-дәрігері: Әрбір дәрігер жасаған отасы арқылы алған білімін ақтауда

«Болашақ» бағдарламасы арқылы 2015 жылы Литва мемлекетінің Каунас қаласында аритмология саласы бойынша оқыдым. Аритмология – жүрек ырғағының бұзылуын емдейтін сала. Жүрекке кардиостимулятор салады немесе радиожиілікті абляция жасайды мұны ел ішінде лазермен күйдіреді деп атайды. «Болашақпен» жаңа білім алып, тың технологияларды үйрену үшін бардым. Бұл бағдарлама арқылы білім алушыға барлық жағдай жасалған. Яғни, жол ақысы, тұратын жері, алатын кітаптары, оқудың төлемдерін осы стипендия қамтамасыз етеді. Сол себепті де бұл стипендияны теңдесі жоқ деп айтсақ болады. «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелден білімін шыңдап келген түлектер саны Қазақстанның жалпы халқына шаққанда өте аз. Көптеген түлектер жұмыс істеп жатыр арамызда. Болашақ түлектерінің кеңес мүшесі ретінде бұл бағдарламамен оқыған мұғалімдер мен өзіміз секілді дәрігерлерді білемін. Мықты мамандар бар, олар алған білімін жүз есе, мың есе қайтарып жатыр десем артық болмас. Әрбір  дәрігер білім алуға кеткен қаражатты бір жасаған операциямен-ақ қайтарып жатқан шығар. Ал олар жылына қаншама жүздеген, мыңдаған операция жасайды. Ал мұғалімдерді айтатын болсақ, алған білімін оқушылар мен студенттердің бойына сіңіріп жүр. Осылайша олар да мемлекетіміздің білім саласының дамуына үлкен үлес қосып жатыр. Қазақстан азаматтарының осындай қолжетімді бағдарламалар арқылы шетелдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алып, тәжірибе жинап келуіне тілектеспін».

Олжас СӘКЕНОВ, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы: «Болашақ» – адами капиталды дамытатын жоба

«Болашақ» бағдарламасымен  2017-2018 жылдары Америка құрама Штаттарында Пенсильвания университетінің магистратурасында «Халықаралық білім беруді дамыту» мамандығы бойынша білім алдым. «Болашақ» бағдарламасының елге пайдасы зор деп білемін. 1993 жылдан бастап 30 жылдың ішінде осы бағдарламамен шамамен 12 мың жарым түлек бітірді. Бүгінде екі мыңдай болашақ иегерлері оқып жатыр әр елде. Олар әлемнің ең беделді болып саналатын ең іргелі 250 университетінде білім алып жатыр. Жалпы отыз жыл ішінде әртүрлі салаларда мұғалімдер, медицина мамандары, инженерлік- техникалық мамандар елге өз үлестерін қосуда. Әр түлек өзінің кәсіби бағыты бойынша қызмет етуде. Әлемде білім беруде танылған  брендтердің бірі – «Болашақ» бағдарламасы. Осындай әлеуметтік лифтілер – «Болашақ» бағдарламасы, Президенттік кадрлық резерв тағы да осындай адами капиталды дамытатын жобалар көбірек болса деймін. «Болашақ» бағдарламасының 30 жылдығы одан әрі 50, 100 жылдыққа жалғасса деп армандаймын. Талантты да дарынды жастарды қолдайтын, дамытатын осындай жобалардың саны арта берсін!»

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here