Мейірім мекені («Сенім» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Нұрзия Әлімбековамен ашық әңгіме)

0
4708

Қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. 

(ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауынан)

Халықаралық деңгейде мүгедектер құқығын қорғауға байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2006 жылы «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясын» қабылдады. 2008 жылы өз күшіне енген конвенцияға Қазақстан осыдан алты жыл бұрын қосылды. Енді конвенцияның талабы бойынша еліміз мүмкіндігі шектеулі жандардың алаңсыз өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруға міндетті. Жалпы, Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заң азаттықтың елең-алаңындағы күрделі кезеңге қарамастан 1991 жылы қабылданды. Аталған заңда мүгедектік «дене немесе ақыл-ой кемістігінің болуы салдарынан тіршілік етуінің шектелуіне байланысты әлеуметтік көмек пен қорғауды қажет ететін жағдай» ретінде түсіндіріледі. Сол мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан әлеуметтік қорғау көрсетіледі. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттің жасап жатқан қамқорлығының бір парасын Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының «Сенім» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Нұрзия Әлімбековамен болған сұхбаттан да байқадық. Жүзден астам баланың мейірім мекеніне айналған орталықты басқарып отырған Нұрзия Ағабекқызымен мүгедек балалардың жай-күйі, өмір сүру дағдысы жөнінде сұхбаттасқан едік.

«ИНТЕРНАТ ҮЙІНДЕ 113 БАЛА ТӘРБИЕЛЕНІП ЖАТЫР»

– Нұрзия Ағабекқызы, Өзіңіз басқарып отырған мекеме қай жылы құрылды? Нақты қандай қызмет атқарасыздар?

– Алматы қалалық психоневрологиялық патологиясы бар мүгедек балаларға арналған интернат үйі 1963 жылы құрылды. Араға жылдар салып, былтыр «Сенім» орталығы болып атауы өзгертілді. Біздің орталық 150 балаға қызмет көрсетуге есептелген. Оларға арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылады. Орталықта церебральды сал ауруы, даун ауруы, ауыр және терең ақыл-ой кемістігі бар, қимыл моторикасының дамуы тежелген күрделі құрылымы бар балалар тәрбиеленуде. Бүгінгі күні 113 тәрбиеленуші, соның ішінде ата-анасы бас тартқан балалар, тұл жетімдер, тастанды сәбилер және ата-ана құқығынан айырылған отбасылардың балалары бар. Орталыққа балалар Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының жолдамасы бойынша және қалалық психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған 3 жастан асқан балалар ғана қабылданады.

– Интернат үйінің бір күндік жұмысы қалай өтеді?

– Әлеуметтік арнаулы қызметтер түрі тәулік бойы жұмыс істейді. Тәуліктік ауысыммен жұмыс істейтін қызметкерлеріміз әлеуметтік тұрмыстық қызметтен бастап, жан-жақты қызмет көрсетеді. Ол балаларды шомылдыру, тамағын беру, дәретханаға апарып, алып келу сынды жұмыстардан тұрады. Мүгедек балаларға қажетті деген медициналық қызметтердің барлығы ұсынылады. Жоғары білімді педагог, дефектолог, логопед, психолог мамандар педагогикалық қызметтерді жеке-жеке ұсынады. Кешенді және топтық жұмыстар тәрбиешілердің көмегімен жүзеге асырылады. Мәдени қызметкерлеріміз балалардың көңілін көтеріп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып отырады.

«ТАҒДЫРДЫҢ АУЫР СОҚҚЫСЫНА ҰШЫРАҒАН БАЛАЛАРҒА ӘРДАЙЫМ КӨМЕК ҚОЛЫН СОЗАМЫЗ»

– Көзге көрінбейтін жаудың барлық салаға кері әсері болғаны белгілі. Ал, Сіздерде пандемия кезінде қандай қиындықтар кездесті?  

– Әлемді алқымнан алған пандемия басталған бір жыл біздер үшін де оңай болмады. Әу баста төтенше жағдай енгізіліп, артынша карантинге ұласқан уақыттан бастап қызметкерлеріміз үйлеріне бармай, осы орталықта тұрып жұмыс істеді. Ал, ата-аналар балаларымен кездесе алмай, құшағына баса алмаған сағынышқа толы сәттерге де куәгер болдық. Қаншама бала үйлеріне қайта алмады. Қазіргі уақытта да карантиндік шектеулерді қатаң сақтап, балаларды ата-аналарымен арнайы кабинеттердегі бейнеқоңырау арқылы тілдестіреміз. Пандемияға дейін біздің орталықтағы тәрбиеленушілер қаладағы мәдени, туристік және басқа да орындарға жиі барып тұратын еді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың танымын тереңдету үшін әртүрлі саяхаттар ұйымдастырылып келді. Қазір пандемияға байланысты мүгедек балалар тек аулада ғана серуендеуге мүмкіндіктері бар.

– Нұрзия Ағабекқызы, стационарлық үлгідегі медициналық әлеуметтік мекеме тағы кімдерге көмектеседі?

– Орталық 3 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға, ата-анасынан айырылған тұл жетімдер мен тірі жетімдерге, мүмкіндігі шектеулі, тұрмыстық медициналық көмекке зәру ерекше күтімді қажет ететін балаларға көмек көрсетеді. Тағдырдың ауыр соққысына ұшыраған балаларға әрдайым көмек қолын созамыз. Біздің тараптан барлық жағдайлар жасалып жатыр.

– Сіздерде қандай оңалту түрлері бар?

– Алматыдағы оңалту орталықтарында барлық қызметтер ұсынылады. Бізде күндізгі орталық жұмыс істейді. Онда мүмкіндігі шектеулі 1,5 жастан 18 жас аралығындағы балаларға таңғы сағат 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін барлық қызметтер көрсетіледі. Нақтырақ айтсақ, күндізгі орталықта ата-анасының қамқорлығындағы балалар ғана қабылданады. Таңертең алып келіп, кешке алып кетеді. Бұл мекеменің орталығы Ақбұлақ ықшам ауданында орналасқан. Басқа аудандарда бөлімшелері бар.

Бір қуанарлығы, мемлекеттің қамқорлығымен барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы біздің қызметімізді тікелей бақылайды. Әр күнгі, аптадағы және бір айдағы атқарылған жұмыстар, нәтижелер бойынша басқармаға есеп беріп отырамыз.

Біз 3 ай сайын мониторинг жасаймыз. Тәрбиеленушілер арасында жүре алмайтын балалар да болады. Олар емдік дене шынықтырудың, массаждың  нәтижесінде жүре алатын дәрежеге жетті. Логопедтер көмегімен сөйлей алмай жүрген балалардың тілі шығып, сөйлеп кетті. Дефектолог мамандардың арқасында кішкене болсын ой-өрістері дамып, қол моторикасы, еңбек нұсқаушылары дімкәстерге түрлі бұйымдар жасатып, қабілетін дамытуға, қолдарының жетілуіне ат салысып отырады. Балалардың дамып, қадам басып жүруі, тұсау кесу рәсімдердің өтуі біз үшін үлкен қуаныш. Бұл көңілді қуантады.

– «Сенім» орталығындағы тәрбиеленушілердің құқықтары қалай қорғалады?

– Біздің орталықта балалардың құқықтарын қорғайтын арнайы заңгер бар. Ол қамқорлыққа алынғандардың міндетті әлеуметтік көмектеріне қатысты және қорғаншылық мәселелері, қамқорлық жұмыстары, асырап алу, мұра тағайындау, Үкіметтен берілетін әлеуметтік төлем және басқа да құжаттық жұмыстарын қамтамасыз етіп отырады. Ата-анасы немесе жақындары барларға заңгерлік кеңес береміз. Біздегі қызметтер ашық және тәрбиеленушілер құжаттары тексеріліп отырады. Орталықтағы балаларға Үкіметтен бекітілген ай сайынғы жәрдемақы мен мүгедектік бойынша берілетін төлемдер өздерінің жеке шоттарына түседі. Қаражат 3 ай сайын Ұлттық Банктен ақшалай жәрдемақының түскені туралы үзінді көшірмелер сұралып, тексеріледі.

Айта кетейін, қазіргі уақытта Алматы қаласының тұрғын үй департаментінде 49 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала баспана кезегінде тұр. Біздің орталықтағы барлық қызметтер, жұмыстар үшін Үкіметтен қаражат жеткілікті бөлінеді. Әйтсе де, түрлі қоғамдық ұйымдар, қайырымды азаматтар жиі хабарласып, тәрбиеленушілерге қосымша киімдер, ойыншықтар мен тәттілер әкеліп тұрады.

«ТҰРМЫСТЫҚ БЕЙІМДЕУ БӨЛМЕСІНДЕ БАЛАЛАР ӨЗ ҮЙЛЕРІНДЕ ЖҮРГЕНДЕЙ ЕМІН-ЕРКІН ЖҰМЫСТАРЫМЕН АЛАҢСЫЗ АЙНАЛЫСАДЫ»

 – Нұрзия Ағабекқызы, Сіздерде тұрмыстық бейімдеу жұмыстары қалай жүргізіледі?

– Тұрмыстық бейімдеу бөлмесінде балалар өз үйлерінде жүргендей емін-еркін жұмыстарымен алаңсыз айналысады. Арнайы тұмыстық бағдар кабинеті бар. Практикалық сабақтар 14 жастан бастап өткізіледі. Балаларымыз наурыз мерекесіне орай бауырсақ, шелпек пісіруді үйреніп жатыр. Қыз балалар  үшін  ас дайындау мәзірлерін еңбек нұсқаушысы тәрбиеші Жанар Балхашеваның көмегімен бірге жасалуда. Бұл тұрмыстық бейімдеу жұмыстарының берері мол. Әр мейрам сайын балапандарымыз түрлі дәмді тамақтар әзірлеп, қалауларына қарай ас мәзірлерін жасайды.

– Мүгедек балалардың арасында жетістікке жетіп, Сіздерді қуантып жүргендері бар ма?

– Көңілді қуантатын тәрбиеленушілеріміздің жетістіктері жетерлік. Қазіргі орталықтың әлеуметтік қызмет жөніндегі мамандары, ата-анасының қамқорлығынан қалып қойған балалардың ата-анасына іздеу жұмыстарының барысында біршама ата-ана табылып, балаларымен қауышқан болатын. Сонымен қатар, ата-аналық құқықтарын қалпына келтіріп жатқан ата-аналарымыз да бар. 2019 жылы тәрбиеленушіміз Бауыржан Данияр Алматы қаласындағы маманданған колледжіне демеушілердің көмегімен оқуға түсіп, жақсы нәтиже көрсетіп, шәкіртақы алып жүр. Екі тәрбиеленушіміз Саялы ықшам ауданынан бір бөлмелі пәтер алып, сол жерде тұрып жатыр. Орталықтағы тәрбиеленушілер мәдени-спорттық шаралардан қалыс қалып жүрген жоқ. Әрине, олардың әр жеткен жетістіктері үшін қуанамыз.

– Нұрзия Ағабекқызы, «Special Olympics» ұйымымен бірге қандай ауқымды жұмыстар атқарасыздар?

– «Special Olympics» – кемтар балалардың спортпен айналысуына, жаттығулар жасауына, жарыстарға қатысуына ат салысатын бірден-бір ұйым. Бүгінде осы ұйыммен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Қазір карантин уақытына байланысты көптеген спорттық шаралардан қалыс қалып жатырмыз. Осы ұйымның арқасында спорттық жетістіктеріміз жетерлік. Балалардың денсаулығын нығайту үшін салауатты өмір салтын ұстану, мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан тыс қалдырмауға тырысып жүрміз. Осы ұйыммен екіжақты меморандумға қол қойып, келісім шартқа отырғанбыз.

– Орталықта қанша топ жұмыс жасайды?

– Бізде тәрбиеленушілер 10 топқа бөлінген. Олар жас ерекшелігіне,  физикалық жағдайларына қарай орналастырылады. 5 топта ұйықтайтын, ойнайтын бөлме бар, арнайы білім беру жабдықтарымен қамтылған. Қалғандары екіге бөлінген. Әр топта 10-12 балаға дейін тәрбиеленуде. Балалар 5 уақыт тамақтанады. Барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп отыр.

– Нұрзия Ағабекқызы, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан: Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here