Қыр елінің Крыловы

0
434

Жазушы-этнограф, сатира сардары Сейіт Кенжеахметұлының 85 жылдығына орай.

ЕҢБЕК ЖОЛЫ

 Адамның бала кезінде көрген-білгені жадында жақсы сақталатын болса керек. Біз мектепте оқып жүрген шақта Сейіт Кенжеахметұлы аудан өмірінің мәдени-әдеби саласына белсене араласап, елге танылып қалған азамат болатын. Өткір тілді, әзіл-қалжыңға бейім, қимыл қозғалысы арқылы әлдебір образдарды жасауға икемді осы бір қағылез жігіттің келешегінен жұрт көп үміт күткендей де еді.

Ақыры үміт алдамапты. Тың өлкесі тарап, облыстық газеттер қайта шыға бастаған өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңғы ширегінде, Қостанайда бұрын жабылып қалған «Коммунизм жолы» газеті оқырманымен қайта қауышты. Баспасөз бетінде сын-сықақтарымен танылып қалған жазуы жүйрік қаламгер осы газетке жұмысқа шақырылды.

Алғашында Секең жүзі сұстылау, бір көрген кісімен емін-еркін сөйлесе қоймайтын адамдай көрінді. Газеттің сын-сықақ мүйісінде бұрқырап өлеңдері мен мысалдары шығып жатты. Әйтеуір бір ауданнанбыз ғой, кездесе қалса «Әй, бала, қалың жақсы ма?» деп өте шығады. Бертін келе бір-бірімізге үйренісе бастадық. Менің алғашқы ойлардан бастап жақсы жұмыс істеп, жақсы мақала жазғаныма қөңілі толатын сыңай танытып, кейде «Бала, қадамың жақсы, тек, ана жағыңды байқа» деп, ескерту жасауды да ұмытпайтын. «Ана жағың…» деп отырғаны, «ішімдіктен сақтан, артық ауыс жүрісті қой» деген ескертулері болар деп қабылдайтынмын. Кейін, мен Торғай облысында қызмет бабында өсіп, облыстық газеттің жауапты хатшысы, редакторлық орынбасары, редактор болған жылдары «Жақсы істеріңе сүйсінем» деп қол қойып, кітаптарын сыйлайтын болды. Сөйлемнің соңғы жағында сұрау белгісі тұрған сияқты. Мұны енді мен «Арғымақ атқа міндім деп, арттағы елді ұмытпа» дегені шығар деп түсіндім. Сөйтіп, осылайша арамызда ағалы-інілі бауырларға тән сыйластық қалыптасты.

Секең Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінде көп жұмыс істеген жоқ. Жетпісінші жылдардың соңына таман Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтына кафедра меңгеруші болып ауысып кетті. Бұл кезең Секеңнің шығармашылыққа алаңсыз ден қойған аса жемісті жылдары болды. Кітаптары бірінен соң бірі шығып жатты. Ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты. Этнография, салт-дәстүр, тарих, таным тақырыптарына дендей бой алдырып, салмақты да салиқалы мақалалар жазды.

Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде, мен облыстық телерадио комитетінің төрағасы болып тұрған шағымда «Таным мен тарих» атты арнайы хабар ашып, хабарға Секеңді шақырдық. Хабар әуелі студияда, одан соң Секеңнің өз үйіндегі жұмыс бөлмесінде түсіріліп, көрермендердің зор сұранысына ие болды.

1997 жылы Торғай облысы соңғы рет жабылғанда, Сейіт Кенжеахметұлы Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығында аға ғылыми қызметкер болып жемісті еңбек етті. Кейіннен отбасы жағдайына байланысты Арқалыққа қайтып келіп, институттағы бұрынғы жұмысын жалғастырды. Сөйтіп, 73 жасқа қараған шағында дүние жалғаннан озды.

Қазақ сатира саласының көрнекті өкілі, этнограф-ғалымның еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, оған Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі деген мәртебелі атақ-марапаттар берілді.

СЫН-СЫҚАҚ САТИРАСЫ

Сейіт Кенжеахметұлы жиырмаға жуық сатиралық кітап шығарған, жүзден астап танымдық, тағылымдық мақала жазған қаламгер. Сатира –Секеңнің төл тақырыбы. Кезінде «Сөз семсері», «Киіз қазық», «Аты теріс», «Мірдің оғындай» атты Алматы, Астана баспаларынан шыққан кітаптары қолдан-қолға өтіп, оқырмандардан да, сыншылар тарапынан да жоғары бағасын алды. «Тамаша», «Екі езу» телевизиялық хабарларында сын-сықақтары мен мысалдары үзбей орындалды. Оның әр шығармасының мазмұнында астарлы ой жататын. Сықақ өлеңдері, шағытпалары мен қағытпалары, мысалдары қоғамдағы теріс көріністерді, адам бойындағы жағымсыз әрекеттерді өткір сын тезіне салатын «Арызқойдың амандық хаты»,  «…Ыңқырап …іңкіреп» деген өлеңдері, «Пышақ пен қайрақ», «Қарға, Өрмекші, Қошқар мен Азбан», «Шыбынның махаббаттары», «Төреші Әтеш» мысалдары осы сөзімізге толық дәлел бола алады.

Секең негізінен жазба ақындар қатарында болғанымен, суырып салып айтатын тапқырлықтан да құралақан емес еді. Бір жылы ақын, әнші, күйші тағы да өзге өнер иелерінің басы қосылып, Арқалықта Жаңа жыл кешіне жиналады. Адамдардың бас-аяғы жиналғанша Секең журналист әрі ақын Өріс Яшүкірқызымен әңгімелесіп отырады. Осы сәтте екі иығын жұлып жеп, жас ақын Қонысбай Әбіл кіріп келеді. Сейіт ағасымен қалжыңдасатын әдеті болса керек, Қонысбай салған жерден:

«Жағылған жаңа жылдың шырағындай,

Сәтті күн бола бермес, сірә мұндай.

Ақындар мен сұлулар елдің көркі,

Жарасып тұр егіздің сыңарындай», – дейді.

Сонда Өріс:

«Жарасқан ағасы мен қарындасы,

Жас жігіт жаңа келген тарылмашы.

Ағаң бүгін мәз-мейрам, көңіл көктем,

Менімен жарасқандай жарым жасы», – дейді. Қонысбай өлеңін одан әрі жалғастырып:

«Жаңа келген адамның қиялы көп,

Кездескен жақсы кісі зиялы боп,

Тарылатын маған не көрініпті,

Ағамыздың қыздарға зияны жоқ», – дей бергенде, еркектік намысына шоқ салған мына сөзге қарсы Секең табан астында:

«Шын ақындар арзан сөз құрамайды,

Мергенмін көзге атқан құралайды.

Ағаңды көтергенің жөн болғанмен,

«Зияны жоқ» дегенің ұнамайды», – деп жауап қайырады.

Қонысбай да қу ғой, әрі қарай «Ағасының ішін аша» түсейін деген ниетпен:

«Өзіңді айтпаймен кеш білем деп,

Ойлаушы едім бағаңыз «бес» кілең деп,

Мақтаған талай-талай кісілерден,

«Сейіт солай» дегенді естігем жоқ», –  деп қойып қалады.

Сонда Секең:

«Бұл ағаң артық сөзді ілдірмейді,

Орынсыз ойнақ салып бүлдірмейді.

Жігіттіктің базарын тарқатқам жоқ,

Жастарға бәрін бірдей білдірмейді», – деп Қонысбайдың мұндай «майданнан» екі рет ұсталып қалғанына емеурін жасап, тығырықтан шығып кетеді.

ТАНЫМ МЕН ТАҒЫЛЫМЫ

 Халқымызда: «Су анасы – бұлақ» деген сөз бар. Бұл тәмсіл адам тәрбиесіне де тікелей қатысты. Отбасында алған тәрбие, көрген үлгі-өнеге жас адамның болашақта зерделі, тәлімді азамат болып қалыптасуына игі әсерін тигізері сөзсіз.

Секеңнің анасы қазақша сауатты, латын әріп мен арабтың төтеншесімен жүргізіп оқи алатын, жан-жақты жан болса керек. Халықтық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, жөн-жоралғыны жақсы білген. Қаршадайынан соның бәрін естіп, санасына құйған Сейіт, есейе келе соны жинақтап, қағазға түсірген, таным, тағылым, тарих ең сүйікті тақырыбы болған. Бұл бағыттағы барлық деректерді жазушы ерінбей-жалықпай тірнектеп жинап, жүйелеп, «Жеті қазына» атты үш томдық жинақ («Ана тілі» баспасы, 2006 ж.) шығарды. Көп ұзамай «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Қазақ тұрмысы мен мәдениеті» атты танымдық энциклопедиялық еңбектері қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде басылып шықты. Бұл ауқымды еңбектері бүкіл түркі тектес елдердің назарын аударып, зор танымалдық әперіп, абырой-беделін биіктетті.

Кезінде «Қыр елінің Крыловы» атанған мысалшы, от тілді, орақ ауызды сатирик, халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын тірнектеп жинап, үлкен еңбек жазған этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметұлының есімін мәңгілік есте қалдыру парызымыз. Үстіміздегі жылы ақынның 85 жылдық мерейтойына орай Қостанайдағы тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылып, Арқалық қаласындағы бір көшеге есімі берілсе құба-құп болар еді…

Серік ШАЙМАН, Қазақстанның Құрметті журналисі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here