Республикалық жапон тіліндегі шешендік өнер сайысы өтті

0
405

Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылған отыз жылдан астам уақыт ішінде екі ел арасындағы саяси және экономикалық серіктестік дамып қана қоймай, мәдениет саласындағы байланыстар да кеңейіп келді. Соңғы жылдары ұйымдастырылып жүрген екі елдің студенттеріне арналған түрлі гранттық бағдарламалар, бірлескен ғылыми зерттеулер, академиялық алмасулар, тағылымдамалар мен байқаулар, қос мемлекеттің білім және ғылым саласындағы берік ынтымақтастығының айғағы. Мәселен, республикамыз бен күншығыс елі арасындағы білім және ағартушылық саласындағы әріптестіктің нығаюының нәтижесінде  мемлекетімізде 1998 жылдан бастап 27 жыл бойы жергілікті және жапон ұйымдарының қолдауымен жапон тіліндегі республикалық деңгейдегі шешендік өнер байқауы өткізіліп келеді.

Биыл да  дәстүрлі түрде наурыз айының 16-ыншы жұлдызында Алматы қаласында жыл сайынғы 27-інші республикалық жапон тіліндегі шешендік өнер сайысы өтті. Аталған сайыс Қазақстандағы жапон тілі оқытушыларының қауымдастығы, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігі және Narxoz университетінің ұйымдастыруымен өткізілді. Байқауға демеушілік көрсеткен  ұйымдар ретінде Қазақстан Республикасындағы жапон кәсіпкерлері қауымдастығы, Қазақстан-Жапон Жібек Жолы қауымдастығы, «New & Rare resources» LLP ЖШС, «Iwatani Gakuen» білім беру мекемесін атауға болады. Сонымен қатар, берілген іс-шараға Қазақстандағы жапондықтар қауымдастығы, Цукуба университеті мен Жапон қоры үлкен қолдау көрсетті.

Республикалық шешендік өнер сайысына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Қазақстан-жапон адам ресурстарын дамыту орталығының өкілдері, сондай-ақ өз бетінше тілді меңгерген білімгерлер, барлығы 16 студент қатысты.

Байқау жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Барлық сайыскерлер өз өнерлерін көрсетіп, әділ қазылар алқасы байқау нәтижелеріне қатысты шешім шығаруға кеткен кезде, көрермендер жоғарыда аталған жоғары оқу орындары және Алматы қаласындағы жапон тілін үйрететін «Достық» жеке меншік мектебі білімгерлерінің орындауындағы шағын концерттік бағдарламаны тамашалауға мүмкіндік алды. Концерт шеңберінде өнерлі жастар жапон тілінде алуан түрлі әндер шырқап, қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарында күй тартып, ұлттық би билеп, сайысты көруге келген қауымды қазақ және жапон халықтарының төл мәдениетімен таныстыруға  барынша ат салысты.

Сайыс нәтижесінде жүлделі бірінші орынды жапон тілін өз бетінше меңгерген Төлеу Асар атты қатысушы жеңіп алды. Екінші орын Қазақстан-жапон адам ресурстарын дамыту орталығында білім алып жатқан Толғанбаева Мариямға бұйырды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2-курс студенті, Капенова Дария үздік үштікке еніп, үшінші орынды жеңіп алса, 2-курс студенті Рахымжан Малика бесінші орынды иеленді. Төртінші орын жүлдесіне Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің білімгері Қаракесекова Элеонора  қол жеткізді. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қиыр Шығыс кафедрасының 1-курс студенті Айдаралиева Алика байқау барысында тамаша өнер көрсетіп, сайыстың нәтижелеріне сәйкес алтыншы орынға ие болды. ҚР Жапониядағы елшілігінің кеңесші-уәкілі Батырхан Құрмансейіт жүлдесін Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенті Омарбаева Алтынай иеленді. Енді жүлделі орындар алған байқау жеңімпаздары 2024 жылдың мамыр айында Ташкент қаласында (Өзбекстан) өтетін жапон тіліндегі Орта Азиялық шешендік өнер сайысына қатысады. Сайысқа қатысушыларымызға Ташкент шаһарынан жеңіспен оралуларын тілейміз!

Гүлмира ТАЗАБЕКОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қиыр Шығыс кафедрасы
Жапонтану бөлімінің меңгерушісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here