Шахтадағы апат: «Жомарт» кенішіндегі апаттан жеті кенші қаза тапты

0
74

Еліміздің шахталарында тағы да қайғылы жағдай орын алды. 17 ақпанда Ұлытау облысына қарасты Жаңаарқа ауданында «Қазақмыс» корпорациясының «Жомарт» кенішіндегі шахтада апат болып, жеті жұмысшы жер астында қалып қойды. 18 ақпан күні таңертең төтенше жағдайлар министрлігі жетеуі де қаза болғанын, құтқарушылар оларды шахтадан алып шыққанын хабарлады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақмыс» кенішінде қаза болған жұмысшылардың жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеруді жүктеді. Салалық ведомстволарға, өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмекті көрсетуді тапсырды.

ҚОҒАМНЫҢ ДА «ҚАЗАҚМЫСҚА» ҚОЯР СҰРАҒЫ КӨП

Қазақстан үкіметі «Жомарт» кенішіндегі апатқа байланысты арнайы комиссия құрды. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ұлытау облысында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың басшылығымен үкіметтік комиссия жұмыс істеді. Комиссия мүшелері оқиға орнында болып, тергеу барысымен танысты. Қанат Алдабергенұлы штаб отырысын өткізді.

Үкіметтік комиссия басшысы Қанат Бозымбаев «Қазақмысқа» тергеу қауіпсіздігін анықтағанша шахтада жұмысты қайта бастамауды бұйырды. Вице-премьер бұл компаниямен енді басқаша сөйлесетіндерін жеткізді. Тиісті тергеуден кейін «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің келісімшарттық міндеттемелері қайта қаралатын болады.

– Жүйе мен тәсілдерді түбегейлі өзгерту қажет. Мемлекет тарапынан оларды қатайтатын боламыз. Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті құрылды, заңнаманы өзгертеміз. Парламентте тиісті заң жобасы қаралып жатыр, онда Төтенше жағдайлар министрлігіне қосымша өкілеттіктер беріледі. Мұндай жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін бар күшімізді саламыз. Мемлекет басшысы тергеуді мұқият жүргізуді тапсырды. Құқық қорғау органдары – сараптама, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті тергеу жүргізеді. Сіздің міндетіңіз – осы төтенше жағдайға кімнің жол бергенін анықтау, – деді Қанат Алдабергенұлы компания басшылығына.

Айта кетейік, «Жомарт» кеніші – Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. «Қазақмыс» корпорациясының ірі акционері – «Kazakhmys Copper». Оны миллиардер Владимир Ким («Forbes» басылымы оның байлығын 3,6 млрд доллар деп бағалаған) және Эдуард Огайға («Forbes» мәліметінше, 800 млн доллардың иесі) тиесілі «Kazakhmys Holding Limited» басқарады.

Күні кешегі апаттан екі ай бұрын, яғни өткен жылғы 17 желтоқсанда Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» корпорациясының Оңтүстік-Жезқазған филиалының №65 кенішінің шахтасында ереуіл басталды. 250-ден астам шахтер жер астына түсуден бас тартты. Олар жалақыны өсіруді және еңбек жағдайларын жақсартуды талап етті. Корпорацияның бар бітіргені – жалақыны 8,5 пайызға көтерді. Бірақ, бұл инфляция шығынын да жаппайды. 2024 жылы елде инфляция 8,6 пайыз болды. Демек, бұл шын мәнінде жалақы арттыру емес, индексация ғана.

Қоғамның да бұл алпауыт компанияға қояр сұрағы бар. «Forbes Kazakhstan» жыл сайын жұмысшылары қаза тауып жататын «Қазақмыстың» жаңа, қымбат ұшақты сатып алғанына назар аудартты. 2012 жылдан бері «Қазақмыстың» өндірісінде 40-тан астам жұмысшысы қаза тапқан, осы кезеңде олигарх Владимир Кимнің ауқаты 100 млн долларға өскен. Сонда «Қазақмыста» жұмысшылар қаза табады, жалақы төмен төленеді, бірақ Ким мен Огайдың табысы еселеп арта береді. Ал, өлместің күнін кешіп жатқан кеншілердің жағдайы керісінше. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген осы емес пе?!

«ҚАЗАҚМЫС» ҚАНДАЙ КӨМЕК КӨРСЕТЕДІ? 

18 ақпанда құтқарушылар үйінді астынан «Қазақмыстың» 7 жұмысшысының мәйітін тапты. Мүрделер сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Жеті шахтердің өлімі фактісіне байланысты «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. «Жомарт» кенішінде көз жұмған шахтерлардың тізімі жарияланды. Ең жасы 27 жасында қыршынынан қиылыпты.

Қаза болған кеншілер:

  • Ақшалов Қайрат Аманбекұлы – 1975 жылы туған (50 жаста болған), сорғы қондырғыларының машинисі;
  • Жақұбаев Ардақ Боранбайұлы – 1998 жылғы (27 жас), жерасты учаскесінің тау-кен шебері;
  • Жұмадоллаев Бақытбек Нышанұлы – 1975 жылғы (50 жас), жерасты тау-кен жұмысшысы;
  • Кенжебеков Орынбек Әмірханұлы – 1991 жылғы (34 жас), тиеу-жеткізу машинасының машинисі;
  • Молдабеков Ғалымжан Есенбекұлы – 1978 жылғы (47 жас), шпур бұрғылаушының көмекшісі;
  • Нұролдаев Олжас Жағалбайұлы – 1979 жылғы (46 жас), жерасты учаскесінің энергетигі;
  • Рожков Константин Владимирович – 1992 жылғы (33 жас), жерасты тау-кен қазу жабдықтарының электр слесарі.

Еңбек министрлігінің дерегінше, қаза тапқан кеншілердің отбасыларына асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар тағайындалады. Жәрдемақының бұл түрі 8 жасқа дейінгі баласы бар жұмыссыз үш анаға да беріледі.

Қаза тапқан кеншінің бәрі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болғандықтан, отбасына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан да әлеуметтік төлем төленуге тиіс. Асырауындағы бір адам үшін бюджеттен төленетін жәрдемақы – 42 530 теңгені, ал қордың төлемі – 141 523 теңгені, асырауында бес адам болса, жәрдемақы – 127 127 теңгені, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының төлемі  – 335 017 теңгені құрайды.

Алпауыт корпорация қаза тапқандардың отбасыларына әр жұмысшысының 10 орташа жылдық жалақысын (орташа алғанда бұл – 84 млн-нан 141 млн теңгеге дейін) және жерлеуді ұйымдастыруға 550 АЕК (2 162 600 теңгеден) өтемақы төлейді. Сондай-ақ, қаза тапқан жұмысшыларының, отбасыларының несие-қарыздарын, балаларының оқу ақысын өтеуге міндеттелді. Бірақ, о дүниелік болған атпал азаматтардың арамызға қайта оралмайтыны анық.

ПРЕЗИДЕНТ ҮКІМЕТКЕ ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІК НОРМАЛАРЫНЫҢ САҚТАЛУЫН ТЕКСЕРУДІ ТАПСЫРДЫ

Мемлекет басшысы Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты кеніште болған қайғылы оқиғаға байланысты еңбек қауіпсіздігі саласында қатаң сақталуға тиіс жағдайларға назар аударды.

– Бекітілген талаптардың өрескел бұзылған фактілері бар. Нысандардың өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесімен жабдықталу деңгейі өте төмен. Компаниялар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобаларға тиісті мөлшерде инвестиция салмайды. Мұның барлығы техногенді апаттарға, жұмысшылардың қаза табуы мен жарақат алуына әкеп соқтырады, – делінген хабарламада. 

Президент қатерлі өндіріс орындарында жұмыс істейтін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Үкіметке мынадай шаралар қабылдауды тапсырды:

  • Нысандарда өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларының сақталуына қатысты тексеру жүргізу;
  • Аталған нысандарға заманауи қауіпсіздік жүйесін, соның ішінде газ белгі беру құрылғыларын, сейсмикалық қондырғыларын, позиционирлеу жүйесін және тағы басқа тиісті әдіс-тәсілдерді әзірлеу мен енгізу;
  • Болжау мен құлақтандырудың автоматтандырылған жүйесін енгізе отырып, нысандарды цифрландыру;
  • Тексеру қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың жұмыс бағдарламаларына түзетулер енгізіп, заманауи өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесіне салынатын инвестиция көлемін ұлғайту жолын қарастыру;
  • Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау мен қадағалау тетіктерін қатаңдату.

Мемлекет басшысының бұл тапсырмаларын Президент Әкімшілігі ерекше бақылауда ұстайды. Өйткені, бұл салаға селқос қарауға болмайды.

Айта кетейік, 2006 жылғы 20 қыркүйекте Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада метанның жарылуы және сұрапыл өрттің туындауы кесірінен қазақстандық жер­асты кен өндірісінің бүкіл тарихындағы ең алапат төтенше оқиға тіркелді. Сонда жердің қойнауында 368 адам қалып қойды. Соның ішінде 41 кенші мерт болды. Азат Қазақстан өз тарихында алғаш рет жалпыхалықтық Аза тұту күнін жариялады. Кейін үкіметтік комиссия апатқа еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы талаптарын өрескел бұзу себеп болғанын анықтады. Жалпы, сол Ленин атындағы шахтада тәуелсіздік жылдарында 3 апат болды. 1995 жылы – 13 адам, 2006 жылы – 41 адам, 2022 жылғы 3 қарашада 5 адам жан тапсырды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Республика тәуелсіздік алғалы отандық шахталардағы 13 ірі апат елге жария болды. Төтенше оқиғалар салдарынан 183 кенші ажал құшты. Қазақстанда екі рет Аза тұту жарияланды. Содан бері бұл кәсіп иелері тау массасының құлауынан, шахталар төбесінің опырылып түсуінен, метан жарылысынан қаза тапты. Арнайы құрылған комиссиялар трагедия себептерін анықтайды, қаншама бұзушылықтың беті ашылады. Алайда, апаттар саны бәрібір азаятын емес.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here