UIB International Week-2025 : Ғылым мен білім

0
1150

2025 жылғы 18-21 ақпан аралығында Халықаралық Бизнес Университетінде (UIB) UIB International Week-2025 халықаралық апталығы өтті. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – ғылым мен жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ академиялық ұтқырлықтың тиімділігі мен маңыздылығын көрсету, жастарды ғылымғы тарту.

Шара барысында ұлттық құндылықтарға тамырын терең жайған көрнекті ғалым, академик Кенжеғали Сағадиевті еске алып, тұлғаның ескерткішіне гүл шоғы қойылды. Ашылу салтанатында университет басшылығы мен шетелдік серіктестер құттықтау сөз сөйлеп, ғылым мен білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың рөліне ерекше тоқталды. Іс-шара апталығы барысында Кенжеғали Сағадиевтің ғылыми мұрасына арналған көрме жасақталып, дипломатиялық миссиялар өкілдерімен фуршет ұйымдастырылды. Қазақстан экономикасына ESG қағидаттарын енгізу тақырыбында дөңгелек үстел мазмұнды өтті.

Шара аясында студенттер Erasmus+ және басқа да халықаралық білім беру бағдарламаларының өкілдерімен кездесіп, олардың мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат алды. Сонымен қатар, Open Talk форматында академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысқан студенттер өз тәжірибелерімен бөлісіп, шетелде білім алу, мәдени ортаға бейімделу және халықаралық ғылыми қауымдастыққа ену мәселелері бойынша практикалық кеңестер алды.

Сонымен қатар, «БҰҰ моделі» халықаралық студенттік байқауы да өтті. Байқауға қатысушылар Біріккен Ұлттар Ұйымының шынайы отырыстарына ұқсас симуляциялық тапсырмалар орындап, жаһандық мәселелерді талқылауда өздерінің дипломатиялық дағдыларын дамытуға мүмкіндік алды. Аталмыш іс-шара студенттердің халықаралық құқық, жаһандық мәселелер және көпжақты дипломатия жөніндегі білімін жетілдіруге, сондай-ақ олардың аналитикалық және шешендік қабілеттерін дамытуға зор ықпал етті.

Апталықтың соңғы күні 21 ақпанда UIB International Week-2025 апталығының ресми жабылу рәсімі болды. Университет басшылығы мен халықаралық серіктестер іс-шараның негізгі нәтижелерін қорытындылап, белсенді қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. Салтанатты шара UIB студенттері ұйымдастырған концерттік бағдарлама мен бейресми пікір алмасумен жалғасты.

«UIB International Week-2025» халықаралық апталығы ғылым мен білім саласында тың идеялар мен тәжірибелердің алмасуына, академиялық ұтқырлық пен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға зор ықпал етті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here