Жетімдер үйінен шыққан тұңғыш чемпион

0
3331
Үлкен спорттағы мансабы 24 жасында аяқталған Валерий Рачков бүгінде Мәскеуде тұрады, кәсіпкерлікпен айналысады

Осыдан тура 45 жыл бұрын, 1978 жылы сол тұстағы Югославия астанасы Белградта өткен Әлем чемпионатында КСРО намысын қорғаған 22 жастағы алматылық Валерий Рачков финалда шаршы алаң иесі Миодраг Перуновичтен айласын асырып, Қазақстан боксшыларының арасынан шыққан тұңғыш чемпион атанды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін жетімдер үйінен шыққан баланың қалай әлем боксының жұлдызына айналғанына тоқталады.

Мидраг Перунович пен Валерий Рачков. 1978 жыл. Белград, Югославия

БАПКЕРІ
БАУЫРЫНА
БАСҚАН
БОЛАШАҚ ЧЕМПИОН

Валерий Александрович 1956 жылы 24 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келді. Боксшының балалық шағы қиындықпен өтті. Тағдырдың ауыр сынағы оны сәби шағынан шыңдады. Ата-анасы ішімдікке салынып, соңында олар ата-ана құқығынан айырылды. Жеті жасынан екі бауырымен бірге балалар үйінде өсті.

Болашақ әлем чемпионының өмір ағыны 12 жасында күрт өзгерді. Балалар үйіндегі тәрбиеленушілер арасынан дарындыларды таңдауға келген бапкер Станислав Болдыревтің іріктеуіне қатысқан бір топ жетімнің арасынан Рачков суырылып алға шықты. Өйткені, ол барлық сынақтарға төзіп, аштыққа да шыдаған жалғыз бала еді. Кешкі жаттығулардан оралғанда нәр татпай жатқан күндері де болды. Мұны білген бапкер баланы балалар үйіне жібермес бұрын үйіне шақырып, тамақтандырып жүрген екен.

«Мен балаларды бөліп жармаймын, өзімнен алысқа да жібермеймін. Ал, Валерка менің отбасыммен бірге тұрады. Ол балалар үйінде өскен жігіт, мен оны көшедегі төбелестен шығарып, залға апардым. Ол қатал еді. Бір ретте оған бір нәрсе ұнамай қалғанда жоғалып кетіп, сосын қайта оралды. Содан кейін әйелім екеуміз оны бауырымызға басуға шешім қабылдадық. Сөйтіп, ол қызымыздың үлкен ағасына айналды», – деген еді Станислав Болдырев сол жылдары «Советский спорт» газетіне берген сұхбатында.

ОПА ӘПЕРМЕГЕН ОТА

1973 жылы Горький қаласында (қазіргі Ресейдің орталығындағы Нижний Новгород қаласы) өткен Бүкілодақтық жастар ойындары жас боксшының спорттағы мансабына үлкен бетбұрыс әкелді. Сол уақыттағы жеңіс жас чемпионның КСРО жастар құрамасына өтуіне жол ашты. Бұл мүлдем басқа деңгей. Келесі жылы кеңестік және американдық боксшылардың жолдастық кездесуінде Валерий Рачков әуесқойлар арасында Әлем чемпиондарын жеңіп жүрген, кейін кәсіпқой бокстың жарық жұлдызына айналған Аарон Прайорға лайықты қарсылас бола білді.

1976 жылы Свердловскіде (Екатеринбург) өткен КСРО чемпионатында топ жарған 20 жастағы боксшы Олимпиада ойындарына баруға үміткер атанды. Ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Радоняк оған сенім артты. Алайда, Монреаль Олимпиадасының алдында медициналық тексеруден өткенде боксшының көңілі су сепкендей басылды.

«Менің бетімдегі қан тамырлар теріге жақын орналасқандықтан, соққы алғанда мұрнымнан қан ағатын. Бұл жағдайда төрешінің айқасты тоқтататыны айтпаса да түсінікті. Яғни, мен жарыстан шеттетіліп қаламын. Содан бапкерлер оның алдын алу үшін менің мұрныма ота жасататын болды. Ота кезінде дәрігерлер мұрнымдағы шырышты қабатты күйдірді. Осыдан кейін мұрным қанамауы керек болған. Өкінішке қарай, ота ешқандай нәтиже бермеді», – деп мәселенің мәнісін түсіндірген еді сол тұста Валерий Рачков.

МҰҢ
БОЛҒАН МОНРЕАЛЬ,
БАҚЫТҚА
БӨЛЕГЕН БЕЛГРАД

Иә, жас боксшы үшін Монреаль Олимпиадасындағы айқастар басталмай жатып сәтсіз аяқталды. Алғашқы сайысында-ақ болашақ Олимпиада чемпионы Йохан Бахвельдтен жеңіліп қалды. Рачковтың айтуынша, ол неміс боксшысымен болатын жекпе-жекке тыңғылықты дайын болмай шыққан. Өйткені, кеңестік делегация басшылығы оған екі күндік демалыс бергендіктен, боксшы бабын жоғалтып алған.

«Командадан бөлініп қалу мен үшін қиынға соқты. Екі күндік жалғыздық мені Олимпиада атмосферасынан алыстатып тастады. Жекежайда екі күн өз-өзіммен қалғаннан гөрі командамен бірге жаттығу залында болғанда, олармен бірге жарыстарға барып, жанкүйер болғанымда бәрі басқаша болар еді. Әрине, 1976 жылға дейінгі және одан кейінгі Рачковты салыстыруға келмейді. Екі түрлі боксшы. Мен жарыс кезінде өзімді сабырлы ұстай білуді, жекпе-жектің иесі болуды, жарыста жігер мен күшті тек жеңіске бағыттауды үйренген едім», – деп өткен күннен естелік айтты боксшы.

Рас, тәжірибе жинақтаған боксшының жақсы жағына өзгергені 1978 жылы Белградта өткен Әлем біріншілігінде анық байқалды. Өйткені, ол өзінің қарсыластарын жүрістерінен жаңылдырды. Өзіне тым сенімді болды. Екі жыл бұрынғы Олимпиада ойындарында кеткен есесін қайтарды, яғни Бахвельдтен басым түсті. Шешуші жекпе-жекте біздің боксшы шаршы алаңның иесі серб Миодраг Перуновичпен жолықты.

«Жекпе-жек тең есеппен аяқталса, сөзсіз ол чемпион болар еді. Сондықтан мен бұл жүлдені уысымнан шығармау үшін бәрін жасадым. Әрине, атақты Бахвельдті жеңуім «Олимпиада чемпионынан айласын асырған боксшы осал болмаса керек» деген төрешілердің маған деген оң көзқарасын қалыптастырған болар. Жарыс қожайынымен болған финалда бес төрешінің үшеуі жеңісті маған берді. Бірақ, менің таза жеңгеніме жанкүйерлердің де, бапкерлердің де, тіпті қарсыластың да күмәні болған жоқ», – деп еске алады Әлем чемпионы.

Валерий Рачков Алматыға қазақ боксының тарихындағы алғашқы Әлем чемпионы ретінде оралды. Осы жеңісі үшін оған КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері атағы мен 1,5 мың рубль сыйақы берілді. Бұл қарапайым инженердің орташа жалақысынан 10 есе көп қаржы еді.

ҚОЛҒАБЫН
ШЕГЕГЕ
ЕРТЕ ІЛГЕН БОКСШЫ

Өкінішке қарай, бұл үлкен жеңіс Валерий Рачковтың спорттық мансабындағы соңғы жетістігі болды. КСРО біріншілігіндегі қатарынан үш жеңістен кейін боксшы 1979 жылы финалда мәскеулік Александр Кошкиннен жеңілді. Олимпиада өтетін жылы да өзін көрсете алмады. Сөйтіп, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасынан тыс қалды. Оның салмағында КСРО намысын басқа боксшы қорғады.

«Менің салмағымдағы орынға Исраел Акопкохянды алды. Мен оны ішкі жарыстарда талай рет тізе бүктірген болатынмын. Тіпті, Олимпиадаға дайындық кезіндегі жаттығуларда «Мені неге сонша қатты ұрасың» деп жылағандай болатын. Олай жасамасқа басқа амалым да қалмады. «Дайындықта осалдық танытсам, бас бапкер (Алексей Киселевті айтады) менің спорттық жолыма нүкте қояды» деп ойладым. Олимпиада ойындарынан соңына дейін үмітімді үзбедім. Киселев Олимпиадаға қатысатын боксшылардың аты-жөнін жариялағанда оған барып, Акопкохянмен спарринг ұйымдастыруын сұрадым. Жас болғандықтан осылай әділдік орнатпақ болдым. Ал, Киселев «Қатысқың келсе, 71 келіде бағыңды сына», – деп, мен үшін Олимпиадаға барар пойыздың кетіп қалғанын мысқылдай түсіндірді», – деп ойын ашық білдірді боксшы.

Сонымен, Рачковтің үлкен спорттағы мансабы 24 жасында аяқталды. Ол бірнеше жыл жұдырық түйістіргеннен кейін бапкерлікке ауысты. Мәскеуге көшіп келген соң КСРО құрамасында қосалқы жаттықтырушысы болуға ұсыныс алды. Бапкердің шекпенінен шыққандардың арасында болашақ Олимпиада чемпионы Василий Жиров та болған еді. Бүгінде Валерий Рачков Ресей бокс ардагерлері қорының вице-президенті, кәсіпкерлікпен айналысады. Қазақстанға да жиі келіп тұрады.

Индира БІРЖАНСАЛ

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Рачков Валерий Александрович
1956 жылы 24 сәуірде Алматы қаласында туған.
Бокс бойынша КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері.
1976 жылғы Монреаль Олимпиадасының қатысушысы.
1978 жылғы Әлем чемпионы.
КСРО чемпионатының 1976, 1977, 1978 жылдардағы чемпионы, 1979 жылғы күміс жүлдегері, 1980 жылғы қола жүлдегері.
67 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен.
Қазір Мәскеуде тұрады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here