Қаскелеңде «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған жиын өтті

0
4883

Өткен ғасырдың басында «ұлттық керектерді» талап еткен «Қазақ» газеті бес жыл ғана ғұмыр кешіп (1913-1918), бас-аяғы 266 нөмірі оқырманға жол тартты. Алаш қозғалысының саяси ұстанымын жариялап тұрған басылым тәуелсіздіктің таңымен қайта ортамызға оралды. Араға 88 жыл салып барып! Оған себепкер болған қаламгер – Қоғабай Сәрсекеев. Иә, Алаш арыстарының «Асықпаңдар, артымызда қазы бар, тергеп талай көрлеріміз қазылар» (Ахмет Байтұрсынұлы) деп айтқандары айдай келіп, армандары орындалды. Ақиқат жеңді! Қазақ халқының арманы мен ақиқатының арқасында бүгінде «Қазақ» газетінің 110 жылдығы жер-жерде аталып өтуде.

Бейсенбі күні Алматы облысының Қаскелең қаласындағы Қарасай аудандық кітапханасында «Алаштың үні болған «Қазақ» газеті» атты жиын өтті. Санжар Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледжінің бастамасымен өткен шараға Білім беру ісінің үздігі, Журналистер одағының мүшесі, ардагер ұстаз Ақлима Көсемова, Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі, Қарасай ауданының құрметті азаматы, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, «Naqty» аудандық газетінің ардагер тілшісі, Қазақстанның құрметті журналисі Берікбай Елеусізұлы, «Қазақ» газетінің бас редакторы, Ақпарат саласының үздігі Жасұлан Мәуленұлы, газеттің бөлім редакторы Сандуғаш Серікова және жалынды жастар қатысты.

Жиында сөз алғандардың бірі Жасұлан Мәуленұлы «Қазақ» газетінің өткені мен бүгініне, сталиндік террордың құрбанына айналған газеттің бастауында тұрған Алаш арыстары мен оның авторларына тоқталды, ғасырдан астам тарихы бар үнжарияның неліктен ұлт басылымдарының атасы саналатынын түсіндірді.

«Осыдан 110 жыл бұрын жарық көрген «Қазақ» газетін біз ұлт басылымдарының атасына балап жүрміз. Әрине, «Қазақтың тұңғыш газеті ол емес қой» деп бұған қарсы уәж айтатындар бар. Дегенмен, 1870 жылы Ташкентте жарық көрген «Түркiстан уәлаятының газетi» «Туркестанские ведомости» газетінің қосымшасы ретінде жарық көрді. Яғни, ол қазақ тілінде шыққан толыққанды газет болған жоқ. Және онда тек патша үкіметінің шешімдері, жарлықтары ғана жарияланды. «Дала уәлаятының газетi» де сондай болды. Сондықтан сол қиын заманда салыстырмалы түрде ұзақ жарық көрген, ұлттың мәселесін ашық көтерген, жұрттың сауатын ашуда маңызды рөл атқарған «Қазақ» газетінің ұлттық баспасөз тарихында алатын орны зор. Бір қуаныштысы, «Қазақ» газеті жарық көрген күн, яғни 2 ақпан елімізде Ұлттық басылым күні мерекесі болып бекітілмек. Биылғы мерейтойдағы ауыз толтырып айтарлықтай басты жаңалық осы болса керек», – деп нақтылады Жасұлан Мәуленұлы.

«Қазақ» газетін 2015 жылдан бері басқарып отырған бас редактор сол алмағайып заманда басылымның қалай шыққанын да сөз етті.

«Тұңғыш бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетін шығаруға 1913 жылдың 5 қаңтарында Орынбор генерал-губернаторының рұқсатын алған. Газеттің алғашқы нөмірі сол жылы 2 ақпанда Орынбордағы «Кәрімов, Хұсайыновтар баспаханасында» басылып шықты. Газеттің бір жыл толуына орай жарияланған «2-нші феурал» деген бас мақалада тәуекел деп газет шығаруды бастағанда небәрі 750 сом ғана қаражат болғаны жазылды. «Қазақтың» шығуына оның бастырушысы болған Мұстафа Оразаев көп еңбек сіңірді. Оның әкесі Ахмет ишан газетті шығаруға қаржылай көмектесті. Содан газет бірінші санынан 46 санына дейін Мұстафа Оразаевтың қаражатымен шығып тұрса, ал 47 санынан бастап газеттің басылуын «Азамат» серіктігі қолға алды. Серіктестікке мүше болып кіргендер 100 сом жарна төледі. Ал, Ахмет Байтұрсынұлына шындықты газетке шырқыратып жариялағаны үшін айыппұлдар салып тұрған, кейде темір торға да тоғытқан. Сол кезде сол заманның қалталы азаматтары ақша жинап, газетті жабылудан, Ахаңды түрмеге тоғытудан сақтап қалып отырған. Дегенмен, елге қызылдардың келуімен газет жабылды, артынан оның бастауында тұрғандар мен авторлары қуғын-сүргінге ұшырады. Қиын-қыстау уақытта «Қазақты» 1913 жылдан 1917 жылдың қыркүйегіне дейін Ахмет Байтұрсынұлы абыроймен басқарды. Соңғы нөмірлеріне Жанұзақ Жәнібеков қол қойды», – деп тарихи деректерді келтірді бас редактор.

Жасұлан Мәуленұлы «Қазақтың бас ақыны» деп алғаш Абай туралы мақаланы Ахмет Байтұрсынұлы жазғанын, мақала 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарық көргенін айтты.

«Кеңес Одағы тұсында газетті және оның бастауында тұрған Алаш арыстарын атаудың өзі қылмыс саналды. Газет жетпіс жыл бойы «зынданда жатты». Оның біраз нөмірі Ұлттық кітапханада сақталған. Төте жазумен шыққан газеттегі материалдарды алғаш қазіргі әліпбиге түсіріп, кітап етіп шығарған – ғалым Үшкөлтай Субханбердина. Ғарифолла Әнес басқаратын «Арыс» баспасы 1913-1918 жылдардағы газетті кирилл әліпбиіне түсіріп, баспаға дайындап қойды. Биыл сол кітаптар толық жарық көрмек. «Газет жүз жыл бұрын не жазды, қандай мәселе көтерді» деген сұрақтарға сол кітаптардан жауап табуға болады», – деп ойын түйіндеді Жасұлан Мәуленұлы.

Жиын барысында Санжар Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледжінің студенті Арман Қайыпбаев «Мен қазақтың баласы», тағы бір студент Мұхамедәли Махмұтхан «Мен қазақ» әндерін орындады. «Қалбибі» өнер студиясының жас әншісі Еркебұлан Кеңесбек те әуезді әнімен жиналғандардың қошеметіне бөленді.

Айдыны кең, айбыны мықты ұлттық басылымның 110 жылдығына арналған жиынды Қарасай аудандық кітапханасының директоры Ұлдархан Өтеева қорытындылап, қонақтарға сый-сияпат жасады.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here