Қазақстан қоқысынан Швециядағыдай неге ақшаның «иісі» шықпайды?

0
7688
Швециядағы супермаркеттер, дәріханалар мен жанармай құю бекеттерінде шыны ыдыстар, пластикалық бөтелкелерді қабылдауға арналған құрылғылар орнатылған. Шведтер сұрыпталған қоқысты сол қабылдау құрылғыларына тастап, ол үшін аз мөлшерде ақша алады...

Өркениет жолына бет алған елдер қоқыспен күрестің түрлі жолын қарастырады. Бірқатар еуропалық мемлекет полиэтиленді құтыларды шығарудан бас тартса, енді бірі қоқысты түрлі заманауи жолмен өңдеуге бет бұрды. Алғашқылары полиэтилен бұйымдардан қол үзіп, біржарамды пакет, шөлмек, стақан сияқты бұйымдарды қағаздан жасауға көшсе, кейінгілері қоқысты қайта өңдеп, одан зат шығаруға, электр энергиясын алуға арналған озық үлгідегі зауыттарды іске қоса бастады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін қоқыспен күрестегі шведтер тәжірибесіне тоқталады.

ҚАЗАҚСТАН ҚОҚЫСТЫ КӘДЕГЕ ЖАРАТА АЛМАЙ ОТЫР

Қоқысынан «ақшаның иісі шығатын» әлемдегі аз елдің бірі – Швеция. 10,5 млн халқы бар скандинавиялық елде қоқыс полигондары атымен жоқ. Өйткені, еуропалық өлшеммен жер көлемі бойынша ірі елдердің қатарына жататын бұл мемлекет қоқыстың 99%-ын қайта өңдейді. Шведтердің қоқыспен күрестегі тәжірибесіне төменде арнайы тоқталамыз. Ал, 84,2 млн халқы бар Германия тұрмыстық қатты қалдықтардың 65%-ын кәдеге жаратып, одан жылына құны 50 млрд еуро болатын заттар шығарады. 124,7 млн халқы бар Жапонияның жер көлемі біздің Ақтөбе мен Солтүстік Қазақстан облыстарына да жетпейді. Содан жапондар қоқыстан аралдар салып жатыр. Жердің тапшылығы Сингапурда да байқалады. 5,5 млн халқы бар қала-мемлекет бұрнағы жылдары тұрмыстық қатты қалдықтардан жасанды арал салғанын «Qazaq» газетінде жаздық (Қараңыз: «Сингапур қоқыспен қалай күреседі?», №22 (969), 7 маусым, 2019 жыл).

Рас, ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын Қазақстанда жер жетеді. Дегенмен, қоқыс мәселесіне салғырт қарауға болмайды. Елдегі үш мыңдай полигон қоқысқа лық толған. Оның экологияға кері әсері айтпаса да түсінікті. Ал, былтыр тұрмыстық қатты қалдықтардың 20%-ы ғана қайта өңделген. Жасыл экономикаға бет алған Қазақстан 2050 жылға дейін бұл көрсеткішті 50%-ға арттыруды көздейді. Бірақ, қазіргі жағдайға қарап жоспардың орындалатынына сену қиын.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, қоқыс полигондарында 125 млн тонна тұрмыстық қатты қалдықтар жиналған. Жылына олар шамамен 4,5 млн тоннаға артып отырады. Соған қарамастан оларды қайта өңдейтін зауыттар толыққанды жұмыс істемейді. Олардың өндірістік қуаты бар болғаны 40%-ды құрайды. Бір қызығы, оған қоқыстардың жетіспеушілігі себеп екен. Ал, осы арада «Елде қоқыстар қалай жетпейді?» деп қарсы сұрақ қоюыңыз мүмкін.

Сұраққа жауап дайын. Бізде қоқыстар сұрыпталмайды. Яғни, қағаз да, әйнек те, картон да, жуындылар да – бәрі бір ғана қоқыс жәшігіне тасталады. Әйтпесе, ірі қалаларда түріне қарай қоқыс жәшіктері қойылған. Дегенмен, оны ескеріп жатқан пенде жоқ. Мәселен, өркениетті елдерде көшені айтпағанда үйге қоқыстың түріне қарай бірнеше жәшік қойылады. Үй иесі қоқысты өзі сұрыптайды. Демек, оларда қоқыс тастау мәдениеті қалыптасқан.

Қазақстанда барлығы 210 тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін мекеме бар көрінеді. Олардың барлығында шикізаттың жетіспеушілігінен қызу жұмыс байқалмайды. Себебі, қоқыс полигондарындағы қоқысты сұрыптау үшін қыруар жұмыс күші керек. Ал, жұмыс күшін тартуға көп қаржы кетеді. Яғни, экономикалық тұрғыдан бұл тиімсіз саналады. Сондықтан шығыны көп шаруаға ешкім білек сыбанып кіріспейді.

Иә, мемлекет бұл саладағы зауыттарға түрлі жеңілдік көрсетеді. Көбі салықтан босатылған. Шығындарын жабу үшін бюджеттен де қаржы бөлінеді. Әйтсе де, мемлекеттің бұл қолдауы қоқыс мәселесін түпкілікті шеше алмай келеді.

Атқамінерлер қазақстандықтардың қоқысты шығаруға арналған төлемді аз төлейтінін алға тартады. Әрине, аймақтарда қоқысты шығару қызметінің құны әр түрлі. Әр адамға бір ай үшін орташа төлем 322 теңгені құрайды. Қоқыстарды Еуропадағыдай сұрыптау үшін бұл қызметтің құны 500 теңгеден кем болмауға тиісті. Мұндай көлемдегі қаржыны (553 теңге) тек алматылықтар ғана төлейді.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми мәліметіне сенсек, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыттар 2018 жылы – 11,51%, 2019 жылы – 14,9%, 2020 жылы – 15,8%, 2021 жылы – 20,2% қоқыстарды қайта өңдеген. Дегенмен, бұл республикалық көрсеткіш. Ал, аймақтар бойынша статистикаға көңіл толмайды. Мысалы, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу бойынша статистиканы Маңғыстау (40%), Қарағанды (21%) облыстары мен Астана (30%), Шымкент (26%) қалалары ғана жақсартып отыр. Әйтпесе, бұл көрсеткіш басқа өңірлердің көбінде 10%-дан аспайды.

Айта кетейік, бұл тек тұрмыстық қатты қалдықтарға ғана қатысты статистика. Бұған Швециядағыдай қағаз, картон, салафан сияқты қоқыстың барлық түрі кірмейді.

Қоқыстарды сұрыптау керектігі шведтерге кішкентай күнінен бастап үйретіледі. Білім ошақтарында ол туралы арнайы пән де бар. Қоқыстарды сұрыптау мәдениеті Швецияда осылай қалыптасады…

ШВЕДТЕР ҚОҚЫСТАН ПАЙДА КӨРЕДІ

Жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейін әрқашан қала маңындағы қоқыс үйінділерінен анықтауға болады. Экономикалық өсу теориясы бойынша, адам көбірек табыс табуға ұмтылады. Табысының өсуімен азық-түлік пен тұрмыстық заттарды көбірек тұтынады. Тұрмысы түзелгеннен кейін тұтынушы қымбатырақ тауарлар сатып ала бастайды. Көп қоқыс шығаратын елдер – Монако мен Сингапур. Бұл елдердің әрбір тұрғыны тәулігіне 3 келіден артық қоқыс шығарады. Бұл – экономикалық дамудың көрсеткіші. Мәселен, Монако мен Сингапур – әлемдегі бай елдердің бірі. Дамыған, бірақ көлемі шағын Данияның бір тұрғыны 2 келі, 334 млн халқы бар АҚШ сияқты ірі елдің әр тұрғыны 2 келі қоқыс тастайды. Егер осы көлемді тұрғындар санына көбейтсек, әрбір ел үшін үйінді зор болып шығады. Айталық, жыл сайын АҚШ – 230 млн, Ресей – 65 млн, Жапония – 50 млн тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарады. Демек, ХХІ ғасырда қоқыс әлемдік мәселеге айналды.

Әр ел бұл мәселені өзінше шешуде. Дамыған елдерде қоқыс мәселесі жүйелі жолға қойылған. Мәселен, Еуростаттың деректеріне сүйенсек, Швеция қоқыстардың 34%-ын қайта өңдейді, 50%-ын өртеп, одан электр энергиясын алады, 15%-нан тыңайтқыш жасап шығарады. Сөйтіп, қалған 1%-ы ғана қоқыс полигондарына тасталады. Бір ғана Стокгольм қаласы энергияның 45%-ын осы жағылған қоқыстардан алады. Ал, ел астанасында 2 млн тұрғын барын ұмытпау керек. «Бір оқпен екі қоянды ату» деген осы ғой. Біріншіден, экологияны ластайтын қоқыстан құтылады. Екіншіден, оны өз қажетіне жаратады.

Әрине, бұл жетістікке шведтер бір күнде жеткен жоқ. Қоқыстарды сұрыптау шаруасы осыдан жиырма жыл бұрын басталған. Билік алдымен қоқыстарды сұрыптау мәдениетін қалыптастырды. Сынған әйнектер мен ескі тұрмыстық заттарды қайта өңдеуге өткізіп, табиғатқа қамқорлық танытатынын шведтердің санасына құйды.

Мойындайық. Үйінде қоқыстарды сұрыптап жатқан қазақ жоқ. Ал, қазақтың үйінде швед қонақта болса, қоқыс тастайтын бір ғана жәшікті көріп шошыр еді. Өйткені, әр шведтің үйінде кемінде қоқысқа арналған алты жәшіктен бар. Заң бойынша олар қоқысты сұрыптауға міндетті. Олай істемегендер коммуналдық қызметтің ең жоғары ақысын төлейді. Себебі, сұрыпталмаған қоқысты арнайы қызмет алдымен сұрыптау бөліміне апарып, олар сұрыпталуы керек. Яғни, сұрыптауға ерінген шведтер қосымша ақы төлейді.

Қоқысты дұрыс сұрыптамағандар айыппұл арқалайды, ал дұрыс сұрыпталған қоқыс үшін сыйақы беріледі. Мысалы, супермаркеттер, дәріханалар мен жанармай құю бекеттерінде шыны ыдыс, пластик бөтелкелер, шамдар мен ұсақ электрониканы қабылдауға арналған құрылғылар орнатылған. Шведтер сұрыпталған қоқысты сол қабылдау құрылғыларына тастаулары керек. Содан кейін олар батырманы басу арқылы аз мөлшерде ақша алады немесе оны қайырымдылыққа жұмсайды. Швециядағы бөтелкелердің 90%-ы дәл осылай жиналады.

Шведтерге үлкен заттарды – жиһаз немесе құрылыс материалдарын тастауға ыңғайлы болу үшін билік қабылдау бөлімдерін жабдықтады. Бір станция шамамен 10-15 мың тұрғынды қамти алады. Бұл қоқыс компоненттерге бөлінеді. Содан кейін оларды тауар өндірушілер сатып алады. Сөйтіп, өндірісте пайдалануға болатын дайын шикізат алынады. Ал, қолдануға келмейтін заттардан бояулар, қышқылдар және басқа қауіпті заттар бөлініп алынып, олар тұрмыстық химиялық заттарды өңдейтін арнайы зауытқа жіберіледі.

Жергілікті тұрғындар мерзімі өткен дәрі-дәрмектерді, қолданылған шприцтерді кез келген дәріханаға өткізіп, орнына үйде оны сақтауға арналған жәшіктер алады.

Тіпті, Швецияда тұтас ғимараттар да қайта өңделеді. Бөлшектеу кезінде ауыр техника қабырғалардың бөліктерін «тістеп» алып, оларды арнайы станцияға жеткізеді. Ол жақта өңдеуден кейін бұрынғы үйдің қабырғалары жаңа құрылыс материалдарына айналады.

Айта кетейік, шведтер жасыл жәшікке – тамақ қалдықтарын, көк жәшікке – газет-журнал мен қағаздарды, сары жәшікке – қағаздан жасалған бұйымдарды, қызғылт сары жәшікке – пластмассадан жасалған заттарды, сұр жәшікке – темірден жасалған заттарды, ақ жәшікке – жағуға болатын қоқыстарды тастайды. Олар жарамсыз әйнектер мен тұрмыстық тауарларды да өткізеді. Оны арнайы құрылған мекеменің қызметкерлері алып кетеді.

Швецияда қоқыстарды шығару қызметі біздегідей ақылы. Бұл қызмет үшін әр отбасы айына 166 крона төлейді. Біздің курспен 7 415 теңге. Ал, Швецияда орташа айлық – 1,8 млн теңге.

Скандинавиялық елде үлкен қоқыс контейнерлеріне ұқсайтын арнайы қоқыс жинайтын орындар да бар. Шын мәнінде, бұл 1961 жылы іске қосылған жерасты құбыры. Жер үстінде қоқыс саңылауы бар жәшіктің жоғарғы жағы көрінеді. Оның негізгі сақтау бөлігі жер астында орналасқан. Мұндай жүйе жағымсыз иісті болдырмайды. Мысалы, адам қоқысты саңылаудан тастайды. Күніне бірнеше рет күшті ауа ағынының көмегімен жиналған сол қоқыстар үлкен диаметрлі кәріз туннеліне сорылады. Ол арқылы қоқыстар орталық қабылдау станциясына түседі. Мұнда қоқыс контейнерлерге басылып, өңдеу станциясына немесе жағу зауытына жіберіледі.

Елдегі ең ірі 32 қоқыс өртеу зауыты жыл сайын энергия көзін алу үшін 2 млн тоннадан астам қоқысты өртейді. Бірақ, жергілікті қоқыстар жеткіліксіз болғандықтан олар 1,3-1,5 млн-ға жуық қатты тұрмыстық қалдықтарды басқа елдерден сатып алады. Бұл елге қоқыстарды негізінен Норвегия, Ирландия және Ұлыбритания экспорттайды.

Демек, Швецияда қоқысты сұрыптау жұмысы жүйелі жолға қойылған. Және қоқысты сұрыптаған шведтерді мемлекет түрлі жолмен ынталандырады. Өкінішке қарай, кейде біз қоқыс тастайтын қарапайым жәшіктің өзін де таппай дал боламыз. Біздегі ащы ақиқат осы. Дегенмен, Швеция тәжірибесіне үңілмеске тағы болмайды.

Швецияда ірі 32 қоқыс өртеу зауыты жыл сайын энергия көзін алу үшін 2 млн тоннадан астам қоқысты өртейді

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақстанға өзінің территориясын кеңейту үшін жоғарыда сөз болған Жапония мен Сингапурдағыдай жасанды аралдар жасаудың қажеті жоқ. Біздің елімізде жер көп, ал бұл босаңсытады екен. Бөтелкелер мен пакеттер «дала ландшафтысының» элементтеріне айналғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені, біз өзіміздің басты байлығымызға тұтынушылық тұрғыдан ғана қараймыз. Нәтижесінде, қазір елімізде жүздеген ашық аспан астындағы полигон бар. Оларға заңды және заңсыз миллиондаған тонна өндіріс пен тұтыну қалдықтары жиналған. Осындай зор көлемдегі қоқыстарды өңдейтін зауыттар болғанымен, сұрыптау мәселесінің шешілмеуінен оларда шикізат жетіспейді. Соның салдарынан қайта өңдеуге тұрмыстық қатты қалдықтардың 20%-ы ғана кетеді. Қалғандары ауаны ластап, айналамызда бықсып жатыр…

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here