Өмір мен өлім арасындағы арпалысқа толы 72 күн

0
3527

50 жыл бұрын Анд тауының (Латын Америка) көгінде әуе апаты орын алды. Ұшақ аты жоқ шыңға соғылып, апатқа ұшырады. Бүкіл әлем бұл оқиғаны барлық жолаушылардың өмірін жалмаған жантүршіктірерлік апат деп санады. Алайда, кейіннен жолаушылардың көпшілігі аман қалғаны белгілі болды. Олар үшін тірі қалу тым қымбатқа түсті. Қорқынышпен бетпе-бет келіп, аштық пен суықтың азабына төтеп беруге тура келді. Тіпті, өмір үшін өздерінің моральдық ұстанымдарына да қарсы шықты. Соған қарамастан ажалмен болған шайқаста барлығы бірдей жеңіске жеткен жоқ. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін №571 рейстің тірі қалған экипажы мен жолаушыларының естеліктеріне тоқталады.

СОҢҒЫ САПАР

Fairchild FH-227D ұшағын Old Christians әуесқой регби құрамасы жалға алды. Спортшылар Сантьягоға (Чили) қарай бет алды. Онда ағылшындық Old Boys клубына қарсы матч өткізу керек болатын. Бортта команданың 19 ойыншысы және олардың отбасы мүшелері мен достары, жанкүйерлерін қосқанда барлығы 40 адам болды. Олардың ұшуын экипаждың бес мүшесі қамтамасыз етті. Әуе сапарының жолы Анд таулары арқылы өтетін еді.

Ұшақ Уругвай астанасы Монтевидеодан 1972 жылы 12 қазанда ұшып кетті. Бірақ, сапар барысы ойдағыдай бола қоймады. Жота үстінде дауыл болғандықтан, экипаж мүшелері ұшақты шұғыл Аргентинаның Мендоса қаласының әуежайына қондыруға мәжбүр болды. Дауыл басыла қоймаған соң олар сонда түнеді.

Ұшуға келесі күні сағат 14:18-де ғана рұқсат етілді. Ауа райы әлі де қолайсыз болғандықтан, Анд тауын айналып ұшуы тиіс еді. Себебі, таудың үстімен тікелей ұшу өте қауіпті. Ұшқыш радио арқылы Маларгуэ әуежайының диспетчерлеріне сағат 15:21-ге дейін Планчон асуына жететінін мәлімдеді. Бұл арқылы Курико қаласына жетіп, ары қарай Сантьяго бағытына төмен құлдилап ұшуды бастауға болады.

Есептеулердегі қателіктерге байланысты экипаж төмен ұшуға сұранысты уақытынан бұрын жіберді. Ұшқыштың қатты желді есепке алмағаны және бұл ұшақтың ұшуын баяулатқаны кейіннен белгілі болды. Осының нәтижесінде ұшақ циклонға тап болып, ұшқыш ештеңе көре алмаса да, ұшақты басқаруға мәжбүр болған. Мұндай жағдайда ұшақтың жартасқа соғылатыны сөзсіз еді.

Әуе кемесі көп ұзамай жартасқа соғылып, бірден қанаты мен артқы бөлігінен айырылды. Ұшақ корпусының қалған бөлігі 725 метр биіктіктен мұздыққа құлады. Апат салдарынан оннан астам жолаушы қаза тапты. Ұшақ жартасқа соғылған сәтте салоннан бірнеше адам құлады. Тағы бесеуі ұшақ жерге құлағанда шығып кетті. Келесі таңға дейін 27 адам тірі болды. Бірақ, бірнеше жолаушы мен бір экипаж мүшесі жарақат салдарынан ажал құшты. Сөйтіп, 24 адам аман қалды.

ТІРІ Я ӨЛІ БОЛУ МӘСЕЛЕСІ

Апаттан аман қалғандардың бірі Нандо Паррадоның «Андтағы ғажайып» кітабындағы жазбаларға сәйкес, апаттан соң алғашқы сағаттарда  «ештеңе де болған жоқ – қорқу да, қайғыру да, уақыттың өткенін сезіну де, тіпті ой ағыны мен естеліктер де болмады. Тек көзге түртсе көргісіз қараңғылық пен мүлгіген тыныштық қана болды».

Тірі қалғандар апат болған жерден ұзамай құтқарушыларды күтуді таңдады. Олар апатқа ұшыраған ұшақтың күйреген бөлігіне тығылып, чемодандардан қабырға қалады. Құтқарушылардың кәсібилігіне үміт артып, өздерін тауып алатындарына шүбәсіз сенді. Көп ұзамай жолаушылар жақсы жаңалықтан құлағдар болды. Апат орнынан табылған радиоқабылдағыштан жоғалған ұшақты іздестіру шаралары басталғанын, іздеу шаралары Уругвай, Аргентина және Чили елдері өкілдерінің қатысуымен жүріп жатқанын естіп, төбелері көкке екі елі жеткендей болды.

Жолаушылар тез табылатындарына сенімді еді. Алайда, бұл мүмкін емес болатын. Себебі, ұшқыш төмен қарай ұша бастағанда диспетчерге бұрыс ақпарат бергендіктен, ұшақтың нақты қай бағытта ұшқаны беймәлім еді. Құлаған ақ түсті ұшақ айналадағы қар және мұзбен бірігіп кеткендіктен, оны әуеден байқау мүмкін болмады.

Отызға жуық адам қар құрсауында, ажал шеңгелінде ас-сусыз, жылы киімсіз қалды. Апат орны биіктікте болғандықтан, мұндағы оттегі деңгейі де әдеттегіден төмен болды. Тыныс алудың өзі машақатқа айналды.  

Регби командасының дәрігері апат кезінде қайтыс болғандықтан, оның міндеті медициналық колледждің бірінші курсында оқыған екі регби ойыншысына жүктелді. Олар тез арада жедел жәрдем бөлімшесін ұйымдастырып, жолдастарына медициналық көмек көрсетуге тырысты.

Ажал тырнағына ілінгендер су мәселесін оңай шеше алды. Күн сәулесі түскенде еріп кету үшін мұздықтың үстіндегі қарға бірнеше металл табақшаларын бағыттап отырды. Ең басты мәселе тамақ болды. Ұшақтағы өнімдерді қатты үнемдеген күннің өзінде небәрі бірнеше күнге ғана жететін еді. Ал, аман қалғандарға қайта қалпына келу үшін және суықта үсіп қалмау үшін энергия қажет болды.

Азық-түлік қоры таусылып, аштық жолаушылардың өзегіне түсе бастағанда олар жағымсыз жаңалықты естіді. Радиоқабылдағыштан іздестіру жұмыстарының тоқтатылғаны, жолаушылардың барлығы өлдіге саналғаны хабарланды. Суық хабар тірі қалғандарға үлкен соққы болды. «Қар құрсауынан құтылып, жақындарымызбен кездесеміз» деген үміттері үзілді.

Нандо Паррадоның «Андтағы ғажайып» кітабынан үзінді:  «Шындығында, құтқарылудан дәмелену – ақылсыздықтың бір түрі еді. Мен ол жерден шығудың екіталай екенін білдім. Бірақ, ішкі дауысым маған басқа таңдау қалдырмады. Мұнда тек аман қалудың бір ғана нұсқасы болды. Ол – тауларға қарсы шығу. Мен бұрынғыдан да бетер жабырқап бір шешімге келдім. Бұл жерден кету үшін күресті ешқашан тоқтатпайтыным туралы қарапайым шындықты шын жүректен қабылдадым. Өршелену менің түбіме жететініне сенімді болдым. Қорқынышты дауыс назарымды аударды. Бұл қасымда тұрған Коко Николич еді. Ол: «Нандо, өтінемін, мұны өтірік деші!» – деп күбірледі. Мен: «Шынымен біттік!» – дедім іштей. Николич болса: «Олар бізді осында өлуге қалдырады!» – деді ашуланып…»

Тірі қалғандар алғашқы экспедицияны жабдықтады: үш ер адам ұшақ соғылған жерге жетіп, ұшақтың құйрық бөлігінен азық-түлік пен киім-кешектер салынған багажды тапты. Олар Чилиге баруды жоспарлағанымен, үскірік аяз кері қайтуға мәжбүр етті. Фюзеляжға аккумуляторларды әкелу идеясы да сәтсіз аяқталды. Себебі, олар тасымалдауға өте ауыр болды. Алайда, осы сапардан соң, сапарға шығуға нақты не қажет екені белгілі болды.

ҚОРҚЫНЫШТЫ ШЕШІМ

Тірі қалғандар аман қалу үшін өлген жақындарының мәйіттерін жеуге мәжбүр болды. Ұшақтағылардың бәрі христиан дінін ұстанатындықтан, бұл нұсқаны жиіркенішті деп тапты.  Бірақ, бұлай істемесе аштықтан аман қалу неғайбыл еді. Нәтижесінде, жолаушылардың бірі қалғандарын құтқару үшін өзі өлген жағдайда денесін жеуге рұқсат берді.

«Адам етін жеу оңай емес. Ол үшін ақылың денеңді мәжбүрлеу қажет. Мен ауызымды аша алмадым. Бірақ, әрең дегенде жұтуға мәжбүр болдым», – деп еске алады Хосе Луис Инсиарте.

«Өлгендерді жеу туралы шешім біздің өзгеруіміздің соңғы қадамы болды. Кінәсіздікпен соңғы рет қоштасу. Біз қорқынышымызды жеңдік. Мен ақуыздың тірі қалуға көмектесетінін білдім. Сондай-ақ, егер біз мәйіттерді жеуді сәл кешірек бастасақ, қатты әлсіреп, аштықтың салдарынан айыға алмай қалатынымызды түсіндім. Біз мәңгіге күте алмадық. Өйтпегенде ағзадағы өзгерістер қайтымсыз болады», – депті Роберто Канесса «Мен аман қалуым керек» кітабындағы естелігінде.

Тірі қалғандар көмек күтуден қайран жоқтығын, өз-өздерін құтқаруға тура келетінін түсінді. Бірақ, апаттан 16 күн өткен соң тірі қалғандар тағы бір қиындыққа тап болды. Олар фюзеляждарда ұйықтап жатқандарында тауда қар көшкіні жүріп, ұшақ бөлігін басып қалды. Қарлы абақтыда көшкіннен қаза тапқандар мен тірі қалғандар қамалып қалды. Оларға фюзеляждан шығу үшін ұшқыш кабинасының төбесін тесіп, оның әйнегін аяқпен тебуге тура келді.

«Андтағы ғажайып» кітабындағы Нандо Паррадоның естелігінен үзінді: «Көшкіннен кейін фюзеляждың ішін қара түнек басты. Біз де жабырқаулы едік. Хавьер опат болған Лилианы жоқтап қатты жылады. Өзгелері де кем дегенде бір жақын досынан айырылды. Робертоның ең жақын досы Даниель Маспонс қайтыс болды. Карлитос Коко Николич пен Диего Стормнан айырылды. Біз бәріміз Марсело мен Энрико Платероны жоқтап жыладық. Достарымыздың қазасынан кейін өзімізді бұрынғыдан бетер дәрменсіз, әлсіз сезіндік. Тау бізге тағы бір мәрте өзінің күшін көрсетті. Ал, біз оған жауап ретінде ештеңе де істей алмадық…»

 Бұл оқиға тірі қалғандардың көңіл-күйі мен денсаулығына қатты нұқсан келтірді. Алайда, Инсиартенің айтуынша, олар бір-біріне өте қамқор болған. Оның аяғы қабынып, қатты ауырсынудан зардап шеккен. Соның салдарынан бірнеше аптаның ішінде 45 келі салмақ жоғалтқан. Бірақ, достары оның әрқашан қасынан табылып, жеткілікті су ішкізіп, тамақтандыруды да ұмытпаған.

Қар көшкінінің астында қалған фюзеляждың іші жылынып, уақытша болса да жолаушылардың «баспанасын» желдің өтінен қорғады. Ал, көшкіннен қайтыс болған адамдардың мәйіттері бір айдан астам уақытқа азыққа айналды. Аман қалғандар жаңа экспедицияға қамдана бастады. Қараша айында экспедицияға шығатын үш адам сапарға шықпас алдында  күш жинау үшін көбірек тамақтана бастады. Алғашқы сәтсіз аяқталған сапардың арқасында олар ұйықтайтын қаптың қажет екендігін түсінді. Оны киім қалдықтарынан жасап алды.

 ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ

12 желтоқсанда Нандо Паррадо, Антонио Визинтин және Роберто Канессалар Fairchild FH-227D ұшағының тірі қалған жолаушыларын құтқару үшін Чилиге бет алды. Екі күннен соң Антонио Визинтин кері қайтуға мәжбүр болды. Бірақ, Паррадо мен Канесса аурулар мен қиындықтарға қарамастан, елді мекендердің маңына жетті. Сапардың тоғызыншы күні олар өзеннің арғы бетіндегі бақташы Сержио Каталанды кездестірді. Алайда, сарқырап аққан өзен шуы көмек сұраушылар мен бақташының дауыстарын бір-біріне естіртпеді. Осы кезде бақташы тапқырлық танытып, қағаз бен қаламды тасқа байлап, өзеннің арғы бетіндегі Нандо мен Робертоға лақтырып жібереді. Емеурінді дереу түсінген екеуі өздерінің хикаяларын қысқаша баяндап, аман қалған жолаушылардың бар екенін айтып, көмек сұрап қағазды тасқа орап, бақташыға қайта лақтырады. Сержио өзіндегі бар азын аулақ азық-түлікті тасқа байлап, арғы беттегілерге жеткізеді. Сөйтіп, дереу атқа қонып, хабарды билік өкілдеріне жеткізу үшін құйындата шауып кетеді.

Лагерьде қалып, аяғы қабынып, құр сүлдері қалған Хосе Луис Инсиарте жақын арада көмек келетінінен бейхабар еді. Кейінірек ол сол кезде егер олар католиктік Рождество мерекесіне дейін оралмаса, суицид жасамақ болғанын айтады. Құтқарушылар 22 желтоқсанда келді.

Тірі қалғандарды эвакуациялау екі күнге созылды. Ауа райының қолайсыздығынан барлығын бір сәтте алып кету мүмкін болмады. Құтқарылғандардың барлығына  дұрыс тамақтанбаудан, сусыздықтан, үсік шалудан, биіктіктен пайда болған ауруларға қарсы медициналық көмек көрсетілді.

Қоғамның апаттан аман қалғандарға деген көзқарасы екіұшты болды. Эвакуациялаудан бірнеше күн өткен соң, жергілікті газеттер тірі қалғандардың қар құрсауында не жеп күнелткені туралы және өздерінің ар-ожданымен қалай мәміле жасағаны туралы жаза бастады. Кейіннен ұшақ құлаған жерге крест орнатылып, қаза болғандардың мәйіттері жерленді.

Аман қалғандар ауруларынан айыққан соң, баспасөз мәслихатын өткізіп, бастан кешкен хикаяларын егжей-тегжейлі баяндап берді. Кейінірек оқиға кейіпкерлері бірнеше кітап жазды. Өмір үшін арпалысқан олар жайында бірнеше фильм де түсірілді. Олардың барлығы қиындыққа тап болған отандастарына қолдау көрсетіп, қоғамдық жұмыстармен айналысады. Осылайша, апаттан аман қалған жолаушылар 2010 жылы апат кезінде жер астында қамалып қалған Чили кеншілеріне қолдау көрсетті. Сондай-ақ, бір жыл бұрын аман қалған 16 жолаушының барлығы донорлық бағдарламаны қолдауға шешім қабылдағаны белгілі болды. Тірі қалғандардың айтуынша, олар өздері «өмір туралы келісімге» қол қойғаннан кейін, Уругвай азаматтары мемлекеттің қайырымдылық бағдарламасына жұмыла атсалысуы керек.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген. Тарихта ғажайыптың күшімен ажал тырнағынан сытылып шыққан жандардың оқиғасы жетерлік. Алайда, әркімнің бастан кешкен қиындығы әр түрлі. Бұл оқиға адам үшін өмірдің қаншалықты құнды екенін тағы бір мәрте дәлелдегендей. От пен оқтың ортасында жүріп, өлім мен өмірдің парқын түсінген Бауыржан Момышұлы: «Өмір үшін өлгенше күрес», – деп бекер айтпаса керек.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here