Рас, «Ant Group» компаниясының биржадағы алғашқы қадамдары тарихта қалуға және компанияның негізін қалаушы, Қытайдағы ең бай адам саналатын Джек Маға ондаған миллиард долларға дейін табыс әкелуге тиіс еді. Алайда, Қытай билігі тарапынан орын алған әрекет компанияның күтілген жоспарын 180 градусқа бұрып әкетті. IPO-ға (Initial Public Offering – қандай да бір компанияның акцияларды сату үшін бастапқы жария ұсынуы) бірнеше күн қалғанда атақты кәсіпкер Бейжіңге сұхбатқа шақыртылды. Бұл жай сұхбат емес еді… Нәтижесінде аталған компанияның үштен біріне иелік ететін «Alibaba» қарашаның басында өз акцияларының 11%-дан астамын жоғалтты. Бұл көрсеткіш қазір 20%-ға жетіп отыр. Аталған компания құлдырау кезеңін бастан өткеруде. Джек Маның табысы шамамен 3,2 млрд долларға кемігенін жазады шетелдік ақпарат көздері. Болған жайды «ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен атақты кәсіпкер арасындағы қақтығыс нәтижесі» деп баяндайды бұқаралық ақпарат құралдары.
ДЖЕК МА ИМПЕРИЯСЫ
1964 жылы 10 қыркүйекте Ханчжоу қаласындағы кедей музыканттар отбасында Юнь Маның екінші ұлы дүниеге келді. Отбасындағы киын тұрмысқа байланысты ата-анасы оны жоғары оқу орнында оқыта алмады. Дегенмен, қатарластарынан ерекшеленген 12 жастағы бала ағылшын тілін үйреніп, кейін 9 жыл бойы Еуропа мен АҚШ-тан келген туристерге қала бойынша экскурсия жүргізіп жүрді. Қала қонақтарының бірі оны әзілдеп «Джек» деп атайтын, кейін бұл есім болашақ миллиардердің іскер ортадағы бүркеншік атына айналды.
Бұл атақты қытайлық «Alibaba» компаниясын құрған миллиардер Джек Ма еді. Бүкіл әлем бойынша қытайлық өндірушілер мен сатып алушыларды байланыстыра алатын «электронды базар» жобасы Қытайда ең алғаш 1999 жылы құрылды. Кейін осы бағыттағы Taobao.com, AliExpress.com және Alipay-ды құрып, 2012 жылы барлығын «Alibaba Group» компаниясына біріктірді.
«Ant Group» компаниясы қазіргі атауымен 2020 жылдың жазынан бастап қана белгілі. Дегенмен, бұл кәсіпкерліктің тарихы тереңде. «Ant Group» 1999 жылы Джек Ма мен оның 17 серіктесі бірлесе отырып құрған «Alibaba Group» электрондық коммерциясының негізгі активтерінің бірі. «Ant Group» 2004 жылы құрылған Alipay төлем жүйесінен бөлініп шыққан. «Alipay Alibaba Group»-тың бүкіл экожүйесі үшін орталыққа айналған. Яғни, Alibaba және Taobao интернет-дүкендеріне төлем жасауда осы жүйе қолданылады. 2011 жылы «Alipay Alibaba Group»-тан бөлініп шыққан. Ол ендігі жерде «Zhejiang Alibaba» электронды коммерциялық компаниясына тиесілі болды. Компанияның 80%-ын Джек Ма басқарса, қалған 20%-ы «Alibaba» құрылтайшысы Саймон Се билігінде болды. Арада үш жыл уақыт өткен соң компания өз атауын «Ant Financial Services Group» деп өзгертті. Бұл атау 2020 жылы «Ant Group» деп қысқартылды. Жаңа атты иеленген компания жаңаша жұмыс жүргізуге кірісті. Нәтижесінде Alipay Wallet, Yu’e Bao, Zhao Cai Bao, Ant Credit және MYbank онлайн-банк жүйесі қолданысқа енгізілді.
ДАУДЫҢ БАСЫ
Атқарылған істің ауқымдылығы компанияның құнын көтере түсті. «Ant Group»-ты биржаға шығару туралы Ма 2016 жылы жоспарлаған болатын. Ол кезде компанияның бас директоры Эрик Цзин болды. Бұрын осы қызметті атқарған Люси Пенг компанияның атқарушы төрағасы ретінде тағайындалды. Цзиннің басты міндеті компанияны IPO-ға дайындау болды. Ол өз қызметін жоғары дәрежеде орындады. Егер 2017 жылы компания 75 млрд долларға бағаланса, 2020 жылы бұл көрсеткіш едәуір жоғарылады. Жаздың басында 200 млрд долларға бағаланған «Ant Group» капиталы тамыз айларында бар-жоғы 225 млрд-қа дейін көтеріле алды. Ал, қазан айына қарай Джек Ма бұл көрсеткішті 280 млрд долларға дейін ұлғайтты. Компанияның акцияларды сату үшін жасап жатқан әрекетінің өзі біраз әбігерге салды. «Ant Group»-ты орналастыру 5 қарашаға жоспарланған еді.
Қытай билігі үшін компанияның Нью-Йорк немесе Лондонда емес, Қытайдың қор биржаларында IPO жүргізбек болғандығы ерекше рөл атқарды. «Ant Group»-тың әдеттегі банктер сияқты қатаң ережелер мен талаптар қоймайтын технологиялық платформасы – компания артықшылықтарының бірі болды. Қытай Халық банкі бес жыл бұрын «Ant Group»-ты өзіне қосып алмақшы болған. Бірақ, Джек Маның жан-жақпен байланысы бұл ойды жүзеге асыра қоймады. «Сол кезде Ма жоғарғы жаққа қарсылық танытпаса, бұл күнгі «шабуылдар» орын алмаған болар ма еді» деп жазады шетелдік порталдар.
24 қазанда Шанхайда үлкен конференция өтті. Қытайлық бизнес өкілдерінің қаймақтары қатысқан отырыста сөз алған Джек Ма мүмкіндікті пайдаланып, қаржылық реттеушілерге ашық шабуыл жасады.
«Базель келісімдері қарттар клубына ұқсайды… Біз болашаққа қадам басу үшін кешегі жолмен жүре алмаймыз», – деді Ма банк секторын реттейтін келісімдерді нұсқап.
Маның негізгі идеясы – экономиканың түрлі салаларына ақша жеткізу үшін банктердің орнын «көлдер, тоғандар мен ағындар» жүйесі басуға тиіс екендігін меңзейді. Сондай-ақ, банктердің несие беру кезінде Базель келісімінде көрсетілгендей, кепілдік талап етуі де – ескіліктің көлеңкесі. Маның сөзінше, бұның орнына банктер деректерге негізделген несиелік рейтингтер қолдануы керек. Қытайдағы ең бай адамдар санатындағы Джек Ма елдегі қаржы жүйесі үшін ескі ережелерден бас тартып, ерекше жолға түсетін кез келгенін баса айтты.
Өкінішке қарай, ащы шындық билік басындағы Қытай коммунистік партиясына еш ұнамайтыны айтпаса да түсінікті.
ҚЫТАЙ БИЛІГІНІҢ ҚАҺАРЫ
Отырыс барысында Маның жариялаған жалынды ұстанымы жоғары лауазымды шенеуніктердің көңілінен шыға қоймады. Тіпті, Маның өткір ұсынысы олардың ашуына тиіп, ендігі жерде кәсіпкерге қарсы қысым жасаудың барлық тетіктері қолданыла бастады. Қытайдың қаржы орталықтары жедел түрде «Alibaba Group» пен «Ant Group» қызметіне қатысты бірнеше есеп дайындады. Жасалған есеп Ма империясының өсіп келе жатқандығын көрсетіп берді. Дайын құжаттар ең соңында ҚХР басшысы Си Цзиньпиннің қолына жетті. «Өз кезегінде мемлекет басшысы атақты миллиардерді тізгіндеуге бұйрық берді» деп жазады «Financial Times» газеті. IPO кейінге қалдырылып, Ма әңгімелесуге шақырылғанымен қатар, микрокредиттер беру ережелерін қатаңдату шаралары енгізілді. Жаңа заңнамаға сәйкес, қызметтер кешені несиелердің кем дегенде 30%-ын өз қаражаттары есебінен беруі керек.
Мамен бірге компанияның бас директоры және директорлар кеңесінің төрағасы қатысқан отырыс барысында билік ендігі жерде компанияның қызметін мұқият қадағалап отыратындығын жеткізді. Нәтижесінде Ма қатаң ережелерге бағынуға әрі өз байлығының бір бөлігінен айырылуға мәжбүр болды.
IPO-ны кейінге қалдыру туралы шешім шығарылғаннан кейін аталған компанияның акциялары 7,5%-ға төмендеді, үш аптадан соң құлдырау 20%-ға жетті. Әлемдегі ең бай адамдар туралы ақпараттарды дер кезінде жариялап отыратын «Forbes» журналының жазуынша, кәсіпкердің өзі бұл кезеңде 2,6 млрд доллар қаржысын құрбан еткен.
Мемлекет тарапынан қабылданған шаралар компанияның кіріс көзін де төмендетті. IPO кезінде компания 225 млрд доллар қаржы табуды көздеген еді. Қазіргі жағдайға сәйкес, сарапшылардың есебі бойынша, «Ant Group» «армандаған» сомасының жартысын ғана, яғни 140 млрд долларды жинауға мүмкіндігі бар.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Басшылық пен атақты компания арасындағы «қарусыз қақтығыстың» астарынан Си Цзиньпиннің Джек Маға деген ашу-ызасынан бөтен қытайлық реттеушілердің елдегі ірі ІТ-компанияларды өз бақылауына алу ниеті қылаң береді. «Trivium China» консалтингтік компаниясының серіктесі Кендра Шефердің сөзінше, осы күнге дейін ҚХР-дегі технологиялық секторлар қатаң заңнамалық базаның қысымынсыз, еркін дамыды. Бірақ, бұл дәуір осымен аяқталатын сияқты.
Қабылданған шаралар «Alibaba Group»-қа ғана емес, елдегі басқа да ІТ-компанияларға кері әсерін тигізуде. 9-11 қараша аралығындағы екі күн ішінде Қытайдағы бес ірі технологиялық сектор компаниялары 280 млрд доллар шығынға ұшыраған.
«Мемлекет «шабуылды» әлі де үдетуі мүмкін. Себебі, Қытай компартиясының жетекшісіне әлемдегі ең бай адамдар қатарындағы кәсіпкердің тізімдегі орны маңызды емес» деп жазады дереккөздерге сілтеме жасаған ресейлік Lenta.ru порталы. Маңыздысы – байыған адамның әрекеті, ол мемлекеттік мүдделерді биік қояды ма, әлде өз мүдделерін бе, мәселе осында.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, саяси шолушы