Ауыр атлетиканың жағдайы ауыр: 2024 жылы зілтеміршілер Олимпиадамен қоштасуы мүмкін

0
4812

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОҚ) 2024 жылғы Париж Олимпиадасында ауыр атлетика бағдарламасын қысқарту туралы шешім шығарды. Дегенмен, бұл ауыр атлетикаға қатысты соңғы шешім болып саналмайды. Тіпті, Токиодан кейін ауыр атлеттер Олимпиадамен коштасуы да мүмкін. Өйткені, ХОК 2024 жылғы Париждегі ойындарда ауыр атлетика додасының өту-өтпеуін әлі нақтылаған жоқ.

Осындайда Бейімбет Майлиннің «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген әңгімесі еріксіз еске түседі. Ал, ауыр атлетикадағы даудың басы допингтен басталған болатын.

«Рио Олимпиадасында ауыр атлетикаға бөлінген квота саны 260 еді. Токио ойындарында 196-ға дейін азайды. Ал, Парижде зілтеміршілерге арналған квота 120 болады. Сондай-ақ, Париж Олимпиадасында ауыр атлетикадан жүлдегер жиынтығы азайтылады. Бұрынғыдай 14 емес, 10-ға төмендейді. Ерлер мен әйелдер арасында екі салмақ дәрежесі қысқартылады. Бірақ, ХОК Париждегі ойындарда ауыр атлетика додасының өту-өтпеуін әлі нақтылаған жоқ», – деп түсіндірді Халықаралық Олимпиада комитетінің спорттық директоры Кит Макконнелл.

Иә, ХОК ауыр атлетикаға қатысты соңғы шешімді әдейі созып отыр. Өйткені, соңғы 20 жылдықта Халықаралық ауыр атлетика федерациясында (IWF) жемқорлықтың тамыры тереңге жайылып кеткені Халықаралық Олимпиада комитетінің беделіне зор нұқсан келтірді. Содан ХОК 2024 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасынан ауыр атлетиканы алып тастайтынын бірнеше рет ашық айтты.

«Халықаралық ауыр атлетика федерациясы мен оның экс-басшысы Тамаш Аянға қатысты баяндама жаға ұстатты. Біз былыққа батқан ауыр атлетикадағы тазалық үшін барынша күресуіміз керек. Әрине, таза спортшыларға обал. Дегенмен, жаза жеңіл болмайды. Бұл спорт түрін Олимпиада ойындарының бағдарламасынан алып тастауымыз да мүмкін», – деп мәлімдеді ХОК басшысы Томас Бах.

ХОК басшысының айтуынша, Ричард Макларен бастаған тәуелсіз комиссияның  қорытындысынан кейін ауыр атлетиканың алдағы тағдыры белгілі болады.

Рас, зілтеміршілердің допинг-сынамалары оң нәтиже көрсетіп, Халықаралық ауыр атлетика федерациясындағы сыбайлас жемқорлық мәселелері өршіген соң ХОК осындай қадамға бармағанда қайтеді?!

Допинг дауынан кейін аталған федерацияны 20 жыл басқарған венгриялық Тамаш Аян қызметінен кетуге мәжбүр болды. Маклареннің сөзінше, 81 жастағы Тамаш Аян өзі басқаратын федерацияға тиесілі 10 млн долларды заңсыз қалтасына басқан. Кейбір мемлекеттердің федерацияларынан ақша алып тұрған. Сөйтіп, допинг-сынамалары оң нәтиже көрсеткен ауыр атлеттерге көз жұма қараған.

Бұл тұста қазақтың «Жыртық тесікке күледі» деген мәтеліндей болып жүрмесін. Неге десеңіз, допинг дауы сөз болғанда жерге қарап, тілімізді тістеп қалатынымыз рас. «Ауруын жасырған – ажалсыз өлетінін» ескерсек, ауыр атлеттері ең көп допинг қолданған әлемдегі елдердің бірі болғанымызды жасырмай айтуға тиіспіз.

Өткен үш Олимпиадада Қазақстан қоржынын медальмен толтырғандар негізінен осы зілтеміршілер болды. Мәселен, 2012 жылы Лондонда күміс, қола жүлделерді айтпағанда, төрт қазақстандық ауыр атлет Олимпиада чемпионы атанды. Дегенмен, допинг дауына байланысты Ильин де, Подобедова да, Чиншанло мен Манеза да алтын медальдарын Халықаралық олимпиада комитетіне қайтарып берді. Сөйтіп, соңғы үшеуінің 2012 жылғы Олимпиадада, алғашқысының қос бірдей Олимпиадада (2008, 2012) көрсеткен жетістіктері жоққа шығарылса, біздің ауыр атлеттердің Рио-де-Жанейрода (2016) жеңіп алған марапаттары әзірге өздерінде қалды. «Әзірге» сөзі бұл жағдайда артықтау болмас, себебі сол кезде алынған допинг-сынамалардың сақталу мерзімі тек 2026 жылы бітеді, ал оған дейін көп нәрсе өзгеруі мүмкін. Яғни, тыйым салынған заттарды анықтау әдісі ұдайы жетілдіріліп отырады.

Сонымен, соңғы Жазғы Олимпиадада қазақстандық ауыр атлеттер бір алтын, бір күміс және үш қола медальді жеңіп алды. Сәл кейінірек олардың қатарына тағы бір «қола» қосылды, ол жүлде «ізін суытпай» допинг қолданғандығы ашылып қалған румындық спортшыдан біздің Денис Улановқа өтті. Айтпақшы, ол кезде әлгі екеуі бірдей ұпай жинаған, ал румындық спортшы жеке салмағы төмен болғаны үшін ғана жоғары орынға көтерілген еді. Содан отандық ауыр атлеттердің қоржынына барлығы 6 медаль түсті.

Қазақстандық ауыр атлетиканың да қазіргі жағдайы расымен ауыр. Келесі жылға жоспарланып отырған Токио Олимпиадасында қазақстандық ауыр атлеттердің мүлдем медальсіз қалатын түрі бар. Біріншіден, біздің ұлттық құрама допингке қарсы ережелерді өрескел бұзушы ел ретінде екі олимпиадалық лицензияға ғана үміткер бола алады (бір ер және бір әйел), оның өзін жеңіп алу керек (әзірге бар үміт тәуір нәтиже көрсетіп жүрген Юрий Сонда). Екіншіден, былтыр Таиландта аяқталған әлем чемпионатының қорытындысы шындығында құрамада үлкен сенім артар Соннан басқа ешкімнің қалмағанын көрсетті.

 ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазір Халықаралық ауыр атлетика федерациясының тізгіні британдық Майк Иранидің қолында. Ол Тамаш Аян басқарған 20 жыл ішінде былыққа батқан федерацияға реформа жасап келеді. Реформа оң нәтиже көрсетсе, төрт жылдан кейін Париж төрінен ауыр атлеттерді көретін боламыз.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, спорт шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here