Тәуелсіздік  – қасиетті тұғырым

0
6373

Тәуелсіздік – аса қасиетті, киелі, қастерлі ұғым. Өйткені, тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Біздің ата-бабаларымыз да тәуелсіздікті, тәуелсіз ел болуды аңсап өтті. Тарихқа үңіліп қарасақ, қазақ халқы небір ауыр күндерді бастан өткізіп, тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемен ел атанды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тарихи маңызды әрі күрделі  оқиғаларға толы болды.

1990 жылы сәуірде республиканың Жоғарғы Кеңесінің  ұйғаруымен Қазақ КСР Президентінің қызметі тағайындалды. Жоғарғы Кеңестің сол мәжілісінде тұңғыш Президент болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды.

1990 жылғы 25 қазанда Жоғарғы Кеңес «Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» қабылдады. Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылдауының тарихи маңызы зор болды. Бұл республиканы толық тәуелсіздікке бастап апаратын басты қадам еді. 1991 жылы 10 желтоқсаннан бастап Қазақ КСР Қазақстан Республикасы болып атала бастады.

1991 жылдың соңына қарай Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауға болатын қолайлы жағдай қалыптасты. Дүниежүзіндегі және бұрынғы КСРО-дағы саяси ахуалдар Қазақстанның да тәуелсіздігін жариялауын тездетті. 1991 жылы желтоқсанның 16-сында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы қабылданды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды.

Тәуелсіз Қазақстан демократиялық даму жолын қалаған, зайырлы, әлеуметтік және құқықтық мемлекет болып құрылды. Бұрынғы КСРО-ның қарамағындағы өзге елдермен бірге Қазақстанның тәуелсіздік алуының халықаралық маңызы болды. 1991 жылы 21 желтоқсанда Алматыда өткен кеңесте Тәуелсіз Мемлекетттер Достастығы (ТМД) дүниеге келді. 1992 жылғы 2 наурызда Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданды. 1992 жылы 7 мамырда Республика Президентінің Жарлығымен Қорғаныс Комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды.  

Ұзақ уақыт талқылаулар мен таңдаулардан кейін 1992 жылдың маусымында Тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасы мен Туының жаңа үлгілері қабылданды. Осы жылдың желтоқсан айында Әнұранның жаңа мәтіні бекітілді.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 1993 жылы қаңтардың 28-і күні қабылданды. Кейіннен осы Конституцияда орын алған кемшіліктер түзетіліп, нақтыланды. 1995 жылғы 9 бөлімнен тұратын Конституцияның негізіне алдымен адам мен азаматтың құқықтары алынды.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғалы талай қиын кезеңдерді артқа тастап, биік белестерді бағындырды. Қиын сәттерде дұрыс шешім қабылдай білген тұңғыш Президентімізді, елімізді әлем танып, мойындады. Ерке Есіл бойында елдігімізді айшықтап тұрған әсем астанамыз бой көтерді. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы күннен күнге құлпырып, тұңғыш Президентіміздің қажырлы еңбегін паш етіп тұрғандай.

Тәңірдің үлкен сыйы болған тәуелсіздігіміз баянды, тұғырымыз орнықты, мәртебеміз биік болып, көк туымыз көгімізде мәңгі желбіресін!

Жанар СЕРІКҚЫЗЫ, №44 ЖББМ тарих пәнінің мұғалімі

Жамбыл облысы, Меркі ауданы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here