«Әркімнің шығар биігі бар». Бұл өмірлік философиядан түйінделген аталар сөзінде зор мағына жатыр. Менің апам Асанбек келіні Әтира Мырзабайқызы дала философиясынан сусындаған, ата-ана тәрбиесін бойына молынан сіңірген, қазақтың көргенді қызы болудан бастап, адал жар, инабатты келін, асыл ана, мейірімді әже биігіне жетті. Парасаттылығымен өз кезеңінің, өз дәуірінің академигі атана білді.
Апам 1926 барыс жылы Түлкібас ауданының Жамбасарық елді-мекенінде дүниеге келген. Жастайынан еңбектің жалын ұстап, ерте есейіп, сол кездегі халықтың барлығымен бірдей еңбекке етене араласып кетті. Өйткені, маңдайға жазғаны шығар, балалық шағы ауыр жылдарға тұспа-тұс келді. Өткен ғасырдың басындағы қазақ даласындағы төңкерістен кейін іле-шала аштық нәубеті басталып, арты қуғын-сүргінге ұласып, одан ес жия алмай жатқанда соғыс өрті лап етті. Нәтижесінде балалық шақтың рахатынан гөрі, ересек өмірдің ауыр жүгін арқалап кете барды.
Қазақ кемеңгерлігі салған соқпақ жол жасына да, үлкеніне де бұлжымас өмір заңы болған заманда 18 жасында ұзатылып, Асанбекұлы Әмірбек атаммен отау құрып, бір ұл мен бір қыздың ата-анасы атанды.
Бабалардан қанына сіңген қасиеті бар, ата-анасының өмірлік тәрбиесі бар, өзінің ішкі парасаты мен түйсігі бар апам отбасылық құндылықтарға, адами қарым-қатынасқа үлкен жауапкершілікпен қараған жан.
Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталатынын отау құрған сәттен бастап тереңінен түсінген апам отағасы Әмірбек атамның қас-қабағына қарап-ақ үйдің шаруасын дөңгелетіп ала жөнелетін. Менің бала кезімнен үйреншікті дәстүр – біздің үйден қонақ үзілмейтін. Ауылға, сол кездегі «Путь Ильича» (қазіргі Шақпақ баба ауылы) ұжымдық шаруашылығына келген қандай да бір қонақ атаммен еріп үйге келетін. Ол кезде үйде дайындық бар ма, апамның қонақ күте алатындай жағдайы бар ма, ол мәселелер талқыға түспейтін. Бірақ, келген қонақтар осы күнге дейін апам жасаған тамақ мәзірінің тіл үйірер дәмі мен оның жылы қабағын, жайдары мінезін айтып тамсанып отырады. Сол кездегі қазақ елінің басшылары Д.Қонаев, Ө.Жәнібеков, Ө.Байгелдиевтен бастап, халқымыздың аяулы азаматтары Қ.Қайсенов, Д.Нұрпейісова, Ф.Балғаева, Ш.Жиенқұловалардың апамның қолынан дәм татқаны біздің отбасымыз үшін ғана емес, бүкіл ауыл үшін мақтаныш болатын.
«Әйел – үйдің көркі, ер азамат – түздің көркі» деген түсінікті мүлтіксіз қабылдаған апам Әмірбек атамның елдің шаруасымен алаңсыз айналысуына бар мүмкіндікті жасап, үйдің шегесін қағудан бастап, мал-қораны жайғастыруға дейінгі шаруаларды өз мойнына алатын. Сол пейілінің арқасында Әмірбек атамның ел ағасы болуына, халықтың адамы болуына өлшеусіз үлес қосты.
Ауылдас-көршімен тату тұрып, бір үйдің адамындай бола білудің үлгісін апам көрсете білді. Түскі ас пен кешкі шәйді бір үйде іше салу, шаруамен бір жаққа шығып бара жатқанда үйдің кілтімен бірге, қорадағы малды еш алаңсыз табыстай салу қалыптасқан әдет болатын. Бала болсам да, сол кезде менің есімде қалған жайт, біз үйде жоқта алыстан келген қонақтарымызға қорамыздағы қойды сойып, ет асып жатқан көрші тұратын Саттар көкеміз бен Қалима жеңгеміздің қылықтарына орынды іс жасапсыңдар деп ризашылық білдірген болатын. Кеңшілік, дархандық, мырзалық сияқты қасиеттер апам мен атамның бойына туыла біткендей болады да тұрады.
«Абысын тату болса – ас көп» деген ұғымның астарында ағайын арасындағы татулықты, ауызбіршілікті сақтау тұрғанын апам жете түсініп, өзі келін боп түскен әулетке жақындығы бар барша туған-туыстардың арасындағы жылылықтың сақталуына, қарым-қатынастың үзілмеуіне барын сала білді. Қазір ойлап отырсам, менің нағашыларым да, түп нағашыларым да, жиен туыстарым да, бөлелерім де, арғы аталарымның бала-шағасы да, олардың немере-шөберелерінің бәрі де таныс, неге – себебі оларды апам мен атам көрсетті, таныстырды, жақындатты. Енді сол кісілер салған жолды жалғастыра аламын ба, сол биіктен көріне аламын ба – ол маған үлкен сын деп түсінемін.
Апам өмірдің ыстық-суығын, таршылығы мен кеңдігін бірдей көріп, сол өмірінен азық жинаған адам. Небәрі үш сыныптық білімі болса да, бірінші рет көріп-дидарласқан адамдардың барлығы да «сіз мұғалім болғансыз ба?» деп сұрап жататын. Олай сұрауға апамның сыртқы келбеті де, қарапайым болса да келісті киімі де, жазушы болмағанымен әдепті сөйлеу мәнері де, шешен болмағанымен әрбір сөзін ойланып сөйлеуі де себеп болатын. «Баланың бас ұстазы ата-анасы» деген халық даналығын апам өмірде шынайы қолдана білді. Оған мысал менің тәрбием. Мен ес білгелі апамнан сескенетінмін. Оның айғайлап ұрысқанын, жекіп сөйлегенін көрген емеспін, бірақ қабағына қарап-ақ нені дұрыс, нені бұрыс жасағанымды түсіне қоюшы едім. «Аюға әліпті үйреткен – таяқ» дейтін әдіске апам кет әрі болмайтын. Балабақшаға барып жүрген кезімде бір күні қиғылықты салып, бармаймын деп жылап, үйді айналып қашқаным есімде. Сонда апам менің бақырып жылағаныма қарамай, қашып кетпесін деп арқанмен ауладағы ағашқа байлап қойған. Кейіннен мектепте 6-7 сыныптарда оқып жүрген кезімде математика пәнінен үлгерімім нашарлап, қатарларымнан кейіндеп қалдым. Осыны сезгеннен кейін апам мені өзімізбен көрші тұратын, математикадан сабақ беретін Нұрғали ағайыма алып бармақшы болды. Бірақ, сол кездегі ұялшақтық, жасықтық басымдау болып, мен бармауға барымды салдым. Сол кездегі солқылдақ көк шыбық болмағанда мен бүгінгідей ғылым докторы, профессор дәрежесіне жете алар ма едім деп ойланам да, апамның шыбықпен сабаған қолына да, өзіне де мың алғысымды жаудырам бүгінде.
«Адамдар бір-біріне кешірімді болу керек, ол пенденің ішіндегі қоқысты тазартады» деп отыратын апам үнемі. Өзінің бұл сөздерін нақты істерімен жеткілікті деңгейде дәлелдей білді. Ауылдас болған соң алыс-беріс болады, кейде әңгіме арасында кейбіреулер бізден алған қарыздарын неге қайтармайды деп сұрайтынбыз, сонда апам «бар болса берер еді ғой, олардың несібесі бізден болған шығар» деп жауап қайтаратын. Апам көп жағдайда бір-біріне ренжісіп жүрген ерлі-зайыптылардың татуласуына себепкер болатын. Кейде әйелін, кейде ерін шақырып алып, салиқалы кеңес беріп отырғанына талай куә болдым. Кейіннен татуласқан отбасы үйге келіп, апама ыстық ықыластарын жаудырып жататын. Әйелдері ырыққа көнбей, сабырға келмей төркіндеріне кетіп қалып жатқан жігіттерге «Алтын шүмек аман болса – тесік түбек табылады» деп керемет басу айтушы еді. Апамның бұл сөзінің шынында да жақсы басу болатынын отбасылық өмірімнің бастапқы кезеңінде мен де сезініп едім.
Тазалық мәселесіне апам ерекше қарайтын. Үйге келген қонақтарына аппақ төсек салып беріп, олар бір күн жатса да қолымен қайтадан жуып-тазалап қою үйреншікті дәстүр болатын. Апамның ауылдағы көзін көрген келіндері бүгінде ол кісінің тәрбиесін ерекше әсерлеп айтып отырады. Апамның абысыны Сәтінкүл жеңгеміз әңгіме арасында мына жайды жиі еске алады: «Қонақты көп күтетін жастау кезімізде жеңешеме барып көмектесіп, қонақтардан босаған ыдыстарды жақсылап жуып, жинастырып болғаным сол еді, ол барлық ыдыстарды қайтадан қайнап тұрған ыстық суға салып жіберіп, майлы жерлерін сабындап тұрып жуып шыққан кезде ызадан жылап жібердім. Бірақ, жеңешемнің сол тәрбиесі менің де қаныма сіңіп, осы күні барлық келіндерімді тұп-тура сол дәстүрмен тәрбиелеп келемін».
Тазалықпен мақтанатындай себепті апам келіні Айнұрға да сездіріп еді. Шөбересі Ерсұлтанның сәби кезінде жамбас сүйегіндегі ұршығы бірден жетілмей, 3-4 айға екі аяғын ағашпен керіп, гипс салуға тура келді. Бала болған соң еңбектейді, аунайды, домалайды, бірақ сол гипсті шешкен кезде дәрігерлер оралған дәкенің бастапқы тап-таза күйінде тұрғанын көріп, таңданыстарын жасырмай, неткен тазалық деп мақтау айтады. «Сол сәтте апамыздың тазалығының, тәрбиесінің арқасында алған мақтауым жан сарайыма нұр сепкендей әсер етті» деп үйге қуана кіргені бар Айнұрдың.
Құдайға шүкір, апам 90-жасты еңсеріп барып өмірден озды. Осынша жасты жасауыма үздіксіз күткен қонақтарымның «көп жаса» деп берген баталары да себеп болған шығар дейтін. Кейде «ұзақ жаса дегенше», «бала-шағаң көп болсын деп неге айтпаған» деп жабырқайтын кездері де болатын. Бір кем дүние адамды армансыз қалдырған ба?!
Өмірдің бұралаң кей сәттерінде, шешімі күрделі қалтарыстарында апамның айтып кеткен өнегелі әңгімелері мен өсиеттерін жадымда жаңғыртып қоямын. Мына мәселені менің орнымда апам болса қалай шешер еді деп таразылап, осылай болар еді-ау деп апамның шешіміне иек артатын кездерім болып тұрады. Сондай философиялық мағынасы терең «Бар болса – бер», «Бәрі де қатесін түсінеді – бірақ кеш болады» сияқты алтыннан да қымбат сөздері менің өміріме азық болып келеді.
Апамның жүріп өткен жолына қарап, Абай атамыздың «Адам бола білу – ең қиын мамандық» деп көрсеткен биігіне ол кісі сөзсіз жете алды деп санаймын. Сондықтан да, өз замандастарыңыздың бетіне тіке қарай алған шыншыл болмысыңыз үшін де, ата-анаңыздың аманатын ақтап, көргенді әйел баласына тән тазалығыңыз үшін де, өзіңіз келін боп түскен әулетке тастай батып, судай сіңіп, сол ортаның ақ жаулықты қариясы атана білген парасатыңыз үшін де, тәрбиелеп өсірген бала-шағаңызға ізгілік, мейірімділік, даналық дәнін себе білген аналық махаббатыңыз үшін де, артыңыздан жарық із қалдырып, біз үшін көрсетіп кеткен үлгілі дара жолыңыз үшін де – мың тағзым, мың алғыс сізге Апа.
Ержан Әмірбекұлы, экономика ғылымдарының докторы, профессор