Зейнолла Сәнік – 85: Қазақтанушы

0
4332

Қытайдағы қазақ әдебиеті мен ғылымының көрнекті өкілі, жазушы, тарихшы, этнограф, саха баспагер, аға редактор Зейнолла Мүбәракұлы Сәнік 1935 жылдың 15 сәуірінде Қытай Халық Республикасының Іле Қазақ автономиялық облысындағы Тарбағатай уәләятына қарасты Шағантоғай ауданының Барлық тауында дүниеге келген. 9 жасында жаңаша мектепке барған ол 1953 жылы сондағы 8 жылдық мектепті аяқтап, бірден Шағантоғай ауданының 2-3 коммунасына (аудан) жастар одағының кадры болып қызметке тұрады. Осында екі-үш жыл негізгі саты ұйымының қызмет тәжірибесінен өткен жас жігітті жергілікті орын жас кадрларды тәрбиелеу мақсатында 1956 жылы Бейжіңдегі Қытай коммнуистік жастар одағының орталық мектебіне оқуға жібереді. Мектептегі гуманитарлық пәндерді жақсы оқып, философияға да қатты ден қояды. Қытай тілінің өткелінен өтуге мықтап кіріседі. Айналасы екі жылда түрлі тақырыптағы материалдарды қытай тілінен қазақ тіліне еркін аударма жасайтын дәрежеге жетеді.

1958 жылдың маусымында Орталық одақ мектебін қызыл дипломмен аяқтаған Зейнолла Мүбәракұлы Шыңжаң ұйғыр автономиялы аймағының (ШҰАР) халық өкіметіне бөлінген қызметіне бармай, сол кезде құрылғанына көп болмаған Қытай коммунистік жастар одағының ШҰАР комитетіне қарасты Шыңжаң жастар баспасына қызметке келеді. Содан не керек Зейнолла ағаның қырық жылға, бір сөзбен айтқанда, жарты ғасырлық баспагерлік өмірінің алғашқы қадамы осы жерден басталады. Бұл кезде баспаның құрылғанына небары екі-үш жыл ғана болған. Нариман Жабақытайұлы, Тәліпбай Қабаев, Тұрсынғали Құрман, Тоқтасын Сыпаев, Балтабай Қазыкендер секілді бес-алты ғана қызметкері бар баспаның іргесін бекемдеп, негізін қалау бақыты Зейнолла Мүбәракұлының маңдайына да жазылыпты.

Баспаға алғаш келгенде шағындау кітаптарды аударса, бірте-бірте баспаның жоғары жұмыстарының авторы ретінде көзге түсе бастады. Кейінірек, 1960-шы жылдардың ортасында қазақ редакциясы басшысының орынбасарына дейін көтеріліп, баспагер ретінде қалыптасты. Шығармалары сол 1950-ші жылдардың ортасынан бастап мерзімді басылым беттерінде жариялана бастаған қаламгердлің тұңғыш туындысы – «Астана мінбесінен алған әсер» деп аталатын көркем очеркі 1955 жылы Шағантоғайда жазылып, сол жылы Құлжадан шығатын апталық басылым «Іле газетінің» 16 қарашадағы нөмірінде жарияланыпты. Алғашқы кездері түрлі мазмұндағы материалдардан тәржіма жасаумен бірге балаларға арналған шағын әңгімелерге қалам тербепті. Онда да қазақ баласына өнер, білім шашатын ағартушылық сипатындағы ғылыми әңгімелер жазыпты. Әрине, бұл бағыттағы туындылардың өз кезінде Шыңжаң қазақтары балалары арасында ғылым жалпыластыру рөлін атқарғаны анық.

Қазақ этнографиясы мен тарихына, фольклорына қатысты әдеби мұраларды ұқыптылықпен зер сала отырып жинау, реттеу, зерттеуді осы кезден бастап мықтап қолға алған Зейнолла ағаның ұлттық асыл рухани мұраларды «Төрт көнеге» жатқызған Қытайда он жылға созылған мәдениет революциясының (1966-1976) ел ішіндегі көнекөз қариялардан қаншама мол рухани мұраларды жазып алып, кейін заман оңалып, ел азат болғанда рухани айналымға енгізуі неге тұрады?!

1978 жылы «халық жауы» аталып, Бұратала облысының Жын ауданында «Еңбекпен өзгертуде» болғанда да еш мойымапты. Зейнолла аға үндемей жүріп, қолынан қағаз-қаламын түсірмей, бірталай дүниенің басын қайырып, кейін 1980-ші жылдардың басында жазушы Оразбек Қанапин екеуі құрастырып баспадан шығарған «Қазақ ертегілері» (4 кітап), «Қазақ балалар ертегілері», «Қабанбай батыр», «Қаракерей Қабанбай», «Қазақ емшілігі мен дәрігерлігі» (алғысөзін жазып, баспаға дайындаған) сынды кітаптар сол еңбегінің нәтижесі болатын.

1978 жылы толық ақталып, қызметі қалпына келген соң Шыңжаң халық баспасының қазақ редакциясына қызметке келді де, осында 1992 жылға дейін балалар әдебиеті редакциясын басқарды.

1980 жылы редактор, 1982 жылы тете аға редактор, 1986 жылы аға редактор болды. 1992 жылы бұрынғы қызмет орны Шынжаң жастар өлеңдер баспасына алмасып келіп, онда 1999 жылы зейнеткерлікке шыққанда аға редактор болып еңбек етті. Ол кісі жарты ғасырға жуық баспагерлік қызметінде әдеби-ғылыми, саяси публицистикалық мазмұндағы жүздеген кітапты аударды, редакциялады, құрастырып баспадан шығарды. Әрі сол жүздеген кітаптың рецензиясын жазды. Осынау еңбек ұлттық руханияттың көкейіне қызмет етті. «Еңбектің де жанбағы бар» демекші, сол бейнетті еңбек кейін Зейнолла ағама зейнетке жеткізді. Бәрін санамалап емес, бір-екеуін ғана айтайық. 1983 жылы балалар кітабын шығарудағы ұзақ жылғы еңбегі үшін бүкіл Қытай және ШҰАР бойынша «Үздік балалар қызметкері» атанса, 1990 жылы тағы да сол бүкіл Қытай және ШҰАР бойынша «Балалар кітабының таңдаулы редакторы» болып бағаланды. Тағы сол жылы ШҰАР-ға сіңірген еңбегі үшін «Таңдаулы ғылым техника қызметкері» атанып, үкіметтің таңдаулы мамандарға берілетін өмірлік стипендиясына ие болды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін біраз жыл өмірін атажұртта өткізіп, шығармашылық жұмысын жалғастырған Зейнолла Мүбәракұлы 2013 жылдың 24 қыркүйегінде Алматыда дүние салды.

Баспагерлік жұмыстың бас алдырмас қарбаластығы мен қиындығының дәмін тата жүріп, Зейнолла аға өзінің шығармашылығын екі бірдей салаға –көркем проза мен қазақ халқының халықтық мұраларын жинауға, зерттеу жұмыстарына арнады. Көркем прозаға қалам тартқан жазушының қаламынан балаларға арналған ғылыми әңгімелер, новеллалар, хикаяттар жинағы («Табиғат тәлімі», «Тау жұлдызы»), романдары («Сергелдең», «Баспай»), тарихи кітаптары («Қабанбай батыр», «Қаракерей Қабанбай», «Хан батыр Қабанбай», «Сүлеймен би», «Қайрақбай», «Демежан», «Тұғырлы хан»), ғылыми еңбектері мен оқу құралдары («Атаның алтын іздері», «Дала жібек жолы», «Батыс Қытайдағы қазақ тарихына қатысты мәдени мұрағаттар», «Ежелгі қытай жазбаларындағы түркі (қазақ) қаламгерлері», «Дала мәдениеті – Еуразия мәдениетінің алтын тұғыры», «Қазақтың тұрмыс-салт білімдері» (оқу құрал), «Қазақ этнографиясы» (монография), деректі әдебиеттері («Баспай туралы әңгіме жырлар») туды.

Жазушының 1996 жылы Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан «Баспай» романы, 1998 жылы Үрімжідегі Шынжаң жастар баспасынан «Сергелдең» романы жарияланды. Екеуі де тарихи тақырыпта жазылған. Шығыс Түркістан (Шыңжаң) қазақтарының арасынан шыққан аса көрнекті қайраткер, даңқы бүкіл Қытайға белгілі жомарт (меценат) Баспай Шолақұлы жөніндегі романда алағай да бұлағай замана тарихы өзек болған. Автор Баспай Шолақұлының өмірін, ол өмір сүрген дәуірді терең зерттегендіктен де бас кейіпкер өмір сүрген дәуірдің тарихи оқиғалары да өте нанымды бейнеленген. Кейін бұл тақырыпты жазушы «Баспай туралы әңгіме жырлар» деген деректі шығармасында тарихи деректермен архив документтерін жан-жақты келтіру арқылы көзі тірісінде-ақ аңызға айналған тағдырлы тұлғаның болмысын жан-жақты аша түседі. Исі қазақ оқырмандарының ыстық ықыласына бөленген бұл роман Алматыдағы «Санат» баспасынан қайталай жарық көрген болатын. Ал, соңғы шығарма – «Сергелдең» романында қазақ халқының тағдыр-тәлкегі, сан өліп, сан тірілген алмағайып өмірі арқау етілген. Шығармада атақты батыр қолбасы Қабанбай Қожақұлұлының інісі Тұматай ұрпақтарының Арқадан Тарбағатайға, Тарбағатай арқылы өр Алтайға, өр Алтайдан Гималай асып, Үнді мұхиты арқылы Қара теңізге дейін сергелдең күй кешіп, тек Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін барып ата қонысы туған жерге ат басын тірегені әңгімеленеді. Шығарма тарихи жағынан да, бүгінгі ұрпаққа отансүйгіштік, патриоттық сезімдерге тәрбиелеуде тәрбиелік жағынан да құнды туынды екені анық.

Жазушы шығармашылығында арнайы тақырып ретінде алынып, көп жылдар бойы зерттеген тақырыбы – атақты халық батыры Құлбасы Қабанбай (Ерасыл) Қожақұлұлының өмірі болды. Арғы-бергі қазақта Қабанбай Қожакұлұлы туралы тұңғыш қалам тартқан қаламгер ретінде Зейнолла аға «Қабанбай батыр» (Шыңжаң халық баспасы, 1986 жыл, Үрімжі), «Қаракерей Қабанбай» («Жазушы» баспасы, 1991 жыл, Алматы), «Хан батыр Қабанбай» (Ұлттар баспасы, 2000 жыл, «Қазақпарат», 2005 жыл) деген эссе жанрындағы кітаптарын жазды. Қаламгердің бұл еңбектерінде ХV-ХVІІІ ғасырдағы қазақ халқының жоңғар шапқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күресін ұйымдастырушылардың бірі – қолбасы Қабанбай (Ерасыл) Қожағұлұлы жайлы түрлі аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар сөз болады. Автор ел бастаған атақты адамдар аузымен от көсеген шешендер, ақындар туралы қозғап, жаңа тарихи деректер бойынша ғылыми тұжырымдар жасайды. Тарихи жылдарды зерттеуші ғалым, филология ғылымдарының докторы Болатхан Әбілқасымов тарихи жырларды зерттеудің үш қайнар көзінің бірі – аңыз-әңгімелер, өлең-жырлар, енді бірі – шежірелер, тағы бірі тарихи құжаттар деп атап көрсеткен.

Ғалымның ғылыми негізде тұжырымдаған осы қағидалары біз сөз етіп отырған Зейнолла Сәніктің Қабанбай туралы зерттеулерінде қаншалықты дәрежеде сақталғанына көңіл аударған белгілі ғалым Гүлжаһан Орда мына фактілерді алға тартады: «Біріншіден, жазушы Қабанбай батырдың өмір жолын сөз ету үшін көпшілікке белгілі атадан балаға ауызша жеткен аңыз-әңгімелердің, өлең-толғаулардың, тарихи жырлардың қатарын жаңа аңыз-әңгімелермен толықтырған. Екіншіден, жазушы шежірелік қыры ашыла, толыға түскен. Үшіншіден, тарихи құжаттар тиімді пайдаланылған. Төртіншіден, Қабанбай батырдың өмірін толықтыра түсуде жер-су атаулары (топонимика) үлкен қызмет атқарып тұр. Бесіншіден, Қабанбай батыр ұрпақтарының естелік-эсселерін тиімді пайдаланғандығын баса айтқанымыз жөн. Алтыншыдан, ғылым мәдениетінің сақталуы қолымыздағы еңбектің осындай жетістіктерін санамалай отырып, бұл тақырыптық ғұмырына аздық еткен жазушының Қаракерей Қабанбайдың тікелей ұрпағы екендігін жадымызда ұстағанымыз жөн. Автордың ата-бабалар рухын қайта тірілтуі, бүгінгі егемен елдің қол жеткізген жетістігі ретінде саналмақ. Тыңнан түрен салып тың тақырыпты зерттеуге күш-жігерін арнаған Зейнолла Мүбәракұлы Қабанбайтанудың негізін қалады».

Қаламгердің зерттеген тарихи тақырыптарының бір парасы – Қабанбай әулетінен таралған Сүлеймен би (Әділбекұлы) мен Қайрақбай Шалекенұлына қатысты «Сүлеймен би» тарихи-эссе кітабы 2011 жылы Алматыда басылған. Бұл шығарма ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген атақты Төбе би – Қабанбайдың төртінші ұрпағы Сүлеймен Әділбекұлының өмірін, яғни тарихи тұлғаның арғы тегін, ата-бабаларын, сол замандағы қазақ халқының басынан өткерген алмағайып тағдырын, әсіресе қазақ халқын екіге бөліп билегісі келген Ресей мен Қытайдың халқымыздың басына төндірген азапты қасіретін көрсетеді. Мұнда ел бастаған көсемдер мен шешендердің ерлігі, парасаты мен пайымы өз дәуірінің жыр-аңыздарымен көркем кестеленеді. Қаламгер «Қайрақбай» деген кітабын 2002 жылы жарыққа шығарды. Мұнда да Қабанбай әулетінің ХІХ-ХХ ғасырдағы жорық жолдары және осынау алмағайып кезеңде өмір сүрген дауылпаз күйші Қайрақбай Шалекенұлының өмірі маңызды тарихи құжаттар негізінде жан-жақтылы жазылады.

Тарихи тақырыптарда жиі жазатын ғалым-жазушыны Батыс пен Шығысты тұтастырған «Дала жібек жолы» деп аталатын монографиясы алғаш республикалық «Жалын» (2004 жыл, №1-2) журналында жарияланған. «Батыс Қытайдағы қазақ тарихына қатысты мұрағаттар», «Ежелгі қытай жазбаларындағы түркі (қазақ) қаламгерлері», «Дала мәдениеті – Еуразия мәдениетінің алтын тобы» сынды мақалалары Қазақстан оқырмандары үшін ғылыми және деректі құны бар дүниелер есептеледі. Бұл құнды материалдар біздің арғы ата-бабаларымыздың тарихи ізін танып білуімізге зор пайдасын тигізеді.

Ендігі сөзімізді жазушының көп жылғы еңбегінің нәтижесі, үлкен ғылыми еңбегі – жас этнограф, мәдениеттанушы Жанат Зейноллақызымен бірге жазған «Қазақ этнографиясына» арнасақ. Кітап осыдан бірнеше жыл бұрын Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан жарық көрді. Біздің білуімізше, Зейнолла аға өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарынан қазақ этнографиясына, мәдениетіне қатысты материалдарды жинай бастапты да, «Қазақтың ұлттық ойындары», «Алтай мифтері», «Наурыз мерекесінің келіп шығуы мен қалыптасуы», «Қазақ емшілігі мен тектамырлары» сынды мақалаларын сол өткен ғасырдың сексенінші жылдарында жариялай бастаған екен.

Студенттерге арнап «Қазақтың тұрмыс-салт білімдері» деген оқулық та жазыпты. Демек, бұған автордың «Қазақ этнографиясын» жазуға үлкен дайындықпен барғаны байқалады. Кітаптың аннотациясында жазылғандай, аталған еңбек үш бөлімнен, он сегіз тараудан тұрады. Қазақтың көрнекті ақыны, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалиннің «Халықтың асыл көмбесі» деген алғысөзімен ашылыпты. «Этнография жөнінде жалпы түсінік» деп аталатын бірінші бөлімінде автор этнография ғылымына жалпы түсінік береді. Кітаптың екінші бөлімі – «Заттық этнографияға түсінік» деп аталыпты. Бұл бөлім сегіз тараудан тұрады. Бірінші тарауда қазақ этнографиясы туралы мәлімет берілсе, екінші тарау қазақтың тұрғын үй мәдениетіне арналыпты. Үшінші, төртінші тарауда қазақтың ауыл шаруашылығын, орманшылық пен бау-бақша шаруашылығын, тау-кен және қол өнер шаруашылығын, қазақтың сауда кәсібін, жол қатынас тасымалын таныстырумен бірге, қазақтың ұлттық өлшем-бірліктеріне де тоқталыпты. Бесінші тарау қазақтың ұлттық киім мәдениетіне арналса, алтыншы тарауда қазақтың ұлттық қолөнерін, ал жетінші тарауда қазақтың ұлттық тағам мәдениетін арнайы сөз етіпті. Сегізінші тарау қазақтың ұлттық ойындарына арналыпты. Онда қазақтың ұлттық ойындарына шолу жасап, түсінік берумен бірге, қазақтың көңілашу ойындарына, спорт ойындарына, балалар ойындарына жеке-жеке шолулар жасай отырып, сипаттамалар беріпті.

Кітаптың үшінші бөлімін «Ұлттық рухани этнографияға» арнапты. Бұл бөлім сегіз тараудан тұрады. Бірінші тарауда қазақ қоғамының құрылымын құрайтын қазақтың рулық, туыстық, отбасылық жүйесі және қазақтың есім қою дәстүріне тоқталса, екінші тарауда қазақтың ежелгі наным-сенімдеріне, арғы тегіне, оның қазақтарға жасаған ықпалына, қазақ бақсылары мен қазақ әдебиетіндегі бақсылық сарынға, қазақтың исламдық нанымға сенуіне, ислам мәдениетінің қазаққа жасаған ықпалына тоқтала келіп, тараудың соңында киелі сандар және түс туралы түсінік берілген. «Қазақтың халықтық ғылымы» деген үшінші тарауда ұлттық философияның негізі байырғы философиялық ұғымдар мен халық астрономиясын қазақтың күн санау, ай санау, жыл санау және жыл қайыру әдістеріне жан-жақты шолу жасаумен бірге, қазақтың этномедицинасы туралы шолулар жасайды. «Қазақ заңдары» деген келесі төртінші тарауда қазақ заңдары туралы жалпы түсінік бере келе, үйсін дәуірінің заңдары мен Шыңғыс хан заманының заң жосындарын сипаттап, қазақ хандығы дәуірінің заңдарын, қазақ билігіндегі билердің орны мен билер ережесіне тоқталады. Тараудың соңында шариғат заңдарына да шолу жасап, шариғатта белгіленген заңдарды бір-бірлеп сипаттайды.

Кітаптың бесінші тарауы қазақтың бала тәрбиелеу дәстүріне арналса, алтыншы тарауда тұрмыс-салт тәрбиесінің нақты ережелерін, яғни тұрмыс-салт тәрбиесіндегі ырым-тиымдарына тоқталыпты. «Қазақтың өлім, ұзату дәстүрі» дейтін жетінші тарауда халқымыздың өлім, ұзату жосындары таныстырылып, қазақтың жоқтау жырлары да сөз болады.

Соңғы сегізінші тарауды қазақтың этнопедагогикасына арнапты, оған жалпы түсінік беріп, жан-жақты талдау жасапты.

Ғалым, жазушының ұзақ жылдар бойғы еңбегінің нәтижесі есепті бұл еңбек отандық қана емес, шетелдік ғалымдардың да зор бағасын алатыны дау туғызбайтыны анық. Себебі, қазақ тарихына қатысты көптеген тарихи деректер, құнды мәліметтер қамтылған. Әрбір оқырман екі нәрсеге, біріншіден, шетте жүрген қандастарымыздың ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай қорғап, оған үлкен құрметпен қарайтындығына, екіншіден, бізде жоғалп бара жатқан соншама мол рухани құндылықтарымыздың шетелдегі қазақ диаспорасының ортасында сақталып қалғанына көз жеткізеді.

Қазақ этнографиясы жөнінде бұған дейін де отандық және шетелдік ғалымдар көп қалам тербеді. Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Ақселеу Сейдімбек сияқты қазақтың ұлы ғалымдары еңбектер жазды. Осы қатарға Қытайдағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілі Зейнолла Мүбәракұлы мен жас этнограф, мәдениеттанушы Жанат Зейноллақызын да қосуға болады.

Гүлдана ҮЗЕНБАЕВА, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

Сержан ТОҚТАСЫНҰЛЫ, мәдениеттанушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here