Бүгін оқырманға сыр шерткелі отырған нағыз талантты әнші Сайлаубек Ордабаевтың есімі күллі қазақ еліне танымал. Ол ұлтымызға қаншама даңқты перзенттер берген киелі Торғай өңірінің азаматы. Өзі Сары Қошқар батыр әулетінің абыройын асқақтатып, өнерде өшпес ізін қалдырды. Амангелді ауданының Қабырға елді мекеніндегі қазақтың киелі шаңырағында 1950 жылы дүниеге келіп, жастайынан саналы бозбала болып қалыптасты…
Сары Қошқар батырдың ұрпағы
Арғы ата-бабаларын атамағанның өзінде өз ортасында ерекше орны бар отбасында тәрбиеленді. Әкесі Ордабай халық арасында іскерлігімен дараланған абыз ағамыз еді. Кезінде ол үлкен шаруашылықты басқарып, адамгершілік қырларымен айналасына шапағатын тигізген аса құрметті кісі болатын.
Кейбір дерек көздеріне қарағанда, Орекең өз заманының алдыңғы қатарлы, озық ойлы, біртуар кісісі-тін. Сонау бір жылдары ол қарамағындағы адамдарға жомарттық жасап, қайырымдылық танытқан, уәдеге берік, ісі мен сөзінде алшақтық жоқ, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары тұлға-тын.
Оны аз десеңіз, бозбала шағында күреске қатысып, шапшаңдығымен де көзге түскен. Тіпті, өз ортасының сәні болып, ойын-тойда әуелете ән де салған. Сол тұстағы құрбы-құрдастары секілді бәйгеге қатысатын ат жаратып, атбегі де атанған екен.
Ордабай ақсақал балаларының бәріне де жастайынан ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарымызды молынан сіңірді. Сонымен қатар, қонақ келгенде қой соя білуге, соғым кезінде жылқы етін ұялмайтындай деңгейде турауға баулыды. Бұл, шындығы керек, қазіргі көп жастар ұға бермейтін жайлар емес пе?!
Ал, анасы Бәтима да ел алғысына бөленген аяулы апамызды. Оның бойындағы әншілік қасиеті күллі таныс-білістеріне аян-ды. Азаматының тіршіліктегі қолдаушысы болған жүрегі жомарт қазақ қызы сонау бір кезеңдерде білек сыбана еңбек етіп, «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне тағыпты.
Олар өмірдегі бар байлығы мен бақыты – ұрпақтары деп санаған. Ардақты апамыз сегіз құрсақ көтерді. Сайлаубек ағамыз соның төртіншісі екен. Көпбалалы үйде ырыс-береке, бірлік пен татулық қалыптасады емес пе?!
Бауырлары бір-бірін жетелеп, ата-анасынан тағылым алып өсті. Өздеріңіз де байқаған боларсыздар, әке-шешелері жоғарыда аталғандай жандары ізгілікке толы, ниеттері мен тілектері мөлдір судай таза кісілер атанғандықтан, олардың бойындағы асыл қасиеттердің бәрі де ұрпақтарына жұқты.
Әке ұлы үшін қашан да асқар тау. Ордабай атамыздың қасында жүргендіктен бе, бұған кішкентай кезінен көп жайлар қанық болды. Сонау бала шақта бұл да күреске қатысып, бірқатар спорт түрлерін меңгерді.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, аттың құлағында ойнайтын. Отағасы секілді көкпар тартып, жүйрік ат баптайтын қабілеті де бар еді. Міне, осындай ұлттық құндылықтарымыз оны ширатып, нағыз азамат болып шығуына ықпалын тигізгені айдан анық.
Оның бойындағы өнерге деген құштарлық пен қарым-қабілет те ерте байқалды. Асқақ та сазды әуенді әндерді ерте бастан орындап, қалың жұртшылықты жарқын талантымен таң қалдырған сәттері де аз емес-ті.
Менің ұғымымда жалпақ жұртқа белгілі Амангелді өңірі де дарқан таланттарға толы. Осы қасиетті жерден көптеген қазақ халқының мақтанышына айналған ақын-жазушылар, өнер майталмандары шықты. Олардың бәрінің атын атап, түстерін түстеп жату да мүмкін емес.
Өзбекәлі Жәнібековтің шапағаты
Ес білгелі, руханиятты жоғары қойған аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдар мен зиялы азаматтардың ұтымды әзіл, шешен сөздерін құлағына құйып өскен Сайлаубек Ордабайұлы сахнада әуелетіп ән салумен қатар кәдімгі қазақтың қара домбырасын қолына алып, күмбірлете күй шерткенде әріптестері мен өзін қоршаған бауырларымыз сілтідей ұйып тыңдап қалатын. Сондай-ақ, ол әзіл-қалжыңға өте шебер-тін. Көпшілік орталарда тапқыр сөздерімен, ойлы пікірлерімен кісілерді бірден баурап алатын. Ал, асабалық өнері Торғай өңіріндегі ағайындарға бұрыннан белгілі.
Сәкеңнің мінезі өте жайдары еді. Ақкөңілділік жағына келетін болсақ, кәдімгі аузын ашса көмейі көрінетін жігіт-тін. Ашуы да тез қайтатын. Ешкімге қиянат жасап, біреудің ала жібін аттап көрген жоқ.
Оның жастық шағы өте мәнді де мағыналы өтті. Нағыз тепсе темір үзетін жігіт шағында Крупская атындағы кеңшарда комсомол ұйымын басқарды. Ол уақытта мұндай жауапкершілігі мол қызметті кез келген азаматқа сеніп тапсыра бермейтін.
Көпшіл, әмбебап бозбала елді мекендегі барлық бозбалалар мен бойжеткендерді ұршықтай үйіріп, оларды жасампаздыққа жетелеп отыратын. Онымен кезінде бірге аралас, құралас, сыйлас болған замандастары сол бір шуақты күндер мен сәттерді өздерінің ғұмырларындағы ең бір бақытты кезеңге балайды.
Сол сағымдай бұлдырап артта қалған жылдары бұл да өзінің азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылды. Онда да жігіттік тапқырлық, міндетіне адалдық секілді жақтарымен дараланып, алғы шептен көрінді.
Әскерден кейін туған жерге оралып, ағайын-туысқандарымен қауышты.
Сонау 1971 жыл мұның жадында мәңгілік сақталып қалды. Бұрынғы Торғай облысында «Торғай әуендері» деп аталатын облыстық фестиваль ұйымдастырылды.
Үнемі тың ізденіс үстінде жүретін 21 жастағы Сайлаубек осы өнер додасына қатысып, өзінің бағын сынады. Оның үлкен сахнада салған әні әділқазылар алқасымен қатар оған арнайы шақы-рылған ән-күй жанашырлары мен замандастарын бірден баурап алды.
Шынайы талант ерекшеленбей қоя ма?! Сол уақыттағы облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков амангелділік жас әншінің ешкімге ұқсамайтын өзіндік орындау мәнерін байқап, өнер саласына қызметке келуге шақырды. Өз қамқорлығына алды.
Талай жастарға қанат бітіріп, олардың жолын ашқан Өзекеңнің жақсылығы мен шапағатын көрген жігіттер мен қыздар аз болған жоқ. Солардың қатарында 1972 жылы облыс орталығы Арқалық қаласындағы Серәлі Қожамқұлов атындағы музыкалық драма театрына бір топ келешегінен үлкен үміт күттіретін қабілетті жігіттер білек сыбана жаңа жұмысқа кірісті.
Киелі шаңырақтың табалдырығын Сайлаубек Ордабаев, өнерде өшпес ізін қалдырған Өзбек Мұқашев, Бөлтірік Молдашевтер аттады. Үшеуі де өнерді өмірім деп санайтын ағаларымыз болатын. Олардың бәрі де уақыт өте театрдың нағыз майталмандары атанды.
Жерлестері бұларды мақтаныш тұтты. Себебі, олар өнер ордасының ұжымымен тез араласып, киелі сахнаның шеберлері бола білді. Бұлардың аты-жөндерін жерлестері әлі күнге дейін ерекше құрметпен айтып жүреді.
«Шертер» ансамблі әлемге танылды
Жоғарыда біз қазақтың біртуар перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің есімін босқа атаған жоқпыз. Ол сол Торғай облысында басшылық қызметте жүргенде жергілікті бауырларымыздың есінде қалар талай мәдениет саласындағы адам баласына рухани байлық беретін игілікті істерге тікелей мұрындық болды.
Әрине, жүзеге асырылған ұлттық құндылықтарымыздың бәрін моншақтай тізбектеп шығу мүмкін емес. Дегенмен де қайталанбас тұлғаның ұйытқы болуымен 1974 жылы «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблі құрылып, өңірдегі ағайындарымызды үлкен қуанышқа кенелтті.
Ансамбль құрамына аймақтағы ән мен күй өнеріне шексіз берілген аса дарынды ұлтымыздың қыздары мен ұлдары қабылданды. Солардың бірі – бүгін әңгіме өзегіне айналып отырған Сайлаубек ағамыз еді.
Мінезі ашық-жарқын ардақты жан ұжымға тез сіңісіп, оның белді мүшесіне айналды. Аталған ансамбль қысқа мерзім ішінде өздерінің өнерлерімен қазақ елін ғана емес, әлем жұртшылығын тәнті етті. Олар қаншама шет мемлекеттерде болып, ұлтымыздың мәдениетін танытты. Сәкең өзіне тән дауысымен ән салғанда бәрі де еріксіз тыңдап қалатын. Сол өткен жылдарда ол тек облыс қана емес, республикалық байқауларда топ жарып, өзінің қандай әнші екендігін әбден дәлелдеді. Тіпті, республикалық жоғары деңгейдегі басқосуларға қатысып, жарқын дарынымен көзге түсті. Оның ғұмырында сонау жылдары Мәскеу қаласында өткен Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің де орны бөлек. Ол жақтан үлкен абыроймен оралды.
Міне, осы шығармашылық сапарлар, байқаулар мен фестивальдарда үлкен сахналардан жұрт назарын аударатын ән салу оның өзіне деген сенімділігін барынша арттырып, талғампаз қауымның арасындағы беделін барынша биіктете түсті.
Талай байқауларда жеңімпаз атанған әнші Қостанай меценаттар клубы «Қазына» сыйлығының лауреаты. Оның шығармашылық жоғары деңгейіне Мемлекеттік сыйлықтың иегері, даңқты ақын Ғафу Қайырбеков пен Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті өнер майталманы Қаукен Кенжетаев та өзінің жоғары бағаларын берген.
Жерлестері оның әрбір концерттерде орындайтын әндерін асыға күтіп, сағынып отыратын. Шіркін, оның репертуарындағы Ахмет Байтұрсыновтың «Аққұм», Теміржан Базарбаевтың «Ауылым», Қалибек Деріпсалдиннің «Айлы түнде» секілді әндер қандай ғажап, жүрек қылын шертетін туындылар еді…
Аталған өңірде бүкіл саналы ғұмырын мәдениетімізге арнаған Жұмағали Өмірбековтің қайраткерлік, іскерлік, композиторлік тұлғасы ерекше аталады. Оның мағыналы өмірі кейінгілерге тағылым.
Сәкең Жұмекеңнің шығармашылығына тәнті болатын. Оның «Торғайды аңсау» деп аталатын туындысын нағыз біліктілікпен әрі тыңдармандарға жет-кізе шырқайтын. Сондықтан талғампаз қауым мұны сахнадан ұзақ уақытқа дейін жібермей, қайта-қайта орындататын. Оның репертуарындағы бұл әсем әндер тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырып, тәтті сезімдерге жетелейтін. Ол шын мәнінде шығармаларды ерекше бір құштарлықпен әрі шеберлікпен шырқайтындықтан жұртшылықты терең ойда қалдыратын.
Әлгі әндер радиодан беріле қалса, замандастары Сайлаубек Ордабаевты еріксіз еске алады. Оның жарқын бейнесі көз алдарына келіп тұра қалады. Орындалар шығармалардың табиғатына қарай үстіне киген киімдері де айрықша жарасымын табатын. Өйткені, ол сахналық костюм мен шырқалар әннің мәтіні мен әуеніне, мазмұнына көп көңіл бөлетін. Көбіне бір-екі күндік тез ұмытылар туындыларды емес, өміршең әндерге талғампаздықпен қарайтын.
Достары да марқасқа жігіттер еді
Халық арасында «достарына қарап адамды танисың» деген пікір қалыптасқан. Ол айна-қатесіз шындық. Сайлаубек аға небәрі 57 жыл ғана ғұмыр кешті. Өмірі қысқа болса да, артында өлмес мұрасын қалдырды. Ол «Жүз сомың болғанша, жүз жолдасың болсын» деген қағиданы берік ұстанған секілді. Өйткені, осы ол жөніндегі мақаламызды дайындау кезінде атақты әншінің көзі тірісінде араласып, өздерін ғұмырлық бауырға айналдырған достарының аты-жөндеріне де қанықтық.
Достарының бәрі де өмір мен өнердің мәнін терең сезінетін және өздерінің бойындағы барлық асыл-қасиеттерін қазақ мәдениетіне арнаған белгілі тұлғалар. Мәселен, баршаға қадірлі композитор Кеңес Дүйсекеев, режиссер Жанат Хаджиев, Қазақстанның Халық әртісі Досжан Жанботаев, мәдениет қайраткері Қабдол-Мәжит Иманов, Төлеш Ақыжанов пен Дәулет Жарқынбековтерді кім білмейді?!
Бұл аты-жөндері аталған кісілер руханиятымызды өркендетіп, өнерімізді өзгелерге танытуға көп еңбек сіңірген азаматтар. Олар Сәкеңнің өз кәсібіне деген шынайы іңкәрлігін, биік адамгершілік қасиетін, жомарт мінезін жоғары баға-лайтын.
Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар марқұм Жұматай Сабыржанұлы да кейіпкерімізбен тай-құлындай тебісіп бірге өскен замандасы әрі туысы-тын. Қос замандас көпшілік орталарда шешендік қабілетімен, өткірлігімен бір-бірін толықтырып тұратын.
Ұлтымызға тән мәрт те көркем мінез, дарқан көңіл, басқа да тағылымды қасиеттерді бойына молынан сіңірген Сәкең өмірінің соңғы жылдары Арқалық шаһарындағы жасөспірімдер театрында актерлік қызмет атқарды.
Шығармашылықтың биік шыңдарына көтерілген әнші әрі актер өзінің бай тәжірибесі және көргені мен түйгенін ізін басып келе жатқан жастарға да сіңіруге тырысты. Кезінде оған еліктеушілер де аз болған жоқ.
Ерекше тоқтала кетер жай, Сайлаубек ағада кейбір кісілерде кездесетіндей қызғаншақтық, көреалмаушылық сияқты жағымсыз әдеттер болған емес. Қайта ол көзінде оты бар, талғампаз да еңбекқор, өнерге шексіз құштар жастарды көрсе, жас балаша қуанатын.
Кезінде талай жастарды өнерге баулып, олардың дарынын ашуға барын салды. Міне, сол бозбалалар да қазір есейді. Мәдениетте өзіндік қолтаңбаларын қалыптастырды. Тәлімгерлерін қимастықпен еске алып отырады.
Жарын «Оташ» деп еркелететін
Қазақ халқының дәстүрлі ән өнерін дамытуға қомақты үлес қосқан ардақты ағамыз Сайлаубек Ордабаев жайлы әңгіме болғанда оның айрандай ұйыған тату-тәтті отбасын, өнерде де, өмірде де қос аққудай жарасқан ұлтымыздың аяулы қызы, асыл жары Отаркүл апамызды да ерекше атап өткеніміз абзал.
Отаркүл – Жангелдин ауданының тумасы. Оның бойындағы әншілік дарыны сонау жас кезінен байқалды. Өзі ән мен күйді, әдебиет пен тарихымызды жоғары қоятын киелі отбасында тәрбиеленді.
Әкесі Оразбай мен анасы Зибагүл де өз уақытының озық ойлы, парасатты да қайырымды кісілері еді. Бұл отбасы көпбалалы шаңырақ ретінде өзгелерге өнеге болды. Жанұядағы Жақсылық, Нағашыбай, Амантайларды ұлтымыз дарынды қаламгерлер ретінде жақсы біледі. Өзге бауырлары да өнерге шексіз ғашық болып өсті. Ал, шаңырақтағы сүйкімді де сүйікті қыз бала Отаркүл кішкентайынан ардақты әжесі Үкісарының бауырында болды. Өзі ән салуға өте бейім еді. Бой жете келе ол асыл арманға айналды. Сондықтан болар, алдымен, Алматы шаһарындағы көптеген әншілер мен күйшілерді түлетіп ұшырған Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық цирк және эстрада студиясына қабылданып, оны ойдағыдай тәмамдады.
Кейін қызметтен қол үзбей жүріп, Мәскеу шаһарындағы заңгерлер дайындайтын жоғары оқу орнын аяқтады. Ол да сонау бір жылдары Арқалық қаласында дүниеге келген «Шертер» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі ретінде баршаға белгілі.
Отаркүл апамыз да Сайлаубек аға секілді халықтың құрметіне бөленген дарынды әнші. Ол үлкен сахнаға шыққан кезде залды тез баурап, көрермендер-дің назарын өзіне аударады. Туындыларды орындауда айрықша орындаушылық шеберлігі бар. Репертуарға да өте тал-ғампаздықпен қарайды.
Өнердегі шығармашылық жетістігі мен даралығы, сіңірген еңбегі үшін қанша-ма марапаттарға ие болды. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері. Құрметті демалысқа шыққанға дейін Арқалық қаласындағы жасөспірімдер театрына басшылық етіп, өнер ордасын биікке көтерді. Көптеген дарынды актерлерге қамқорлық жасап, олардың білікті тәлімгері болды. Оның да бойында қалың жұртшылық біле бермейтін қаншама ғибратты қырлары жеткілікті. Мейірімділік, ізденімпаздық сияқты қасиеттерімен қатар кезінде көркемсөз оқудың шебері ретінде де елімізге танылған.
Әу баста Сайлаубек аға мен қазақтың көркем бойжеткенін табыстырған киелі өнер-тін. Екеуі бір-бірін шексіз ұнатып, 1976 жылы жеке шаңырақ көтерді. «Арқалық» мейрамханасында дүркірете тойларын өткізді. Әрине, оған екі жақтағы туған-туысқандар да қуанып, ізгі тілекте-рін білдірді. Отағасы дүниеден өткенше тіршілікте бір-бірін демеп, қолдады.
Отаркүл әпкеміз шаңырақ иесін ерекше сыйлап, пір тұтса, Сайлаубек аға асыл жарын алақанына салып аялады. Ерекше еркелетті. Өнер адамдары әдемі жарасып, үнемі қол ұстасып жүретін. Азаматы оны «Оташым», кейде «Тәңірімнің маған берген сыйы» деп мәртебесін өсіретін.
Қазіргі уақытта бұл отағасы екеуі бірге ғұмыр кешкен күндер мен жылдарды олардың өміріндегі ең бір бақытты сәттерге балайды. Ұзақ жылдар бойы бір шаңырақтың астында сыйласа тіршілік еткен күйеуін сағынады, іздейді. Алайда оның орнын ешкімнің де толтыра алмасын жақсы біледі.
Сайлаубек аға шын мәнінде қамқор әке болды. Қос ұлын өмірінің жалғасы, баға жетпес байлығы деп санады. Дастаны мен Шахмұратын ерекше жақсы көрді. Кіші ұлын еркелетіп, өнердегі сәтті қадамдарын әрдайым қолдады. Өйткені, ол кішкентайынан алғыр болды. Оқуда да алдына жан салмады. Үш тілде еркін сөйлейді. Ата-анасының жолын қуып, мәдениет саласының білікті маманы атанды. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы Әлем әртісі Айман Мұсаходжаева басқаратын өнер университетін тәмамдады. Бұл күндері бас қаладағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрда актер әрі дубляж режиссері. «Серпін» сыйлығының лауреаты. Осы кезге дейін бірнеше көркемфильмдерге түсіп, өзінің қарым-қабілетін жарқырата көрсетті.
Әрине, отбасындағы әр баланың өзіндік орны бар. Тұңғыштары Дастан да саналы, ұлтжанды азамат болып қалыптасты. Қазіргі таңда заман талабына сай кәсіпкер. Өздеріне әке орнына әке, ана орнына ана болып отырған Отаркүл әпкемізді айрықша ардақ тұтады.
Қазір қос перзенті Дастан мен Шах-мұрат үйлі-баранды. Келіндері Әсел мен Маржаннұр енелерін өз аналарындай сыйлайды. Алдын кесіп өтпейді. Әрдайым ақыл-кеңесіне сүйенеді.
Үлкен ұлының бес баласы бар. Томирис, Альмиралар Арқалық қаласындағы Бақытжан Байқадамов атындағы музыка мектебінде домбыра және фортепиано класында дәріс алады. Нұрғиса, Раяна, Шахнияздар да әжелерінің еркелері. Соларды мейірлене иіскеп, шаршағанын ұмытады. Бәрі де ән айтуға құштар. Ислам діні мен ана тілдеріне құрметпен қарайды.
Отаркүл Оразбайқызы балалары мен немерелеріне әкелері мен аталарының қазақ руханиятында қандай алған орнын, өнер үшін саналы ғұмыр арнағанын айтудан жалықпайды.
Сынаптай сырғып өтіп жатқан уақыт емес пе?! Егер Сайлаубек Ордабаев тірі болғанда былтыр 70 жасқа толар еді. Бірақ, амал нешік, сұм ажал арамыздан ерте алып кетті. Тіршіліктен көріп жүргеніміздей, ұрпақтары бар кісілерді өлді деуге еш болмайды. Өткен жылы Қостанай облысының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия мүшелері бір ауыздан Сәкеңе өзі дүниеден өткенше тұрған Арқалық қаласындағы Горбачев көшесі 85/1 үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнату жөнінде шешім шығарды. Бұл өте орынды шешім екендігі даусыз.
Біз сөз соңында Сәкеңнің жатқан жері торқалы, иманы серік болсын, оның көрмеген қызығын Отаркүл әпкеміз көріп, жетпеген жасын балалары мен немерелеріне берсін дегіміз келеді.
Оразалы Жақсанов, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері