Халқымыздың арғы-бергі тарихын түгендеу ісінде біршама жұмыстар атқарылды. Алдағы уақытта атқарылар әлі талай шаруалар бар. Тарихи оқиғалардың артында мемлекеттің бел-белестері мен бүкіл ішкі өзекті жаны, жеке тұлғаның өмір жолы тұрғаннан кейін тарихымызды түгендеу ісінің оңайлықпен іске асырыла қоятын жұмыс емес екендігін де қаперден шығармайық. Оның үстіне біздің халқымыздың тарихын отарлаушылар өз ыңғайларына қарай қасақана бұрмалап жазды, сол бұрмаланған тарихпен оқытты да.
Осындайда біздің халқымыз сияқты отарлықтың қамытын киіп, зардабын тартқан елдердің бірі үнді халқының көрнекті перзенті Джавахарлал Нерудің қызы Индираға жазған: «Басқаларда қалай болғанын мен жақсы білмеймін, бірақ өзім жөнінде айтқанда, мен мектепте дұрыс білім ала алмағанымды айта аламын. Үндістанның тарихы туралы және Англияның тарихы туралы өте аз білдім. Оның үстіне Үндістанның тарихы жөнінде алған білімімнің өзі көбінесе дұрыс емес, бұрмаланған және біздің елімізге «жоғарыдан» қарайтындар жазған тарих болатын. Басқа елдердің тарихы жөнінде менде тұманды көзқарас болды», – деп жазған хатынан өз халқымыздың тарихына да қатысты үндестік тапқандай боласың.
Міне, сондықтан да, соңғы отыз жылдың көлемінде тарихымызды түгендеу, «ақтаңдақтарды» қалпына келтіру ісінде біршама іргелі істердің атқарылғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Мемлекет тарапынан да кешенді бағдарламалар қабылданып, ауқымды шаралар іске асырылды. Ендігі негізгі міндеттің бірі – қолдағы барымызды бағалай отырып, оны одан әрі жетілдіру, мазмұны мен мағынасын арттырып, оқырман үшін оқылымы мен көрнектілігі тартымды дүние дайындауда болып отыр. Олай дейтініміз, халқымыздың тарихындағы белгілі бір оқиғаларды баяндауды, тарихи тұлғалардың болмысын ашып көрсетуді, халық жадында сақтауды тек жазба тарихтың еншісіне қалдырмай өнердің өзге де туындылары арқылы өрнектеп, халыққа жеткізе білуде сурет өнерінің алатын орны ерекше. Тарихи суреттердің сол замандардағы тарихымыздың нақты көріністерін тереңінен танып, молынан мәліметтер алуда тигізер көмегі мол.
Бүгінгі күні орта мектеп оқушылары пайдаланып жүрген Қазақстан тарихы бойынша оқушылар энциклопедиясын, оқулықтар мен оқу құралдарын, сондай-ақ, еліміздің тарихына арналған көне заманнан бүгінге дейінгі іргелі зерттеулерді парақтап қарасаңыз, тарихи оқиғаларды баяндауда және көрнекті тарихи тұлғалардың бейнесін ашуда тарихи суреттердің аздығы және сол еңбектерге енгізілген суреттердің өзінің жұтаңдығы көзге бірден ұрынып тұрады. Мектеп оқулықтары мен тарихи еңбектерге суретшілердің тарихи оқиғалар, ақын-жазушылардың өлеңдері, көркем шығармалары, тұлғаларға қатысты көркем бейнелеулер негізіндегі шабыт қиялы желісімен салған еңбектері еніп кеткен. Шығыстық бейнелеу өнеріне еліктеушілікпен салынған суреттер қаншама! Орта ғасырларға жататын тарихи тұлғалардың бейнесі бір қалыптан шыққандай әсер қалдырады. Бұл тарихи тұлғалардың бейнесін салуда үлкен ізденісті жұмыстардың жоқтығын көрсетсе керек. Екінші жағынан алғанда суретшінің көркем бейнелеу, образ жасау түрде салынған, қиял мен шабытқа ерік берген дүниесіне неге бұлай салдың деп те айта алмайсың.
Мәселен, тарихи оқулықтарда қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының басшылығымен болған ұлт-азаттық қозғалысты сөз еткенде бір қырынан салынған шоқша сақалды, басында мыжырайған қалпағы бар Кенесары ханның бейнесі қоса беріліп жүр. Азуы алты қарыс Ресей империясының басқыншылығына қарсы он жыл бойы және Қоқан хандығы мен қырғыз манаптарына қарсы үш жақты күрес жүргізген қазақтың айбынды ханының бейнесін көргенде көңілің су сепкендей басылады. «Әттең-ай» демеске амалың жоқ. Тарихи деректер негізінде жазылған айбынды ханның ерлікке толы ұлы істерін оның тарихи бейнесі одан әрі аша түсіп, байытып, жазба дерекпен тарихи бейнелі сурет бірін-бірі толықтырып тұруы тиіс емес пе деген ой келеді. Бұл жердегі мәселенің мәнісі, тарихи суреттерге талғаммен, жауапкершілікпен қарамауда және сараптама жасалмауда болып тұр.
«Не істеу керек? Тығырықтан шығар жол бар ма?» деген мәселеге келетін болсақ, қолда бар жазба деректерді пайдалана отырып, тарихшы ғалымдардың, әдебиет пен өнер зерттеушілерінің, суретшілер мен мүсіншілердің басын қосып, тарихи суреттерге аса байыптылықпен және ұқыптылықпен қарап, бірлескен еңбек нәтижесі бойынша тарихи тұлғалардың бейнесін неге жасамасқа! Тарихымыздағы кез келген тарихи оқиғаны айшықты ашуда осындай бірлескен жұмыстарды пайдалану құнды әрі мән-мағыналы болар еді.
Бір ғана мысал ретінде айта кетейік, Кенесары ханның тұтқынында болған Барон Услар өзінің ханды сөзбен суреттеген портретіндегі: «Кенесарының бойы биік емес, ашаң, оның бет әлпетінде қалмақ сипатты бітім бар және оның шыққан тегін еске салады. Айта кетелік, оның қысыңқы көздері мысқыл араласқан ақыл нұрын шашып тұрады, ал оның кескінінен әсте де қаталдық байқалмайды, алайда ол көптеген жағдайларда қаталдық көрсеткен», – деген жазбасын, Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастанын және тағы да басқа деректерді пайдалану негізінде ханның келбеті бейнеленген жап-жақсы дүниені шығаруға болады ғой (Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 3-том. -Алматы: Атамұра, 2002. б.-345). Сонда ғана тарихи тұлғалардың тарихи портреттерінің шынайы болмысы ашылып, ғылыми-танымдық маңызы арта түседі. Оның үстіне осындай бірлескен жұмыстар нәтижесінде жасалынған, салынған суреттер арнайы комиссияның сараптамасынан өтіп, мақұлданғаннан кейін ғана тарихи еңбектерге, орта мектеп оқулықтарына енгізілсе құба-құп болар еді.
Мынадай нарық заманында ғалымдардың, өнер мамандарының басын қосып, отандық тарих ғылымы үшін бұндай ортақ жұмысқа жұмылдыру ісі оңай шаруа емес екенін де айта кетейік. Сондықтан отандық тарих ғылымының көкжиегін кеңейтіп, оның мәні мен мазмұнын арттыру ісінде Білім және ғылым министірлігі, Мәдениет және спорт министірлігі секілді мемлекеттік органдардың бастамашылдық, ұйымдастырушылық, жанашырлық істерімен қатар, қаржылай қамтамасыз етуі ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті ғой.
Еліміздің тарихшы-ғалымдары «Мәдени мұра» және «Халық – тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламаларының аясында шет мемлекеттердің мұрағаттары, мұражайлары мен кітапхана қорларынан халқымыздың тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдар және рухани деректерді іздеп тауып, бай тарихымызға қатысты деректер қорын молайта түсті. Ғалымдарымыздың көз майын тауыса отырып, осыншама ізденісті жұмыстарды жүргізуі шынайы тарихымызды жазуда және оны жаңа деректермен толықтыруда үлкен септігін тигізетіні сөзсіз.
Енді шетелдерден табылған осы құнды жазба деректер мен материалдық жәдігерлерді егжей-тегжейлі ғылыми сараптамадан өткізіп, дерек көзі ретінде ғылыми айналымға қосу – кезек күттірмес іс. Сонымен қатар, «жансақ», «бұрмаланған» деректер, пайымдаулар, түсініктер мен жат жұрттық пікір айтушылардың мәліметтері аса сақтықпен қарауды қажет ететіні әмбеге аян.
Жат жұрттық зерттеушілер халқымыздың тарихына қатысты мәліметтерді бұрмаламай берді дегеннің өзінде белгілі орыс тарихшысы В.О.Ключевскийдің: «Қоғамның саяси-әлеуметтік құрылымы, оның толып жатқан ішкі проблемалары бөгде елдік зерттеушіге толық көріне бермейді, көрінген күннің өзінде ол басқа көзқарас пен өзгеше өлшем тұрғысынан бағаланады», – деген пікірін қаперден шығармағанымыз абзал.
Шетелдік қорлардан табылып жатқан дереккөздердің бір топтамасын тарихи суреттер құрайды. Осы тұрғыдан алғанда, ендігі кезектегі бізге жетпей жатқаны – сол табылған суреттерді талдап, саралау мәселесі. Шетелдік қорлардан табылып, «ұлт тарихына қосылған үлес» деп аталып жатқан бірнеше тарихи суреттерге назар салып көрейікші.
Белгілі тарихшы-ғалымдарымыздың «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жарияланған (Егемен Қазақстан. 2015. 20 қаңтар, 30 маусым) «Қазақ елшілері» деп берген сурет бағамдап қараған адамды дүдәмал ойға қалдырады. Суреттің астында «Қазақ елшілері. Хуанзинчжи Гун Ту Цзюань суретінің фрагменті. 1757 жылы Абылай хан, Әбілпейіз сұлтан Цинь императорына саяси, сауда қарым-қатынастарын орнату мақсатында жіберген қазақ елшілері. Түпнұсқа ҚХР Пекин қаласындағы Гугун музейінде сақтаулы» деген түсінік беріліпті. Халқымыздың тарихынан Абылай ханның Цинь империясымен саяси және экономикалық қатынастарды дұрыс жолға қою мақсатында Қытайға елшілерін жібергенін білеміз. Мәселе «Қазақ елшілері» деп берілген суреттегі Қазақ елшілерінің бейнесінде болып отыр. Өйткені, бұл суреттен Қазақ халқына қатысты ешқандай да жұрнақ таппайсыз. Суреттегі «Қазақ елшілері» қытайша киінген, бірінің өрілген ұзын бұрым шашы бар болса, екіншісінің сақал-мұртымен бірге екі жақ бетінде шошақ сақал секілді тағы бірдемесі бар. Суретті салған қытайлық суретші әсте «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деген мәтелді басшылыққа алған секілді. Бұл сурет «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде бірнеше авторлардың мақалаларымен қоса жарияланды. Ертеңгі күні осы суреттер тарихи оқулықтарға, фотоальбомдарға XVIII ғасырға жататын құнды жаңадан табылған тарихи сурет ретінде еніп жатса, бұрмаланған тарихымызды жаңа деректермен толықтырамыз, қайта қараймыз деп жүріп, керісінше біраз нәрсені бүлдіріп алатындаймыз.
Біздіңше, қазақ халқының мәдениеті мен тарихына қатысты жәдігерлерге қытайлық суретшінің көзімен қарау дұрыс емес. Кезінде қытайлық мүсіншілерге Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандардың ескерткішін жасатып, ескерткіштің сапасыз жасалғандығымен қоса, бет-бейнесі қытайлықтарға ұқсап кеткендіктен жарамсыз етіп тастағанымыз неге бізге сабақ болмайды?! Басқасын айтпағанда, XVIII ғасырдағы халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен ұлттық киім үлгілерінен хабар беретін жәдігерлер ұлттық мұражайларымызда бар емес пе?! Соңғы жылдары Абылай ханның, Қазыбек бидің және тағы да басқа айтулы тұлғалардың киген шапандары, пайдаланған заттары табылып, Нұр-Сұлтан қаласындағы ұлттық мұражайымызға қойылғанын да ұмытпайық. Осы суретке қатысты бір кездесуде суретті тауып әкеліп жариялап жүрген ғалым әріптесімізге: «Қазақ елшілері неге қытайша киінген, мына суретте біздің халқымызға қатысты ештеңе көрінбейді, шынымен де осы суретте қазақ елшілері бейнеленген деп ойлайсыз ба?» – деген сұрақ қойған едім. Әріптесіміздің: «Сол кезеңдегі Цинь империясының заңдары бойынша шетелдерден келген елшілер императордың қабылдауына барарда қытайша киіндіріледі екен», – деген жауабы мені қанағаттандырмады. Өз басым бұндай мәліметтерді тарихи деректерден кездестірген емеспін.
Соңғы кездегі «құнды тарихи суреттің» бірі – «Қазақ жауынгерінің» суреті. Авторы – Джордж Скотт. Берн тарихи музейінен табылыпты (Егемен Қазақстан. 2015. 12 маусым). «Джордж Скотт деген кім? Қазақ жерінде болған ба?» деп іздестіріп көргенімізде білгеніміз, Джордж Бертен Скотт (1873-1943) – XX ғасырдың бас кезіндегі француз журналының әскери тілшісі және иллюстраторы, француз суретшісі болып шықты. Ол Балқан соғысын және Бірінші дүниежүзілік соғысты бейнелеген суреттерімен танымал болған. Джордж Скотт эскиздерінің және фотосуреттердің негізінде өз ойынан құрастырған көріністерді де бейнелеп салған. Джордж Скоттың шығармашылық жұмыстарын сөз етіп жатқан себебіміз – оның «Қазақ жауынгері» суреті мүлдем қазақ жауынгерінің бейнесі емес. Онда көзі аларған қара нәсілді біреу бейнеленген. Джордж Скоттың «Қазақ жауынгері» атты суреті – атақты орыс суретшісі В.В.Верещагиннің «Бай-Қырғыз (Қазақ) аңшы сұңқарымен» деген суретінің көшірмесі. Тек бас бейнесі ғана өзгертіліп алынған. Түрлі-түсті өрнек салынған, жарғақ теріден тігілген шалбарды халқымыздың байлары, аңшылары, сал-серілері, балуандары салтанатқа киген. Шамасы Джордж Скотт орыс суретшісі В.Верещагиннің «Бай қазақ аңшысы сұңқармен» деген суретін иллюстрация жасаған секілді. Яғни, жаңадан табылған дүниелерді «ұлт тарихына қосылған үлес» деуден бұрын, екі суретті мұқият салыстырып, зерттеп-зерделеп қарастырған жөн болар еді.
Тарихи суреттер жөніндегі әңгіменің екінші бір қыры – қолымызда бар, өзімізге жете таныс болып қалған және тарихи оқиғаларды суреттеп жазуда пайдаланып келе жатқан суреттерді де сұрыптап пайдалану мәселесі. Мәселен, тарихи оқулықтарда кіші жүздің ханы Әбілхайырдың бейнесі деп еуропалық саяхатшы Джон Кэстльдің салған суретін пайдаланып келеміз. Оның қаншалықты шебер суретші екендігінен хабарым жоқ, бірақ оның кіші жүздің ханының бейнесі ретінде салған суреті – бүгінгі таңдағы Наурыз мейрамын тойлау кезіндегі еуропалық жігітке қазақтың шапанын кигізіп койған көріністі еске түсіреді. Д.Кэстль салған Әбілхайыр хан бейнесі де еуропалық жас жігіттің бейнесі болып шыққан. Оның үстіне маусым-шілде (жаз мезгілі) айларында хан ордасында болған суретшінің Әбілхайыр ханды қалың жолақты күпі секілді орама киіммен бейнелегені түсініксіздеу.
Біздің ұғымымызда XVIII ғасырдың бас кезіндегі Қазақ хандығының ішкі, сыртқы саясатында көрнекті рөл атқарған, атақты Аңырақай шайқасында бас қолбасшы болған Әбілхайыр ханның тұлғалық бейнесі жас ұрпаққа арналған мектеп оқулықтарында бұлайша көрініс табуға тиіс емес еді. Дегенмен, бұған суретшіні кіналай алмаспыз. Ол өз таным-түсінігі мен пайымынша салды. Д.Кэстльдің Әбілхайыр хан мен қазақтардың тұрмыс-тіршілігі жөніндегі естелік жазбалары мен салған суреттері XVIII ғасырдағы тарихымыз үшін құнды дереккөздер екені шүбәсіз. Тек ол салған суреттерді тарихи тұрғыдан дұрыс бағамдай алмаған қателік өзімізден кетіп отыр.
Біз пайдаланып, жариялап жүрген суреттердің бірі – атақты орыс суретшісі В.Верещагиннің туындылары. Суретші «Лепсі өлкесін қоршаған таулар», «Бай Қырғыз (Қазақ) аңшы сұңқарымен», «Шу өзені бойындағы Қазақ үйлері» атты еңбектерінде Жетісу жерінің сұлу табиғаты мен қазақтардың бейнесін көркем сурет жанрында әдемі бейнелеген. 1868-1870 жылдары Ресей империясының Орта Азиядағы басқыншылық жорықтарына қатысқан суретші соғыс шындығын боямасыз, бүкпесіз шынайы өмірге жақын етіп, соғыстың ауыр зардабын, аштық пен суықты, қатыгездікті, соғыс тудырған ауыр қайғыны, орыс әскерінің соғыстағы жеңісі мен жеңілісін де шебер көрсете білді. Суретшінің «Соғыс тауқыметі» атты әйгілі туындысы бар. Әңгіме осы туындыны қаншалықты сәтімен, түсініп, қалай пайдаланып жүргендігімізде.
Ресей империясының Түркістан өлкесін жаулап алудағы басқыншылық соғысына арналған суреттерінің қорытындысы ретіндегі бұл еңбегін автор «Соғыс тауқыметі» деп атапты. Онда пирамида секілді үйілген адамның бас сүйегі, адамның бас сүйегінің айналасында торуылдап ұшып жүрген аш жыртқыш құстардың тобыры бас-сүйектерге қонуда. Айнала мүлгіген өлі тыныштық. Күнге күйіп, кепкен өлі табиғат. «Соғыс тауқыметі» атты туындысы арқылы суретші адамға өлім әкелетін, тіршілік атаулыны жоятын, қирататын басқыншылық соғысты аяусыз әшкерелеп сынайды. Әйгілі туындысының астында суретші былай деп жазыпты: «Посвящается всем великим завоевателям, прошедшим, настоящим и будущим». Қазіргі таңда Верещагиннің бұл туындысын кейбір авторлар 30-жылдары зұлмат аштықтың салдарынан аштан өлген халқымыз жөнінде газет, журнал беттерінде жариялаған мақалаларында және зұлмат аштыққа бірден-бір жауапты адам Ф.Голощекин жөнінде жазған мақалаларында пайдаланып келеді. Яғни, соғыс тақырыбына арналған суретшінің еңбегін орнымен пайдаланбай келеміз. Суреттің мән-мағынасы өзгертіліп, оған басқаша түсінік беріліп те жүр.
Тарихи суреттер туралы сөз қозғағанда, суретші В.Хлудовтың халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпы мен әсем бай табиғатына арналған еңбектеріне тоқталмай кете алмаймыз. Суретшінің еңбектері жөнінде өзіміз қазақ бейнелеу өнерінің дамуына үлкен үлес қосылды деп қаншама әспеттесек те, оның еңбектерінің бізді ойландыратын тұстары бар.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1934 жылы «Қызыл крест» қоғамының араласуымен түрмеден босап келгеннен кейін Алматыдағы орталық мұражайда кеңесші болып жұмыс істеген кезінде суретші В.Хлудовтың қазақ тұрмысы туралы туындыларына «Суретші Хлудовтың суреттері бойынша қорытынды» деген 10 беттен тұратын сараптама берген екен. Ахмет Байтұрсынұлы «Суретші Хлудов неден қателесті?» деген пікірінде «Суретші Хлудовтың туындыларына жалпылама назар салғанда, оның қазақ тұрмысы мен өмірінде мүлдем кездеспейтін, не аса сирек ұшырасатын құбылыстарды бейнелеуге құмар бағыты бірден көзге ұрады. Бәлкім, мұнысын қазақтардың тұрмысын көпшілік жұртшылықтың санасына әбден сіңген қалыпта, яғни оларды жартылай жабайы түрде елестететіндердің ұғымына сай бейнелегісі келуімен, не нақты жағдайдың біртектілігі суретші көңіліне жақпайтындығымен түсіндіруге болар да еді. Бәлкім, суретші қазақтардың өмірімен үстірт қана таныс, сондықтан оны қалыпты жағдайда бейнелеуге дәрменсіз шығар» деп жазады (Егемен Қазақстан. 2020. 3-тамыз).
Халқымыздың ұғымына, тұрмыс-салтына мүлдем жат жартылай жалаңаш әйелдер топтамасынан тұратын «Жүлде үшін бәсеке», «Киіз үй ішінде», «Жүн сабап жатқан қазақ әйелдері» және тағы да басқа суреттері ұлт ұстазымен бірге бізді де қатты алаңдатады. Қаншалықты көркемдікпен салынса да, халқымыздың салт-дәстүріне жат суреттерге бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік өнер мұражайынан неліктен орын берілуі тиіс деген сұрақтың туындауы да заңды.
Кез келген құжатты тарихи сүзгіден өткізу, талдау тарихшының тікелей міндеті болса, сонымен қатар, тарихи суреттерді де орнымен пайдалану ісінде аса жауапкершілікпен қарау да тарихшы маманның тікелей жауапкершілігіне жатады. Бүгінгі таңдағы көркем безендірілген, иллюстрацияланған альбом-кітап шығару жұмыстары өркендеп бара жатқан кезеңде бұл іс барша тарих, өнер жанашырларына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр.
Досалы Салқынбек,
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі,
ҚазҰАЗУ-нің профессоры