Түс ауа қолына аса таяғын ұстап, үйінен шыққан қария жаяу тарта отырып қызы мен күйеу баласының үйіне жетті. Қызы үй сыртына дастархан жайып, ал немересі Асан үй сыртында жас шыбықтармен ойнап жүр екен.
– Қалың қалай, балам? – деді атасы аулаға кіре бере.
Атасын көрген бала қуана қолындағы шыбықты тастап, атасына жүгірді.
– Әкең үйде ме?
– Әкем қонаққа кеткен. Үйде тек анам екеуіміз ғана.
Осы кезде есік алдына қолына бір табақ бауырсақ ұстаған қызы шыға келді. Әкесін көре сала сәлем берген қызы оны көрпе үстіне жайғастырды да, дастархан бабымен үй ішіне қайта кіріп кетті. Немересі қора ішіндегі жаңа туған қозылармен ойнап, алдарына шөп беріп келді. Енелері өріске кеткенде қозыларға бас-көз болып өзі қалады.
Бір кезде немересінің:
– Мәуе берсем жейсіз бе?! – деген дауысы шықты.
Басында қария түсінбей қалғанымен кейін ұқты. Мәуе деп күнделікті өзі көретін жемісті айтады екен. Төл атауы солай екен.
– Мәуе өсіп тұр ма еді? – деді қарт.
– Иә, далада өсіп тұр. Бағана теріп әкеліп жегенбіз. Қаласаңыз ертіп апарайын.
Көрпе үстінде жата жалыққан қарт немересімен бірге мәуе ағашын бір көрмекке бел байлады. Содан соң, орнынан тұрып немересінің соңынан ілесті. Шамалы жүре отырып, олар жапан далаға кезікті.
– Мәуе ағашы, міне!
Қарттың көзіне жалғыз қыздай сопиған ағаш түсті. Жемісі мол екен. Алайда жапан далаға құшақ жайып өсіпті.
Немересі ағаштың жемісінен біреуін үзіп, қартқа ұсынды. Қарт ауызына салып еді, дәмі тәтті екен.
– Бұл ағашты қайдан таптың? – деді қарт күліп.
– Кеше анам ауырғанда мәуе ағашынан бір құты толтырып шайға қосып бергенмін. Содан соң, жазылып кетті. Мәуе ағашының пайдалы тұсы көп екен. Қалаған ауруға ем болады.
– Бұрын мұны білмеген екенмін. Жүр, тағы толтыра алып кетейік…
Немересі екеуі мәуе ағашынан бір уыс толтырып алды да, үйге беттеді. Әкесі үйіне келген екен. Қойлар қораға кіріп, қозылармен емізіп тұр екен. Шәй да дайын болыпты.
– Бүгін атамды мәуе ағашына апардым, – деді қуанышты үнмен Асқар.
– Оның дұрыс болған, – деді әкесі.
Осылайша, дастархан басында аз-кем әңгіме айтылды. Түн бата әркім өз төсек орнына жайғасты да, атасы тапшанға ұйықтамаққа бекінді. Таң ата жол жүрмекке бекінді.
Таң ата әтештің шақырған дауысынан оянған қария дастарханға аяңдады. Дастархан басында кешегі бауырсақпен бірге мәуе жемісі де тұр екен. Шәй ішіп болған соң, немересімен қоштасты да, қолына таяғын ұстап үйіне қайтпаққа бел байлады. Келе жатып, көзіне кешегі өзі көрген мәуе ағашы түсті. Бағытын өзгерткен қария мәуе ағашының жанына жақын келді. Сөйтті де, басқа ағаштардан ерекше жалғыз өсетін бұл ағаштың қасиетін ойлана келе, қария бір уыс толтырып алды да, қайта кері бұрылды. Жолай құлағынан немересінің «Мәуе берсем, жейсіз бе?!» деген сөзі кетпей қойды…
Гауһар НИЯЗЫМБЕТ, Тараз қаласы