«Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу».
(ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласынан)
ЖІГЕР МЕН ҚАЙРАТ, КҮШ ПЕН МАҚСАТ, СЕНІМ МЕН ІЗДЕНІСТІҢ ТОҒЫСҚАН КЕЗІ
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ел өмірінде елеулі оқиғалар орын алуда. Тұғыр мықты болмаса, іс алға баспайды. Халықтың басты тұғыры – тәуелсіздік. Тәуелсіздік тұғырының берік болуы – ұрпағымыздың қолында. Оны алға апару – интеллектісі жоғары, ақыл-ой парасаты биік жастарымыздың басты мұраты болмақ. Қажыр-қайраты жоғары, ақыл ой-санасы тәуелсіз, генерациясы толысқан жастардың әлемдік ақпараттарды меңгеруі және мәдениет пен тарихты жетік білуі елімізді алға бастап келеді.
Қазақстандық қоғам күрделі жүйелік реформаларға, әлеуметтік құрылым мен институттардың, бұрынғы әлеуметтік-мәдени құндылықтар мен нормалардың түбегейлі өзгерісіне куә болды. Қоғамның рухани саласында кейінгі жылдары болған өзгерістер адамдардың психологиясы мен ойлау жүйесіне ықпалын тигізді. Осы үдерістер жас ұрпақтың құндылықтар құрылымын қалыптастыруына, олардың өмірлік талап ниеттеріне, әлеуметтік көңіл-күйлеріне және діліне зор әсер етті. Ол мемлекетімізге, қоғам өмірінің түрлі салаларындағы проблемаларды шешу үшін бүкіл тіршілігімізде қордаланып қалған орасан зор рухани әлеуетті жүзеге асыруға алып келді. Қоғам дәуіріндегі жаңа көзқарасты, жан-жақты дамыған, білімді, білікті мамандарды ортақ іске шоғырландырды. Жастарымыз жаңа ұлттық идеологиямен сусындап, олардың ұлтжанды, Отанға деген патриоттық сезімдері қалыптасты. Осылайша, олар қазіргі таңдағы қоғамдық дамуымыздың негізгі қозғаушы күшіне айналды.
Адамдардың қоғамға біріккен сәтінен бастап, қауымдастыққа тиімді заңдарды жасауға және сол заңдарды оған тағайындалған лауазымды адамдармен жүзеге асыру үшін үлкен жұмыстар жасау көзделген. Мұндай жағдайда басқару формасы кемелденген демократия болып табылған.
НЕГАТИВ – РУХТЫ СӨНДІРУШІ ФАКТОР
Дүниедегі ең бір тағылымды нәрсе – сөз бен істің бірлігі. Біз – осы бірлікке зәру халықпыз. Сондықтан қоғам, ел деген сөздерді көп айтуға тиіспіз. Ол, әсіресе, атқарушы билік тарапынан жиі айтылуы абзал.
Тәуелсіз елдің негізгі мақсаты мен міндеті ұрпақ тәрбиелеумен астасады. Өйткені, біздің келешегіміз зайырлы тәрбие алған ұрпақпен тығыз байланыста құрылған. Ал, ұрпақ тәрбиесі мәңгілік құндылықтар жүйесі.
Бүгінгі қазақтың санасын меңдеген келеңсіз мінездерді жоққа шығарып, қазақ ондай емес деп халықты ақтаумен айналысудан да, керісінше, жат қылықтарды тізіп, халықты көзге түрте беруден де бойды алшақ ұстаған дұрыс. Негативті теріп айта беру – өзіндік идеясы жоқ, Отанын сүймеушілер. Негатив – рухты сөндіруші фактор. Бізге өткеннен сабақ алатын, өкінішті оқиғаларды қайталамауға үйрететін, алдағы уақыттарда тек жеңіске шақыратын идея керек. Бәрінен бұрын осы құбылыстарды зерттеп, олардың туу себебін айқындап, бұқаралық сананы дұрыс жолға бағыттайтын қайраткерді табу керек. Себебі, бұқаралық санада көрініс беріп жүрген кейбір жағымсыз құбылыстардан арылмай, алға жылжу мүмкін емес. Саяси биліктің ұстанымы өткен мен бүгінгі күннің өзіндік сипатта өрбуіне жол ашып отыр.
Тәуелсіз Қазақстан үшін дамыған 30 елдің қатарына өту жолында, экономикалық реформалармен қатар, көптеген әлеуметтік және рухани мәселелерді шешу қажеттігі туындауда. Алайда, ашық қоғамның маңызды бір белгісі – азаматтық қоғам идеясы бойынша, бұл мақсатты жүзеге асыру үшін тек мемлекеттің белсенділігі жеткіліксіз болып табылады. Оған жету үшін оның форматында – Игілік, Әділеттілік, Сұлулық, Даналық, Ақиқат, Бақыт сияқты моральдық идеялық ұстанымдар жатуы тиіс. Бұл қағида ізгілік пен Отанға деген махаббатты туғызады. Оны ашық мінезді, көңілді, өзінің ойын оңай жеткізе алатын қасиетке ие талғампаз қайраткерлер ғана жеткізе алады. Ондай қайраткерлер елімізде бар. Солардың бірі – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Ғалымқызы Балаева.
Жақында жоғарыда біз тілге тиек еткен ұстанымдар министрдің қатысуымен Отбасы күні аясында ұлттық тәрбие беру мен отбасы құндылықтарын нығайту мәселелері бойынша онлайн режимінде өткен дөңгелек үстелде әңгіме арқауына айналды. Іс-шара болашақ ұрпақ тәрбиесіне арналды. Тақырып өте актуалдығымен аса маңызды. Үкімет мүшесінің тақырып аясын кеңейте отырып, оған заң шығарушы билік өкілдері мен атқарушы билік қызметкерлерінің талқылауына алып шығуының өзі құндылығымен ерекшеленеді. Министрдің тәрбиеге ерекше екпін беруінің өзі – ұлды тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейтініміз, қызды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейтініміз (Платон) формуласына сай келеді.
Лев Гумилевтің «пассионарии» теориясына сүйенсек, біз кемеліне келіп тасуға қабілетті жас мемлекетпіз. Елімізде бұрын ешқашан болмаған нәрсені армандауға қабілетті жастар бар. Сондықтан қоғамымыздағы ой-сананы түбегейлі өзгертуіміз қажет. Бір замандары халқымыздың ұлы перзенті Шоқан Уәлиханов: «Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек», – деген болатын. Бізде осының екеуі де бар. Сала министрінің жастар тәрбиесіне екпін түсіруі бұл мемлекет саясатының құрамдас бір бөлігі деп түсінген жөн. Айналаны індет шарпыған қазіргі кезде тәрбие тінін ашық қалдыру болашақта үлкен залалын тигізетінін ол жақсы сезіне білген.
Ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, ата-бабаларының ісін әрі қарай жандандырып, ел игілігін арттыра беретін сенімді, саналы ұрпақ өсіп келе жатқаны қандай жақсы?! Бұл да рухани жаңғырудың бір көрінісі емес пе?!
Антикалық құл иеленуші мемлекеттер Ежелгі Грекия мен Рим билігінің өзі жас ұрпақтың дене бітімінің және ақыл-ойының түзу болып өсуі мәдениетімен айналысқан.
Кезінде Сталин, Гитлер, Мао Цзэдунның өзі жастармен жұмыс істеуді назардан тыс қалдырмаған. Бұр ретте Түркия елінде жастармен жұмыс істеуде республика құрылуымен дәстүрге енген жақсы тәжірибе бар. Түркия лидері Ататүрік қалап кеткен осы зайырлы дәстүр күн тәртібінен бүгінгі күнге дейін түспеген. Ататүрік мемлекеттік шенеуніктердің алдында сөйлеген сөзінде: «Бүгінгі таңда жастармен жұмыс істеу кімнің құзырында? Олар өздері қалаған оқуларына түсе алмаса, олардың болашақ тағдырымен кімдер айналысуы тиіс? Қоғам оны бейжай қалдырмауы керек. Демек, оларды бейіміне қарай қоғам ортасына тарту қажет. Қалай? Мүмкін оларды мемлекеттік мекемелерге жұмысқа тарту керек болар. Кеңсе қағаздарын тасысын, қонақ үйлерге келушілерді күтіп алып, киімін іліп, шығарып салсын, осылайша кеңсе мәдениетін үйренсін. Осы арқылы біз Түркияның болашақ патриоттарын дайындаймыз», – деген.
Түркияның сервистік жағынан әлем елдерінен озық болу дәстүрі сол кезден қалыптасқан жағымды дәстүр. Қараңыз, қазір жастар тәрбиесімен кімдер айналысып жүр? Олардың тәрбиесімен әлем елдерінде криминалдық авторитеттер, кришнаиттер, сатаналар айналысуда. Мұндай жағдайлар жастар тәрбиесін сырт қалдырған елдерде орын алуда.
Министрдің тақырыпты қоғам өмірінің талқысына салуында ерекше талғам бар. Тәуелсіздігіміздің 30 жылында сала министрінің пандемия жағдайында мәселені ортаға алып шығуына айрықша мән берген жөн. Бір мысал: Осыдан оншақты жыл бұрын өзіміз ерекше үлгі тұтатын Израиль мемлекетінің президенті, Нобель сыйлығының лауреаты Шимон Перес аптаның бейсенбі күнінде ұлттық телеарнада тікелей эфирге шығып, жастар тәрбиесі мен ұлттық ерекшеліктер туралы екі сағаттық тәрбие сағатын өткізуді дәстүрге айналдырған еді. Бүгінгі еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрінің бастамасы да осыған үндес келеді. Іс-шараның мақсаты – бала тәрбиесіндегі ата-ананың, мектептің және қоғамның рөлін анықтау, балаларға білім беру мен тәрбиенің өзекті мәселелеріне назар аудару. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегенде әл-Фараби бабамыз осыны айтса керек.
Коронавирус індетіне, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз «идеологиялық вирустар» да таратыла бастады. Жалған ақпараттар сол вирусты әлеуметтік желілер арқылы шұғыл таратып жібереді. Сондықтан «Әлеуметтік желілер туралы» заң қабылдау қажеттігі тұр. Бұл сөз бостандығын шектеу үшін емес, әлеуметтік желі жүйесін заңнамалық тұрғыда реттеу және олардың құрылтайшыларының заң алдындағы жауапкершілігін көтеру үшін қажет болуда.
Мәдениетті, ұлттық құндылықтарды қорғау дегеніміз – есік-терезеңді бекітіп алып, айналаға көз салмау деген емес. Одан саңылау тауып, ту сыртыңнан соққы жасауға дайын тұрғандар бар. Мәселені осы тұрғыдан түсінгеніміз абзал. Технологиялық қоғамда төл мәдениетіміз бен ұлттық санамызды сақтап қалу үшін өзіміздің ішкі рухани ресурстарымызға, ең алдымен ұлттық құндылықтарымызға жүгінуіміз керек. Ал, мемлекеттік идеологиямыз ұлттық мұрат тұрғысынан қалыптасуы тиіс. Ұлттық дүниеге қатысты іс-шараларға, ауқымды жобаларға қаржы бөлу мәселесіне баса назар аудару бұл маңызды шара.
Бүгінгі таңда жастар арасында театр сахнасын өмірі көрмегендер бар. Мектеп ұжымдық түрде табиғат аясына, үлкен сауда орталықтарына баруды дәстүрге айналдырып алған. Бұл да керек болар, бірақ балаларға маңыздысы театр сахнасы. Мәселен, Бразилия үкіметі ай сайын студенттер мен жұмысшы жастарға кітап оқып, театрға бару үшін 25 доллар ақша стипендия береді. Түрмеде отырғандар кітап оқыса, жазасы қысқартылады. Ал, бізде қандай? Жоғарыдағы жапон оқырмандарының мерзімдік баспасөзге қайта оралғанындай, қазақ оқырманын газет-журнал оқуға қалай қайырамыз? Міне, сұрақ қойылатын тұстар. Мемлекет мұқтаждығы үшін барар жері, басар тауы болмаса да, қоралы отбасын отырған үйлерінен босатуға мәжбүрлеуге болады. Ал, сол халықты газет-журнал оқуға міндеттеуге болмайды. Неге? Заң оған жауап бермейді, мәселені осы тұрғыдан жаңадан қарастыру қажет.
Көшпелі қоғам ешқашан бір жақты болмаған. Оның тұрмыстық мәдени болмысында: мал шаруашылығы, егіншілік, қалаласу процесі, оқу-білімі бәрі бар толыққанды қоғам құрған. Осының ішінде жазу мәселесіне келсек, ол шаруашылық немесе қазіргі тілмен айтқанда, экономикалық көрсеткіш емес, ол өркениеттің белгісі. Сонымен қатар, көшпелі қоғам, яғни Ұлы дала тұрғындары табиғатпен жұптасып өмір сүрген, оның жаратылыс заңдылығын жақсы игерген. Өмір сүрген ортасына көзінің қарашығындай қамқорлық танытқан. Тағы бір ерекшелеп айтатын дүние – көшпенді қоғамда адами фактор бірінші орында болған. Қазіргі әлеуметтанушылар айтып жүрген «адам капиталы» дегеніміздің түп төркіні осында жатыр.
XXI ғасырда мәдениет пен туризмнің басты экспортшыларының біріне айналған тұста Оңтүстік Кореяның табысы еселене түсті. Мәдениет индустриясын дамытуға мемлекеттің өзі қолдау білдіріп, шығармашыл топтарға түрлі субсидия беріп, жаңа бастамаларға қаржылай көмек көрсетіп отырған. Мәдени экспортты мемлекеттің басым бағыттарының біріне айналдырған мемлекет әлемді «жұмсақ күш» арқылы жаулауды мақсат етіп отыр. Өркениетті елдердің ұлттық ерекшеліктері мен құндылықтарын мемлекеттің даму жолында тиімді қолдана білген мысал аз емес.
Батыс құндылықтарына жұтылмай, өз ерекшелігін айшықтай отырып, ауыз толтырып айтарлық жетістікке жеткен санаулы елдің бірі – Жапония туралы айтқанда, халықтың өзгеге ұқсамайтын өмір сүру философиясын айналып өту қиын. Кайдзен, икигай сынды бірден естігенде түсінуге қиын ұғымдар тұтас бір жұрттың өмір сүру жолын сипаттайды. Кайдзен қазақша «жақсы жаққа өзгеру» дегенді білдіретін жүйе жетістікке бір күнде жетемін дегендердің ойын жоққа шығарады. Жапондық жүйе бойынша бір белесті бағындыру бір күннің емес, жүйелі әрі күнделікті шағын әрекеттердің нәтижесі.
Бүгінде жасөспірімдер арасында түрлі келеңсіздіктерге жиі куә болып жүрміз. Олардың қатыгездікке бейімділігі, суицид, толеранттылықтың төмендігі, басқа да мәселелер, бұлар атүсті қарайтын дүние емес. Дегенмен, мұның түп негізінде отбасының рөлі зор. Мемлекетшіл азамат қашанда отбасынан алған тәрбие мен жалпы қоғамдық құндылықтардан қалыптасатыны белгілі. Пандемияға дейін бізде балаға білім мен тәрбие беру ісіне балабақшалар мен мектеп қана жауапты деген пікірлер болды. Қазір карантин кезінде бұл ойдың түбірімен өзгергенін көріп отырмыз. Бала тәрбиесіндегі отбасының, ата-ананың рөлі мен жауапкершілігі арта түсті. Уақыт бізден отбасы мен бала тәрбиесіндегі құндылықтарға жаңа қырынан қарауды талап етіп отыр. Мемлекет басшысы өз Жолдауында ұлттық болмыс тақырыбында ұлт сапасын арттыруға басымдық берген болатын. Әлем бүгінде күн сайын өзгеріп жатыр. Өмірімізге жаңалықтар жан-жақты енуде. Бұл орайда ұлттық құндылықтар мен заманның озық үлгілерін бір-бірімен ұштастыра отырып, балаға білім беру мемлекеттік мәселе.
Мемлекеттің отбасы, демографиялық саясаты – министрліктің басты бағыттарының бірі. Сондықтан бұл бағыттағы жобаларға қашанда ерекше мән берілуі тиіс. Оны министр дер уақытында көтеріп отыр. Осыған орай министрлік тарапынан отбасы институтын дамыту бағытында 6 әлеуметтік жобаға грант бөлінген. Солардың ішінде бала және денсаулық, жастар арасында отбасылық құндылықтар, отбасылық қарым-қатынастарды нығайту жобаларын ерекше атап өтуге болады. Әлеуметтік жобаларды тиімді іске асыру мақсатында үш бағыт бойынша жұмыс топтары құрылған. Әр жоба қорытындысы бойынша жұмыс топтары отбасы институтын нығайту, балаларды қорғау, гендерлік теңдікті ілгерілету бағытында нақты ұстанымдар әзірлеу де жүзеге асырылуда. Бұрын министрлік мұндай тәрбие істерімен түбегейлі түрде айналысқан емес. Сонымен қатар, министрлік жанында отбасы институтын зерттеу орталығы жұмыс істеуде. Бұл да сала басшысының жаңашыл бастамасымен өмірге келіп отыр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Жауапты мемлекет, жауапты қоғам, жауапты адам» жүйесін орнату туралы айтқан болатын. Бұл міндеттің түбінде қоғамдық тәрбие ұғымы жатыр. Тәрбиенің бастау бұлағы, қайнар көзі – отбасында. Сондықтан отбасылық құндылықтың жаңа заманға сай үлгісін жасау біздің бүгінгі басты мақсатымыз. Бұл орайда қоғамдық талқылаудың, халық пікірінің маңызы қашан да зор», – дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.
Бұл тұста министрдің әрбір отбасындағы жетістік пен кемшіліктің қоғамның ортақ көрсеткіші екенін алға тартып, мемлекетшіл азамат қашанда отбасынан алған тәрбие мен жалпы қоғамдық құндылықтардан қалыптасатынын жеткізіп отырғанын көреміз.
Жалпы, тәрбиені бесіктен бастау керек деген ұғымның үлкен мағынасы бар. Бесікке салу көптеген түркі халықтарында бар тәрбие. Бірақ басқа да құндылықтар жүйесінің болғанын қалар едік. Мәселен, түркімендер бала дүниеге келген сәттен бастап, оған арнап кілем тоқиды екен. Баланың алғашқы қаз басқан қадамы да сол кілем үстінде орындалады. Сол кілем балаға берілген алғашқы еншінің басы көрінеді. Ал, Грекияда бала дүниеге келген күні зәйтүн ағашы егіледі. Осыған ұқсас бізде қандай жағымды үлгі бар?
Жыл сайын маусым айының басында Рәміздер күнін атап өтеміз. Оның өзі декларативті түрде. Соны басқа бір шырайда өткізуге болмас па еді. Бұл жерде патриоттық тәрбие жатыр. Ресей философы Ильин: «Баланы жұбатқанда орыстың әнімен жұбату керек. Әннің сөзінде орыс жерінің кеңдігі, батырларының аттары атой салып тұруы керек», – дейді. Фин халқында тура аударуға келмейтін «сису» деген сөз бар. Ол сөздің мағынасы біздің өр мінезді, рухы мықты, еңсесі биік, ауызбіршілік дегенге келеді. Фин ғұламалары «сису» сөзін ұлттың табиғатына сай еңсені көтеру сөзіне орайластырған. Ұлт басына төнген дағдарыс кезінде финдерді осы өр рух «сису» алып шығыпты. Бұл сөз Еуропа халықтарында да, финдерге жақын Балтық елдерінде де жоқ көрінеді. Ол тек қана бізде қазақтарда бар болып шықты. «Сису» сөзінің төркіні біздің «Еңсеңді тіктемей, рухың көтерілмейді», «Еңсең жығылмасын» дегенге келеді екен.
Коронавирус пандемиясының әлем елдеріне келтірген шығыны орасан. Адамдар өмірін жалмағаннан бөлек, індеттің салдары экономикаға да ауыр тиіп отыр. Соның нәтижесінде шартараптың түкпір-түкпірінде жұмыс орындары жабылып, халық әбігерге түсті.
Қазақ халқына әділетті қоғам, өркениетті ел мен дамыған орта туралы түсінік жат емес. Қай заманда болсын халқының әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігін жақсартып, жайлы өмір сүруін аңсаған тұлғалар аз болған жоқ. Жұртының дәулетті өмір сүруіне ықыласты болған арыстардың асқақ арманы мен биік мақсаты бүгінгі ұрпаққа өсиет болып жеткендей.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясын ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады. Бүгінде қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған мақсаты мен тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық әрекеттерін «Мәңгілік Ел» идеологиялық ұғымына сіңіру арқылы ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың алғышарты қаланды деуге де болады.
«Мәңгілік Ел» жалпықазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың мәңгілік арманы. Бабалар аңсаған өркениетті қоғамның іргетасы қазақ даласында әлдеқашан салынып, алғышарттары айқындалған. Жастардың ілім мен білім көкжиегі кеңіп, ғылымға деген ықыласы жыл санап артып келеді.
Ұлы бабалардың аманатын арқалаған қазіргі ұрпақ Қазақстанды әлемнің ең озық елдерінің біріне айналдыратынына шүбәсіз сену аздық етеді, бұл жолда әр адам өзін дамыту арқылы ортақ мұратқа үлесін қоса алады.
Ұлттық дәстүр, мәдениет пен бүгінгі заманның талабы жаңа технология арасында өзіндік үйлесім тапқан елдердің үлкен жетістіктерге жеткеніне куәміз. Осы ретте соңғы жылдары мәдени экспорттың озық үлгісін көрсеткен Оңтүстік Кореяны айтпай кетпеске болмас. Корей киносы мен музыкасының осыншама танымал болуының сыры неде? «Корея толқыны» деген атауға қалай ие болды?
Бүгінгі үздіксіз өзгермелі уақыт қоғамнан ойлау жүйесін өзгертуді талап етіп отыр. Бір ғана Беларусь елін алатын болсақ, жаңа технологиялар саласында жастардың идеясын пайдалана отырып, жылына 1 млрд доллардың өнімін өндіреді екен. Осы орайда жастардың әлеуетін пайдаланудың маңызы зор. Қоғамның, тіптен бір ғана отбасының бюджеті, алдағы даму жоспары дұрыс жасалуы шарт. Елдің дамуы Үкімет жұмысының тиімділігі мен әрбір қоғам мүшесінің әлеуетімен тікелей байланысты екені айқын. Бұл турасында да Аида Ғалымқызы «Рухани даму және ұлттық дәстүрлерді сақтау» атты дөңгелек үстелі кезінде бала тәрбиесі мен қоғамда болып жатқан жағдайларға қатысты өз ойын білдірді.
«Отбасы және ұлттық құндылықтардың негізінде тәрбиеленген баланың үлгерімі де, интеллектуалды күші де көп. Осыны қоғамға, ата-аналарға жеткізуіміз қажет. Қазір біздің қоғамда мейірім жетпейді. Бір-бірімізге жанашырлық жасауды қойдық. Ізет көрсетуді қойдық. Осының бәрі ұлтқа зиянын тигізетін дүниелер. Бұл олқылықтарды болдыртпау сіз бен біздің қолымызда», – дейді министр.
Министрдің сөзінше, әр адамның бәсекеге қабілетті болуына үш фактор әсер етеді. «Біріншісі – денінің саулығы, екінші – біліктілігі мен білімі, үшінші – мамандық таңдауда жаңылыспай, өзін-өзі табу мәселесі. Жаһандану процесінде әрбір жас толқын өзінің ұлттық құндылықтарын жоғалтпау үшін рухани жаңғыруды бойына сіңіріп өсуі керек. Бұл жерде отбасының рөлі үлкен», – деп санайды Аида Ғалымқызы.
Аида Балаева осы тұста қоғамның ажырамас бөлігіне екпін түсіреді. «Біз қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Қоғам – үлкен. Біздің қоғам екіге бөлініп отыр: демократиялық қоғам, ұлттық тұрғыда өсіп-өркендеген қоғам. Абай «Адам баласын заман өсіреді. Кім де кім жаман болса, замандасының бәрі кінәлі» деген. Бізге жат дүниелердің пайда болғанына қоғам мүшелері – бәріміз кінәліміз», – деп ой қорытады. Министр ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жандандыру қажет екенін де естен шығармайды.
Бүгінгі жаһандану заманында нарық адамның психологиясына үлкен салмақ салып отыр. Осы мәселеде қазақ ұлты өзіне тән ділімен, рухани дүниесімен, болмысымен қоғамда өзіндік орнын сақтап қалуы қажет. Батыс өркениетіне қарай икемделе бермей, керісінше, Батыс өркениеті мен мәдениетін өз қажетімізге қарай бейімдеп, ұлттық болмысымызды, рухани дүниемізді сақтап, байытып, дамытуға тиіспіз.
Осы бір өліара шақта қазақтың жанына жақын болатын құндылықтар жүйесі кітап пен мерзімдік басылымдар болып отыр. Заманның қай кезеңінде болмасын ұлттық рухты қазақтың көңіліне бірде сығалап, бірде сыналап кіргізіп, қазақ руханиятының туын дұшпанға бермей алға сүйреп келе жатқан БАҚ қана. Осы күні газеттің күні бітті, интернет шықты деп дуылдасып жүргендер де бар. Бұлай ой қорыту түбірімен қате пікір. Себебі, компьютерлік жетістікке жеткен жапондар тәрбиенің бесігі ретінде газет-журналдарға қайта оралып отыр. Осыған орай, Жапонияның 1982-1987 жылдардағы премьер-министрі Накасонэ Ясухиро: «Әлемдегі ғажайыптың еш құпиясы жоқ. Біз әлемнің кәсіби басылымдарын ғана үзбей оқимыз», – деп үндеу жасағаны бар. Бұл – жапон премьер-министрінің халықты баспасөзге жазылуға шақырған үндеуіне сай келген болатын.
Соңғы уақыттарда газеттің халыққа жақындай түскенін қоғамның өзі қолдап отыр. Газет-журнал оқымайтын, күнделікті сабағы бір сарынды жаттанды өтетін мұғалім ұрпаққа не береді?
Халқымызда «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген қанатты сөз бар. Бұл жерде консенсус игі бастамаларға жол ашады. Ал, оның негізі – идеяда жатыр. Жақында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» қолдауымен «Кеңес» онлайн кеңес беру қызметі «Ауылдық елді мекендер тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру» жобасын іске асырып, ол қазірдің өзінде халық арасында кеңінен қолдау тауып отыр. Бұл да қоғамдық сауықтырудағы саналы бастама. Ақпарат министрлігінің бастамасы өзге қоғамдық институттар тарапынан да қолдау табуда. Мұның өзі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында квазимемлекеттік секторда Қоғамдық кеңестер құру жөніндегі тапсырмасына үн қосу болып табылады.
ЖАПОН ХАЛҚЫ ГАЗЕТ-ЖУРНАЛ ОҚУҒА ҚАЙРЫЛДЫ
Дабыралық пен даңғойлық дендеп барады. Рас, сауал сансыз, жауап мәнсіз. Ұлы Абайдың аптасына не айына өзіңе бір рет болса да есеп бер дейтіні сондықтан болар. «Мен кіммін, қайдан келдім, кайда барам» тақылеттес адамзатты руханият шыңына алып шығатын сұрақтар қайда?
Сұрақтар үлкен өркениетті тудырады. Ол ғылымның анасы іспетті. Сұрақ қойылмайтын қоғамда білік тежеледі, таным ортаяды. Қарапайым сұрақтар ұлы жауаптар күтеді. Сондықтан сұрақ белгісі дамудың қайнар көзі. «Неге» деген сауал бірте-бірте «қалай» және «қашанға» айналады. Осылай сұрақ қоймаса, ғылым дамымайды. Егер сұрақ қойылмаса, қоғамдағы түйткілдердің шешімі табылмайды. Егер студент сұрақ қоймаса, білімі ашылмайды. Қызметкер сұрақ қоймаса, мәселені неден бастарын білмейді. Әрине, бұл ретте, дұрыс сұрақ қоя білу де үлкен біліктіліктің белгісі. Адамзат сұраққа жауап іздеген сайын ішкі өрімі шексіздікпен шектесе береді. Ал, біз баламыз сұрақ қойса, немқұрайлы жауап береміз. Балдырған сұрақ қойса, тәрбиешісі тыйып тастайды. Сұрақ қойғыш шәкірт ұстазына жақпайды. Журналист қалам ұшында қалқыған сан сауалдың жауабын таппай қалады. Ал, қызметкер басшысына сұрақ қоюға қаймығады… Бұл мәселенің күрделене түсуіне алып келетін фактор. Десек те, қай заманда болмасын кез келген дүниеде жүз пайыздық мінсіздік болған емес.
Журналистикада реформа жасау мүмкін емес, бірақ өзгеріске қашанда орын бар. Оның қолданыс аясында жаңалықтар жасауға болады. Оны, әрине, біздің жағдайда жан-жақты ұйымдастыруға болады.
Арманы ақша мен рейтинг болып отырған кез келген масс-медианың негізі Руперт реттеп берген жүйе десек, әлемде осы үштік шаблонға шатылмаған БАҚ саусақпен санарлық болар. Нарық заманындағы телевизия саласында нан тауып, жан бағудың негізгі формуласы Мэрдоктың үштік жүйесін негізгі міндетке алып, осы тұрғыда мақсатқа жету болса, қазіргі масс-медиаға қақпақ болу да мүмкін емес. Әркімнің рейтинг жинау, қаражат табу, содан кейін барып халықтың қамын ойлау және тағы басқа журналистік функцияларын атқаруда көзқарасы әртүрлі. Сәйкесінше, жаңалық беру форматы да өз еркінде. Дейтұрғанмен, заңмен бекітілген, адамгершілік моральмен мөр басылған жалпыға бірдей бір нәрсе бар болса, ол – журналистік этика. Өмірде айтылмауға тиіс дүниелер бар. Себебі, сол айтылған нәрсе жанына батып, жүрегіне дақ болатын адамдар әлі де ортамызда болуы мүмкін. Талқыға түспеу керек мәселені талқылаудан бас тарту керек, оның үстіне факт пен дерексіз, есеп-қисапсыз, әсіресе, шындықсыз. Белгілі журналист Виталий Третьяков мұндайда «кадрлық саясатты өзгерту» деген пікір айтады. Сөзінің жаны бар.
Өткен жылдан бастап мемлекеттік-әлеуметтік саясат жүйелі түрде қайта қарастырылды. Бес әлеуметтік бастама, соңғы Жолдау және жастарға арналған әлеуметтік қолдау шаралары аясында барша қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету үшін көп қаржы бөлінуде. Бүгінде көптеген елдің мұндай әлеуметтік шығындарға шамасы келмейді. Бұл бағдарлама елдің әл-ауқатын көтеруге бағытталғандығының жарқын көрінісі. Бірақ, жаңа технологиялар заманы жер бетіндегі қандай да болмасын мемлекеттен бәсекеге қабілеттілікті талап етеді.
«Бумеранг» – тікелей эфирде кез келген тақырыпты ашық қозғауға болатын алғашқы бағдарлама. Бағдарлама көтерген тақырып қоғамда сан түрлі пікірлер тудырып, көрермен әр эфирді күтіп көретін деңгейге жеткен.
АҚШ-тағы тұтынушылардың үлкен нарығы сол елдегі ақпарат құралдарының дамуына оң ықпал етіп отыр. АҚШ-тың ең үлкен штаты Техаста 28 миллионнан астам адам тұрады. Содан болса керек, Техаста жергілікті телеарналар мен радиостансалар, интернет басылымдар шаш етектен. Небәрі бір жыл бұрын ашылса да, үкіметтен бір тиын алмай, толықтай оқырмандар мен донорлардың қаржысына жұмыс істейді.
Батыстағы ақпарат құралдарының оқырмандарды медиаға мүше болып ақша аударуға шақыруы қалыпты құбылыс. Былайша айтқанда, сайтқа ақша аударған кез келген оқырман сол ақпарат құралының мүшесіне айналады. Кей ақпарат құралдары сайтындағы мақалаларды тек өз мүшелеріне, яғни ақша төлеп жазылған оқырмандарына ғана ашады. Алайда, көптеген онлайн ақпарат құралдарындағы барлық ақпарат барша оқырманға ашық. Ондағы мақалаларды кез келген оқырман оқи алады. Олай болса, оқырман бұл дүниені онсыз да тегін оқи алса, ақпарат құралына не үшін өз еркімен ақша аударады? Расында, мұндай сұрақтың тууы мүмкін ғой. Медиаға ақша аудару азаматтық сана-сезімге байланысты. Ел өмірінде маңызды оқиғалар болып жатқанда, көп оқырман бұдан сырт қалуды жөн көрмей, тілшілерге қолдау көрсеткісі келетін кездер де кездеседі. Мұндай жағдайда өзіне ақша аударған оқырмандарды ақпарат құралы әсте ұмыт қалдырмайды. Ондай оқырмандарға әр ақпарат құралы әрқилы жолмен ризашылығын білдіріп жатады. Мәселен, компания жыл сайын 50 шақты іс-шара мен фестивальдер өткізіп тұрады. Сондай іс-шаралар үшін медиаға ақша аударған мүшелер тегін кіреді. Айтпақшы, сол іс-шараларға кіру билетін сату арқылы, бір жағынан табыс, екінші жағынан жаңа оқырман/ көрермен/ тыңдарман табады. Сондай-ақ, редакцияда тағылымдамадан өтушілер әр бейсенбі сайын музыкалық аспаптармен жабдықталған залға Техас штатындағы ең танымал музыка топтары немесе әншілерді шақырып, жанды дауыспен ән салдыртады. Радиоға ақша аударған тыңдармандар кішігірім концертті сол жерге келіп тыңдай алады.
Жақында ҚР Парламенті Сенатында «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» тақырыбына арналған Парламенттік тыңдау өтті. Онда бүгінгідей технология қарыштап дамып, әлемдегі ақпараттық шекаралар ысырылып, әр ұлтқа тән өзіндік мәдениет жұтылып бара жатқан жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды келер ұрпаққа дәріптеудің маңызы сөз болды.
Әлемнің заманауи даму құбылыстары қарқынды жүріп жатқан осынау тұста қазақтың ұлттық құндылықтарын ұлықтаудың қажеттілігі арта түскен қазаққа тән құндылықтар жүйесін азаматтарымыздың, әсіресе өскелең ұрпақтың бойына сіңірудің оңтайлы жолын табуымыз қажет екені әңгіме арқауына айналды. Ұлтымызға пайдалы әлемдік үрдістерді төл мазмұнмен байытуды мақсат етуге шақырған Сенат Спикері бұл бағытта интеллигенцияның алатын орны ерекше екеніне сенім білдірді.
Қай заманда да зиялы азаматтарымыз қоғам үшін бағдар болған. Алдыңғы аға буын осы бағыттағы миссиясына адалдық танытып, әрдайым ұлтымыздың үні, қорғаушысы болып келеді. Бұл мәселенің елдік мүдде тұрғысынан маңызы аса зор екені айтылып, арнайы ұсынымдар дайындалды. Олар Үкіметке және тиісті министрліктерге жіберілді. Іс-шараның қазіргі күрделі кезеңде ұлттық құндылықтарымызды тереңдетіп дамытуға бағытталғаны көңіл қуантады. Ұлттық менталитетті дамыту үшін жаңа көзқарастар, жаңа бағдарламалар қажет. Алда рухы биік, әлем мәдениетімен бәсекеге түсе алатын кемел ұрпақ тәрбиелеу мен оларды еңбекқорлыққа баулу міндеті тұр.
Ермек ЗӘҢГІРОВ, Халықаралық Ақпараттар академиясының академигі