Жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет және үкіметтік емес ұйымдар тарапынан аталмыш проблеманы шешуге үлес қосу мақсатында бірнеше жоба жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – Қазақстанда алғаш рет 2015 жылы Қызылорда облысында іске қосылған БҰҰ Балалар қорының (UNICEF) ұсынысымен енгізілген «Жасөспірімдердің денсаулығы мен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу» бағдарламасы. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газетінің оқырмандарына Қызылорда облысы Білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекованың бағдарламаның ерекшеліктері, іске асырудағы кедергілер және тиімділігі жайлы сұрақтарды қамтыған сұхбатын ұсынамыз.
– Майра Тұрғанбайқызы, 2015 жылы елімізде алғаш рет «Жасөспірімдердің денсаулығы мен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу» бағдарламасы Қызылорда облысында пилоттық жоба ретінде енгізілді. Бағдарламаның республикада мектеп жасындағы балалардың психикалық саулығын күшейтуді көздейтін өзге жобалардан айырмашылығы неде?
– Облыстық әкімдіктің қолдауымен 2015 жылдан бері «Bilim Foundation» қоғамдық қорымен бірлесе аталған бағдарламаны тұрақты түрде іске асырып келеміз. Бағдарлама атауының өзі айтып тұрғандай жоба екі бөліктен тұрады: суицидтің алдын алу және балалардың өмірлік дағдыларын дамыту. Бірінші бағыт бойынша, облыс мектептеріндегі 8-10 сынып оқушылары және 1-3 курс студенттері арасында ата-аналардың рұқсатымен сауалнама жүргізу, сауалнама нәтижесіне сүйене отырып, жасөспірімдерге психикалық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, мектеп және колледждердегі психологтардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін арнайы оқу семинарлары, тренингтер мен уоркшоптар ұйымдастырылады. Екінші бағыттағы жұмыстар жасөспірімдерді ересек өмірге қиындықсыз бейімделуіне қолдау білдіруді көздейді. Яғни, олардың физикалық және психикалық саулық, репродуктивті саулық және отбасылық құндылықтар, коммуникациялық қабілеттерді дамыту, мамандықты дұрыс таңдау секілді маңызды мәселелер бойынша білімін арттыруға назар аударылады.
– Қызылорда облысы аймақтардың ішінде бірінші болып осы бағдарламаны жүзеге асыруды қолға алды. Бұл Президент әкімшілігінің немесе Үкіметтің арнайы тапсырмасымен іске асты ма?
– Жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі Президент әкімшілігінен бастап жергілікті әкімдіктерге дейінгі мемлекеттік ұйымдарды алаңдататыны даусыз. Сөз болып отырған бағдарлама облыс басшылығының БҰҰ-ның Балалар қорымен, Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығымен және үкіметтік емес ұйымдармен тиімді жұмыс істеуі нәтижесінде іске асты. Мәселенің ерекше тұстарын және халықаралық тәжірибені ескере келе, бағдарламаны жергілікті мемлекеттік ұйымдармен тығыз жұмыс істей отырып іске асыру үшін «Bilim Foundation» қоғамдық қоры құрылды. Алғашқыда пилоттық жоба ретінде енгізілген бағдарламаның тиімділігіне көз жеткізген соң, облыстық әкімдік жыл сайын қолдау көрсетіп келеді.
– Жалпы бағдарламаның тиімділігі жайлы не айтар едіңіз?
– Мен мамандығым бойынша математика пәнінің мұғалімімін. Әр мәселенің нақты шешімі болғанын қалаймын. Өмірде математикадағыдай бірнеше қадам арқылы шешілетін есептер секілді кешенді мәселелер болады. Солардың бірі – суицид. Яғни, бұл проблеманың жалғыз себебі немесе бір ғана шешімі бар деп айту мүмкін емес. Сондықтан осы мәселені шешуге бағытталған жұмыстарымыз кешенді болуы керек. Сол себепті біз бағдарлама аясында балалармен және олардың ата-аналарымен, мектеп мұғалімдерімен, психологтармен, денсаулық сақтау саласы мамандарымен тиімді жұмыс істеуге талпынып келеміз.
Жобаның басты нәтижесінің бірі ретінде өмірде түрлі қиындыққа тап болып, психологиялық қолдауға зәру, бірақ ол туралы ешкімге тіс жармай жүрген балаларды анықтау жұмыстарының тиімділігі арта түскенін атауға болады. Мәселен, 2014 жылы облыста 95 бала психологиялық көмекке мұқтаж екені анықталған. 2015 жылы, яғни бағдарлама енгізілген жылы ол балалардың саны 1300 болып шықты. Оның ішінде 300 бала сауалнамадан кейінгі интервью кезінде психологтарға суицид жайлы ойлайтынын алғаш рет айтқан. Оларға тиісті көмек көрсетіліп, болуы мүмкін суицидтің алдын алу шаралары жасалды. Кейінгі жылдары сауалнаманың нәтижесінде жыл сайын 800-900 бала көмекке зәру екені белгілі болды.
Одан бөлек, облыстағы мыңдаған мектеп психологтары, жүздеген директорлар, әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер арнайы біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Мақсат – баламен тікелей жұмыс жасайтын мамандардың кәсібилігін көтеру және сол арқылы қайғылы жағдайдың санын азайту. Сондай-ақ, суицидтің алдын алу үшін суицид және психикалық саулық жайлы қоғамдағы түрлі таптаурындармен күресіп келеміз. Психикалық саулық – ұялатын нәрсе емес. Ең бастысы, соны жақсы түсінетін облыс тұрғындарының саны жыл санап өсіп келе жатыр. Біз оған күнделікті балалармен, ата-аналармен және мектеп психологтарымен жұмыс барысында көз жеткізіп келеміз.
– Бағдарламаны іске асыруда Білім басқармасының функциялары қандай?
– Қазір «Bilim Foundation» қоры мамандарымен бірге негізгі 6 бағытта жұмыс істейміз. Бірінші әрі басты бағыт – арнайы оқу курстары арқылы баланың тәрбиесіне әсер ететін ересектердің психикалық саулық және суицид жайлы білімін арттыру. Басқаша айтсақ, «суицид вахтерлерін» дайындаймыз. Тұрақты негізде облыстағы педагог-психологтардың кәсіби біліктілігін көтеру – екінші бағыт. Әсіресе, жұмысқа жаңадан орналасқан жас мамандардың біліктілігін арттыруға ерекше назар аударамыз. Одан кейінгі бағыт – психологиялық көмекке мұқтаж балалармен тікелей жұмыс істеу.
Ерекше атап кететін бағыт – поственция. Яғни, суицидтен кейінгі кезеңде марқұмның отбасы мүшелеріне, туыстары мен достарына психологиялық қолдау мен көмек көрсету. Көп жағдайда қайтыс болған адаммен туыстық және достық қарым-қатынаста болған кісілердің бойында мазасыздық, үрей және депрессия деңгейі жоғары болып келеді. Ол кісілерге біздің арнайы оқу курстарында дайындықтан өткен психологтар қолдан келгенше кәсіби көмек көрсетеді. Бесінші бағыт – ақпарат құралдары арқылы облыс тұрғындарының психикалық саулық жайлы түсінігін арттыруға үлес қосу. Соңғы алтыншы бағыт – интернет пен әлеуметтік желіде бала психикасына қауіпті факторлармен күрес.
– Балалардың психикалық саулығын арттыру бағытында ата-аналармен тығыз жұмыс жасау жайлы толығырақ айтып бересіз бе?
– Біз әр оқу жылының басында ата-аналардың рұқсатымен мектеп оқушыларының арасында сауалнама жүргіземіз. Мәселен, 2018 жылы жүргізген сауалнамаға облыс бойынша 46 мыңға жуық жасөспірім қатысты. Оның нәтижесі бойынша, 785 балаға шұғыл психологиялық көмек керектігі анықталды. Одан кейін әр баламен жеке-жеке психологтар интервью жүргізді. Айта кету керек, балалармен жұмыс кезінде ақпараттың құпиялығы қамтамасыз етіледі. Интервьюден кейін көмекке мұқтаж 509 баланың немесе 65% жағдайда отбасылық мәселелер олардың уайымының, көңіл-күйінің жиі бұзылуының, стресске түсуінің негізгі себебі екені белгілі болды.
Сонымен қатар, көпбалалы отбасыда туған, толық емес отбасыда өскен, қатарластарымен қарым-қатынас орнатуға қиналатын, жанұя тарихында суицид болған балалар психологиялық қолдауды жиі қажет етеді.
Осы фактілердің барлығы дерлік ата-анамен тығыз жұмыс жүргізуді талап етеді. Ата-ананың белсенді қатысуынсыз балаға толыққанды көмек беру мүмкін емес. Рас, кейде түрлі стереотиптердің кесірінен ата-аналар психологиялық қолдауды қажет емес деп, психологтармен етене жұмыс істеуден бас тартып жатады. Ондай жағдайда біз барынша ақпарат беріп, ол адамның пікірін өзгертуге тырысамыз. Қуантатыны – бізді түсінгісі келмейтін немесе педагог-психологпен бірлесе балаға көмек беруден үзілді-кесілді бас тартатын ата-ана саны жыл сайын азайып келеді.
– Қоғамда психолог, психиатр, психотерапевттер жайлы түрлі аңыздар мен стереотиптер бар. Азаматтардың жан саулықтың маңыздылығы жайлы түсінігін арттыру бойынша қандай да бір жобаларыңыз бар ма?
– Облыс тұрғындарының психикалық саулық жайлы түсінік деңгейін жалпы адам психологиясы, бала психологиясы, ата-ана мен мектептің бала тәрбиесіндегі орны, жасөспірімдердің мінез-құлқындағы ерекшеліктер, суицидке апаратын факторлар жайлы танымдық ақпаратпен бөлісу арқылы көтеруге жобаны қолға алған кезден бастап ұмтылып келеміз. Осы мақсатта дәстүрлі және әлеуметтік медианы қатар қолдануға талпынып келеміз. Осы мақсатта «Bilim Foundation» қоры мен Білім басқармасы мамандары оффлайн кездесулерде, телевизиялық бағдарламалар мен газет-журнал беттерінде кәсіби білім мен ата-анаға пайдалы кеңестерді жиі бөлісіп отырады.
Сонымен қатар, биыл жазғы демалыс алдында «Егер мен білгенімде…» атты суицидтің алдын алу мақсатында түсірілген деректі фильм 280 мектеп пен 16 колледжде көрсетілді. Жалпы саны 8 мыңға жуық ата-ана фильмді тамашалады. Осылайша облыстағы әрбір ауылды қамтуға тырыстық. Көрсетілім соңында психологтың қатысуымен талқылау өткізіліп, суицидтің алдын алу жолдары және осы бағытта жұмыс жасайтын мекемелер мен мамандар туралы ақпарат берілді. Осы бағыттағы жұмысымызды одан әрі жандандыра беру ниетіміз бар. Өйткені, психология жайлы жалған түсініктерден ада адам, суицид секілді өзекті мәселемен күресте біздің қарсыласымыз емес, керісінше, жақтасымыз ретінде әрекет ететін болады.
– Елімізде мектеп оқушыларының психикалық саулығын күшейту бойынша мемлекет тарапынан тағы қандай іс-шаралар жасалуы керек деп ойлайсыз?
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің соңғы Жолдауында мектеп психологтарының біліктілігін арттыруға назар аударса, президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Тамыз конференциясының пленарлық отырысында мектеп оқушыларының психикалық саулығына ерекше көңіл бөлу керектігін айтты. Бұл биліктің ең жоғары деңгейінде мәселенің өзектілігін өте жақсы түсінеді және саяси қолдау бар деген сөз. Осы орайда суицидпен күрес ұлттық стратегияға айналу керек деген пікірмен толықтай келісемін. Өйткені, суицид бір адамның немесе отбасының проблемасы емес. Ол – қоғамдық мәселе. Сондықтан баршамыз осы проблеманы шешуге мүмкіндігінше өз үлесімізді қосуымыз керек. Ол күйбең тіршілікке беріліп кетпей, айналамыздағы адамдардың көңіл-күйіне назар аударудан, шын көңілмен олардың қал-жағдайын сұраудан, сөзбен және іспен көмек қолын созудан басталады.
– Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!
СҰХБАТТАСҚАН: ӘЛИЯ ІҢКӘРБЕК, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ