Бұрынғы белгілі қазақ ханы – Дінмұхамед, кеңестік дәуірдегі кемеңгер – Дінмұхамед, кейінгі әлемге әйгілі әнші – Димаш, осы Дінмұхамедтердің бойындағы тылсым қасиеттердің ұқсастығы жөнінде ой-әпсана.
Ат қою айшықтары
Адамға ат қоюдың тарихы жөнінде деректер ежелден бар. Исламда адамға жақсы ат қоюдың жолдары мен өнегесі айтылады. Қазақта бұрын адамға ат қою ырым салтқа, тосын оқиғаларға, табиғат құбылыстарына байланысты болды. Өйткені, Тәңірлік наным түйсік он сегіз мың ғалам Тәңір табиғатқа қатысты біздің санамызға сіңді. Міне, сондықтан түркілерде Айхан, Күнхан, Жұлдызхан деген адам аттары болған.
Ислам діні келген ат қою үрдісі мұсылманша жалғасты. Мысалы, Мұхаммед пайғамбар есімі қосарланып айтылатын есім ныпсылар көбейді. Соңында, тіпті қалыптасты. Діннің қайта оралуына байланысты діни аттар қазір жаңғырып жатыр. Әсіресе, «Дінмұхаммед» деген ат көп қойылатын болды. Статистика дерегі бойынша Дінмұхаммед атты бала, жеткіншектердің саны Қазақстанда 9 мыңнан асқан. Қазір есімі әлемге әйгілі, биыл АҚШ президентінің ұлықтау салтанатына арнайы шақырылған Димаштың о баста азан шақырып қойға аты Дінмұхамед екені белгілі. Пайғамбар аттас әлемге аты аян Дінмұхамед Қонаев сияқты болсын деп осы атты қойса керек. Ал, Димаштың өзі Димекеңді пір тұтады. Оның киесіне табынушылардың бірі Димаш Димекең музейіне келіп, тәу етті. Мұнда келушілер тек қызықтамайды, тіпті аруаққа іштерінен зиярат етеді. Бұған өзім талай куә болғанмын.
Кемеңгер Дінмұхамед
Құдайдың құдіретінде шек жоқ дүниені үйлестіріп тұрған. Мұхаммед пайғамбар 571 жылы сәуірде 12 рабиал-әууалада дүйсенбі күні дүниеге келеді. Димекең де апта басында 12 қаңтарда өмірге келеді. Айлары бөлек болғанмен, күн-жұлдыздары бір. Таңқаларлығы Мәдинада Мұхаммед пайғамбар мешіті бар. Алматыда қазір пайғамбар аттас Дінмұхамед мешітінде азан шақырылады. Балдырған кезінде үйдегілер «Жұмабай қажы әулетіндегі бала пайғамбар» деп оны еркелететін болған. Мұны Димекеңнің балалық шағы туралы әңгімелейтін оның қарындасы Сара апайдың аузынан талай естідім. Пайғамбар рухы жебеген шығар Димекең азан шақырып қойған атын атеистік саясатқа ыңғайлап басқаша атауды жөн көрмеген. Діни ат есімдерін өзгеше түрлендірген партия қайраткерлері болған.
Димекеңнің туу туралы куәлігінде, комсомол, партбилеттерінде, Еңбек ері атанған құжаттарда «Дінмұхамед» деген аты көзге ұрып тұрады. «Дінмұхамед деген атты жай қойған ба, халық қазір сені теңейді пайғамбарға» деген бір ақының жыр жолдарын жатқа айтатындар бар.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ұлы империя көсемдерінің, яғни политбюро мүшелерінің «винетка портреттеріндегі» сурет-жазуда Дінмұхамед Қонаев деген есім ат ерекше көзге түсетін. Мына кісіге пайғамбар атты кім қойды екен деп таңданушы едім.
Әжем намаз оқыған, нағашыларым молда мен дінді жоққа шығармай, Құдайға сенетін едім.
Әлемге тарайтын политбюро мүшелерінің суреттерін көріп, аты-жөндерін оқыған шетелдік мұсылман бауырлар Дінмұхамед деген иман жүзді кісінің суретін көріп, пайғамбар аттас есіміне қайран қалып, түбінде атеистік елге дін қайта оралады деп ойлап, Алладан тілейтіндерін кейін түркиялық қазақтар айтты.
Атақты Бауыржан батыр діни сауаты бар кемеңгер әрі қаһарман болатын. Димекеңе бір кітабын сыйлағанда «Дін-Мұхамедке Бауыржаннан» деп қолтаңба жазғаны көп нәрсені аңғартады.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Димекең – Дінмұхамедтің туған күнінде құрылды. Яғни, 12 қаңтарда.
Қонай батырдың ұрпағы, пірадар Жұмабай қажының немересі, Бәйдібек бидің зау-заты, Қаңлы Еңке батырдың жиені Дінмұхамед Қонаевтың қарға тамырлы қазақтың данышпаны екенінде еш дау жоқ. Ол қазір халықтың піріне айналып кетті.
Қонай батыр және Дінмұхамед хан
Димекеңе қатысты таңғажайыптар жалғаса береді. Бәрінен бұрын ежелгі түркі қазақтың ханы Дінмұхамедпен Димекеңнің аттас екені өз алдына – құйып қойғандай ұқсастығында аруақ әлем тылсым байланысып жатыр.
Ұлы Шыңғыс ханның ұрпағы, Шығыс шежіре тарихының сұңғыласы атақты Әбілғазы баһадүрдің әлемге әйгілі «Түрік шежіресінде» Дінмұхамед хан жөнінде біраз айтылады. Өзі батыр, жомарт, нөкерге мейірбан, ақылман, қарапайым, дүние жинамайтын Дінмұхамед Димекеңе қатты ұқсайды. Әбілғазының суреттеп, оған баға беруінше оның қолынан келмейтін нәрсе жоқ.
Осы жолдар авторының «Таңғажайып Қонаев» атты белгілі кітабының бір тарауы хан Дінмұхамед пен кемеңгер Дінмұхамед арасындағы тылсым тарих байланысы жөнінде баяндалады. Бір қызығы хан зор дауысымен ән салатын болған. Әсіресе, жорықтан жеңіспен оралып, ордаға жақындағанда «бәрін ел білсін» деп, ән арқылы жеңісті хабарлайтыны ғажап. Түнде жан-жақта жүрген әскер, нөкерлеріне «мен мұнда келе жатырмын» деп салған әнімен оларды жанына жинайтыны тағы бар. Оның осындай ерекше қасиеттері мен мінездері жөнінде Әбілғазы баһадүр тамсана жазады. «Кейде ол әулие, кейде ел кезген диуанаға ұқсайтын еді» дегенді айтады шежіреші ғұлама.
Әбілғазы атамыз Дінмұхамед ханның өте қарапайымдылғын осылай дәуріш диуанаға теңейді. Ал, Иран патшасымен келіссөз жүргізуге келгенде оның ақылман екенін еске салады. Димекеңде әлемдік маңызды мәселелер бойынша Иран шахы Пехвелимен кездесіп, Тегеранда 1968 жылы келіссөз жүргізгені бар.
Дарабоз Димаш (Дінмұхамед) немесе Нобельдік сыйлық елесі
Биыл қаңтарда Димекеңнің туған айында Димаш АҚШ-тың 46-шы президенті Джо Байденнің таққа отыру салтанатына қатысып, ұлықтау рәсімінде ән салды. Димаш айтқан ағылшын, қазақ тілдерінде шырқалған әндерді ақпарат құралдары әлемге таратты. Ол президентті құттықтап, сөз сөйледі және тілек тіледі. АҚШ-та мұның алдында да болған. Соңғы салтанатқа қатысқан сапары тарихта алтын әріппен жазылып қалары анық. Димаш тек әнші ғана емес, ақыл ой жағынан да кемелденген, парасат болмысы өзгеше рухани тұлға екенін әлемге паш етті. Димекең сияқты қарапайымдылығы, табандылығы, мейірімділігі қашанда көзге ұрып тұратын ол адамзатқа өнеге тұлға. Жарықтық Қонаев әнші, өнер жұлдыздарын жанындай жақсы көрген және оларға жанашыр болған. Атақты сазгер Нұрғиса Тілендиев, әнші Ермек Серкебаев, Роза Бағланова ақтық демі таусылғанша Димекеңді ауыздарынан тастаған жоқ. Нұрғисаның атақты «Алатау» әні Димекеңе арналған.
Әңгіме Димаштың Америка сапарынан басталды. Димекең де бұл елде болып, американдық оқымысты, зиялы қауымның ықыласына бөленген. 1960 жылы делегация құрамында АҚШ-қа келген ол сол елдің атақтыларымен кездеседі. Оның ішінде миллионер атағы жер жарған Рокфеллер, жоғарғы сот төрағасы, тағы да басқа үлкен лауазым иелері болған. Әсіресе, сол кездегі әйгілі АҚШ президенті Эйзенхауэрмен Димекеңнің жүздесіп, сол кездің ғаламдық мәселелері бойынша пікір алысуы ерекше оқиға еді. «Мен бүгін бір ерекше тұлғамен таныстым. Оның бойында халық ақыл ой құндылығы бар. Бұл өзі КСРО-да сирек кездесетін қайраткер» деп тамсанады ұлы саясаткер.
Бұл асыра айтқандық емес – шындық. Америка мойындап, ондағы ақыл адамдары құрметтеген, ол сол кезде «совмин» төрағасы Қонаев елге келгенде Қазақстанның бірінші басшысы болып сайланады.
Бұдан алпыс жыл бұрын ақылман, кемеңгер деп АҚШ таныған Қонаевтан кейін ұлы ел президентінің ұлықтау салтанатында өнері өз алдына құттықтау сөз сөйлеген Димашқа теңеу жоқ. Былтыр әлеуметтік желілерде Димашты Халықаралық Нобельдік сыйлыққа ұсыну жөнінде оның табынушыларының ұсыныстары жарияланды. Мен ішімнен әншілерге бұл сыйлық берілмейтін шығар деп ойлағам. Білмейтініміз көп екен. Беріледі екен. Әнші әрі автор американдық Боб Дилан 2016 жылы Нобель сыйлығын алыпты. Оған сыйлық «Американың ән дәстүрі аясында жаңа поэтикалық өрнектер жасағаны үшін» берілген. Бұл өзі орындаушы әрі өзі де ән шығаратын тұлға екен.
Қазақстанда Нобель сыйлығы жөнінде елес кезіп жүргеніне біраз болды. Тоқсаныншы жылдардың ортасында ҚР ғылым академиясының президенті болған академик Асқар Қонаевтың техникалық ғылымдағы бір жаңалығы Нобельдік сыйлыққа ұсынылады. Асекеңнің 1999 жылы өмірден өтуіне байланысты комитетте қаралмай, түсіндірме хат келеді. Бұл жөнінде кезінде осы жолдардың авторы бір басылымға жазған болатын. Антиядролық қозғалыс жетекшісі, ақын Олжас Сүлейменовты сыйлыққа ұсыну жөнінде әңгіме болды. Елбасы да үміткер еді. Ұжымдық сыйлыққа ие болған бір ғалымның кейде аты-жөні әлеуметтік желіде айтылады. Яғни, елде әлемдік сыйлық елесі кезуде. Өз басым бұған айтпаса да лайық тұлға қазір құбылысқа айналған Димаш екенін жариялағым келеді.
Сыйлыққа Димашты кім ұсынады. Мұның біздің елде тәртіп, ереже, заңы бар ма? Бұл белгісіз. Меніңше, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәселені мәнді деп түсініп, арнайы отырыс өткізіп, Димашты әншілігімен қатар Бейбітшілікті насихаттаушы деп Нобельдік сыйлыққа ұсынса нұр үстіне нұр болар еді. Жер шарында табынушылары миллиондап саналатын ол әлемге ән сазымен ғана емес, ақыл парасатымен мәшһүр болған арда қазақ екені аян.
Нобельдік сыйлықтың берілу тәртіптері мен заңдары әр түрлі жағдайларға байланысты кейде өзгеріп отырған. Әншілерге қатысты бап-қағида жоқ. Димаш та сегіз қырлы, бір сырлы аңыз адам емес пе?! Олай болса оның лайықты үміткер болатыны дау туғызбайды. Егер Құдай қолдап, ғайыптан мәртебелі сыйлық жарғысына «әнші, музыкантар да» енетін болса, Димаштың топ жарып, марапатқа ие болатыны анық.
Ораз ҚАУҒАБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Нұр-Сұлтан қаласы