Коронавирус талай елдің маскасын шешті

0
5559

453 млн халқы бар Еуропалық Одақта алғаш коронавирус ағымдағы жылдың 24 қаңтарында Германияда тіркелді. Бастапқыда еуропалықтар бұған мән бере қоймады. Қытайда тараған кезекті індет ретінде қарады. Оның үстіне Еуропалық Одақтың 26 мемлекеті Шенген келісіміне қол қойып, ортақ коалицияға біріккен. Яғни, Шенген аймағының ішінде шекаралық бақылау толығымен алынып тасталған. Алыс-берісте, барыс-келісте еш кедергі жоқ. Осылайша, жері аз, халқы көп еуропалық елдер бір-біріне жақын орналасқандықтан поляктар Германияға, немістер Франция, француздар Италияға жұмысқа күнделікті барып-келіп істейді. Бұл фактор да Қытайдан басталған коронавирустың кәрі құрлықтағы таралу қарқынын арттырды. Ал, 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) COVID-19 індетіне байланысты пандемия (жаңа ауру түрінің жаһандық ауқымда таралуы) жариялағанда бір Италияның өзінде 15,1 мың адам індетті жұқтырып, 1,2 мың адам оның құрбаны болды. Сөйтіп, көзге көрінбейтін жау Италия арқылы барлық Еуропалық Одаққа кеңінен тарады. Содан 26 мемлекет Шенген келісіміне қарамастан 27 жылдан кейін шекараларын қайта жапты. Бұған барлық еуропалық елдер түсіністікпен қарады. Дегенмен, ортақ қайғы Еуропалық Одақ елдерін бір жұдырыққа жұмылдыра алмады. Керісінше, ортақ құндылық орта жолда қалып, әр ел көрпені өзіне қарай тартты.

Иә, көрінбейтін жаудың Еуропалық Одақ елдерінің ынтымақтастығына сызат түсіргенін ешкім жоққа шығара алмайды. Еуропалық толеранттылық та ұмыт қалды. Әшейінде алыстағы елдерге қол ұшын созуға даяр тұратын еуропалықтардың бұл жолы бір-біріне пейілі де тарылды.

Өмір мен өлім арпалысқан осынау қиын кезеңде итальяндықтардың тамағына қылтанақ болып тұрып қалған бір түйіткілдің барын газетіміздің өткен санында жарияланған «Италия еуропалық әріптестеріне неге өкпелі?» атты мақаламызда жаздық. «Достың көңілі бір атым насыбайдан қалатындай» мұндай мысалдар жетерлік. Соның біразына бүгін тоқталып көрейік.

Бұған дейін бірлігі жарасып келген Еуропалық Одақта коронавирустың алғашқы дабылы қағылған 11 наурызда Германия канцлері Ангела Меркель одақтас елдердің шекараларын жабуы тығырықтан шығар жол еместігін айтты. Бірақ, төрт күннен кейін Германия өзінің шекарасын тарс жапты. Польша да көршілеріне ескертпестен бір түнде «есігін» жауып алды. Қазір поляктардың шекарасынан адам тұрмақ шыбын да ұшпайды.

Жоғарыда айтқанымыздай, әріптестерінің мұндай тірлігіне алдымен итальяндықтар өкпеледі.

Танымал журналист Лино Полимени: «Рақмет, қымбатты Макрон! Рақмет, қымбатты синьора Меркель! Сіздердің көмектеріңізге зәру болғанымызда бізді тастап кеткендеріңіз үшін рақмет! Коронавируспен күреске керек болған маска мен медициналық заттарды біздің сіздерден алуымызға тосқауыл болғандарыңыз үшін рақмет!» – деп жазды.

Лино Полименидің бұл пікірімен барлық итальяндықтар келіседі. Итальяндық саясаткерлер де сондай пікірде. Италияның бұрынғы Ішкі істер министрі Маттео Сальвини: «Еуропа бүгінде нөлге айналды. Бұрынғы бауырмалдық та, ниеттестік те жоқ», – деп күйінсе,  Еуропалық Одақтағы Италияның ресми өкілі Маурицио Массари: «Әлемдік қауымдастықтан медициналық көмек сұрағанымызда Қытайдан басқа бірде-бір ел үн қатқан жоқ. Осындай күрделі кезеңде еуропалық әріптестеріміздің бізден теріс айналғандары өкінішті», – деп шындықты жасырмай айтты.

Итальяндық сарапшылардың пікірінше, Еуропалық Одақ елдерінің қиын сәттерде Италияны жалғыз қалдырғандары бірінші рет емес. Мәселен, 2008 жылы Италия қаржы тапшылығымен бетпе-бет қалғанда да одақтастары «лақтырып» кеткен. 

Осындай жағдайларға қарамастан бұған дейін Рим Брюссельдің көңілін қалдырмай келді. Айтқанын істеді. Айдауына көнді. Одақтастарының өтінішімен Италия 2012-2017 жылдары денсаулық сақтау саласының шығындарын азайтып, 759 аурухананы қысқартты. Содан бүгінде мың итальяндыққа 6 медбикеден, 3 ауруханалық орыннан келеді. Ал, бұл көрсеткіш Франция мен Германияда екі есе жоғары. Демек, кезінде Брюссельдің тілін алғанына Рим қазір қатты өкінеді. Өйткені, көрінбейтін жау жағадан алғанда итальяндықтар сасып қалды. Медицинасы озық елде дәрігер де, аурухана да жетіспейді.

Коронавируспен күрес үшін Еурокеңес одақтас елдерге 37 млрд евро бөлді. Сол қаржының басым бөлігі коронавирустан ең көп жапа шеккен Италияға емес, Италиядан адам шығыны жүз есе аз Польшаға бұйырды. Бұл да итальяндықтардың көңілін күпті етті.

Еуропалық Одаққа енуге үміткер Сербия да Брюссельдің қазіргі ұстанымын түсінбейді. Ел президенті Александр Вучич Еуропалық Одақтың дәрі-дәрмектер экспортына тыйым салғанын сынға алды.

«Сербиялық дәрі-дәрмектердің Еуропа аумағында сатылуына қазір тыйым салғандар кезінде біздің Қытай нарығына да шығуымызға қарсы болып еді. Міне, еуропалық ниеттестік қағаз жүзінде бар, іс жүзінде жоқ», – деді Александр Вучич.

Еуропалық Одақтың НАТО арқылы әріптесі АҚШ-тың да коронавирус жағдайындағы ұстанымы еуропалықтардың басын шайқатты. Ақ үй басшысы Дональд Трамп Еуропалық Одақ тұрғындарының АҚШ-қа аяқ аттап басуларына шектеу қойды. Бір қызығы, бұл шектеудің жыл басында Еуропалық Одақпен қош айтысқан британдықтарға еш қатысы жоқ. Әйтпесе, Ұлыбританияда да коронавирусты жұқтырғандар саны 65 мыңнан асады. Алалаудың бұл қай түріне жататынын Еуропалық Одақтың 27 елі түсінбей отыр.

Әдеттегідей АҚШ мұнымен тоқтамады. Коронавирусқа қарсы вакцинаны жасап жатқан немістің компаниясын еуропалықтардан жасырын түрде сатып алуға әрекеттенгені жаһанға жария болды.

Бір қарағанда, ортақ қайғы Еуропалық Одақтың 27 елін одан бетер жақындастыратындай көрінді. Олардың одақтасы АҚШ-тың да көмекке бірінші болып келетініне күмән болмады. Дегенмен, коронавирус талай елдің маскасын шешті…

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here