Әбілфайыз Ыдырысов – 90: Жадымда өшпес бейнесі

0
3957

Абыз ағаның шапағаты

Осынау ардақты тұлға жайлы сөз болса, менің көз алдыма сонау 1977 жылдың шіліңгір шілде айы оралады. Бұл кезде Алатаудың баурайындағы әлемдегі көркем қалалардың бірі – Алматы шаһары тіптен құлпырып кетеді. Өйткені, еліміздің түкпір-түкпірінен аққу арман қуып келген жастар бақтарын сынап, түрлі оқу орындарына құжаттарын тапсырып жатады.

Мен де Украинадан әскери борышымды өтеп келген соң, асқар таудай әкем Отынбайдың ақ батасын алып, ұлы Жабай атамның аруағына сыйынып, әлгі аталған қалаға жол тарттым.

Бұрын бір рет қана болған шаһардағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультеті бұрынғы астанадағы Бас поштаның маңында орналасқан ғимаратта еді.

Күн ыстық. Үстімде әскери киім. Құжатымызды қабылдау комиссиясына тапсырған соң, жоғарыда аталған жерде ауызша және жазбаша түрдегі шығармашылық байқаудан өттік. 

Әрине, болашақта журналист болсақ деген ізгі үмітте жүретін біз газет-журналды қалт жібермей, ондағы жаңалықтармен күнделікті танысып отыратын едік. Соның да әсері болды. Әйтеуір, сынақтан сүрінбедік.

Шынымды айтсам, Әзілхан Нұршайықовтің «Махаббат, қызық мол жылдар» секілді бірқатар кітаптарын оқығаным болмаса, өзін бетпе-бет көрмеген едім. Онымен де осы талапкер кезімде таныстым.

Ол уақытта елімізде журналистика факультеті жалғыз ғана болатын. Сондықтан оған түсіп, кәсіби маман атанғысы келетіндер де аз емес-ті. Шығармашылық байқаудан кейін біз алдын-ала бекітілген төрт емтиханды тапсыруға тиіс едік.

Көңілімізде қобалжу да жоқ емес-ті. Қанша дегенмен, қолдаушы әрі қамқоршы көкеміз де жоқ. Сенеріміз Алла тағала, сонан соң өзіміздің мектепте алған тиянақты біліміміз ғана еді.

Міне, жоғарыда аталған шаһардың орталығындағы Никольск базары маңындағы химия факультетінің үлкен корпусында қазақ тілі мен әдебиетінен емтихан тапсыратын болдық.

Жан-жағыма қарасам, ұл мен қыздарын қолынан жетектеп, оларға демеу болып жүрген ата-аналар қатары да жеткілікті. Мен өзім ғана келген едім. Бір кезде сонау Дербісек ауылынан мектепті үздік аяқтаған қызын оқуға алып келген Қалмет ағаны көзім шалып қалды.

«Жігітті намыс өлтіреді» деген бар емес пе? Сол сәтте санамда: «Абырой болып, ауызша сынақтан ойдағыдай өтсем, әлгі көкем де қуанышты хабарды елдегі ағайындарға жеткізер еді» деген ой жылт ете қалды.

Содан шынылы биік ғимараттың жоғары қабатына көтерілдім. Бір дәрісханаға мен секілді жігіттер мен қыздар кезекпен кіріп жатыр екен. Төрде емтихан қабылдаушы екі кісі отыр. Бірі көзілдірікті, жылы жүзді ер азамат болса, екіншісі шашын ақ қырау шалған, түсі сұсты әйел.

Кірушілердің соңына таман орналасқан мен қолымдағы билетке қарадым. Бірінші сауалым – Бейімбет Майлиннің «Амангелді» пьесасы болса, екіншісі – салт және сабақтас етістік, үшіншісі – сөйлемдерді талдау. 

Қанша дегенмен, өзім көптен бері көксеп жүрген университетіме төрт жылдан кейін келіп отырған жоқпын ба? Оның екі жылында қарапайым ғана құрылысшы болып, қара жұмыс істедім. Одан кейін Украинаның Черновцы және Ровно қалаларында әскери қызметте, яғни танк жүргіздім.

Біраз жай ұмытылған. Соны еске түсіруге тура келді. Алдымдағы талапкерлер бірінен соң бірі шығып жатты. Бір кезде көзілдірікті емтихан қабылдаушы ағамыз «Әй, солдат! Маған жақында! Дайын болсаң, билеттегі сұрақтарыңа жауап бер!» деді.

Әрине, іште толқыныс та бар. Дегенмен, ағамыздың жүзінің жылылығы соншалықты, тіпті оның алдына қалай жетіп барғанымды білмей де қалдым. Алматыға келгеннен кейін бір орыс кемпірдің жертөлесінде жатып, күндіз-түні дайындалғанның да пайдасы тиген болар, алғашқы сауалға мүдірмей жауап бердім.

Түсі суық апамыздың билеттегі сұрағынан да қинала қойған жоқпын. Сөйлемдерді талдау жайы да ойдағыдай болған секілді. Сол шақта әлгі ер кісі: «Мына бозбала әскерден жақында келсе де, әжептәуір әзірленген екен. Білімі де жаман емес! Оның үстіне, шығармадан бағаны өзім қойыппын. Егер сіз қарсы болмасаңыз, «төрт» қойсақ қайтеді?» деп қасындағы әйелге бұрыла қарады.

Ол да мұның пікірімен толық келісіп, емтихан қа-ғазына «4» деген баға қойды. Сірә, өмірімде дәл бұлай қуанбаған шығармын. Далаға қалай атып шыққанымды да білмей қалдым. Сырттағы тұрған ауылдас әрі колхозда бас есепші болып қызмет атқаратын көкем де менің жүзімдегі шаттықты аңғарған болуы керек. Сонадайдан қасыма келіп: «Отынбай көкемнің баласы, жағдайың қалай?» деді. Мен де емтиханды сәтті тапсырғанымды айттым. Ол арқамнан қағып: «Сенің сынақтан сүрінбейтіндігіңді білгенмін. Өйткені, мектепте де екпінділер қатарында болған жоқсың ба?» деп маңдайымнан мейірлене сүйді. Ол кісінің жүректен шыққан шынайы лебізі маған ерекше қанат бітіргендей болды. Сөйтіп, қалған емтихандардан да мүдірмей өтіп, бірінші курс студенті атандым. 101-топтың старостасы болып бекітілдім. Қоңыр күзде Алматы облысындағы «Горный гигант» кеңшарында алма тердік.

Ұлы ұстазымыз әрі журналистика факультетінің деканы, ғылымда өзіндік биік орны бар айтулы тұлға Темірбек Қожакеев маған үлкен сенім артып, бригадир етіп тағайындады.

Алматының дәмі аузыңнан кетпес апортын жинадық. Содан кейін жоғары оқу орнындағы сабақ басталып кетті. Оқытушылармен таныса бастадық. Бір күні баяғы өзімнен оқуға түсер кезде емтихан алған дидары мейірімге толы ағамыз Әбілфайыз Ыдырысов дәрісханаға кіріп келді.

Ол кісі бізге газетті безендіруден лекция оқыды. Содан кейін бір реті келгенде оған алғысымды білдіріп, арамызда ұстаз бен шәкірт ретіндегі игі қарым-қатынас орнады.

Шәкірттеріне балаларындай қарады

Өмірде адам айтса нанғысыз жағдайлар бола береді екен. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін аяқтаған соң жоғары оқу орнына түсер кездегі «Майдан» пьесасының авторы, ұлтымыздың классик жазушысы Бейімбет Майлиннің ізі қалған облыстық «Қостанай таңы» газетінде еңбек жолымды бастадым. Оның үстіне Биағаң – осы өңірдің тумасы. Сондай-ақ, өзімнен емтихан алған ардақты ұстазымыз Әбілфайыз Ыдырысов та Қостанай облысының Амангелді ауданына қарасты қасиетті Егінсай ауылында 1930 жылы 23 ақпанда дүниеге келіпті.

Кейбір дерек көздеріне қарағанда, тәлімгеріміз әрі ұлтымыздың бетке ұстар ғалымдарының бірі болған Әбілфайыз ағамыз жастайынан жетімдіктің ащы дәмін татып, өмірдегі барлық қиындықтарды өзінің батылдығымен бағындырған. Егер ол тірі болғанда үстіміздегі жылы 90 жасқа толар еді. Амал нешік, ол күнді көре алмады. Алайда, артына өшпес мұра қалдырды. Ғұмырының көп жылдарын әңгімеміздің басында арқау еткен Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) ұстаздық етіп, ұлттық баспасөзімізді өркендетуге белсене атсалысқан рухы мықты, білікті кадрларды тәрбиеледі.  Олардың  арасынан министр де, депутаттар да, аса дарынды ақындар мен жазушылар да, бас редакторлар мен баспагерлер де шықты. Шәкірттері қашан да ұстаздарын аузынан тастамай, оны өзгелерге үлгі етіп отырды.

Өзінің терең білімі, тындырымдылығы және ерекше адамгершілігінің арқасында бозбала кезінде алдына қойған армандарына қол жеткізді. Сонау 1953 жылы өзі дәріс берген журналистика факультетін тәмамдады.

Талапты да талантты жас маман содан кейін «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеті редакциясында еңбек жолын бастап, онда талай әріптестеріне үлгі болды.

Кезінде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әбден шыңдалды. Газеттің қара қазанында қайнап, бөлім меңгеруші, жауапты хатшы секілді қызметтерде өзін жан-жақты көрсетті. Мол тәжірибе жи-нақтап, қаламгерлік қабілетімен дараланды.

Жан дүниесі сұлу, кез келген кісімен бұрыннан білетіндей тез араласып кететін жарқын мінезді тұлға бертін «Қазақстан пионері» басылымында бас редактор болған жылдардың да баспасөз тарихында алар орны бөлек.

Уақыт өте білікті кадр, ізденімпаз ғалым, қаламы қарымды журналист-жазушы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне аға оқытушылық қызметке шақырылды. Ә дегеннен шәкірттеріне терең білім беріп, олардың дарынды журналистер болып қалыптасуына жылдар бойы жинақтаған біліктілігі мен терең білімін арнады.

Осы жоғары оқу орнында доцент, содан кейін профессор атанды. Ұстаз деген ұлағатты атаққа сай болуға тырысты. Қолы бос кездері ғылыми еңбектер жазып, өзінің көптен бері көкейде жүрген көрікті ойларын ақ қағаз бетіне түсіріп, жеке шығармашылығымен де айналысты.

Ақжарқын азамат көпшіл еді. Әріптестері және студенттері өткізетін түрлі басқосуларда ұлағатты пікірін айтып, кейінгі өскелең ұрпаққа ғибратты сөздерімен есте қалды.

Университеттегі кезеңдерде газетті безендіру, полиграфия ісі, мақалаларды өңдеу және редакциялау шеберлігіне байланысты бірқатар әдістемелік құралдар мен оқулықтар жазып, олардың еліміздегі беделді басылымдардан жарық көргендігін де білеміз.

Тынымсыз еңбектенудің арқасында публицист-жазушы әрі педагогтың қаламынан қаншама ғылыми-зерттеу кітаптары, деректі эссе, хикаяттар туындады. Сонымен қатар, қалың оқырман оның «Әуезовке іңкәрлік», «Біртуарлар болмысы», «Айжанның ғашығы», «Берік», «Аңсаған менің әнімсің», «Ақсүйек», «Кер бұзаудың өлімі» повестері мен «Таңшолпан» романын да іздеп жүріп оқитын.

Қазақ журналистикасы мен әдебиетіне сіңірген еңбегі де лайықты бағаланды. Соның жарқын айғағы ретінде кеудесіне бірнеше мемлекеттік ордендер мен медальдарды тақты. «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атақтары берілді. Бұл да болса тәлімгеріміздің ғұмырының мәнді де мазмұнды болғандығын дәлелдеп тұрған жоқ па?!

Талай қаламгерлерді түлетіп ұшырған тәлімгерімізді өзі қызмет атқарған еліміздегі маңдайалды оқу орнындағы ғалымдар, әріптестері, шапағатын көрген жастар әрдайым ардақ тұтады.

Осы сөзіміздің жарқын мысалы ретінде университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановтың тікелей бастамасымен Әбекеңнің 85 жылдығына байланысты «Қазақ университеті» баспасынан «Өнегелі өмір» сериясымен арнайы жинақ жарық көрді.

Аталған еңбекте бүкіл өмірін қазақ журналистикасы мен ғылымына арнаған абыз ағамыздың өткен кезеңдердегі мағыналы ғұмыры, бағындырған биіктері, өмірлік ұстанымдары және ол кісі туралы бір мақсат жолында аянбай еңбек етіп жатқан ғылым қайраткерлері мен шәкірттерінің естеліктері арқау болды. Тұсаукесері де жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Сонымен қатар, аталған әрі кез келген парасатты азаматтың кітап сөресінен берік  орын  алуға  әбден  лайықты  кітаптың  баспадан көрнекті әрі әсем болып шығуына оның алдынан дәріс алған, бүгінгі елімізге белгілі тұлғалар Бауыржан Жақып, Сағатбек Медеубекұлы секілді шәкірттерінің аянбай тер төккенін де әңгіменің орайы келгенде тілге тиек еткен жөн.

Адам ұрпағымен мың жасайды

Енді ұлағатты ұстазымыздың адамгершілік, отбасындағы басқаларға үлгі  боларлық  қырлары  жөнінде де  баяндап өтпесек мақаламыз толыққанды шықпайды.

Алдымен айтарым, Әбілфайыз Ыдырысұлы құдай қосқан қосағы, ақылына парасаты келіскен Заря апамызбен мағыналы ғұмыр кешті. Отбасының ұйытқысы болған жан-жары Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген-ді. Жастайынан білімге құштар бойжеткен уақыт өте Қазақ мемлекеттік қыздар институтын тәмамдады. Екеуі қос аққудай жарасып, түрлі кештердің төрінде отырып, басқосудың көркі болды.

Шіркін, олардың айтқан әсем әндері құлақтың құрышын қандырып, есте мәңгілік сақталып қалатын! Мысалы, біздің курстың бір мерейтойлық салтанатты  жиынында ерлі-зайыптының өнеріне ерекше тәнті болған едік. Мәселен, Әбілфайыз аға Төлегеннің, ал сүйікті жары Заря апамыз Қыз Жібектің ариясын шырқай жөнелгенде еріксіз ұйып тыңдайтынбыз. Бұл жайлы мен ғана емес, талай шәкірттері баспасөз беттерінде өздерінің сағынышқа толы естеліктерінде баяндады.

Жарасымды әулеттің бәйтерегі Әбекеңнің соңғы демі біткенше қолынан қаламы түскен жоқ. Өлмес, өшпес көркем туындылар жазуына Заряның да тигізген ықпалы зор. Өйткені, отағасын үнемі қолдап, қуаттап отырды. Жан дүниесін терең ұғынып, сырқаттанған кезінде жанынан табылды. Тіршілікте кездесетін барлық қиындықтар мен қуаныштарды бірге өткізді.

Ағамыз осыдан бір жыл бұрын, яғни 89 жасында дүниеден өтті. Сол кезде зиялы қауым өкілдері жиналып, оның халқы мен еліне сіңірген қызметіне жан-жақты тоқталды.

Әбілфайыз Ыдырысов руханиятымызда өшпес ізін қалдырумен қатар, ұрпақ тәрбиесіне де ерекше назар аударды. Олардың тұңғыштары Құралай Қазақстан Ұлттық ғылыми академиясында жауапты қызмет атқарды. Ол қазіргі таңда зейнеткер. Алматы шаһарында тұрады.

Ата-анасының көз қуанышы болған перзенті Ерлан әке-шешесінің аманатына сай білікті азамат болып қалыптасты. Кезінде еліміздің сыртқы істер министрі болды. Бұл күндері Қазақстанның Ұлыбритания, Исландия және Ирландиядағы төтенше және өкілетті елшісі. «Елдестірмек елшіден» демекші, туған республикамыздың осы мемлекеттер арасындағы достығы мен ынтымағын нығайтуға өзінің лайықты үлесін қосып келе жатқандығын айтып өткеніміз орынды болар. Ол ардақты әкесі ұзақ жылдар бойы адал еңбек еткен университеттің журналистика факультетіндегі ұстаздар қауымына ерекше құрметпен қарайды. Онда Әбекеңе арналған дәрісхананы безендіруге де атсалысты.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген рас. Әбілфайыз аға мен Заря апамыз бес немере, екі шөбере сүйді. Бұлар да ата-әжелерін ерекше құрметтеді. Бұл күндері оларды сағынышпен еске алады.

Өзіміздің Қостанай қаласында ғұмыр кешіп жатқан  замандасымыз әрі жоғарыда аталған университеттің түлегі, заңгер Қазгелді Қасымов ардақ тұтар ағасы Әбекең жайлы ерекше бір қимастықпен әңгімелейді.  Себебі, кезінде Алматы шаһарында оқығанда олардың демалыс күндері баратын әрі ақыл-кеңес алатын құтты мекені Әбілфайыз Ыдырысұлының киелі шаңырағы еді. Заря жеңгесінің қолынан да талай дәм татты. Осы мемлекет қайраткері болып отырған Ерланның да балалық шағы оның көз алдында өтті. Сондықтан да, осы абыройлы әулет жайлы шертер сыры да мол.

Қымбатты, ұлағатты ұстаз әрі ардақты аға! Сіз ұрпақтарыңыз әрі шәкірттеріңіз бар кезде ешқашан ұмытылмайсыз! Сіздің жарқын бейнеңіз, әкеміздікіндей қамқор сөздеріңіз әлі күнге дейін біздің жадымызда!

Оразалы ЖАҚСАНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here