Коронавирус үлкен спортты қалай жеңді?

0
4882

2020 жыл дүбірлі додаларға толы еді. Спорт жанкүйерлері әдеттегідей футболдан Еуропа чемпионатының шешуші кезеңдерін және Олимпиада ойындарын асыға күтті. Ондаған спорт түрінен құрлықтық, әлем чемпионаттары тағы бар. Мысалы, осы сәуір айының басында Иркутск қаласында (Ресей) әйелдер арасында допты хоккейден, Галифакс, Труро қалаларында (Канада) ерлер арасында шайбалы хоккейден әлем чемпионаттары аяқталатын-ды. Алдағы 16-25 сәуір күндері Нұр-Сұлтан қаласында Азияның кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін мықты ауыр атлеттері бас қосатын-ды. Дегенмен, «адамның айтқаны болмайды, Алланың дегені болады». Көзге көрінбейтін жау үлкен спортты да жеңді. Жоспардың быт-шытын шығарды. Биылғы құрлықтық, әлемдік додалардың барлығы да өз жанкүйерлерімен қимай қоштасты. Еуро-2020 мен Токио Олимпиадасы ғана 2021 жылға қалдырылды. Сөйтіп, Олимпиада өз тарихында тұңғыш рет тақ жылы өтетін болды. Әрине, қара аспанды төндіре берудің де реті жоқ. Өйткені, спорт тарихында түрлі себептерге байланысты уақытылы өтпей қалған шаралардың қатары көп. Соның ең бастыларына бүгін ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті тоқталады.

1916 ЖЫЛ: І ҚЫСҚЫ ЖӘНЕ VI ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫ

Жаңа заманның алтыншы жазғы Олимпиадасы 1916 жылы Герман империясының астанасында өтетін болған-ды. Мұндай шешімді 1912 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) қабылдады. Сол кезде Мысырдың Александриясын, Нидерландының Амстердамын, Бельгияның Брюсселін, Венгрияның Будапештін, АҚШ-тың Кливлендін артқа тастаған Берлин қаласы Олимпиада астанасы атанды.

Жазғы Олимпиаданы қабылдайтан Герман империясының тағы бір қаласы Штутгарт та 1916 жылы тұңғыш рет қысқы Олимпиада ойындарының алауын жағатын болған-ды. Өкінішке қарай, Бірінші дүниежүзілік соғыс жазғы да, қысқа да Олимпиада ойындарының жоспарына өзгеріс енгізді. Тіпті, 1914-1918 жылдар аралығындағы соғыстың салдарынан спортшылар мен жанкүйерлер алты жылдай үлкен спорттан қол үзді.

Соғыстан кейінгі жазғы Олимпиаданы 1920 жылы Бельгияның Антверпен қаласы, қысқы Олимпиаданы 1924 жылы Францияның Шамони қаласы қабылдады.        

1940 ЖЫЛ: V ҚЫСҚЫ ЖӘНЕ XII ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫ

Коронавирусқа байланысты биылғы Токио Олимпиадасы келесі жылға қалдырылғанын жоғарыда жаздық. Бір қызығы, осымен үшінші рет Жапонияда белгіленген уақытта Олимпиада ойындары өтпейтін болды. Дегенмен, күн шығыс елінің астанасы 2021 жылы жазғы Олимпиада алауын жағатын болса, алғашқы екі жағдайда төрт жылда бір келетін дүбірлі додалардан мүлдем айырылды. Оған жапондардың еш кінәсі жоқ.

Басынан бастайық. Ойламаған жерден ХОК 1940 жылғы жазғы және қысқы Олимпиада ойындарын Жапония астанасына берді. Сөйтіп, тұңғыш рет Олимпиада ойындары Азия құрлығына ауысты. Дегенмен, Азия халқының бұл қуанышы ұзаққа созылмады. 1937 жылы басталған Қытай мен Жапония арасындағы соғысқа байланысты ХОК екі Олимпиаданың астанасын Еуропаға қайта ауыстырды. Жазғы Олимпиаданы Хельсинкиге (Финляндия), ақ Олимпиаданы Гармиш-Партенкирхенге (Германия) берді. Бұл Олимпиадалардың да жолы болмады. Кәрі құрлықта тұтанған Екінші дүниежүзілік соғыс қос Олимпиада алауын жанбай жатып сөндірді.

Айта кетейік, Жапония өткен ғасырда екі рет ақ Олимпиаданы (Саппоро-1972, Нагано-1998), бір рет жазғы Олимпиаданы (Токио-1964) қабылдады. Азияда Жапониядай қос Олимпиаданы көп қабылдаған ел жоқ.

1942 ЖЫЛ: ФУТБОЛДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ

Футболдан төртінші әлем чемпионаты 1942 жылдың жазына белгіленген еді. Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) аталған доданы қабылдайтын елді таңдап та үлгермеді. Германия мен Бразилия әлем чемпионатын қабылдауға өзара таласты. Кейін Үшінші рейхтің футболды өткізуге емес, әлемді билеуге таласқаны белгілі болды. Олар Екінші дүниежүзілік соғысты бастады. Сөйтіп, жоғарыда сөз болған Олимпиада ойындары да, футбол да соғыстың құрбанына айналды. Дегенмен, өздері бастаған соғыста немістер ойсырай жеңілді. FIFA Германия футбол одағын өз құрамынан шығарып тастады. Содан Пеленің отаны Бразилия 1950 жылғы біріншілікті қабылдады.

1944 ЖЫЛ: XIII ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫ

ХОК 1939 жылы XIII жазғы Олимпиада ойындарының астанасын таңдады. Сөйтіп, 1944 жылғы Олимпиада Рим (Италия), Детройт (АҚШ), Лозанна (Швейцария), Афина (Грекия), Будапешт (Венгрия), Хельсинки (Финляндия), Монреаль (Канада) сияқты мықты қарсыластарын артқа тастаған Лондонда өтетін болды. Өкінішке қарай, Екінші дүниежүзілік соғыс елу жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген жазғы Олимпиаданы өткізуге мұрша бермеді.

Алты жылға созылған соғыстан кейінгі жазғы Олимпиада 1948 жылы Ұлыбритания астанасы Лондонда, қысқы Олимпиада сол жылы Швейцарияның курорттық қаласы Санкт-Морицте өтті.

1986 ЖЫЛ: ФУТБОЛДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ

1986 жылғы біріншілікті Колумбия өткізуі тиіс болған. Әйтсе де, 1982 жылы Испанияда аяқталған біріншіліктен кейін-ақ Латын Америкасындағы елдің «көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағаны» белгілі болды. Оған бұрынғыдай соғыстар себеп болмады. Ірі доданы ұйымдастыруға Колумбия қаржы таппады. Елін әлем алдында ұятқа қалдырмауға жергілікті наркобарон Пабло Эскобар барын салды. Қажетті қаржыны тауып беруге ниеттенді. Дейтұрғанмен, елдің сол кездегі президенті Белисарио Бетанкур Пабло Эскобардың көмегінен де, футболды өткізуден де бас тартты. Содан Колумбияға көмекке құрлық бойынша «бауыры» Мексика келді. Өйткені, бұл елде 1970 жылғы әлем чемпионатынан мұраға қалған стадиондар бар еді. Өкінішке қарай, 1985 жылғы елдегі 8 балдық жер сілкінісі чемпионаттың басты стадионы саналған «Ацтекені» жермен-жексен етті. Намысқа тырысқан Мексика билігі бір жылға жетер-жетпес уақытта басты аренаны қалпына келтіріп үлгерді. Сөйтіп, 1986 жылы Аргентина құрамасы екінші рет әлем чемпионы атанды.

2015 ЖЫЛ: ФУТБОЛДАН АФРИКА ҰЛТТАР КУБОГЫ

2015 жылы бірінші рет эпидемияға байланысты әлемде ірі турнир кейінге қалдырылды. Айталық, бес жыл бойы бүгінгі коронавирустың «ағасы» Эбола індеті қара құрлықтың батыс бөлігін әбігерге салды. Футболдан Африка ұлттар кубогын індеттің ошағы саналатын қара құрлықтың солтүстік-батысындағы Марокко қабылдауға тиіс болған. Індеттің беті бері қарамағандықтан мароккалықтар Африка конфедерациясынан жарысты бір жылға қалдыруды өтінді. Африка конфедерациясы әріптестерінің бұл өтінішін жерге тастамады. Бірақ, кубокты бір жылға емес, бірнеше айға – сол жылдың қыс мезгіліне ауыстырды. Құрлықтық доданы орталық Африкадағы Экваториалды Гвинея қабылдады (Батыс Африкада Гвинея Республикасының да барын ұмытпаңыз).

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here