ШОЙЫН ЖОЛДАҒЫ ТУРИЗМНЕН ТҮСЕР ТАБЫС ҚАНДАЙ?

0
533

Германиялық «Lernidee Trains and Cruises» компаниясының жалғыз қазақстандық серіктесі – «Тұран Азия» компаниясы. Неміс компаниясы арқылы жиырма жылдан бері шетелдік туристер   Орталық Азияға шойын жол арқылы екі апталық саяхат жасап келеді.  Бүгінде  қос  компания туристерді тасымалдайтын сапалы турфирмалардың қатарынан саналады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін өзге елдің азаматтарына танымал қос компанияның атқаратын қызметіне, даму тарихы мен жоспарларына тоқталады.

ШОЙЫН ЖОЛ ТУРИЗМІНЕ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Lernidee – неміс тілінен аударғанда «оқыту идеясы» деген мағынаны білдіреді. Немістің ірі туроператорының тарихы өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында Берлинде орыс тілін үйрету курсы ашылғаннан бастау алады. Оқыту курсын ашқан адам – мұғалім Ханс Энгбердинг.

Саяхатқа шығу үшін туристерге ең алдымен орыс тілін меңгеру керек еді. Ханс Энгбердингтің ашқан курсының негізгі мақсаты да осы болды. Бірақ, неміс азаматының ересек оқушылары шыдамсыздық танытты. Жеткіншектер Кеңестер Одағына орыс тілін үйренбей-ақ тезірек барғысы келді. Содан мұғалім тығырықтан шығар жолды тез тапты. Ол балалардың меселін қайтармай, алыс жолға шығып, Транссібір жолымен пойызбен саяхаттай жүріп, орыс тілін үйретуге шешім қабылдады. Оқушыларына орыс тілін тәжірибе тұрғысында үйренудің нәтижесі тез болатынын ұқты. Сөйтіп, оқушылар Транссібір жолымен бірнеше мәрте  саяхаттады.  Ал,  мектеп мұғалімі болса, саяхаттау үшін жаңа бағыт іздей бастады. Ханс Энгбердинг назарын бұл жолы Орталық Азияға аударды. Осылайша, неміс азаматы ойламаған жерден шойын жол туризміне қадам басты.

ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ ІЗІМЕН

Теміржол туризмінің мақсаты қандай болды? Күндіз круиздік пойызбен саяхаттаған жолаушы түнде де бір аймақтан екіншісіне  саяхаттап отырады.

«Orient Silk Road Express» – Ұлы Жібек жолы арқылы өтетін теміржол круизіне берілген атау. Саяхат Қазақстанда басталатындықтан, Энгбердингке жаңа бағыттағы жобаны ұйымдастырып, іске асыру үшін қазақстандық серіктес компания қажет болды. Энгбердинг қазақстандық серіктес компанияны тапты да. Оның серіктесі – «Тұран Азия» компаниясы болды.

«Тұран Азия» компаниясының бас директоры Гүлғайша Қасенханованың айтуынша, 2000-шы жылдардың басында Жібек жолының бойымен туристерді қазақстандық вагондар тасымалдады. Вагондар аса ыңғайлы бола қоймады. Душ кабинасы тек бір вагонда ғана болды. Оның өзі пойыз Алматыдан шығып кеткен соң, жиі істен шығып қала берді. Туристердің тазалығын қамтамасыз ету үшін жолсеріктер әрқашан кезекшілікте тұратын. Вагондардың дәретханаларына «Тұран Азия» қызметкерлері неміс туристері шұлықпен ыңғайлы жүру үшін арнайы кілемдер де төсеген. Шетелдік қонақтардың жайлылығын қамтамасыз ету үшін отандық компания купелерге жаңа төсек-орындар сатып алған. Сондай-ақ, купелерді ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендірген. Осылайша, туристерді шығыс мәдениетімен таныстырудың алғышарттары қалыптасты. Ал, қазір жағдай мүлдем жақсы жағына өзгерді.

Бүгінде «Orient Silk Road Express»-тің құрамында қазақстандық вагондар жоқ. Олар ресейлік «Трансмашхолдинг» пен  «Циркон-Сервис» және өзбекстандық құрастыру зауыттарында шығарылған жаңа вагондармен алмастырылған. Ұлы Жібек жолы ертеден бері келе жатқан шаһарлар: Бұхара, Ташкент, Самарқант, Хиуа арқылы өтетіндіктен, өзбектер шығыстық нақышта безендірілген арнайы вагондар жасап шығарды. Дегенмен, «Тұран Азия» компаниясы қызметкерлерінің әлі де атқаратын кішігірім жұмыстары жетерлік.

ДАЙЫНДЫҚ ТОБЫ

Пойыз сапарға шықпас бұрын, турфирманың  қызметкерлері вагондарды жолға дайындайды. Жаңа топ келгенше қажетті нәрселерді сатып алып, вагондарға тиеуге міндетті. Сондай-ақ, кофе, шәй, тәттілер, Қазақстанда жасалған шараптар, екі апталық сапарға жететін су, мейрамханаға қажетті гүлдер, неміс тіліндегі газет-журналдар, кәдесыйлар жолаушыларды отырғызар алдында әрбір купеде тұратын болады. Туристердің ең көп сатып алатын кәдесыйларының бірі – ұлттық киімдегі қыз бен жігіттің қуыршағы. Бірақ, бүгінде туристерге бұл кәдесыйлар тапшы болып жатыр. Оның себебін компания қызметкерлері Сібір орманындағы өрттің салдарынан ағаштардың жеткізілмей жатқандығымен түсіндіреді. Сол себептен де осы маусымның туристеріне қобыз бен домбыра кәдесыйлары ұсынылады.

Купелердегі қуыршақтар, сәлемдесу маркасы жапсырылған ашық хаттар, қонақтар Алматыға келгенде қарсы алатын, жолаушыларды пойызға отырғызарда шығарып салатын ұлттық киімдегі қыздар, вагондардағы «Рахат» шоколады мен апорт алмалары сияқты туристердің көңілін аулау қызметтері бірден пайда болған жоқ. «Тұран Азия» турфирмасының әр круизіне жаңа нәрселер қосуға тырысты. Олардың тәжірибелері бүгінде өз жемісін беруде.

«Туристердің саяхаттан алатын әсерлері көбінесе гидтерге байланысты. «Oruent Silk Road Express»-тің 88 жолаушысы үшін бір аптада 11 гид қызмет көрсетеді. Поляк тобында поляк тілінде сөйлейтін гид бар. Германиядан келген туристерге неміс тілін жетік білетін маманымыз қызмет көрсетеді. Барлығы да тексерістен өткен тәжірибиелі мамандар. Итальяндықтармен жұмыс істейтін гидті біз өзіміз дайындадық», – дейді Гүлғайша Қасенханова.

КРУИЗ МАУСЫМЫ

«Orient Silk Road Express»-тің екі апталық саяхатының екі бағыты бар. Біріншісі – Қазақстан-Қырғызстан-Тәжікстан-Өзбекстан (бұл жаңа бағыт), екіншісі – соңғы нүктесі Ашхабадта қойылатын Қазақстан-Өзбекстан-Түркіменстан бағыты. Пойызбен екі апталық саяхатын аяқтаған туристер тобы үйлеріне ұшақпен ұшады. Ал, пойыз жаңа туристерді алып, Ашхабадтан Алматыға кері қайтады.

«Біздің серіктесіміз «Orient Silk Road Express» жыл сайын Алматыдан көктемде екі рет, саяхаттауға қолайлы күзде төрт рет сапар шегеді», – дейді Гүлғайша Қасенханова.

Турдың  құны төрт мың еуродан басталғанымен, круиздік пойыздарда мүлдем бос орын болмайды. 2008 жылы әлемдік қаржылық дағдарыс орын алған тұста да, аталмыш жобаның табысы төмендемеген.

«Біз бұл жобамызбен мақтана аламыз.  Турфирма жыл сайын әртүрлі шетелдік көрмелерге қатысады. Шетелдік компания өкілдері «Кіммен бірге жұмыс істеп жатырсыздар?» деген сауалды жиі қояды. «Lernide Trains and Cruises»-пен бірге жиырма жыл серіктес болу – біз үшін сапа белгісі», – деп біледі компанияның бас директоры.

Компания қызметкерлері 2016 жылы Энгбердингпен Ақтау қаласына сынама бағыт жасап қайтты. Содан бері неміс кәсіпкерлері алдағы уақытта «Алматы-Маңғышлақ» круиздік бағытын іске қосуға қызығушылық танытып отыр. Ол турасында Ханс Энгбердинг: «Онда таңғажайып табиғатпен қатар тамаша туристік инфрақұрылым – Ақтау мен Атырауда бес жұлдызды қонақ үйлер мен тұрақты әуе қатынасы бар», – деп ағынан жарылды. Бірақ, жаңа бағытты іске қосу үшін қосымша арнайы вагондар қажет. «Orient Silk Road Express» қажетті вагондарды «Узбекистон темир йуллари» және «РЖД» компанияларынан жалға алуына болады. Ханс Энгбердинг вагондарды жалға алып, жаңа Алматы-Маңғышлақ бағытын іске қосып қана қоймай, болашақта бағытты Иранға дейін созуды жоспарлап отыр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ұшқан құстың қанаты, шапқан тұлпардың тұяғы талатын кең байтақ жеріміздің қадірін арттырып, қазақстандық шойын жол туризмінің дамуына өлшеусіз үлесін қосып отырған «Тұран Азия» компаниясының мұндай бастамаларын қолдамасқа болмайды. Өйткені, турзимнің бұл түрінен қыруар қаржыға кенеліп отырған елдердің қатары аз емес. Айталық, бір ғана канадалық «Rocky Mountaineer» пойызының 13 күндік Ванкувер-Джаспер бағыты 4 600 доллардан басталады. Жапондық «Shiki-Shima» пойызымен саяхаттау үшін кемінде 3 000 доллар төлеу керек.

ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here