Қазақ халқының тәуелсіздігі жолында күрескен Алаш арыстарының арасында Райымжан Мәрсековтің орны ерекше. Алаш қозғалысының қайраткері, заңгер, публицистің өмір жолдары екі кезеңді: патша және кеңестік жүйенің алғашқы жылдарын қамтиды.
Райымжан Мәрсеков Семей өңіріне қарасты Өскемен уезі, Айыртау болысында 1879 жылы дәулетті отбасында дүниеге келді. Найман руынан.
Кішкентайынан білімге құштар болған Райымжан Өскемендегі уездік орыс-қазақ мектебін бітірген соң, Омбыдағы классикалық гимназияға оқуға түсіп, оны 1897 жылы өте жақсы нәтижемен бітіреді. Жоғарғы білім алуды армандаған бозбала сол жылы Санкт-Петербургтегі Император университетінің заң факультетіне түседі.
Райымжан оқыған кезінде империядағы саяси жағдайдың ушығып, қарсылықты қозғалыстар болып жатқан шақ еді. Ол да патша үкіметінің қазақ жеріне жүргізіп отырған қанаушылық, озбырлық әрекеттеріне қарсылығын қоғамдық қозғалысқа қатысу арқылы білдірді. Студенттер толқуына қатысқаны үшін қара тізімге ілігіп, оқудан шығарылып, елге қайтуға мәжбүр болады. Жандармерия департаментінің бақылауына алынып, басқан ізі қағазға тізіліп отырды. Басына түскен қиындыққа қарамай ол 1899 жылы Қазан Императорлық университетіне оқуға мүмкіншілік алады. Алайда С.-Петербург университетіндегі оқудан өз еркімен бас тартып, үлкен қиындықтармен қайтадан университет қабырғасына қабылданып, оны 1902 жылы заңгер мамандығымен бітірген.
Райымжан алғашқы қызметке кіріскен күннен өзін білікті заңгер ретінде көрсете білген білікті заңгерлердің бірі. Ол 1902-1908 жылдары Семейдің округтік сотында, Омбының сот палатасында 1908-1912 жылдары адвокаттық кызметтер атқарады. 1902 жылдан Орыс география қоғамы Батыс-Сібір бөлімінің Семей қалалық бөлімшесінің мүше-қызметкері болып, қазақ тарихына қатысты мақалаларын жариялай бастайды. 1912 жылы Омбыдан Семейге қоныс аударған Райымжан адвокаттық қызметке қызу араласып, жазықсыз істі болғандарға арашашы бола біледі. Даулы істердің ақ-қарасын ашып, қазақтардың заңсыз сотталуына тосқауыл болады.
Кейін заманның талабына қарай Райымжан заңгерлікпен қатар қолына қалам алып, қазақ халқының рухани құндылықтары, әлеуметтік әл-ауқаты туралы мақалалар жазып, публицист ретінде танылады. Ең алғашқы мақаласын Петербург университетінде оқып жүргенде жазып, «Дала уәлаяты» газетіне жариялаған. Одан кейін оның «Қазақ қайтсе жерге ие болады», «Жер мәселесі», «Ата-қонысынан айрылған қазақ жайы» сияқты жер мәселесін көтерген мақалалары «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне басылады. Қайраткердің бұдан да басқа оқу-ағарту, сайлау, әйел мәселесіне арналған мақалалары отаршылдық жүйені сынға алған, патша үкіметінің әккі саясатын әшкерелеген құнды еңбектерге жатады.
Райымжан айналасында өзі сияқты азаттықты, теңдікті аңсаған, кейіннен «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметін құруға белсене атсалысқан Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және т.б. азаматтар болды.
Алашордашыл қайраткерлермен бірлесе ол «Алаш» партиясын құруға белсене араласты. Ақпан төңкерісінен кейін облыстық съездерді өткізуге, қазақ комитеттерін құруға атсалысты. 1917 жылдың 15 маусымынан бастап Семей қаласында «Сарыарқа» газетін ұйымдастырып шығарады. Бұл басылымның редакторлық қызметін алаш қайраткерлері Халел Ғаббасов, Имам Әлімбеков, Райымжан Мәрсеков, Шынже Керейбаевтар кезектесіп атқарып, газет беттеріне Алаш қозғалысы туралы хабарларын, Алашорда үкіметінің қаулы-қарарларын, құжаттарын жариялады. Бұл «Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағында. Сәуір 1901ж.- желтоқсан 1917ж.» (Алматы: «Алаш», 2004.- Т.1.- 447 б.) жарияланған.
Райымжан Қазан төңкерісінен кейін 1917 жылы Семей облыстық қазақ комитетінің төрағасы және облыстық атқару комитетінің мүшесі болып сайланды. Семей қалалық думасынан депутат болып қатысады. Одан есеп-финанстық комиссия құрамына сайланады, Земство басқармасының төрағасы қызметін атқарған.
1916 жылғы қазақтарды майдан жұмысына алу туралы патша жарлығы шығып, ел ішінде бүліншілік басталып, халық сергелдеңге түсіп, шетел асып, босқындай бастаған тұста қазақ зиялыларымен бірге олардың тағдырына араша түсу мақсатында Қытай өкіметінен көмек сұрай барғандардың арасында Райымжан Мәрсеков те болды. 1918 жылдың жазында құрамында Алашорда басшыларынан Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Садық Аманжолов, Райымжан Мәрсеков бар 5 адамдық делегация Семей қаласынан жолға шығып, Шәуешек қаласына барады. Қытай өкілі Алаш зиялыларының ұсынған достық қарым-қатынасын құп көрді. Алайда, өз ішінде азамат соғысы болып жатқандықтан, көмек беруден еш мүмкіндігі жоқ екендігін айтып шығарып салады. Бұл жайлы «Ахмет Байтұрсынұлы. Энциклопедиясында» (Бас ред. Ж.Тойбаева – Алматы: «Қазақ энциклопедия», 2017. – 377 б.) айтылған. Алаш қайраткерлері мен қазақтың игі жақсыларының түскен фотосуреті сол сапардың айғағы. Бұл тарихи фотосурет қазірде Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіндегі 2-зал экспозициясында тұр. Суретте Райымжан аққұбаша келген, мұртты, басына папаха киген, ақ жейде, қара костюм киіп, екінші қатарда А. Байтұрсынұлының сол жағында отыр.
Кеңес өкіметі толықтай орналған тұста Райымжан кеңес қызметіне араласып, 1922 жылға дейін Семей губерниялық атқару комитетінің ақпарат-нұсқаушы бөлімінде инспектор-тексеруші қызметін атқарады. Большевиктік биліктің теперішіне тап болған ол бас сауғалап, Қытай еліне қашуға мәжбүр болды. Шәуешектің жанындағы Толы ауданына өтіп, Қызыр Төре ауылын паналап, соңынан қудалау басталғанша, яғни 1932 жылға дейін сол жерде мұғалімдік қызмет атқарған. Шығыс Түркістанның қытай губернаторы орыстармен жүргізген келісімі бойынша Алаш мүшелерін жаппай тұтқындай бастаған кезде, артынан аңдушылардың түскенін сезген Райымжан Құлжа маңына барып, сол жерде тұрақтап қалған татар достарын паналайды. Сол өңірде өмір сүрген, Райымжанның көзін көрген қазақтардың айтуынша, ол 1937 жылы тұтқынға алынып, Үрімжінің Саяпыл деген жерінде 1938 жылы көптеген Алаш азаматтарымен бірге қаза тапқан деседі.
Ш.Ә. БОЗДАҚОВА,
«Алматы қаласы музейлер бірлістігі» КМҚҚ
А.Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері











