АЛМА БИЗНЕСІМЕН АЙНАЛЫСУ ҚАНШАЛЫҚТЫ ТАБЫСТЫ?

0
1069

Бүгінде екінің бірі бизнес жасау арқылы табыс көзін арттыруды ойлайды. Дегенмен, олар көбіне бизнестегі қарапайым алғышарттарды білмегендіктен сәтсіздікке ұшырайды. Бірден білмейтін бизнеске баспен кіріп, мол пайдаға кенелуді көздейтіндер де аз емес. Ақыл айтудан аулақпыз, тек бұл кәсіптің «жілігін шағып, майын ішкен» майталман мамандардың пікіріне құлақ түреміз.

Кеңес Одағы тұсында Алматы әлемге апорт алмасымен танымал болды. Содан бері исі аңқыған, дәмі тіл үйірер жеміске деген сұраныс артпаса, еш кеміген емес. Алайда, Қазақстандағы алма бақтарының саны біршама азайған. Оның ең басты себебі қаржы мен маман тапшылығында болып тұр.

Рас, қарқынды алма бағын өсіру үшін 1 гектарға 50 мыңнан 70 мың долларға дейін қаражат кетеді. Ал, еліміздің әр тұрғыны жылына бір келі алманы тұтынуы қажет. Ол үшін жылына 270 мыңнан астам тонна алма өндіру керек.

АЛМАНЫҢ 50 ПАЙЫЗЫН СЫРТТАН ТАСИМЫЗ

Елімізде сатылатын алманың 50%-ы сырттан келеді. Ал, ішкі нарықты өз алмамызбен қамту үшін алма бақ көлемін арттыру қажет. Ол үшін алма өсіруді қолға алған шаруалар «Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламасына жүгіне алады.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне сенсек, 2019 жылдың соңына қарай Қазақстан 54 млрд теңге болатын 300 мың тонна алма өнімін алады. Өткен жылы қазақстандық бағбандар бұл жемісті 222 мың тоннаға дейін жеткізген болатын (инфографиканы қараңыз).

Қазақстан алманың отаны саналса да,  алма экспорты жөнінен әлемде тек 42-ші орында тұр. Жалпы біздегі алма бақ алқаптарының көлемі 34 мың гектардан асады. Бұл көрсеткішті екі есеге ұлғайту үшін сапасы жоғары 3 млн көшет отырғызу керек.

Алматы облысының бағбандар қауымдастығының жетекшісі Арсен Рысдәулетов алма бағын өсіру үшін қанша қаражат қажет екенін және бұл бизнестің қыр-сырымен бөлісті. Ол алма бақтарды одан әрі дамытып, апортты өсіру бағбан-кәсіпкерлерге тікелей байланысты екенін айтады. Оған қоса, дәл қазіргі уақытта апортқа деген сұраныстың жоғары деңгейде екенін тілге тиек етті.

«Базардағы апорт біраз жыл болған ескі бақтардан әкелінеді. Бағбандар апортты қолдаумен айналысып қана қоймай, бақшалардың да белгілі пайдалану мерзімі бар екенін естен шығармағаны абзал. Мерзімді уақыты аяқталғаннан кейін басқа алмалардың түрлері отырғызылуы тиіс. Қазір бағбандар үшін 7-10 жылда жеміс беретін апортты күту тиімсіз. Жемістің осы түрінің көшетін арнайы алқапта отырғызу үшін энтузиастар мен меценаттардың қолдауы аса қажет», –  дейді Арсен Рысдәулетов.

АЛМАДАН КӨЛ-КӨСІР ПАЙДА ТАБУҒА БОЛА МА?

Жаһандық жағдайларға байланысты Қазақстан көбірек алма өсіре бастады. Біріншіден, сұраныс артуда, екіншіден, осы саланың маңызды бөлігі – импорт, үшіншіден, мемлекет несие мөлшерлемелерін субсидиялау және өндіріс шығындарының бір бөлігін қайтару арқылы отандық өндірушілерге қолдау көрсетеді.

Статистика  комитетінің  мәліметінше,  2018 жылы Қазақстан негізінен Қытай мен Польшадан 56,2 млн доллар сомасын құрайтын 121 мың тоннаға жуық алма импорттаған. Ал, шетелдік сарапшылар түбі Қазақстан алманың орталығына айналатынына сенім артады.

«Қазақстанда, әсіресе Алматыда кез келген бақшаны жайқалтып, оны гүлдендіруге болады. Бұл жердің климаты керемет, күн күліп, су ағып тұр. Оған қоса, Қазақстанның қасында Қытай, Ресей, Үндістан және Оңтүстік-Шығыс Азияның үлкен нарығы бар. Яғни, алманы мол көлемде экспорттауға болатын нарық жанында тұр», – деген ойымен бөлісті нидерландық «Delphy BV» компаниясының кеңесшісі Эрик Буитенхуис.

Қазақстанда алма өсірумен айналысатын «Middle Earth Orchards Group» компаниясының бас директоры Стенли Браунның пікірінше, агробизнесті қолдаудың субсидиялаудан да тиімді тәсілдері бар, яғни білім, қаржының қолжетімділігі және шенеуніктердің тосқауылдарын жою шаралары қолға алынса, алмадан да көл-көсір пайда табуға болады.

«Мен Қазақстанға 25 жыл бұрын келдім. Мемлекет енді ғана тәуелсіздік алғандықтан, ауыл шаруашылық кәсібін бастауға үлкен мүмкіндіктер болды. Біздің «Middle Earth Orchards Group» компаниясы АҚШ-тан сарапшылар делегациясын шақыртты. Олар қазақстандық фермерлерге қандай көмек қажет екендігін анықтауға атсалысты. Төрт жыл бойы біз көкөніс өсіру, бақша өсіру, ара шаруашылығы, сүт тағамдарын өндіру, тіпті жылыжай шаруашылығы туралы да әртүрлі тренингтер өткіздік. Осы жылдар аралығында біз «бақша шаруашылығының потенциалы жоғары» деген қорытынды жасадық. Себебі, бір ғана бақша ашу арқылы одан кейінгі екі кәсіпке де пайда әкелуге болады.

Қазақстан сол кездің өзінде әлемге селекционер ғалым Аймақ Жанғалиевтің жасаған жұмыстарының арқасында танылған еді. Ол бүкіл өмірін Сиверс алмасын зерттеуге арнап, Қазақстанның жабайы алма бақтарын әлемге таныстырды. Содан кейін Қазақстанға әлемнің түкпір-түкпірінен зерттеушілер келе бастады. Бір ғана Корнелл университетінің өзі төрт ғылыми экспедициясын жіберді.

Мәншүк Жексембекованы біз 2009 жылы кездестірдік. Ол кезде оның бақшасына қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуге көмек қажет болды. Мәншүкте алма бағының жартылай интенсивті жүйесі бар-тын. Қазір бақ толыққанды жұмыс істейді. Бұл жүйелердің айырмашылығы әр гектар жерге бөлінетін ағаш көлеміне байланысты. Стандартты жүйеде бір гектар жерге екі жүз ағаштан өсіріледі. Жартылай қарқынды жүйеде – мың, толыққанды қарқынды жүйеде – үш мың, ал супер қарқынды жүйеде – әрбір гектарда бес мың түп ағаш өседі.

Вашингтон штаты алма және басқа да жемістерді экспорттау арқылы әлемге танылды. Бақша шаруашылығындағы соңғы технологиялар жоғары сапалы топқа жатады. Бұл батыстағы жастарды қызықтырып отыр. Біздің кеңесші Патрик Брейди бақша шаруашылығында екінші дәрежелі ғалым сатысында. Технологиялық өндірістің арқасында жақын арада ауыл шаруашылығы үлкен сұранысқа ие салалардың бірі болады.

Агробизнесті қолдаудың субсидиялаудан да тиімді тәсілдері бар. Олар: білім, қаржының қолжетімділігі және шенеуніктердің тосқауылдарын жою. 30 жыл бұрын Жаңа Зеландияда ауыл шаруашылығын қаржыландыру ең жоғарғы деңгейде болды. Бірақ, олар жоғарыда атап өткен кедергілерді жойғанда ғана жетістікке қол жеткізді. Бұл жайында үкімет пен жауапты органдар ойлануы тиіс. Себебі, көбіне бақшаны мемлекетке пайда әкелу үшін емес, керісінше инвестиция алу мақсатында ғана өсіреді», – дейді Стенли Браун.

ҚАЗАҚСТАНДА БІЛІКТІ МАМАНДАР ЖЕТІСПЕЙДІ

Сыртқа оңай көрінгенімен, алма өсірушілердің де өзіндік проблемалары бар. Бұл осы салада мамандарды даярлайтын оқу орнынан басталады. Елдегі бақ шаруашылығындағы инфрақұрылым мен кадрлардың жетіспеушілігі – күрмеуі қиын мәселелердің бірі. Осы мәселені шешу жолында 15 шаруашылықтан тұратын қауымдастық құрылған еді. Бұл ұйым тек біліммен бөлісіп, тәжірибе алмасып қана қоймай, жұмысшыларды оқыту мақсатында шетелдік мамандарды да арнайы алдыртады.

«Алма өсірумен айналысатын қазақстандық  бағбандардың  басты  мәселесі – білім мен мамандардың жетіспеуі. Жылда еліміздегі интенсивті алма бақтарын дамыту үшін  инвестиция және оларға кәсіби күтім қажет. Оған қоса, қазір білікті агрономдардың тапшылығы байқалады. Бұл соңғы 20 жыл ішінде осы саладағы білім беру бағдарламасының жаңартылып, дамымағандығын көрсетеді. КСРО ыдырағаннан кейін ауыл шаруашылық университеттері дәстүрлі бау-бақшаларды өсіру саласында білім беруді жалғастырса, бұл кезде  Еуропа мен АҚШ-та интенсивті алма бақтары дамып жатты», – деген Арсен Рысдәулетов  интенсивті бақтардың дәстүрлі бақтардан айырмашылыған да ажыратып берді: «Интенсивті бау-бақша жемісін келесі жылы берсе, ал дәстүрлі бақтан орташа есеппен 3-4 жылда алма өнімін алуға болады. Сондай-ақ, қос бақшаның өнімділігі 6-7 жылдан кейін теңесіп кетуі бек мүмкін. Жемісті жинау мерзіміндегі мұндай айырмашылықты түсіндіре кетейін. Мәселен, интенсивті бақ шаруашылығы кезінде көшеттер тығыз отырғызылып, жеміс ағашын қолдайтын сымдар мен торлы бағаналар түрінде тірек жүйесі орнатылады. Осы ретте тыңайтқыш жүйесі қолданылып, бұл тыңайтқыштар суға қосылып, тамшылатып суару жүйесі арқылы таралады. Жеміс ағашының тамырлары жер бетіне жақын орналасқандықтан, көшеттердің қосымша қоректенуі өте маңызды. Осылайша, интенсивті бақтардың дәстүрліге қарағанда шығыны көп, алайда тез өтеліп, пайдаға кенелтеді».

АЛМА БАҚ – ОТБАСЫЛЫҚ БИЗНЕС

Сарапшылардың пікірінше, алма өсіріп, оның пайдасын көксеген кәсіпкерлерге 10 жыл күтуге тура келеді.

«Көптеген кәсіпкерлер интенсивті алма бақтарын салып, «3-4 жылдан кейін бір гектардан 40-60 тонна жеміс жиналады» деп болжайды. Бірақ, олар алма бизнесіне беттей берген сәттен көптеген кедергілерге тіреледі. Олардың ең бастапқы проблемалары осы саладағы білімнің аздығы мен маманның жоқтығына әкеліп соғады. Оған қоса, олардың алдында алма сатуды ұйымдастыру, маркетинг, логистика бойынша міндеттер бар. Бизнесті жоспарлау кезінде осындай майда-шүйденің барлығын ескеру маңызды», – деп түсіндіреді Арсен Рысдәулетов.

Көзін таба білген кәсіпкерлер үшін алма бағына инвестиция құю – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын табыс көзі.

«Алма бақтары – бұл отбасылық бизнес. Кәсіпкерлер бұл іске басқаша көзқараспен қарайды. Олардың кейбіреулері құйған инвестицияны тезірек еселеп алып, кейіннен сатылымға шығару үшін бақшаны дамытады. Ал, енді бір кәсіпкер  ондаған жылдардан кейін балаларының өзі бастаған жұмыстарын жалғастыратындығын біліп, бақшаға көп қаражат бөледі», – дейді сарапшы.

Еуропада алма бақтарын отырғызу Қазақстанда қолданылатын қағидалардан ерекшеленеді екен.

«Еуропа елдерінде жер ресурстарының қатаң шектеуіне байланысты отбасылық шағын бақтар басым. Негізінен мұндай шаруашылықтардың аумағы 1-ден 10 гектарға дейін созылады, бір гектардан кем ұсақ шаруашылықтар да бар. Осы бақтардың барлығы интенсивті отырғызу қағидаты бойынша салынған. Мұның бәрі Еуропада алма өндірісінің жалпы статистикасында ескерілген», – дейді қауымдастық басшысы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

2025 жылға қарай елімізде бау-бақшадан жиналатын жеміс-жидек көлемін 420 мың тоннаға жеткізу жоспары бар. Ол үшін сапасы жоғары көшеттерді таңдап, будандастыру және жерсіндіру мәселесінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру керек. Сонда ғана ішкі нарықты алмамен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, алманы қыруар қаржыға сыртқа сата аламыз. Мәселен, 2018 жылы алманы экспорттаудан Қытай 1,5 млрд доллар, АҚШ 936,4 млн доллар, Италия 917,2 млн доллар, Чили 663,6 млн доллар, Франция 591,3 млн доллар, Жаңа Зеландия 494,7 млн доллар, Оңтүстік Африка Республикасы 358,7 млн доллар, Польша 313,1 млн доллар, Нидерланды 208,3 млн доллар, Бельгия 134,1 млн доллар пайда тауыпты.

ЖАНСАЯ ШЫҢҒЫСХАН, «QAZAQ»-ТЫҢ НҰР-СҰЛТАНДАҒЫ МЕНШІКТІ ТІЛШІСІ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here