Салақтық салдары: Медқалдықтарды көрінген жерге тастауға бола ма?

0
6382

Елімізде коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуде қолданылған медициналық құрылғылардың қалдығын жою нормалары бұзылған. Бұны ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да растап отыр. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті медициналық қалдықтарды қайта өңдеу және жою бойынша қызмет көрсететін барлық кәсіпорындарға талдау жүргізді. Ал, коронавирус жағдайында медқалдықтарға деген салақтық жекелеген аймақтарда ғана емес, түгел республикада санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды күрделендіруі мүмкін. Сондықтан қоқыс мәселесі бүгінгі күннің басты тақырыбына айналып отыр.

ТАЗАЛЫҚ – САУЛЫҚ НЕГІЗІ

Егілген ине қалдықтары, адам қаны қатқан контейнерлер, қан құйылған пробиркалар, пайдаланылған бір реттік қолдануға арналған таңғыштар, қорғаныш костюмдері… Тұрғындар осындай жиіркенішті әрі қауіптілігі жоғары медқалдықтарды ауладағы қоқыс тастауға арналған орындардан көргенін хабарлаған. Бұл көрініс ауылдық жерлермен қатар, қалаға жақын аумақтарда да орын алған. Әсіресе, бұндай «бетімен кету» соңғы үш айда жиі кездесіп отыр деп дабыл қағады жүргізілген зерттеу нәтижесі. Осындай оқиғаның бірі сәуірдің соңында Түркістан облысының Ленгер қаласында қайталанған.

Оқиға орнынан тікелей түсірілген фотосуреттер мен бейнетүсірілімдер дер кезінде әлеуметтік желілерде жарияланған. Бұл медициналық қалдықтар әрі қарай көзін жою үшін қоймада сақталып тұрған. Ленгердегі мұндай қоқыстарды сақтау мен жоюға «Олжас» ЖШС жауапты болған. Видеодан байқағанымыздай, «Medox» ЖШС-не тиесілі «Газель» жүргізушісі үйіне қарай кетіп бара жатқан жолдағы тұрғын үйлерге арналған қоқыс тастау орнына жақындағанда көлік есігін ақырын ашып, «жұмбақ жүкті» төге бастаған.

Белгілі болғандай, салмағы 93 келі тартатын медқалдық Қарағанды облысының Нуринск орталық облыстық ауруханасынан «ат арытып» жеткен. Аталған аурухана географиялық тұрғыдан Елордаға жақын орналасқандықтан, шыққан қоқыстарды жоюда «Олжас» ЖШС-мен келісімшарт жасасқан. Ал, бұл серіктестік «Medox»-тен «Газель» көлігін жалға алған. Компанияның ұсақтауға арналған құрылғысының істен шығуына байланысты залалсыздандырылған қалдық қайтадан Қарағандыға қайтарылуы керек болған. «Medox» ЖШС тарапынан ешқандай заң бұзушылық анықталмағынын хабарлады Қоғамдық денсаулықты қорғау комитеті. «Газельден» төгілген медициналық қалдықтар дер кезінде қайта жиналып, жойылған. Аймақ арнайы дезинфекциялаудан өткен. Тазалықты сақтамай, қаншама халықтың өміріне қауіп төндіретін әрекетке барғаны үшін «Олжас» ЖШС-нің бас директорына 290 мың теңге айыппұл салынған.

Ленгердегідей келеңсіздік елімізде алғаш рет орын алып тұрған жоқ. Өткен жылдың ақпан айында үш тоннаға жуық медициналық қалдық Нұр-Сұлтан маңына жақын жерде, Ақмола облысына қарасты Шортанды ауданындағы Ключи ауылының маңынан табылды. Жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей, бұл медқалдық Ұлттық жүрек хирургиясы орталығына тиесілі болып шыққан. Орталықтан шыққан қалдықтарды жоюға жауапты «Казпереработка» ЖШС-не ережені бұзғаны үшін 20АЕК айыппұл салынған.

ТАҚЫРЫПТЫҢ ТӨРКІНІ

Республикада халықаралық талаптарға сәйкес медициналық қалдықтарды жоюдың эпидемологиялық қауіптілік дәрежесі бойынша бекітілген классификациясы бар. Бірақ, ережені ескермейтіндер қатары азаймай тұр. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова осы және ұқсас жағдайларды палата отырысында сөз етіп, күн тәртібіне мәселе етіп ұсынды. Ол мұндай әрекеттерді «кісі өлтіру қылмысы» деп атады. «Алайда, бұндай іс-әрекеттер пандемиядан бұрын және пандемия кезінде де болған. Ең сорақысы, кісі өлтіретін қылмыстық сипатқа ие қауіпті әрекеттің қазір де жалғасуы», – деді депутат өз сөзінде.

Тіпті, дерті дендеп, аурудан ажал құшқандарды діни дәстүрлерді ескермей, арнайы тәртіппен жерлегенін ескерсек, емдеу кезінде қолданылған құралдардың аса қауіпті екендігі айдан анық. Вирус қалдықтан ауа арқылы тарап, жүздеген адамға залал келтіруі де мүмкін.

Дегенмен, депутаттың сөзіне сүйенсек, бұл қызметке бірыңғай талаптар мен тарифтердің болмауы әсер етуі мүмкін. Мысалы, тек қана Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қарамағындағы 30-дан астам медициналық мекеме әдеттегі режим негізінде 400 тоннадан астам эпидемиологиялық және токсикологиялық қауіпті медициналық қалдықтар шығарады. Бұл көрсеткіш қазір көбеймесе, азаймағаны анық.

Медициналық қалдықтарды жою құны бойынша арнайы тарифтік шкала болмағандықтан, бағалар жаға ұстатарлықтай. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласындағы №4 қалалық емхана бір келі қалдық үшін 20 теңге төлесе, №6 емханаға бұл көлем үшін 818 теңгеге дейін төлем жасау қажеттігі туындайды. Айырмашылық жер мен көктей. Жоғарыда аталған жайсыз жайтқа дәл осы медициналық мекемелерде қалдықты жоюға арналған «баға ұсыныстарының» ықпал еткен болуы мүмкін.

ҚАЗАҚСТАНДА МЕДҚАЛДЫҚТАР ҚАЛАЙ ЖОЙЫЛАДЫ?

Министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті медициналық қалдықтарды қайта өңдеу және жою бойынша қызмет көрсететін барлық кәсіпорындарға талдау жүргізді. Аудит барысында медициналық қалдықтарды өңдеу және жою бойынша қызмет көрсетуге экологиялық рұқсаты жоқ кәсіпорындар мен медициналық мекемелердің бар екендігі анықталды.

Медициналық қалдықтарды жою қызметі негізінен жеке компаниялардың қолында шоғырланған. Денсаулық сақтау ұйымдары сол кәсіпорындармен келісім жасасады. Ал, Қазақстанның әр аймағында қауіпті қалдықтарды жоюмен айналысатын 200-ге жуық компания бар.

Әлемдік тәжірибеде медициналық қалдықтарды жою үшін өртеу немесе автоклавтау (микротолқындық және термиялық өңдеу) әдістері бар. Бізде қалдықты жою үшін өртеу қолданылады.

Кәсіби экологтар қауымдастығының басқарма төрағасы Алексей Смирнов «Қазақстанда медициналық қалдықтарды жою нормаларын ешкім сақтамайды» деп санайды. Маман атап өткендей, бұл кәсіппен айналысу үшін әр компанияда 900-ден 1200 градусқа дейін қыздыра алатын арнайы өртеу пеші болуы керек. Біздегі көп компания медициналық қалдықтарды жою үшін крематорларды қолданады. Алайда, олар пластиктерді емес, тек биологиялық материал, мысалы, жануарлардың өліктерін ғана залалсыздандыра алады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бірыңғай тарифтің жоқтығы, арнайы орындардың болмауы сияқты себептер бірнеше жыл бойы қайталанып келе жатқан қауіпті жағдайға тиісті органдардың жұмылу қажеттігін көрсетіп отыр. Экологтардың пікірінше, Қазақстандағы медициналық қалдықтарды жою мәселесін шешу үшін жаңа кодекс қажет. Жаңа стандарт көптеген елдерде бұрыннан қолданылып келген дәлелденген нормаларға негізделуі керек. Медициналық қалдықтарды кәдеге жаратудың жаңа ережелері жинау мен ораудан бастап тасымалдау мен өртеуге дейінгі барлық кезеңдерді көрсетіп беретіндей айқын болуы қажет. Осы салада тәртіпті ретке келтіріп, заңнамаға тиісті түзетулер енгізілсе, қауіпті медициналық қалдықтарды тасымалдау мен жою талаптарын бұзғаны үшін бақылау мен жауапкершілік күшейетін болса, қауіптің беті қайтып, ауру да азаяр ма еді, кім білсін?!

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here