Араб ханшайымын өз атасы неге өлім жазасына кесті?

0
8179

Сауд Арабиясы – абсолюттік монархия сақталған әлемдегі алты елдің бірі. Жер көлемі бойынша әлемде 12-ші орын алатын елде 33 млн халық тұрады. Соның 30 пайызын өзге елдерден жұмыс іздеп келген келімсектер құрайды. Өйткені, барша мұсылманның қасиетті қалалары Мекке мен Медина орналасқан  Сауд  Арабиясы  әлемдегі ең  бай елдердің  бірі  саналады. Әрине, Араб түбегіндегі  ең ірі  елдің бай  болмасқа  жөні  де жоқ. Неге  десеңіз,  жерінің  асты толған мұнай. Елдің жалпы ішкі өнімінің 45  пайызын,  экспортының  90  пайызын, бюджетінің  75  пайызын  мұнай  өндірісі  құрайды. Экономикасы мұнайға тәуелді елде 260 млрд баррель «қара алтынның» қоры бар. Бұл әлемдегі жалпы мұнай қорының 24 пайызы. Ал, 1932 жылы негізі қаланған Сауд Арабиясының мұнай табылмағанға дейінгі тұрмыс-тіршілігі мәз емес-ті. Дегенмен, 1938 жылы жер қойнауынан мұнай табылғаннан кейін елдің тұрмысы күрт өзгерсе де, байырғы салт-дәстүр мен өмірлік ұстаным өзгеріссіз қалды. Шариғатқа негізделген қатаң заңдары бар елге әлемдік қауымдастықтың бұрыннан жатырқай қарайтыны да сондықтан. Мысалы, 1977 жылғы Мишааль ханшайым мен елшінің ұлы Халед арасындағы баянсыз махаббат Сауд Арабиясында «Аладдиндерге» жол жоқ екендігін көрсетті. Сөйтіп, бұл атышулы оқиға шариғат заңының ханға да, қарашаға да әлеуеті жететіндігін дәлелдеді. «Qazaq» газеті бүгін жетпісінші жылдары мұратына жетпеген «Аладдин мен Жасминнің» баянсыз махаббатына тоқталады.

Ағымдағы жылы америкалық «Disney» киностудиясы «Аладдин» туындысын көрермен назарына ұсынды. Ал, біздің бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған Халед пен Мишааль тағдыры «Аладдин» ертегісінің желісінен мүлде өзгеше бағытта өрбіді.

Сауд Арабиясының негізін қалаған патша Абдул-Әзиз әл-Саудтың (1875-1953) заңды некелерінен қыздарын қоспағанда 45 ұлы болды.  Оның бәрі де шетінен ханзада. Ал, алтыншы ұлы Мұхаммед (1910-1988) әкесінің тағына басты үміткер саналды. Дегенмен, елдің тізгінін 1964-1975 жылдары ұстаған үлкен ағасы Фейсалдың көрсеткен қысымының салдарынан Мұхаммед мұрагерліктен бас тартып, жолын інісі Халидке берді. Оған басты себеп оның шатақ мінезі болыпты. Араққа құмарлығы да тақтан үмітін үздірді. Әлбетте, Сауд Арабия-сында «шайтан суға» тыйым салынғандықтан ханзаданың бұл жаман әдеті ашық айтылмай келсе де, оның халық арасында Әбу Шарайан (үлкен күнәһар) деген екінші есімі болғанын ешкім жоққа шығармайды. Өзінің жаман әдеттеріне қарамастан өмірінің соңғы күндеріне дейін Мұхаммед патша әулетінің  абыройлы мүшесі ретінде есептелінді. Мемлекеттік маңызды деңгейдегі мәселелерді шешуде алдымен Халид патша және ізбасары Фахд патша оның кеңесіне жүгініп отырды.

Абдул-Әзиз әл-Саудтың жоғарыда аталған 45 ұлынан 7 мың  ұрпақ  тарады.  Патшаның  сол  7 мың ұрпағының ішінде Мишааль ханшайымның есімі әлемге әйгілі болып, ондаған жылдардан бері халықтың ауызынан түспей келеді.

Қыздарды қоспағанда Мұхаммед 24 ұлдың әкесі болды. 1958 жылы он бесінші ұлы Фахд әке атанды. Ал, Мұхаммед немересінің есімін Мишааль қойды. Шығыстың сұлуы бойжеткенше атасының да, әкесінің де қамқорлығында еркелеп өсті. Ханшайымды ағасы Халид патша да туған қызындай көрді. Патша сарайында өскен қыз ештеңеден таршылық көрмеді. Бұл Сауд Арабиясында қыз балаға жылы қабақ танытып, оң көзқараспен қарай бастаған кездер еді. Алайда, Мишааль ханшайымның алдағы тағдыры өз қолында болмады. Өйткені, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсірген қыздарын ата-анасы алыс туысы болып келетін бір ханзадаға атастырып қойған-ды.

Өткен ғасырдың орта тұсында мұнайдың арқасында Сауд Арабиясының патша әулеті дәулетке кенелгені белгілі. Доллармен бірге әртүрлі батыстық танымал брендтер пайда болды. Оларды патша отбасының мүшелері шет елдерге жасаған сапарларынан әкеліп отырды. Мишааль жоғары білім алғысы келетіндігін айтқанда отбасы мүшелері қарсы болмады. Алайда, 70-ші жылдары Сауд Арабиясында әйелдерге арналған мұндай университеттер жоқ-тын. Содан білімнің соңына түскен ханшайым Ливанға аттанды. Әрине, жалғыз өзі емес, патша әулеті ханшайымның қасына қызметшілер мен күзетшілерді қосты.

Ливан – көп ұлтты және Сауд Арабиясымен салыстырғанда шектен шыққан шектеулері жоқ мемлекет. Еркіндік бар. Ливандағы мұндай еркіндіктен 19 жастағы ханшайымның басы айналды. Сауд Арабиясында болашақ жары күтіп отырғанын естен шығарды. Сезімге ерік берді. Сауд Арабиясының Ливандағы елшісінің ұлы Халедке ессіз ғашық болды. Жалпы, патша әулеті мұны естіген күні қос ғашықтың бұл махаббат хикаясы «happy еnd»-пен аяқталмайтынын бәрі жақсы түсінді.

Иә, махаббат хикаясының соңы «Аладдин» ертегісі сияқты бақытпен аяқталуы мүмкін емес еді. Өзге елдерде елшінің ұлы «мажор» саналса, Сауд Арабиясында ол қатардағы адам. Яғни, ол бала үшін ханшайымның қолын ұстаудың өзі орындалмас арман болуы керек. Ал, Халед қалыптасқан дәстүрді бұзды. Шекарадан аттап өтті. Сол үшін де жазықты. Бұл – бір. Екіншіден, Мишааль ханшайым атастырылғанын біле тұра сезімге ерік берді. Патша әулетінің атына кір келтірді. Демек, Халед сияқты Мишааль ханшайым да жауапкершіліктен қаша алмайды. Үшіншіден, шариғат бойынша некеге дейінгі жақындасудың жазасы – өлім. Дегенмен, Мишааль мен Халедтің салт-дәстүрге қайшы келетіндей әрекет еткендеріне нақты дәлел жоқ. Олар тек құшақтасумен шектелсе керек. Әйтсе де, ханшайымның бөгде ер адаммен бір бөлмеде оңаша қалуының өзі шариғат заңына қайшы іс саналады. Ал, Сауд Арабиясында ханшайымдарға ерекше қамқорлық жасалса да, «қызға қырық үйден тыю» дегенді бірінші орынға  қояды.  Мұны  ханшайым өте кеш түсінді.

Болар іс болды, бояуы сіңді. Содан оны неке адалдығын бұзғандығы үшін айыптай бастағанда ханшайым өзіне қауіп төнгенін сезіп, Қызыл теңіз жағалауындағы Хауа ананың мазары орналасқан Джидда қаласына қашып барды. Өмірін сақтап қалу үшін жоспар құрды. Суға батып кеткендей болып теңіз жағасына киімдерін тастап кетті. Содан соң ерлерше киініп алып, әуежайға беттеді. Жалған құжатпен елден қашуға белді бекем буды. Дегенмен, елге белгілі ханшайымның айласы іске аспады. Әуежайда қолға түсті.

Заң бойынша неке адалдығының бұзылғанын дәлелдеу үшін кем дегенде төрт куәгер болуы немесе айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындауы қажет. Куәгерлер болмады. Бірақ, ханшайым өзінің неке адалдығын бұзғанын мойындады. Оның не себепті мұндай әрекетке барғаны белгісіз.

Халедтің өлім жазасына кесілетіндігіне күмән болған жоқ. Ал, ханшайымға қатысты жазаның орындалу, орындалмауы туралы екі ұшты пікір болды. Немере ағасы патша Халид жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырғысы келгенімен, атасы Мұхаммед немересін өлім жазасына кесу туралы пікірінен қайтпай қойды.

1977 жылы 15 шілдеде Мишааль мен Халедті  бесін намазынан кейін орталық алаңға алып шықты. Үкімнің орындалуын атасының өзі қадағалады. Патша әулетінің мүшесі болғандықтан ханшайымды таспен ату жазасы алынып тасталды. Ханшайымның көзін байлап, халық алдында тізерлетіп отырғызып, қарумен басынан атты. Осылайша, Халед ғашығының көз алдында өлгенін көруге мәжбүр болды. Кезек Халедке де келді. Қарапайым жігітті Сауд Арабиясында кеңінен таралған басын шабу жазасы күтіп тұрды. Бірақ, бұл жазаның өзіндік ерекшелігі бар еді. Әдетте, қылмыскерді азаптап өлтірмес үшін үкімді кәсіби баскесер орындайды. Ал, жазаланушы билік өкілдерінің ашуына тиген болса, үкімнің орындалуын тәжірибесіз адамға тапсырады. Мұхаммед мұндай азапты жаза түрін Халедке қолданды. Патша әулетінің мүшесіне қылыш тапсырылды. Ол адам бұған дейін қылышпен адам өлтіріп көрмеген болатын. Нәтижесінде бейбақтың басы тек бесінші соққыдан кейін ғана шабылды.

Мишааль өлім жазасына кесілгеннен кейін Сауд Арабиясында әйелдерге деген шектеу тіптен күшейді. Ал, ел арасында немересіне шығарған үкіміне Мұхаммедтің ешқашан өкінбегендігі айтылады.

1980 жылы Ұлыбританияда көрерменге жол тартқан Мишаальдің өміріне негізделген «Ханшайымның өлімі» фильмі дипломатиялық жанжалдың пайда болуына себеп болды. Сауд Арабиясы Эр-Риядтағы Ұлыбритания елшілерін елден қуып шығып, Британияда жүрген патша әулетінің мүшелерін елге қайтарды.

Мишааль мен Халедтің өліміне қырық жылдан астам уақыт өтті. Бүгінде Сауд Арабиясында патша әулетінің әйелдеріне қатысты қатаң шектеулер жеңілдетілуде. Араб ханшайымдарында қазіргі уақытта аз да болса еркіндік бар. Сауд Арабиясында әйелдерге қойылған қатаң талаптардың астарында рухани тазалықты сақтау ниеті жатқандығы анық. Шариғат бойынша қисық қабырғадан жаратылған әйелдің ерінен бір сатыға төмен тұруы жөн саналғанымен, кейбір арабтар оны әйел затын қорлауға берілген кепілдік ретінде түсінетіні жасырын емес. Тіпті, діни сауаты жоғары саналған араб теологтарының кейбірі осындай ұшқалақ пікірде. Оған 2015 жылы Сауд Арабиясының бас мүфтиі Абдул Әзиз Әли Шейхтің жасаған мәлімдемесі дәлел. Әли Шейх: «Егер күйеуі аш болса, әйелінің кез келген мүшесін кесіп алып жеуіне болады. Ерінің бұл шешіміне әйелі адалдық пен кішіпейілділікпен қарауы керек», – деп уағыздады. Оның бұл пікірі қоғамда үлкен резонанс тудырғандықтан артынша бас мүфти ауызынан ешқашан ондай күнәлі сөз шықпағандығын айтып ақталды.

Айта кетейік, Сауд Арабиясында өлім жазасына кесудің негізгі әдісі шариғат талаптарына сәйкес декапитация (басын шабу) болып табылады. Және таспен атқылап өлтіру де кең таралған. Таспен ату жазасы көбінесе әйелдерге қолданылады. Ерекше қылмысты деп танылғандардың басын кесіп алып, айқыш шегеге іліп қояды. Өлім жазасы көпшіліктің көзінше қалалардың орталық алаңдарында өтеді.

«Халықаралық амнистия» ұйымы 1995-2016 жылдар аралығында Сауд Арабиясында өлім жазасына кесілгендердің санын жариялады. 1995 жылы – 192 адам, 2002 жылы – 47 адам (45 еркек, 2 әйел), 2003 жылы – 53 адам (52 еркек, 1әйел), 2004 жылы – 36 адам (35 еркек, 1әйел), 2005 жылы – 90 адам (88 еркек, 2 әйел), 2006 жылы – 39 адам (35 еркек, 4 әйел), 2008 жылы – 102 адам, 2009 жылы – 69 адам, 2010 жылы – 26 адам, 2011 жылы – 82 адам, 2014 жылы – 90 адам, 2015 жылы – 157 адам ең ауыр жазаға кесілген. Сондай-ақ, Сауд Арабиясында 1985-2016 жылдары өлім жазасына кесілгендердің саны екі мыңға жетіпті.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

1977 жылы орын алған ханшайым мен елші ұлының махаббат хикаясы талай шығармалардың дүниеге келуіне арқау болды. Тек ол ғана емес, Мишааль мен Халедтің атышулы хикаясы Сауд Арабиясындағы өзекті мәселелердің біріне әлем назарын аудартты. Мишаальдің үкімінен кейін Сауд Арабиясында әйелдерге деген талаптар біршама уақытқа күшейтілсе де, қазіргі таңда талаптардың біртіндеп азаюына қырық жыл бұрынғы оқиға белгілі бір деңгейде әсер етті.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq»-тың шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here