149 балалы ана

0
5532

«Адамның бір қызығы бала деген…» дейді кемеңгер Абай. Бала –болашақтың кепілі. Ұрпақтар жалғастығы – ұлы халықтың ұлттығының көрінісі. «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деп халық даналығы дөп басады. Сәбидің жұпар исі аңқып, шадыман күлкісі шалқыған үй – әрқашан әдемі.  Біреуге өшіксе, өкпесі қара қазандай болған қазақ «Отың басылмасын, күлің шашылмасын» деп қарғаған. Бұл – қарғыстың сорақысы. Оттың басын, ошақ қасын басатын келімді-кетімді қонағың болмаса, күл-қоңсыңды шашатын балаң болмаса, «өкінішті көп өмір кеткен өтіптің» кері.

Десек те, кейінгі кезде балалар үйі мен тастанды сәби көбейіп тұрғандығы жасырын емес. БҰҰ Балалар қорының 2017 жылғы есебіне сүйенсек, бүкіл әлемде 2,7 миллионнан астам бала ата-ана қамқорлығынсыз қалған. Орташа деңгейден 5 есе жоғарғы көрсеткіш Орталық және Шығыс Еуропаға тән. Бұл елдерде 100 мың баланың 666-сы балалар үйінде тәрбиеленеді. Ал, Италияда 2006 жылы барлық балалар үйі жабылса, Ирландияда балалар үйі атымен жоқ. Бұнда ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды асырап алушы отбасылар міндетті түрде табылатын көрінеді.

Адам маңдайына түрлі ғұмыр жазылады. Сәби балалар үйіне сан себеппен, түрлі тағдырмен түсуі мүмкін. Біреуді даттап, бірді жақтай да алмаймыз. Тек әлемде «мейірім» дейтін шырақтың сөнбегені көңілді қуантады.

МЕЙІРІМ БҰЛАҒЫ: ГҮЛНАРА ДЕГЕНБАЕВА КІМ?

Өмірде жүрегі кең, жаны ізгілікке толы тұлғалар бар. Гүлнара Дегенбаева – жүз елуге жуық баланың анасы атанған үлкен жүрек иесі, Қырғызстандағы өз еңбегімен құрған «Мейірім бұлағы» («Мээрим булагы») балалар үйінің басшысы. Бүгінде қараусыз қалған қаншама сәбиге пана болып отырған балалар үйі 1998 жылы ашылды. Ыстықкөл жағалауындағы бұл үй орналасқан жерде Кеңес заманында балалар үйі болғандығы кейінірек белгілі болды. Бұл күнде  «Мейірім бұлағының» мейіріміне бөленген балалар саны 149-ға жетті. Олардың 59-ы жоғары білімді маман атанса, 22-сі Ресейдің бетке ұстар жоғарғы оқу орындарында білім алуды жалғастыруда. Ал, 52 баланы жайсаң жандылар асырап алып, жанұя жылуына бөлеген.

Мемлекетке қол жайып қарап отырмаған қырғыздың қайсар қызы өзінің жеке кәсібін дөңгелетіп, кәсіптің нәсібімен балаларын асырап жүрді. Бірақ, кейінірек ол ісін тоқтатуға тура келген. Мән-жайды «тәрбиешілер балаларыма дауыс көтеріп, жақсы қарамағандықтан, бизнестен бас тартып, бір жағына шығуым керек болды» деп түсіндіреді.

Жаны жомарт жанның жеке балалар үйін ашып, өз қаржысына қаншама баланы қамтамасыз етіп, мейірімге бөлеуі өзінің бала күнінен жетім қалып, түрлі балалар үйіне тапсырылған бауырларына жете алмаған жан күйзелісімен байланысты болса керек. Ата-анасынан ерте айырылған ол жетімдіктің ащы дәмін де, балалар үйінің қатаң заңын да, тағдырдың тәлкегін де көріп, әбден ысылып, қайтпас қайсар болып өскен. Ош қаласындағы тұңғыш әйел ғарышкер атанған Терешкова атындағы балалар үйінде өткен жылдар оның өміріндегі ең ауыр кезеңдер еді. Ұдайы анасы мен жан-жақтағы бауырларын ойлап, көңілі күпті болатын. Бірде балалар үйіне келген Валентина Терешкованың қолына көмек сұрап жазған хатын ұстатып, жасаған «жағымсыз» қылығы үшін тәрбиешіден таяқ жесе де, тағдырдың тепкісіне ешқашан шағымданбаған. Бір жарым жылдан кейін Гүлнара бауырларымен қауышып, үйіне оралады. Сол кезде үй шаруасымен қоса бауырларының жағдайын жасау бар-жоғы 11 жастағы кішкентай қыздың міндеті-тін…

Бақытты болу үшін жаралған әрбір балапанның өзінің өткен өміріндегідей қиындық көруін қаламаған ана жүрек көше кезіп, қараусыз қалған балаларды көріп, басшылыққа жүгіреді. Басшылық тарапынан ешқандай жауап ала алмаған қайсар келіншек балаларды жылу мен мейірімге қандыратын жайды өз күшімен тұрғызуға бел буады. Нәтижесінде бүгінгі таңда 149 балаға баспана болған «Мейірім бұлағы» балалар үйі Ак-Булун ауданында құрылады.

Тәрбиеленушілерді бұнда жергілікті әкімшілік әкеледі. Кейде мейірімді ана оларды көшеден өзі тауып алып, қатарға қосады. Балалар үйіне алғашқы қабылданушы үш жарым жасар бүлдіршін болды. Ата-анасы әккі ұрылардың қолынан қаза болып, ауру әжесімен қалған баланың киерге киімі, ішерге асы жоқ, қараусыз қалған. Көршілері көмек сұрап, Гүлнара ханыммен байланысқа шығады. Өлі қарғаның сүйегін оның қауырсынымен қоса қармап отырған бала мен науқас әженің күйі жүрегі нәзік ананың көз алдында ұзақ сақталып қалды. Жергілікті аурухана дәрігерлері баланың адам болуы екіталай екендігін ескерткен соң, мейірбан ана жан ұшырып сәбиді Бішкек ауруханасына жеткізеді. «Себебі баланың көзі «Мен өмір сүргім келеді» деп тұрғандай болатын» дейді Гүлнара Дегенбаева өз естелігінде. «Көрер жарығы бар» дейді мұндайда қазақ. Алты ай ауруханада дертпен күрескен «тұңғышы» аурудан құлан таза айығады. Бұл күнде ол – жігіт ағасы, бір үйдің бетке ұстар азаматы.

«ҚАЙТА ТҰРЫП ХАҚЫҢ БАР ЖҮГІРУГЕ»: САУАПТЫ ІС НЕЛІКТЕН СОТҚА ТАРТЫЛДЫ?

Өз жанынан балалар үйін ашуға ғимарат сұрай барған Гүлнараға Түп ауданының (Тюпский район) әкімдігі үш жерді ұсынады. Таңдау – қасиетті Троица монастрінің аумағы. 10 жылдан аса уақыт қаңырап бос тұрған мекенді жөндеп, ретке келтіру де оңайға соқпады.

Демеушілердің қолдауы балаларға үнемі күш-қуат беретін. Күнделікті кіріс пен шығысты аналарымен бірге балалар қамтамасыз етіп отырады. Бау-бақша егіп, одан түскен өнімнің бір түйірін де ысырап қылмай өңдеп, жиналған ақшаға керек-жарақтарды сатып алады. Адал еңбекпен келген ақша сыртта жүрген студенттерге де жетеді. Бұның барлығын үлкен отбасы мүшелері өздері жасайды. Тіпті, балалар үйі мемлекет тарапынан бір тиын да алмайды.

Қанша баланы мейірімге бөлеп, өмір сүруге «жолдама» беріп отырған мекенді мемлекет қолдамағаны бір бөлек, аяқтан шалушылар да көп. «1999 жылы мемлекет тарапынан қабылданған «12 баладан артық асырап алуға болмайды»  деген  мазмұндағы заң да жығылған үстіне жұдырық болды» деп еске алады Гүлнара ханым қиын күндерді. Заңды бұзып, ісі жоғарғы сотқа дейін жеткен ана әділдік іздеп, шындықты шырылдатып, балаларын қайтадан көше кезуден сақтауға барын салады. Алпыс баланың көтерілісіне құлақ асқан Қырғызстан үкіметі оң шешім шығарып, ана мен баланың тағдырын шешкен болатын.

Ел шенеуніктері Гүлнара Дегенбаевадан үй мен жерді тартып алуға әрекет жасайды. Себеп – балалар үйінің орналасқан жері тарихи мекен, ол мемлекет қарамағында болуы керек. Ең болмаса, орнына басқа баспана беру жағын сөз етпеген бұл мәселе ғибадатхана он жыл бұрын қараусыз қалғанда неге көтерілмегендігі белгісіз.

Одан қалса, 2009 жылы Парламент депутаты Ирина Карамушкинаның балалар үйі тәрбиеленушілерінің «құқығын қорғамақ болған» әрекеті әбден әбігерге салды. 10 жылдан бері жабылған жаладан жалыққан балалар үйінің ақыл тоқтатқан тәрбиеленушілері депутаттың өздерінің қара шаңырағынан аулақ болуын сұрап сотқа шағымданған. 2008 жылы басталған «шабуыл» балалар үйінің басшысы тәрбиеленушілерді құлша жұмсап, қыздарды түзу жолдан тайдырып, жетімдердің дене мүшелерін шетелге сату үшін пайдаланады деп келетін сан түрлі жала түрінде көрініс алады. Бір жанұядай болып кеткен жандар өз араларына Ирина Карамушкинаның қара мысығын жүгіртуіне жол бергісі келмейді. Тіпті, заң жүзінде тексеріс жүргізіліп, аталған себептердің түгел жалған екендігі дәлелденгенімен, депутаттың бастамасымен «Мейірім бұлағының» 16 тәрбиеленушісі мемлекеттік балалар үйіне ауыстырылған.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мұндағы балалардың барлығы бауырына басқан аналарын өз анасындай көрсе, кең жүректі ана үшін де балаларын бір-бірінен бөліп-жару жат. Гүлнараның туған балалары асырап алған балаларымен қатар өсіп, тіпті оларға ұдайы қамқорлық танытады. Мейірім бұлағымен сусындап, қанат қаққан балалардың барлығы жақсы тұрмыста. Олардың ішінен жаман жолға түсіп кеткендер кездеспейді.

 «Кір тигізбей ұста ойыңның өресін, мейірім етсең – мейірімділік көресің» дейді Жүсіп Баласағұн. Өмір – жол, адам – жолаушы. Қашан, қай тұста дәм-тұзымыздың таусылары тағдырға аян. «Адамзаттың бәрін сүй» деп өсиет етеді Абай. Бес күн дейтін жалғанда айналамызды нұрландырып, жан-жағымызды мейірім бұлағымен сусындатып жүргенге не жетсін?!

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here