«Қорыққанға қос көрінеді» деп санаған Сингапур тәжтажалды тұмаумен қатар қойды

0
2725

2020 жылдың 11 наурызында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) COVID-19 инфекциясына байланысты пандемия (жаңа ауру түрінің жаһандық ауқымда таралуы) жариялады. Содан бері 1,4 жыл өтсе де, әлемдік қауымдастық көзге көрінбейтін жаумен әлі алысып келеді. Тәжтажалдың «өліспей беріспейтін» түрі бар. Содан эпидемиологиялық ахуал да күрделене түсті. Өкінішке қарай, әлемде 4,1 млн адам коронавирустың құрбаны болды. Әрине, ешбір ел қол қусырып отырған жоқ. Жаппай екпе егу науқанын шама-шарқынша жүргізіп жатыр. Ал, коронавирустың таралуымен тиімді күресіп келе жатқан әлемдегі санаулы елдердің бірі – Сингапур. Осы қала-мемлекет өткен айда коронавирусқа «жаңа қалыпты жағдай» ретінде қарайтынын мәлімдеп, пандемиямен қош айтысатын арнайы Жол картасын бекітті.

Екпе алғаннан кейін белгілі бір уақыт дәрігердің бақылауында болу үшін сингапурлықтар бірден үйлеріне кетіп қалмайды. Арнайы бөлмеде күтеді. Ал, ондағы монитордан 69 жастағы Сингапур премьер-министрі Ли Сянь Лунның алғашқылардың бірі болып екпе қабылдаған сәті көрсетіледі

ТИІМДІ ТӘЖІРИБЕ

Рас, Сингапур «коронавирустың отаны» Қытайға барлық жағынан жақын болғанымен (географиялық жағынан бұрын халқының 75%-ын қытайлар құрайтынын ұмытпаңыз), тәжтажалдың таралуына тегеурінді тосқауыл қоя білді. Мысалы, 6 млн халқы бар қала-мемлекетте 26 шілдедегі соңғы мәлімет бойынша осы күнге дейін 64 мың адам коронавирус жұқтырса, соның 62,6 мыңы емделіп шыққан. Сонымен қатар, тәжтажал 37 адамның өмірін қиды. Салыстырмалы түрде айтсақ, халқы Сингапурмен шамалас Словакияда 12,5 мың адам індеттен көз жұмды. Демек, коронавируспен күрестегі биліктің оңтайлы шешімдерінің арқасында адам шығыны аз болды. Бұл – бір.

Екіншіден, Сингапур сияқты халқы көп, жері аз елде инфекцияның таралуын болдырмайтын әлеуметтік қашықтық туралы сөз қозғаудың өзі артық болар. Бұл – қала-мемлекет. Жер көлемі Нұр-Сұлтан қаласына да жетпейді. Бірақ, Қазақстан халқының үштен бірі тұрады. Демек, халқы өте тығыз орналасқан. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде Монакодан кейінгі екінші орында тұр. Бір шаршы шақырымға 8 мың адамнан келеді. Яғни, жағдай осылай болса да, коронавирустың таралуына тосқауыл қойған Сингапурдың тиімді тәжірибесіне үңілмеске тағы болмайды.

Коронавирустың алғашқы деректері Қытайда тіркеле бастағанда, әлемдік қауымдастықтың арқаны кеңге салғандары жасырын емес.  Сол тұста Сингапур үкіметі Уханьнан шыққан белгісіз індеттің қауіптілігін бірден түсініп, онымен күресу үшін шаралар қабылдады. Ал, «адам құқығын шектей алмаймыз» деген Батыс пен Еуропаның дамыған елдері селқостықтың сан соқтырарын кеш түсінді. Әйтпесе, Сингапурмен халқы шамалас, жері үш жүз есе үлкен әрі медицинасы одан еш кем түспейтін Финляндияда коронавирус жұқтырғандар санының үш есе көп болуын түсіну қиын. Осы ретте «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолды іздеген» Сингапур үкіметінің коронавируспен күресте ерте қамданғаны өз жемісін бергенін атап өтпеске болмайды. «Тәртіпке бағынған құл болмайтынын» жақсы білетін Сингапур халқының әдет пен әдебі де жергілікті биліктің шешімдеріне тосқауыл болған жоқ. Мұны бір деп қойыңыз.

Коронавируспен күресте оң әсер еткен екінші фактор – тәжірибе. Қала-мемлекет белгісіз індеттермен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан олар мұндай күрделі жағдайда өздерінің бұрнағы жылдардағы ерекше пневмониямен күресу тәжірибесіне сүйенеді. Науқастарды тез арада анықтау, диагностикалық сынақтарды жедел әзірлеу бұл қала-мемлекетте бұрыннан бар. Көзге көрінбейтін жаудың алғашқы белгілері шыға бастағанда-ақ Сингапур елге келгендердің барлығынан індеттің бар-жоғын үш сағатта анықтайтын, індет жұқтырғандарды қадағалайтын жүйені іске қосты.

Үшінші фактор – Сингапур жаппай екпе егу науқанын да сәтті жүргізіп келеді. Айталық, осы күнге дейін халқының 52,1%-ы екпенің толық дозасын алып үлгерді. Мұнымен тоқтап қалмақ емес. Неге десеңіз, қалыпты өмірге оралудың жалғыз жолы – екпе алу екенін сингапурлықтар жақсы түсінеді. Екпені саналы түрде өз еріктерімен алып жатыр.

Төртінші фактор – күшті талап, қатал тәртіп. Әсіресе, шетелден келгендерге қырын қарайды. Мәселен, сырттан келгендер құны 22,6 мың Сингапур доллары (шамамен 7 млн теңге) тұратын міндетті сақтандыруды алуға міндетті (қаржының көлемінен шошымаңыз, бұл қала-мемлекетте орташа айлық 2 млн теңгеден асады). Өйткені, шетелдіктер коронавируспен ауырып қалған жағдайда, міндетті сақтандырудың арқасында барлық шығынды Сингапур үкіметі көтереді. Сонымен қатар, туристер мен мигранттар Сингапур шекарасынан өткенге дейін 72 сағат бұрын міндетті ПТР тестінен өтіп, 14 күнге оқшауланулары керек.

ТЕГЕУРІНДІ ТОСҚАУЫЛ

Әрине, кез келген бастама кем-кетіксіз болмайды. Сингапур үкіметі де басқапқыда қателікке жол берді. Бір қуаныштысы, үкімет өз қателігін мойындап, одан сабақ алуға тырысады. Сарапшылардың айтуынша, Сингапур үкіметі о баста екі қателік жіберді. Біріншісі – олар алдымен шетелден келген азаматтармен байланыста болғандарды оқшаулаудан бас тартты. Екіншісі – еңбек мигранттарын қорғау үшін жеткілікті тиімді шаралар қабылдамады, олардың емін-еркін жүріп-тұруына кедергі келтірмеді. Мысалы, қала-мемлекетте еңбек мигранттарын 12 адамға дейінгі жатақханамен қамтамасыз етуді үкіметке міндеттейтін заң бар. Сингапурға жұмыс іздеп келгендер жатақханада дәретхана, жуынатын бөлме мен асхананы ортақ қолданады. Ал, халқының 20%-ға жуығын сырттан келгендер құрайтынын ескерсек, онда үкіметтің о баста бұған жүрдім-бардым қарағаны жығылғанға жұдырық болды. Өйткені, коронавирусты солар көп жұқтырды. Дегенмен, ел үкіметі өз қателігін уақытында түзей алды. Сөйтіп, тегеурінді тосқауылдың арқасында жағдайды ушықтырып алмады.

Карантин шектеулерінің көптігіне қарамастан, қала-мемлекет коронавирустың қоғамға да, экономикаға да кері әсер етпеуіне барлық жағдайды жасайды. Себебі, алыс-беріссіз, барыс-келіссіз бай елдің экономикасы тығырыққа тіреледі. Сингапурдың бюджеті негізінен сауда-саттықтан құралады. Сондықтан үкіметтің пандемия жағдайында  «ары тартса – арба да сынбайтындай, бері тартса – өгіз де өлмейтіндей» саясат ұстанудан басқа жолы жоқ.

КАРАНТИНСІЗ ӨМІР

Сингапур экономика мәселесіне келгенде әрқашан «жеті рет өлшеп, бір рет кеседі». Сөзсіз, бұл саясат не табиғи байлығы, не жері жоқ аралда орналасқан елді аз уақытта Азия барысына айналдырды. Мысал үшін айтайық, өз тәуелсіздігін жариялаған елу бес жыл бұрын Сингапурда ЖІӨ жан басына шаққанда 200 долларды ғана құраса, қазір бұл көрсеткіш 60 мың доллардан асады. Содан коронавирус пандемиясының экономиканы шығынға батыратынын алға тартқан Сингапур үкіметі Жол картасын бекітті.

Әлем халқының кемінде 70 пайызын вакциналаған кезде ғана пандемияны жеңуге болады. Қазір бұл көрсеткіш 14 пайызға енді жетті. Экономикасы мен медицинасы әлсіз елдерде жаппай екпе егу науқаны туралы айтудың өзі артық. Өлместің күнін көріп отырған елдер «үлкен жиырмалықтың» көмегінсіз екпеге қол жеткізе алмайды. Яғни, әлемде ұжымдық иммунитет туралы айту әлі ерте. Осындай факторларды есепке алған Сингапур үкіметі жақын арада коронавирус «ешқайда да кетпейтініне» нық сенімді. Содан енді елді дүрліктіре бермей, кәсіпкерлікті шектемей, пандемияны «жаңа қалыпты жағдайға» балайтын, қалыпты өмірге оралатын жаңа жоспарды бекітті. Сонда бес тармақтан тұратын бұл Жол картасы қалай жүзеге асады?

Бірінші тармақ – жаппай екпе егу науқанын күзде аяқтап, ұжымдық иммунитет қалыптастыру. Сөйтіп, шектеусіз қалыпты өмірге оралу.

Екінші тармақ – қайта екпе егуді міндеттеу. Өйткені, коронавирустың жаңа штамдары шығып жатқанда, бұл шараның дұрыстығына еш күмән жоқ. Мысалы, Сингапурда маусымдық тұмаулардың алдын алу үшін халық жылына бір рет екпе алуға міндетті. Бұл талап енді коронавирус жағдайында да қолданыла бастайды. Себебі, коронавирус енді кәдімгі тұмаумен қатар қойылады.

Үшінші тармақ – халықты жаппай бақылау. Оңтүстік Кореядағыдай телефон арқылы науқастарды бақылау Сингапурда да жүйелі жолға қойылған. Бұл тәсілдің тиімді екенін уақыттың өзі дәлелдеді. Сондықтан Сингапур бұдан бас тартпайды, керісінше оны дамыта түседі. Індет жұқтырған адам қайда болды, кіммен араласты – бәрін бақылап отыру індеттің таралуына жол бермеуге көмектеседі.

Төртінші тармақ – жылдам тестілеуді енгізу. Арал үкіметі ПТР-тесттерден біртіндеп бас тартуға шешім қабылдады. Сырттан келгендерге жылдам тесттер жасалады. Ол оң нәтиже көрсетсе ғана анық-қанығына көз жеткізу үшін ПТР-тестінен өтуге мәжбүр болады және қажет болған жағдайда оқшауланады.

Бесінші тармақ – коронавирусқа «жаңа қалыпты жағдай» ретінде қарау. Бұрын түрлі тұмаулар да әбігерге салатын. Кейін оның емі табылды, екпесі жасалды. Қазір олар маусымдық тұмауға айналды. Оның алдын алу үшін жылда екпелер салынады. Заң солай дейді, халықтың да оған еті әбден үйренген. Ешкім бұған қарсылық білдірмейді. Бұл талап енді коронавирус жағдайында да қолданылады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Сингапур қатаң шектеусіз де эпидемияны еңсеруге болатынына нық сенімді. «Қорыққанға қос көрінеді» деп санайды. Әрине, темірдей тәртіп тактикасы сақталады. Арқаны кеңге салуға болмайды. Ең бастысы, халық сақтық шараларын сақтайды, уақытында екпені қабылдайды. Ал, билік карантиндік шектеу шараларынан бас тартады. Бизнестің жұмысына кедергі келтірмейді. Осылайша, сингапурлықтар қайтадан қалыпты өмірге оралады. Қазір бұл модельді Израиль мен Оңтүстік Корея елдері де қарастырып жатыр.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here