Тауарларды таңбалау тұтынушылардың қалтасына қалай әсер етеді?

0
1784

Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан сияқты бес елдің басын қосқан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде электронды таңбалау мен өнімдерді міндетті қадағалау жүйесін енгізу идеясы өзекті әрі даулы мәселе болып отыр. Одаққа мүше ел ретінде бұл ереже елімізді де айналып өтпесі анық. Осыған байланысты Қазақстанда тауарларды міндетті таңбалау жүйесі енгізілмек. Себебі, ұлттық таңбалау жүйесі Одақ көлемінде тауар алмасудың көзіне айналады. Бұл жүйе қалай жұмыс жасайды? Мемлекетке пайдасы бар ма? Өндіруші мен тұтынушыға ше? «Kursiv Guide» мәліметтерін басшылыққа алған «Qazaq» газеті бүгін осы және өзге де сұрақтарға жауап іздейді.

ТАУАРДЫ ТАҢБАЛАУ НЕГЕ КЕРЕК?

Тауарды таңбалау – өнімнің барлық сауда тізбегі бойынша жүріп өтетін жолын бақылауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе. Қарапайым тілмен түсіндірсек, бұл өнімді өндірушіден бастап тұтынушыға дейін қадағалау арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Қорғаныс коды, яғни таңба – қара және ақ өрістерден тұратын DataMatrix форматындағы шаршы немесе тікбұрышты матрицалық штрих-код түріндегі кескін.

Таңбалаудың басты мақсаты – халықты жалған өнімдерден қорғау және көлеңкелі бизнес пен контрафактіні болдырмау. Аталған код тауарды қабылдау мен жөнелту кезінде өте ыңғайлы әрі қауіпсіз. Криптографиялық шифрлануына байланысты жүйені бұзу немесе таңбаны қолдан жасау мүмкін емес. DataMatrix-коды – бір жағынан тауарлардың сәйкестендіру номері, атауы, өндірілген күні мен жарамдылық мерзімі, өндіруші ел мен компания туралы мәлімет бере алатын ақпарат көзі болса, екінші жағынан белгіні көшіріп алудан қорғайтын тексеру коды. Арнайы штрих-кодпен таңбалаудың контрафактіліктен қорғау дәрежесі акциздік маркалаудан әлдеқайда жоғары.

DataMatrix-тің акциздік маркалардан тағы бір артықшылығы – қалпына келтірудің қолжетімділігі. Яғни, кодты кездейсоқ немесе қасақана бүлдіру орын алса, деректер жойылып кетпейді. Тіпті, таңбаның үштен екі бөлігі өшіріліп қалса да, арнайы жабдық оны «жазбай тани алады». Бұндай таңбаларда өнім бірлігі туралы 2 КБ-ға дейін ақпарат сақталады, бұл DataMatrix-кодының әдеттегі QR-кодтан басты артықшылықтарының бірі.

Тауар бағытының әр нүктесінде бақылау жүйесінің екінші 2Д сканерлері болуы қажет. Штрих код сканері орнатылған сауда орталықтары DataMatrix екі өлшемді таңбасын «оқи алатын» NaqtySauda мобильді қосымшасын қолдана алады.

ТАҢБАЛАУ ЖҮЙЕСІ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ?

Таңбалауды жүзеге асыру бірнеше сатыдан тұратын қызметті талап етеді.  Әуелі, таңбалау және қадағалау жүйесі әрбір өнім үшін екіөлшемді кодты жасайды. Өндіруші DataMatrix-тің бірегей кодын түсіреді де, оны бас дистрибьюторға жібереді. Үлестіруші топтаманы қабылдап, оны арнайы сканерден өткізеді де, алынған нәтижені дүкендер мен сауда орталықтарына жібереді. Бір айта кетерлігі, өндіріс процесі кодты орамның дизайн элементі ретінде жасауға мүмкіндік береді. Яғни, таңба тауардан бөлек емес, өнімнің сыртқы бетіндегі орамда көрсетіліп тұрады. Ал, жаңа топтама дүкенге келіп түскен уақытта сауда орындары тауар таңбасын арнайы құрылғымен «оқуға» дайын болуы керек. Тұтынушы өнімді сатып алу үшін сатушының көмегімен тауарды кассадағы арнайы құрылғыдан өткізеді. Нәтижесінде код айналымнан шығарылады. Яғни, тауар оны сатып алған тұлғаға тиесілі. Сәйкестендіру белгілері өндірілген өнімнің әрбірінде болады. Сатып алушы кассаға жетпей тұрып, өнім турасында ақпарат ала алады. Ол да аталған таңба арқылы жүзеге асады. Тұтынушы қолындағы смартфонның көмегімен кодты тексеріп, өнімнің қайдан және қашан шыққанын, тіпті бағасы қанша екенін анықтай алады. Тек ұялы телефонында арнайы қосымша қондырылған болса болғаны. Яғни, қаптамада көрсетілген код арқылы өндірушіден көтерме сатушыға дейін, одан бөлшек саудаға дейін, ең ақыры тұтынушы қолына түскенге дейінгі қозғалысты бақылап отыруға болады. Тауардың бір жерден екінші жерге жөнелтілуімен қатар, олардың құнының өзгеруі, яғни барлық өзгеріс тауарлардың қадағалануының бірыңғай ұлттық жүйесінде тіркеліп отырады.

Сырттан келген таңбаланған тауарлар туралы мәліметтер өңделу үшін алдымен «Астана-1» кедендік ақпараттық жүйесіне жөнелтіледі. Кедендік рәсімдеуден кейін тауар туралы ақпарат ұлттық қадағалау жүйесінің екінші кезеңі «Таңбалау» ақпараттық жүйесіне жіберіледі.

Тауарлардың құжаттық бақылануы «Электронды шот-фактуралар» жүйесінде де жүзеге асырылады. Одан соң бақылау-касса машиналарына өтеді. Бақылау-касса машинасы сауда кірістері туралы ақпаратты тіркейді және мемлекеттік кірістер органының серверіне онлайн режимде жібереді. Ол арқылы 2Д сканер мен NaqtySauda мобильді қосымшасына ақпарат жіберіледі. Бұл бақылаудың соңғы сатысы.

ТАҢБАЛАУ ТҰТЫНУШЫҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Сарапталған ақпарат салық және кеден комитеттеріне келіп түседі. Бұл органдар өнімнің бастапқы құны мен соңғы сатылымда қанша қаржыға бағаланғанына дейін көріп, салыстыра алады. Нәтижесінде баға қоюда бассыздыққа баратындардың бет пердесі ашылып, тауар құнын негізсіз көтеруге жол берілмейді. Алынған ақпарат негізінде құзырлы органдар әр сауда орталығында тексеріс ұйымдастырмай-ақ, қажет болған жағдайда кәсіпкерді бюджетке қосымша төлем төлеуге міндеттей алады. Үкімет бағаны асыра көрсететін саудагерлерге қосымша салық салу таңбаланатын тауардың түпкілікті құнын 5-10%-ға төмендетуге мүмкіндік беретінін алға тартады. Бұл өз кезегінде өнімге арнайы код орнатудың сатып алушыға, яғни тұтынушыға ұтымды тұсы болмақ.

Сонымен қатар, электронды таңбалау жүйесі мерзімі өткен өнімді уақытында сатылымнан алып тастауға мүмкіндік береді. Тауардың өндірілген күні және сақтау мерзімі кішкентай ғана белгі-кодта «көрініп» тұрады. Тұтынушы ұялы телефонына NaqtyÓnim мобильді қосымшасын жүктеп, камераға DataMatrix-кодты «оқыту» арқылы өнім туралы барлық ақпаратты анықтай алады. Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі тауарларға таңба қою мен қадағалау барлық таңбаланбаған контрафактілік өнімдерді дүкен сөрелерінен шығарып тастауға көмектеседі деп болжайды.

«Біз 1990 жылдан 2000 жылдарға дейінгі кезеңдерде ұлттық экономика мен өндірісте өнім қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды бақылаудан шығарып алдық. Тауарлар мен қызметтер сапасын бақылаудың төмендігі күмәнді өнімдердің нарыққа еш кедергісіз енуіне әкеліп соқты. Бұл сайып келгенде өндірушілерге де зардап тигізді. Ережені ұстанбағандар нарықта артықшылықтарға ие болып, керісінше адалдықты ту еткен кәсіпкердің кәсібі кері кетті. Нәтижесінде бәсекеге қабілетті болу үшін олар да заң бұзушылыққа жол беріп отырды», – дейді министр Бақыт Сұлтанов өткен жылдың қараша айында болған үкіметтік емес ұйымдар отырысында сөйлеген сөзінде.

Тауарға таңба басу контрафактілікке тосқауыл қоятын сенімді «жабық шеңбер» іспетті. Криптографиялық шифрлау өндіруші үшін қауіпсіздік көзі болса, тұтынушыны да мерзімі өткен немесе бренд «шекпенін» шіміркпей жамылған өнімге алданудан сақтаудың негізгі жолы болмақ.

ҮКІМЕТ КӨЛ-КӨСІР ПАЙДАҒА КЕНЕЛЕДІ

Таңбалау жүйесін енгізу қай елде болмасын көлеңкелі сауда айналымының төмендеуіне әкелген. Тауар айналымының қадағалануының толық циклі жүзеге асырылған ел бюджетіне, сәйкесінше, түсім көлемі ұлғая түспек. Мысалы, Бразилия мен Түркияда алкогольді және алкогольсіз сусындар саудасынан жиналатын салық көлемі 142%-ға өскен. Міндетті таңбалау енгізілгеннен кейін Түркияда темекі өнімдерін заңсыз сату көлемі 11%-ға төмендеген. Цифрлық қадағалау жүйесі бес жыл ішінде жалпы Еуропалық Одақ елдеріндегі контрабандалық өнім айналымын 30%-ға азайтуға ықпал еткен.

Электронды таңбалауды қолдану Қазақстан үшін де көлеңке саудамен күресуде өз пайдасын тигізуде. Елімізде алғаш пилоттық таңбалау жүйесі 2017 жылдың қарашасынан басталған. Қаржы министрлігі теріден жасалған өнімдерді электронды таңбалау бойынша пилоттық жобаның нәтижесін қорытындылай келе, 2018 жылы осы саладағы импорттаушылар саны 30%-ға артқанын атап өтті. Нарықта таңбаланбаған тауар өндірісі кейін қалып, саудада таңбасыз тауар алмасу мүмкіндігі шектелгеннен кейін теріден жасалған өнімдерді әкелуге кедендік баж бен салықтардың түсімдері 40%-ға, осы қызмет бойынша ішкі салық түсімдері 1,5 есеге өскен. Қаржы министрлігінің хабарлауынша, осындай нәтиже алкоголь, темекі, аяқ киім, дәрі-дәрмек пен сүт өнімдері айналымынан, сонымен қоса, жеңіл өнеркәсіптен күтіледі.

«Қазақстанда таңбалау жүйесін енгізу 2025 жылға қарай бюджетті қосымша 2,6 трлн теңге кіріспен толықтырады деп күтілуде. Жалпы тиімділік туралы сөз болғанда, біз бес жыл ішінде кедендік және салықтық түсімдердің 58 млрд теңгеге өсуін, сондай-ақ салық базасында қосымша өсім беретін отандық өндірістің кеңеюін де атап өткеніміз жөн», – деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қарашадағы кездесуде.

Сонымен қатар, таңбалауды енгізу барысында көлеңкелі айналым үлесін айтарлықтай төмендету көзделеді. Қазіргі таңда Қазақстандағы «көлеңке сауда» көлемі жеңіл өнеркәсіп саласында жалпы айналымның 63%-ын, аяқ киім нарығында 49%-ды, алкоголь сатылымында 25% және фармацевтикада 12%-ды құрайды.

«Жаңа жүйені енгізуден күтілетін нәтиже көлеңкелі экономика үлесін жекелеген салаларда 30-50%-ға төмендету болса, бұл қымбатқа түсетін тексеру шараларының орнына нарықты «тазартудың» тиімді жолы болмақ», – деп қосты Қаржы министрі өз сөзіне.

ЕАЭО ЕЛДЕРІНДЕ ТАҢБАСЫЗ ТАУАРҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

Міндетті таңбалауды енгізіп, «жалған» өнімдерді азайту, Үкіметтің есебінше, заңды бизнестен түсетін кіріс көзін 2021 жылдан 2025 жылға дейін 337 млрд теңгеге дейін арттыра алады. Оның ішінде аяқ киім нарығындағы заңды өндірушілер 149,5 млрд теңге, алкоголь өндірісімен айналушылар 80,7 млрд теңге, дәрі-дәрмек шығарып, оны таратушылар 43,4 млрд теңге, жеңіл өнеркәсіп кәсіпкерлері мен импорттаушылары 38,6 млрд теңге, сүт өнімдерін өндірушілер 16,5 млрд теңге, темекі өндірісіндегілер 7,8 млрд теңге көлемінде бүгінгі табысына қосымша табыс таба алады. Бұл дегеніміз, контрабанда мен көлеңке сауданың көші тыйылып, «адал» кәсіпкерлердің күні туады дегенді білдіреді.

Тауарды таңбалаудың тағы бір ұтымды жағы – онлайн форматтағы жүйе елдің белгілі бір аймағындағы белгілі бір тауарға сұраныс туралы жедел ақпарат алуға қауқарлы. Нәтижесі бизнеске тиімді логистикалық схемалар құруға мүмкіндік береді. «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС-нің бас директоры Бикеш Құрманғалиева жаңа жүйенің мұндай ауыз толтырып айтарлық тиімді тұстары көп екендігін айтады.

«Таңбалау тауарларды цифрлық сәйкестендірудің негізі болғандықтан, оның көмегімен тауардың таратылуын оңтайландыруға байланысты сандық қызметтердің кең спектрін құруға болады. Жүйе арқылы тек Қазақстанда ғана емес, ЕАЭО елдеріндегі трансшекаралық саудада импорт пен экспортты қадағалап отыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, жоба заңды әрі маңызды онлайн құжат айналымын қалпына келтіріп, электронды коммерцияға серпін береді», – деп санайды Бикеш Құрманғалиева.

Ең маңыздысы – цифрлық таңбалау қазақстандық өнімдердің ЕАЭО елдерінің сауда сөрелерінен табылуына мүмкіндік береді. Міндетті таңбалау туралы Заң жүз пайыз күшіне енгеннен кейін таңбаланбаған өнім күмән туғызып, сұраныстың азаюына әкеледі. Сондықтан еліміздің тауарды ұлттық таңбалау мен оны қадағалау жүйесін енгізуге әрекет етуі қазақстандық өнеркәсіптің болашақ экспорттық әлеуеті үшін жасалып жатыр деуге негіз бар.

Айта кетейік, «Qazaq» газетінің 2020 жылдың соңғы санында жарияланған мақалада (Қараңыз: «Сүт өндірісі жаңа талапқа көшеді», №52 (1051), 29.12.2020) 24 желтоқсанда Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Кеңесі таңбалауға жататын сүт өнімдері түрлерінің тізімі мен мерзімін бекіткенін, енді 2022 жылдан бастап ЕАЭО елдерінде таңбаланбаған тауарларды саудаға шығаруға қатаң түрде тыйым салынатынын жаздық.

ТАҢБАЛАУДЫҢ ЖОЛ КАРТАСЫ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР?

Қазақстанда таңбалау жүйесі 2017 жылы тері өнімдеріне арналған пилоттық жобадан бастау алды. 2019 жылдан бастап осы тауарлар тобына міндетті таңбалау енгізілді. Ал, 2020 жылы темекі өнімдері таңбалануы қажет тауарлар тізімін толықтырды. Сонымен қатар, пилоттық жоба тағы бес түрлі өнімге міндеттелді.

Теріден жасалған өнімдер. Пилоттық жоба барысында аталған өнімнің 236 487 түрі таңбаланған. Нәтижесінде 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы сырттан келген тері өнімдеріне арналған декларацияны дұрыс толтырған импорттаушылардың саны 30%-ға өскен. Сондай-ақ, кедендік баж және импорттық салықтан түскен түсім көлемі алдыңғыға қарағанда 40%-ға көбейген. Тері нарығындағы ішкі салық мөлшері 1,5 есе, яғни 600 млн теңгеге артқан. Сарапшылардың пікірінше, осы сектордағы сауданы контрабандадан «тазарту» салықтық және кедендік төлемдерді 4,6 млрд теңгеге, ал нарық көлемін 2025 жылға қарай 43 млрд теңгеге арттыра алады.

Теріден жасалған әр өнім бірегей RFID тегімен белгіленуі керек. Бұл сәйкестендіру белгісі басқа өнімдерде қолданылатын әдеттегі таңбадан қымбатырақ. Сондықтан тері өнімдерін өндірушілер мен импорттаушылардың қосымша шығындары әр тауар үшін 400 теңгені құрайды. Оның 310 теңгесі RFID-таңбаға жұмсалса, таңбаны жекелендіру 90 теңге төлемді қажет етеді. Ал, сауда орталықтары немесе тері өнімдерін сататын дүкендер қосымша құн төлеуге міндетті емес.

Темекі өнімдері. Темекі өнімдерінің жылдық айналымы бір млрд орамды құраса, пилоттық жоба барысында оның жүз миллионы таңбаланған. ҚР Қаржы министрлігінің мәліметінше, салық және кеден қызметкерлері 2019 жылы 5 млн орам заңсыз және контрафактілік темекі тауарларын анықтаса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 8 млн орамға дейін жеткен. Тиісті органдардың есебінше, темекі нарығының шамамен 2,3%-ы көлеңкелі сауда негізінде дамып отырған. Қазір Қазақстанда акцизделетін темекі өнімдерінің 99,9%-ы таңбаланады. Алдыңғы таңбаланбаған тауардың қалғанын 2021 жылдың 1 қазанына дейін сатуға рұқсат берілген.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі 2025 жылға қарай заңды темекі өндірушілер мен импорттаушылардың кірісі 38,6 млрд теңгеге өседі деп болжайды. Nielsen сарапшыларының есебінше, бюджеттің кірісі жылына 5,1 млрд теңгеге ұлғаятын болады.

 Алкоголь. 2019 жылы алкогольді сусын нарығының жалпы көлемі 771 млн литрді құрады. Оның 663 млн литрі сыра, 73 млн литрі шарап және 45 млн литрі өте күшті алкогольдендірілген ішімдік болды. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, 2019 жылы тиісті құжаттарсыз 6,2 млн литр ащы су сатылған. Бұл алкоголь нарығының 14%-ын құрайды. Ресми деректер Қазақстандағы ішімдік саудасының төрттен бір бөлігін көлеңкелі сауда «көтеріп» тұрғанын айтады. Ал, «КазАлкоТабак» қауымдастығы тек арақ саудасына қатысты «көлеңке» көлемін 40% деп бағалайды. Таңбалау жүйесін енгізумен аталған сауда секторы тәртіпке келіп, «таза» кәсіп орнығады деп күтілуде. ҚР Сауда және интеграция министрлігі алдағы бес жылда заңды бизнес өкілдерінің табысы 80,7 млрд теңгеге, бюджеттік кірістер 19,4 млрд теңгеге өседі деп болжайды.

Аяқ киім. Ресми ақпаратқа сүйенсек, халық тұтынып отырған аяқ киімнің 3,1%-ы ғана өз елімізде өндіріледі екен. Қалғаны сырт елдерден келеді. Оның өзінде жартысы заңдастырылған тауар болса, қалғаны заңсыз сатылған өнімдер. Сондықтан мамандар аяқ киімнің таңбалануынан толағай табысқа кенелеміз деп отыр. Нәтижесінде «адал» нарықтың кірісі 2025 жылға қарай 21%-ға дейін өсуі керек. Мемлекет өз кезегінде аталған сауда секторы қосымша құн мен баж салығы есебінен бюджетті 45 млрд теңгеге толтырады деп жоспарлайды. ҚР Сауда және интеграция министрлігі осы сегменттің заңды өндірушілері мен импорттаушыларының кірісі бес жыл ішінде 149,5 млрд теңгеге көбейеді десе, ҚР Қаржы министрлігі бюджеттік кірістер өсімін 24,5 млрд-қа жетеді деп болжайды.

Дәрі-дәрмек өнімдері. Пилоттық таңбалау жобасы шеңберінде дәрі-дәрмектер «СК-Фармациядан» арнайы заттаңба алатын болады. Жобаның бірінші кезеңінде «СК-Фармация» қоймасы анықталып, таңбалауға арналған дәрі-дәрмектер тізімі ұсынылса, одан кейін қажетті жабдықтар таңдалды. 2021 жылдың басынан бастап дәрі-дәрмектерді таңбалау жоспарлануда. SellIn сараптамалық деректер базасының дерегінше, 2019 жылы Қазақстандағы фармацевтикалық нарық көлемі 778,9 млн долларды құраған. ҚР Сауда және интеграция министрлігі жалпы өнімдегі «көлеңке» сауда үлесін 12% деп көрсетеді.

Жеңіл өнеркәсіп өнімдері. Ресми мәліметтер 2019 жылы Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп тауарларының 74%-ы киім-кешектен тұрғанын көрсетеді. Қаржымен есептесек, бұл 977,4 млрд теңгені құрайды. Осы саладағы бес түрлі тауарды міндетті таңбалау көзделуде. Олар: таза немесе құрама былғарыдан тігілген киімдер; әйелдер мен қыздарға арналған арнайы машинамен немесе қолмен тоқылған кофталар; 6 203 тауар позициясының бұйымдарынан басқа ерлерге немесе ұл балаларға арналған пальто, қысқа пальто, желбегей, плащтар, күртелер (шаңғы тебетін киімді қоса алғанда), жадағайлар, шекпендер және ұқсас бұйымдар; 6 204 тауар позициясының бұйымдарынан басқа әйелдерге немесе қыз балаларға арналған пальто, қысқа пальто, желбегей, плащтар, күртелер (шаңғы тебетін киімді қоса алғанда), жадағайлар, шекпендер және ұқсас бұйымдар; төсек жаймалары, асхана, дәретхана және ас үй жаулықтары.

2019 жылы аталған тауарлар нарығының 62%-ын сырттан әкелінген әрі заңсыз өнімдер құраған. Жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалауды енгізу 2025 жылға дейін қазынаға 9,5 млрд теңге қосымша кіріс әкелсе, заңды бизнес табысын 48 млрд теңгеге арттырады деп күтілуде.

Сүт өнімдері. Қазақстан Сүт одағы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сүт өнімдерін таңбалауда міндеттілікті тек экспортқа шығарылатын өнімдерге жүктеуді ұсынады. Ал, ішкі нарықтағы өнімдерді цифрлық белгілеу шығынды көбейтеді деп санайды идеяны көтерушілер. Бұл туралы «Qazaq» газетінің өткен санында кеңінен жаздық.

Қазақстанда сүтті қайта өңдеумен айналысатын 214 кәсіпорын болса, оның 13-і ғана өз өнімін экспорттайды. 2019 жылы сүт өндірісінің жалпы көлемі 1 миллион 338 мың тоннаны құраса, оның 10%-ы, яғни 158,8 мың тоннасы сырт елдерге сатылған. Көлеңкелі нарықтың көлемі республикада сатылған жалпы сүт мөлшерінің 6,5%-ын құрайды.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің есебінше, таңбалау енгізілгеннен кейін заңды сүт өндірушілердің табысы 16,5 млрд теңгеге, ал бюджетке қосылатын қаржы мөлшері 2 млрд теңгеге артатын болады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Тұтынып отырған өніміңіз бен тағамыңызға талғаммен қарасаңыз, таңбалау жүйесінің жағымды жағы көп. Тауарды таңбалау жүйесінің енгізілуі тұтынушы үшін ұтымды әрі ыңғайлы болып көрінеді. Алдымен қолыңыздағы смартфоныңызға қосымшаны жүктеп аласыз. Дүкенге барғанда қажет өніміңіздің таңбасын телефонға «оқытумен» керек ақпаратқа түгел тұшынасыз, көңіліңізден шықса, ақысын төлесеңіз жетіп жатыр. Таңбаланған тауарды таңдауда сатып алушы өнімнің сапасы мен заңдылығына күмән келтірмесе болады.

ҚР Үкіметі таңбалау жүйесінің тұтынушылар құқығын қорғауға қауқарлы екеніне баса тоқталды. Яғни, бірегей заттаңба өнімнің өндірушісінен сақтау мерзіміне дейін ақпараттандыра алады. Арнайы код сатып алушы мүддесін қорғауда бұлтартпас дәлел базасы болып табылады. Тауар сапасыз болып шыққан жағдайда кез келген тұлға шағым түсіріп, заңды түрде дәлелдер ұсына алады. Бұл әсіресе тұтынушының өмірі мен денсаулығы өнім сапасына тікелей тәуелді болғанда өте маңызды.

Мәселенің бір ұшы, әлбетте, қаржыға тірелмек. Себебі, аталған жүйенің шығыны шаш етектен болғалы тұр. Тәуелсіз сарапшылар мен бизнес өкілдері таңбалау кодтарын қолдану бойынша барлық талаптарды орындау үшін көп қаржының қажеттігін айтады. Нәтижесі қымбатшылыққа апаруы бек мүмкін. Өйткені, жұмсалған қаржыны қайтарудың бірден бір жолы – өнім бағасын көтеру.

Еліміз үшін таңбалау жүйесінің сипаты шығарылған шешімге байланысты болмақ. Мәселе барлық мүдделі тараптың қатысуымен әлі де талқылануда, кең әрі ашық пікірталас жүргізілуде. Халық Үкімет тарапынан барлық проблема жан-жақты қарастырылып, «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» шешім шығарылады деген үмітте.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here