АҚШ СТУДЕНТТЕРІ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ БОЙЫНША БІЛІМ АЛАДЫ

0
1905

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне америкалық он үш студент «Орыс тілі, халықаралық қатынас және дипломатия» бағдарламасы бойынша оқуға қабылданды. Студенттерді қабылдау туралы бұйрыққа ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қол қойды.

Академиялық ұтқырлық шеңберінде студент алмасу Қазақстан мен АҚШ арасындағы ғылым мен білім саласындағы екіжақты байланыстардың дамуына ықпал етеді. Бұл бағдарлама Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Америкалық білім беру және зерттеу орталығы арасындағы келісім аясында жүзеге асырылады. АҚШ студенттері ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінде онлайн форматта оқитын болады.

Бүгінгі таңда ҚазҰУ Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Азия, Тынық мұхиты аймағының 460-тан астам жоғары оқу орындары және ұйымдарымен тығыз серіктестік байланыс орнатты. Ынтымақтастық орнату барысында негізінен ғылыми зерттеулерге ден қойған жоғары рейтингілі университеттерге басымдық берілуде.

Соңғы бес жыл ішінде білім ошағының 2500 бакалавр студенті мен 5000 магистранты шетелде оқып, тағылымдамадан өтті. Сондай-ақ, ынтымақтастық туралы университетаралық келісімдер аясында 1900 докторант Еуропа, Солтүстік Америка, Азия, Түркия және т.б. елдердегі шетелдік ғылыми жетекшілермен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.  

Өткен жылы бакалавриат, магистратура және PhD докторантура бағдарламалары бойынша ҚазҰУ-да ҚХР, Үндістан, Оңтүстік Корея, Түркия, Жапония, АҚШ, Испания, Венгрия, Иран, Италия, Бразилия, Ауғанстан, Ұлыбритания, Франция, Моңғолия, Түркіменстан, Вьетнам, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина және т.б. елдерден 1946 шетелдік студент білім алды. Оның ішінде 456 шетелдік азамат университеттің дайындық факультетінде тілдік курстардан өтті. Сондай-ақ әлемнің түрлі университеттерінен келген 77 студент академиялық ұтқырлық аясында білім алып, шетелдік 29 студент ҚазҰУ-да ғылыми-зерттеу тағылымдамаларынан сәтті өтті.

Қара шаңырақтың халықаралық қызметі әлемдік білім беру және ғылыми қоғамдастыққа ықпалдасуға бағытталған. Бұл жұмыс жетекші шетелдік университеттермен ынтымақтастық бағдарламалары, ғалымдар және оқытушы кадрлармен алмасу, халықаралық білім беру бағдарламалары мен жобаларын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here