Көкпар мен көкбөрүнің тартысы немесе «бір сөздің бір сөзге көлеңкесі де түседі, сәулесі де түседі»

0
2044

Көшпелі жұрттың әлем кіндігіне көшін тартып кіріскен көшпенділер дүбірі. Ат дүбірін алыстан естір Азия халықтарының атой салып жатқаны бесінші мәрте. «Бес бар жерде, сес бар» дегендей, сырт көзді тесілтіп, сұлулық сырына ұйыстырған доданың допша домалап жер әлемді кезіп кеткені бар. Париждік Олимпиада сынынан гөрі, Көшпенділер ойынының сырлы бояуы қанық болғаны ел ауызында жүр. Жақсының артынан жаман әсте қалған ба? Мұнда да мақтан сөзбен қиян-кескі даулы қақтығыстан өрілген әңгіме қатар жүрді. Кәртамыс көкпар дүбірінің келеңсіз жайты көңілге селкеу түсіріп кетті. Ортаға тастар қоржынды қағып ала әкетер ат ойыны үшін екі елдің соқтығысып, одан бара бір жақтың спорт әдебінен безіп, сыйластықты бұзып, әупірімдеп барып атқылағаннан кейінгі жанартаудай басылғаны спорт атты сиқырға былғаныш болды-ау. «Жанартау қазір самарқау, /Самарқау бірақ сөнбейді» деп Мұзбалақ ақын жырлағандай, бұл оқиғаттың һәлі әлі де осы боп тұр.

Көпшіліктің назарындағы дүбірдің өзіндей дауы да дүр еткізбесін бе ел ішін?! Көз сүрінер әдемілікке әуес болғандардың абайсызда ма айлалап па «қамшы сап қалған» көкпардағы сирек емес көрініске сүзіне қарағаны да отқа май шашып үрлегендей-ақ болды. Мұндай да шешімді спорт ережесіне қалдыру игі. Қолданар шара, ережесі болған соң да ол спорт. Талапқа сай жазалау ісі болғанның өзінде істің түзелу орнына шиеленісіп кетуі Көшпенділер ойынына оның ішінде көкпарға лайықты дәрежені бере алмағандықтың, қоғам санасына сіңірмегендіктің көрінісі-ау сірә. Бұ оқиға Көшпенділер алаңынан Олимпия төріне ауысса, ел әнұраны шырқалғандағы мұндай сезім тербелісіне Олимпиада ережесі әдебі тоқтам қояр еді. Ереже бұзушылық, қарсылық білдірудің этикаға кереғар әрекетпен орын алуын төрт жылдық дода кешіре қоймайды. Әр жүйрік мұны жақсы түсінеді. Әсте ол ондайда арты жар, алды құз болатынын біледі. Сонан да іштей эмоциялық тулаудан кері шегінеді.

Құлақпен естігендер де, ақылмен ой өргендер де ортаға сөз тастау да. Қамшының өрімінен тартып Кенесары ханның басына шейін жетіп тынды. Былайша айтқанда, медиаэтикадағы «өшпенділік тілі». Қос ұлттың ұйыған айрандай бірлік, тұтастығы осыдан, жүйесіз ауыз сөзінен іриді.  Жамбыл Жабаевтың сөзімен, «сүйегім – қазақ, етім – қырғыз». Мәдени, рухи, жер-аналық байланыс тауып, төс қағыстырып, ұрпақ жарастырып жүрген қос ұлт арасына бойдағы қызумен шыққан ойлардан сызат түспесе дейміз.

Дәп сол мезетте бейтараптықпен адамзат арасындағы татулықты ұстап қалушылар атанған – журналистердің де алаңда этиканы ұмытып жапа-тармағай ұмтылуы, көргенін айқайлатып жазумен жеткізуі де дауды шиеленістіре түсті. «Ізгілік артықшылық пен кемшіліктің ортасында» деген Аристотель ойындағыдай тым артық кетпеу керектігін әр тұлға ұстанса дейміз-ау мұндай да. Мейлі, журналист болсын, жұрт болсын.

«Жеңімпаз деп қарсыласыңның қолын көтерді ме, демек сен жеңілдің. Жеңілмей жеңілуің мүмкін. Бірақ жеңілдің» дейтін Несіп ата Жүнісбай сөзі дәм береді мынаған. Көкпар Қырғыз құрамасының ата салт ойыны, жүрегі, намыс қылышы, ар-ұяты.  Жұлқынып кеп жүлдені жұлып ала алмағаны кімнің де намысын қайрайды. Ал, намыстан туар әрекет ұдайы осы сарында болса, көкпар дүбірі Олимпиада дәрежесіне жету орнына қазақ пен қырғыз арасындағы ғана қақтығысты дода үдесінен аспай қалмақ.

«Жеңілмей жеңілуің мүмкін» деген де ереженің ретінен қай тараптың кетік кетіргені ой жүйесі жүйрік әр жанға белгілі. Тарқатып айтсақ, төреші ісі. Қамшы тиген қателіктен кейін берілген жекпе-жекте дұрыс тұрғызып пәрмен бермеуі. Қазақ құрамасы тарапынан кеткен өрескел бұзушылық осы да…

«Бір сөздің бір сөзге көлеңкесі де түседі, сәулесі де түседі», – дейді Ғабең. Мына көкпарды деп көсіле сөйлеп, жүгенсіз шаппақ болған шабыс көпке жетпейді. Не бар, не жоқ қылып тынады сөз құдіреті. Спорттың мақсаты әсте бұл емес.

Ағылшын жазушысы Джон Голсуорсидің сөзімен «Бізді әлемдегі құтқарушы күш – спорт, оның үстінде әлі күнге дейін оптимизм туы желбірейді, мұнда ережелер сақталады және жеңіс кімнің жағын да болса да, қарсыласты құрметтейді».

Сөз түйіні, спорт жұрты ұйысса жеңіс, қақ айырылса керіс!

Жаса спорт! Жаса адамзат!

Дильназ МАРЛЕНҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here