Жердегі «Спутник»: Ресейлік екпені 1,5 млрд адам тұратын 60 мемлекет тіркеді

0
4147

Өткен айда, 22 наурызда Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин: «Әлемнің бірқатар елдерінде күн сайын біздің «Спутник V» вакцинамызға қызығушылық артып келеді», – деп мәлімдеді. Путиннің бұл мәлімдемесіне күмәнмен қарауға тағы болмайды. Өйткені, қазірдің өзінде «Спутник V» вакцинасын 1,5 млрд адам тұратын 60 ел тіркеді, 10 ел оны өз жерінде өндіре бастады. Ал, коронавирусқа қарсы вакцина ретінде әлемде бірінші болып тіркелген «Спутник V» екпесінің 65 жастан асқан адамдарға да жарамдылығы оның маңыздылығын арттыра түсті. Орыстардың екпесіне Қазақстанның да таңдауы түскені сондықтан еді. Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін «Спутник V» екпесінің халықаралық жетістігіне тоқталады.

ӘЛЕМДЕ ҚАНША ВАКЦИНА ТІРКЕУДЕН ӨТТІ?

Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында (ДДСҰ) Н.Ф.Гамалея атындағы Ресей эпидемиология және микробиология ұлттық ғылыми орталығының «Гам-КОВИД-Вак» («Спутник V»), «Вектор» вирусология және биотехнология Мемлекеттік ғылыми орталығында дайындалған «ЭпиВакКорона», М.П.Чумаков атындағы ғылыми-зерттеу орталығының «КовиВак» (Ресей), америкалық «Pfizer», қытайлық «Fosun Pharma» және немістің «BioNTech» компаниялары бірлесіп жасаған халық арасында «Pfizer» аталып кеткен «Comirnaty», «Moderna» компаниясы мен Аллергия және жұқпалы аурулар Ұлттық институты (АҚШ) ойлап тапқан «Moderna», «AstraZeneca» ағылшын–швед фармкомпаниясы мен University of Oxford бірлесе жасаған «Оксфордтық вакцина» атымен танымал «Covishield», қытайлық биофармацевтикалық компаниялар қолданысқа енгізген «CoronaVac», «BBIBP-CorV», «Convidicea», «ZF2001» және «Sinopharm», «Bharat Biotech» компаниясының Үндістан медициналық зерттеулер кеңесімен бірлесіп жасаған «Covaxin», «Janssen Pharmaceutica» (Бельгия) мен «Johnson&Johnson» (АҚШ) команпиялары бірлесіп қолданысқа енгізген «Janssen»  вакциналары ресми тіркелді. Әлемнің бірқатар елдері қазір осы тіркеуден өткен 13 екпені қолданып жатыр.

ДДСҰ-ның 2021 жылғы 26 наурыздағы мәліметі бойынша, клиникалық сынақ сатысындағы үміткер вакциналар саны әлемде 55-ке жетті, тағы 182 вакцина тіркеуден өтуге өтініш тастаған.

Бұл вакциналарды жоғарыда аталған Ресей, Қытай, Германия, АҚШ, Үндістан, Ұлыбритания және Оңтүстік Корея, Бельгия, Жапония, Франция, Австрия, Австралия, Куба, Канада, Тайланд, Индонезия, Италия, Израиль, Тайвань елдерінің фармкомпаниялары мен ғылыми-зерттеу орталықтары ұсынған. Бір қуаныштысы, сол 55 кандидат-вакциналар тізімінде отандық «QazCovid-in» вакцинасы да бар.

КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ТҰҢҒЫШ ВАКЦИНАНЫ ӘЛЕМДІК ҚАУЫМДАСТЫҚ МОЙЫНДАДЫ МА?

Осы айдың басында Ресей Федерациясының Тікелей инвестициялар қоры «Спутник V» вакцинасын тіркеуден өткізген 60-шы елді атады. Ол – алыстағы Панама. Сөйтіп, 4,2 млн халқы бар Латын Америкасындағы мемлекет өз халқына ресейлік вакцинаны салдыра бастады.

Жалпы, Тікелей инвестициялар қорына ресейлік ғалымдар ойлап тапқан вакцинаны сатып, көл-көсір пайда табуды Владимир Путиннің өзі тапсырған болатын. Өйткені, РФ Президенті «темірді ыстық кезінде соққанды» жақсы біледі. Қазір әлемде коронавирусқа қарсы вакцинаға сұраныс зор, тапшылық та байқалады. Сондықтан көрші елге өз өнімдерінен толайым табыс табуға тамаша мүмкіндік туып тұр.

Айта кету керек, «Спутник V» вакцинасы екпе алу мәселесіне жүрдім-бардым қарамайтын көптеген ислам елдерінде де тіркелген. Зайырлы мемлекеттер Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Қырғызстанды немесе тұрмыстық жағдайда ғана шариғатқа сүйенетін Алжир, Мысыр, Ливан, Сирия, Иорданияны есепке алмағанның өзінде шариғат заңымен өмір сүретін Бахрейн, БАӘ, Пәкістан, Ирак, Иран елдерінің таңдауы «Спутник V» вакцинасына түсті. Бұл мемлекеттердің халқы және ресейлік мұсылмандар үшін препараттың құрамында дін тыйым салған компоненттер жоқ екендігі маңызды.

Аса талғампаз еуропалықтардың да ресейлік вакцинаны мойындауларына өзге вакциналардың кемшіліктері де себеп болып отырғаны жасырын емес. Біріншіден, ресми тіркелген вакциналардың ресейлік екпеге қарағанда тиімділігі төмен саналады. Екіншіден, батыстық пен қытайлық вакциналарды қолданғаннан кейін қарсы белгілер пайда болды. Үшіншіден, кейбір вакциналар коронавирустың басқа штаммдарына қауқарсыздық танытты. Төртіншіден, ресейлік екпеге қарағанда өзге вакциналардың сақталуы артық жұмыс пен шығынды қажет етеді (мысалы, «Pfizer» вакцинасы арнайы тоңазытқышта -70 градуста сақталуы керек екен).

Бүгінде жаппай екпе алып жатқан Еуропалық Одақ елдері «Спутник V» вакцинасын да қолдануы мүмкін. Ол үшін ресейлік вакцина Еуропаның дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігінен (EMA) сертификат алуы керек. Бұл туралы Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен хабарлады. Оның алдында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те Еуропалық Одақ кәрі құрлық аумағында ресейлік вакцинаны қолдануға жылдам шешім қабылдайтынына сенім білдірген еді.

Еуропалық Одақ «Спутник V» вакцинасына қатысты ойланып жатқанда, кәрі құрлықтың бірқатар елдері оны тіркеп, жаппай қолдана бастады. Сондай елдердің қатарында Солтүстік Македония, Словакия, Венгрия, Сербия, Черногория, Сан-Марино бар.

Еуропалық Одақ «Спутник V» вакцинасын әлі ресми тіркеуден өткізбегендіктен, Одақтың құрамындағы 27 мемлекет ресейлік екпені кеңінен қолдана алмай отыр. Дегенмен, 2004 жылдан бері Еуропалық Одаққа мүше Венгрия мен Словакия мұндай батыл қадамға барды. Бұны Словакия Премьер-министрі Игорь Матович: «Ресейде жасалғаны үшін ғана мен адамдарды сапалы вакцинамен құтқарудан бас тарта алмаймын», – деп түсіндірді.

Словактардың жолымен кейбір немістер де жүруге тас-түйін дайын тұр. Мысалы, 7 сәуірде Германияның оңтүстік-шығысындағы федералды өңір – Бавария Үкіметі Еуропалық Одақта ресми тіркелмегеніне және Бундестаг депутаттарының қарсылығына қарамастан «Спутник V» вакцинасының 2,5 млн дозасын сатып алуға Ресеймен келісімге келді. Бавария Премьер-министрі Маркус Зедер халқының саулығы бәрінен маңызды екенін алға тартып, осындай қадамға барғандарын айтты.

Ресейде шығарылып, шетелге сатылатын вакциналарды қоспағанда, қазірдің өзінде өзге елдер жылына 700 млн доза ресейлік вакцинаны өндіретін болады.

«СПУТНИК V» ВАКЦИНАСЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Қолдануға ресми рұқсат берілген он үштіктің ішінде ресейлік «Спутник V» вакцинасы алдыңғы қатардан көрініп тұр. Н.Ф.Гамалея атындағы Ресей эпидемиология және микробиология ұлттық ғылыми орталығының ғалымдарымен әзірленген екпе 2020 жылдың 11 тамызында әлемдегі тұңғыш коронавирусқа қарсы вакцина ретінде тіркелді. 198 жылдық тарихы бар «The Lancet» британдық медицина журналында келтірілген деректерге сүйенсек, «Спутник V» вакцинасының эпидемиологиялық тиімділігі 91,6%-ды құраған. Екпеден кейін адамның бойында 98% антидене қалыптасқан. Салыстырмалы түрде айтсақ, ресейлік вакцинаның «бәсекелестері» – «Sinopharm» – 79,3%, «AstraZeneca» – 62,1%, «CoronaVac» – 50,4% ғана коронавирусқа қарсы тиімділік көрсеткен.

Осыдан кейін ғана бастапқыда ресейлік өнімге қарсы шыққан Батыс елдері «Спутник V» вакцинасын мойындауға мәжбүр болды. Мәселен, биыл алғашқы саны жарық көргеніне 75 жыл толған немістің ең ықпалды «Die Welt» газеті 1957 жылы ғарышқа қол созған орыстар (1957 жылы 3 қарашада «Спутник-2» кемесімен алғаш рет ғарышқа ит ұшырылды, – ред.) 64 жылдан кейін Батыс елдерін қайта таңдай қақтырғанын жазды. Неміс тілшісі ресейлік вакцинаның тиімділігін батыстық ғалымдар мен дәрігерлер жоғары бағалап жатқанын атап өтті.

Еуропадағы тағы бір ықпалды газет – «Wiener Zeitung» те «Спутник V» вакцинасын мақтап жазды. 318 жылдық тарихы бар австриялық газеттің жазуынша, басында күмәнмен қараған еуропалықтарға ресейлік вакцинаның тиімділігі тосын сый болған. Қарсы белгілері болмағандықтан еуропалықтар «Спутник V» вакцинасын қолданудан да кет әрі емес екен.

Атақты «Bloomberg» америкалық агенттігі «Спутник V» – Ресей Федерациясының кеңестік кезеңнен кейінгі ғылымдағы ең үлкен жетістігі екенін жазды.

Айтулы медицина мамандары да ресейлік ғалымдардың еңбегін жоғары бағалап отыр. Айталық, Британ Қызыл Крестінің және Халықаралық медицина ғылымдары академиясының вице-президенті Надей Хаким: «Ресейлік «Спутник V» вакцинасының клиникалық зерттеулерінің нәтижелері әлемдік медициналық қауымдастық мойындаған әсерлі нәтижелерді көрсетті. Вакцинаның қауіпті жанама әсерлерінсіз және тиімді екендігі дәлелденді. Вакцинада адамның аденовирустық векторларына негізделген платформаны қолданады. Бұл тәсіл Ресейде ғана емес, шетелде де мұқият зерттелген. Ресей вакциналар жасауда сәтті тәжірибеге ие және осы салада әлемдік көшбасшы болып қала береді. Жақында вакцина бүкіл әлемде жойқын пандемияны тоқтатуға және адамдардың қалыпты жағдайға оралуына мүмкіндік береді деп үміттенеміз», – дейді.

Коронавирустың басқа штаммдары туралы да айтылып жүр ғой. Бұл да жығылғанға жұдырық болды. Дегенмен, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Бір қуаныштысы, қазақстандықтар қолданып жатқан «Спутник V» вакцинасын шығарған Н.Ф.Гамалея атындағы Ресей эпидемиология және микробиология ұлттық ғылыми орталығының ғалымдары коронавирустың басқа штаммдарына қарсы тұра алатын вакциналар жасау технологиясын да ойлап тапты. Енді ол вакциналар ағымдағы жылдың соңына дейін қолданысқа енгізілетіні хабарланды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жүз жыл бұрынғы «испандық тұмаудан» кейін өткен ғасырды айтпағанда, осы ХХІ ғасырдың өзінде атипиялық пневмония (SARS), «құс тұмауы» (H5N1), Эбола (Ebolavirus), Зика безгегі (ZIKV) сияқты жұқпалы аурулар әлемді біршама әуреге салды. Дегенмен, медицина саласы мен вирусология ғылымы дамыған бүгінгі заманда барлық індетпен адамзат күресе білді. Демек, бүгінде кез келген белгісіз індетпен күресуге, оның таралуына жол бермеуге, сөйтіп адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік мол. Қазір әлемдік қауымдастық COVID-19 індетімен күресуге барын салып келеді. Он үш вакцина да қолданысқа енгізілді. Ендеше, ондаған млн адамды құрбан еткен «испандық тұмауды» жеңген әлем жұрты бұл коронавирусты да ауыздықтайтынына еш күмән жоқ.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің Бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here