Шала туған шақалақтар

0
4340

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтың айтуынша, елімізде ана мен баланы қолдау үшін 2021 жылға 756 млрд теңге қарастырылған. Жыл басынан бері балалы отбасыларға арналған мемлекеттік арнайы жәрдемақы мөлшері 5%-ға артқан. Сонымен қатар, ана мен баланы қорғауда мемлекет көрсетіп жатқан басқа да қамқорлықтар бар. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында акушерлік қызмет жоспарлы түрде дамып келеді. Дәрігерлер аналардың жүктілік кезеңін толыққанды бақылауға алып, аман-есен босандыру, шала туған шақалақтардың өмірін сақтап қалу қызметіне күш салып келеді.

Ақ халаттылар ерте толғақ немесе шала тууды күре жолдағы көлік оқиғасымен теңестіреді. Өйткені, зардап шегушілерге жылдам әрі сапалы қызмет көрсетілуі керек. Себебі, толық жетілмеген шарана өз еркімен өмірге бейімделе алмайды. Бұрындары салмағы 500 грамнан сәл асқан шала шақалақтардың өмірін сақтап қалу мүмкіндігінше аз әрі арнайы перинаталдық орталықтардың қолынан келетін. Қазір өзге перзентханалар да шала туғандардың өмірін сақтап қалып, әрі қарай жетілдіруге қауқарлы. Сондықтан да, шығыста шала туған сәбилерді күтуге үлкен назар аударылуда. Неге десеңіз, 22-23 аптада өмірге келген шараналар толық жетілмегендіктен, невропатолог, офтальмолог, лор, массаж және басқа да мамандардың қамқорлығы мен бақылауына зәру болады.

Өткен жылы облыс орталығы Өскеменде Елбасының бастамасымен және Тұңғыш Президент қорының қолдауымен «Қамқорлық» атты 18 жасқа дейінгі балаларға арналған реабилитациялық орталық ашылды. Осындай тағы бір орталық Семейде де бой көтеруі мүмкін. Балалар патологиясы бөлімінің дәрігері Әсия Мұхамедкәрімқызының айтуынша, көптеген сәбилер мен ата-аналар жоғарыда аталған көмекке мұқтаж.

«Біздің басты мақсатымыз – балаларды оңалту арқылы өмір сүруге деген мүмкіндігін арттыру. Сондықтан әлжуаз балалар дәрігердің бақылауында болуы керек. Сонда ғана біз оларды аурудан, асқынудан сақтап қала аламыз», – дейді дәрігер.

Оңалту орталығын көптеп ашу және оның маңыздылығы туралы жергілікті тұрғындар да жақсы пікір айтады.

«Семей қаласында да осындай заманауи орталық ашылады деген жаңалық қуантады. Шала туған сәбилерге сапалы әрі заманауи орталықта қажетті көңілдің бөлінгені керек. Енді олар мамандандырылған дәрігерлердің бақылауында болады», – дейді Семей тұрғыны Аида Баймолдина.

Айта кетейік, оңалту орталығында тек шала туылған, денсаулығы әлсіз, дамуы сыр берген 18 жасқа дейінгі балалар ғана бақылауға алынады.

Ана мен бала орталығының директоры Маржан Дайрабаева шала туылған әрі салмағы аз балаларды дамытудағы жетістіктерді жіпке тізді. Өткен жылы ана мен бала орталығында салмағы 500-ден 900 грамм аралығындағы 88 сәби туылса, биыл бар болғаны сегіз шақалақ туылды. Сонымен қатар, олардың өмір сүру көрсеткіші де артып келеді. Мысалы, 2018 жылы салмағы аз шақалақтардың өмір сүру көрсеткіші 50 пайыз ғана болса, 2020 жылы 65 пайызға жетті. Орталықтағы шақалақтардың биылғы өмір сүру көрсеткіші 75 пайыздан асты. Соған байланысты облыстағы бала туу саны да артып келеді. Мәселен, бір ғана ана мен бала орталығында жарты жылда 2 065 сәби жарық дүние есігін ашты. Осының барлығы ана мен баланы қорғау саласындағы медициналық қызметтің сапасын арттырудың арқасы.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омарбековтың айтуынша, соңғы үш жылдың ішінде 400 дәрігер шет елден шеберлігін шыңдап қайтқан. Олардың арасында жоғарыда аталған ана мен бала орталығының акушер-гинекологтары мен басқа да мамандары бар.

«Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың қолдауымен қолға алынған дәрігерлерді үш деңгейлі жетілдіру, облыстағы перзентханаларды халықаралық талапқа сай жабдықтау бағдарламасының арқасында денсаулық сақтау саласы нәтижелі жұмыс істеп, шала туған шақалақтардың өмірін сақтап қалуды үйрендік. Өткен жылмен салыстырғанда сәбилер арасындағы өлім көрсеткіші 10 пайызға азайды. Біздің дәрігерлер әлемдегі медицинасы дамыған Израиль, Ұлыбританиядағыдай мүмкіндігі жоғары әрі сапалы құрылғылармен жұмыс істеуде. Біз биылғы жылы онкология саласы мен акушерлердің біліктілігін арттыруға күш салдық. Сексенге жуық дәрігер біліктілігін арттыру үшін Еуропадағы ірі клиникаларға барады», – деп нақтылады Ермек Омарбеков.

Қазір ана мен бала орталығындағы мамандар шала туған алты сәбиге күтім жасауда. Арасында 650 грамм салмақпен туылған шақалақ та бар.  

«Cәбиін 26 аптасында босанған келіншек перзентханаға 23 күн бұрын түскен. Шақалақ туылған күннен бастап өкпені жасанды желдететін құрылғыға қосылған, қазіргі салмағы бір келіден асты. Сәби өз еркімен тыныстағанға дейін арнайы құрылғының көмегімен дем алады. Шамамен тағы 3-4 ай құрылғы көмегіне жүгініп, дәрігерлердің бақылауында болады», – дейді Ана мен бала орталығы реанимация бөлімінің меңгерушісі Дархан Сәтбаев.

Тағы бір нәресте Зайсан ауданынан санитарлық авиациямен жеткізілген. Толғақ ұзаққа созылып, босану да ауыр болғандықтан, шақалақ өз еркімен тыныстай алмаған соң, өкпені жасанды желдететін құрылғыға қосылыпты.

«Қазір балам өз еркімен тыныстай алады. Балам да, өзім де дін аманмын. Әр үш сағат сайын келіп, емізіп тұрамын. Менің сәбиімнің өмірін сақтап қалғаны үшін дәрігерлерге алғысым шексіз», – дейді Жанар Мұқанова.

Шала туған шақалақтар бірден арнайы құрылғыға жатқызылады. Онда ананың жатырындағыдай жайлылық жасалады. Сәби толыққанды салмаққа жетіп, алғашқы оңалтудан өткеннен кейін анасы  екеуі арнайы палатаға ауыстырылады. Сыртқы ортадан оқшауланған, ауасы таза палатада бала толыққанды дамығанға дейін немесе жасқа жеткенше бақылауда болады екен.

Ана мен бала орталығының директоры Маржан Дайрабаеваның айтуынша, орталықта Шала туылған нәрестелерді ерте қалпына келтіру орталығы ашылмақ. Жобаға Тұңғыш Президент қоры қолдау көрсетеді. Бөлімнің құрылатын жері анықталып, жоғары білімді әрі тәжірибелі мамандарды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, 2013 жылдан бері ана мен бала орталығы еліміз бойынша «Шала туған нәрестелерге скриниг жасау және емдеу» клиникалық басшылығын енгізу бойынша пилоттық медициналық ұйым болып табылады. Ашылған жылы дамуында ақаулары бар балалар үшін скриниг және мониторинг жүргізуге арналған бинокулярлық маңдай алды офтальмоскоп жабдығы сатып алынса, 2014 жылы «Құс жолы қайырымдылық қоры» тегін офтольмологиялық лазер жабдығын сыйға тартты. Осындай заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен ерекше күтімдердің көмегімен шала туған нәрестелердің 75 пайызы аман қалады екен.

Индира БІРЖАНСАЛ

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

Елімізде Республикалық бюджеттен қарастырылған әлеуметтік жәрдемақы көлемі де жыл сайын артып келеді. 2020 жылы әр туылған балаға бір реттік жәрдемақы көлемі 121 348 теңгені құрап, 430 мыңнан астам адамға жалпы сомасы 52,3 млрд теңге берілді. Ал, биылғы жылы 400 мың адамға аталған бір реттік жәрдемақы жалпы 51,4 млрд теңге көлемінде беріледі деп күтілуде.

Өткен жылы бір жасқа дейінгі балаларға тағайындалған ай сайынғы төлемді – 16 002 теңгеден 24 725 теңгеге дейінгі қаражатты 121 мың адам алған. Жалпы көлем 32 млрд теңгені құрайды. Ал, биыл ай сайынғы жәрдемақы 145 мың адамға жалпы сомасы 44 млрд теңге деп жоспарланған.

2020 жылы көпбалалы аналарға, «Күміс Алқа», «Алтын Алқа», «Батыр ана», І және ІІ деңгейлі «Ана даңқы» орденінің иегерлеріне – жалпы саны 232,3 мың адамға 49,1 млрд теңге берілді. Орташа жәрдемақы көлемі 17 870 теңгені құрады. Аталған әлеуметтік төлем биыл 234,7 мың адамға жалпы сомасы 52,8 млрд теңге төленбек.

Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы көлемінің статистикасы мынадай: төрт немесе одан да көп балалы отбасыларға 46 760 теңгеден 186 688 мың теңге аралығында тағайындалған. Осы мақсатта 2020 жылы 392,4 адамға 236,2 млрд теңге төленген. Ал, биылғы жоспар бойынша 442 мың адамға 282,4 млрд теңге беріледі.

Мүгедек бала асыраушыларға және бірінші топтағы мүгедектерге 2020 жылы 104 мың адамға 57,6 млрд теңге төленіпті. Биылғы көрсеткіш ұлғайып, 110 мың адамға 65,2 млрд теңге қарастырылған.

Сонымен қатар, еңбек ететін нәзік жандыларға декреттік демалысқа шығуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 541,3 мың теңгені құрайды. Одан кейін бала күтімі үшін ай сайын 32,3 мың теңге беріледі. Декреттегі әйелдердің еңбек өтілі ескерілгендіктен, бала күтіміне байланысты үйде отырған үш жылы еңбек өтілі ретінде есептеледі. Сонымен қатар, бала күтімі бойынша демалысқа шыққан аналардың міндетті зейнетақы жинағы бір жылға дейін төленіп отырады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here