Жер-жаһанды жүрісінен жаңылдырған тәжвирус қайдан шықты?

0
2788

Тарихқа көз салсақ, адамзатты түгел қыруға қауқарлы болған, тұтас халықтың тамтұғын қалдырмай таралған індеттің түрлері көп кездескен. Бір жылдары құс тұмауы, испан тұмауы, безгек сынды дерт дендеп, талай халықты қынадай қырған. Ол уақытта медицина бүгінгідей дамымағанын есте ұстасақ, келген дертпен күресуде халық қауқарсыз болған. Нәтижесі – жаппай қырылу. Аталған алапат аурулардың бәрі тек тарих беттерінде қалғаны көңіл қуантады. Ал, баршаны әлек етіп, әуреге салған коронавирус қайдан шықты? Қалай пайда болды? Қолдан жасалды ма? Ғылыми ортада COVID-19 пандемиясының жаңа қырлары туралы қандай деректер бар? Бүгін осы және өзге де сұрақтар жайын, бәлки, болашақ тарихты сараптайтын боламыз.

ҚАУІПТІ КЕСЕЛ

Бүгінде емі табылмаған ауру жоқ. Тек Алла сәтін салса, медицинаның күші көпке жетіп тұр. 2020 жылы әлемдік пандемия дәрежесінде жарияланған коронавирустың да дертіне шипа, алдын алуға екпе ойлап табылғалы қашан?! Бірақ, халықтың салғырттығынан аурудың тарау қарқыны біржола тыйылмай отыр. Бастапқы кезеңмен салыстырғанда вирус жұқтырғандар саны біршама азайған. Айтпағымыз, бітпейтіндей көрінген коронавирус та бір күні тарихтың сап-сары парағында ғана сақталып қалары анық.

2020 жыл. Әлеуметтік желіде тараған қауесетке бірі сеніп, бірі күмәнмен қарады. «Қытайда жаңа ауру пайда болды. Көп ұзамай әлемге жайылуы мүмкін» деп жарыса жазды «көріпкелдер». «Қамданайық» деп көбі азығы мен ақшасын жинай бастады, кейбірі «қайдағы вирус, үкіметтің келесі бір қойылымы болар» деп назар аудармады. «Ой, бізге келмейді» деді ауылдағы ағайын.

Сол жылдың көктем айларында коронавирус әлемдік пандемия дәрежесінде жарияланып, қатаң карантин басталғанымен, халық көкейінде күмән басым болды. Тек жазда жаппай ауру таралғанда ғана көпшілік коронавирустың қауіпті екенін түсіне бастады.

ДАУДЫҢ БАСЫ – ҚЫТАЙДЫҢ ЖАРҚАНАТЫ МА?

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде ел назарын елеңдеткен тәжвирус туралы ақпараттың түр-түрі жазылуда. Бәз біреулер аталған вирустың 2019 жылы Қытай зертханасынан «жоспардан тыс» шығып, 2020 жылы әлемге тарап, 4 миллионға жуық адамның ажалына алып келгендігін айтып, ақпар таратқан. Вирустың түпкі тегін зерттеу не үшін қажет? Ғалымдар бұл туралы бұрын неге тіс жармаған?

«Коронавирус қайдан келді?» деген сұраққа алғашқыда барлығы Қытайды кінәлап, «жемейтін нәрсесі жоқ, ауырмай қайтсін…» деп сынай жөнелді. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген. Шынында да, 2019 жылдың желтоқсанында Ухань денсаулық сақтау органдары пневмонияның белгілері байқалатын аурудың жаңа түрі пайда болып жатқанын мәлімдеген болатын. Ал, 2020 жылы 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия деп жар салды. Сол себептен де болар, даудың басын іздесек, соңы Уханьдағы жаңа дертке барып тірелді. Асылында, коронавирус дейтін кеселді 2000 жылдан бері зерттеп келе жатқан Қытай жаңа вирусты жарқанатпен байланыстырып, (SARS) ауыр әрі өткір респираторлық синдром деген акрониммен бергені де белгілі. 2020 жылдың қаңтар және ақпан айларында институт вирус таратып, эпидемияның көзі болды деп айыпталды. Олар өз кезегінде бұл мәлімдемені жоққа шығарған болатын. Енді біреулер вирусты алғаш жұқтырушылар теңіз өнімдерінен «уланған» дегенді алға тартады.

Ағымдағы жылдың наурыз айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Уханьға жасаған сапарының нәтижелері туралы есепті ұсынды. Онда вирустың институттан таралғанына күмән келтіріледі. 14 мамыр күні жарияланған «Science» журналына бір топ ғалымның қолымен басылған мақалада пандемияның шығу себептері туралы көбірек зерттеу жүргізіп, вирустың таралуын зертханалық жолмен мұқият қарау керек деп түйінделген. Мәселе вирустың қалай таралғаны емес, қайдан шыққанына барып тірелгенде, арнайы зерттеуді қажет етеді. Соған байланысты АҚШ президенті Джо Байден арнайы қызметке Уханьдағы институт зертханасынан Covid-19 вирусының таралуы турасын тексеруді тапсырған.

КОРОНАВИРУС ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Қазір «коронавирус қалай және қайдан шықты» деген сұраққа жауап беретін төрт түрлі нұсқа бар.

Алғашқы және ең көп таралған нұсқа жарқанаттармен байланысты. Әдетте, жарқанат – түрлі ауру таратушысы. Өз кезегінде зиянды жәндіктермен қоректеніп, ауыл мен орман шаруашылығына пайда әкелгенімен, адам мен жануарға уы арқылы зардап келтіре алатынын да ескерген абзал. Ол адамды тістеп не тырнап алған жағдайда, кісі құтыру немесе вирустық ауруларға шалдығады. Жарқанаттың инфекция туғызушы екенін есепке ала отырып, ғалымдар орын алып жатқан эпидемияның жарқанатпен қатысты болуы әбден мүмкін екенін ескертеді. Бұл –жарқанаттан тікелей адамға жұғып, яғни жарқанат ауру тасымалдаушы болуы мүмкін деген нұсқа.

Келесі бір нұсқада жарқанат пен адам арасында тасымалдаушы болуы мүмкін екендігі айтылады. Мысалы, жарқанаттан басқа бір жануарға, одан барып адамға жұғуы мүмкін.

Үшінші көзқарас «ауру – астан» дегенге саяды. Яғни, мұздатылып сақталған тағамдар немесе жарқанат етін жеу арқылы вирусты жұқтыру мүмкіндігінің артуы.

Сондай-ақ, эпидемия «қолдан жасалуы» да мүмкін деген нұсқа бар. Бұл, жоғарыда біз айтып өткен вирустың зертханалық орталықтан таралуы туралы. Оны «биологиялық қару» ұғымымен шатастырмау керек. Мәселе зертханадағы қауіпсіздік жүйесі мен вирустық штамдардың сақталуына қатысты.

ӘЛЕМДІК ҚАУЫМДАСТЫҚ ҚЫТАЙҒА НЕГЕ ҚЫРЫН ҚАРАЙДЫ?

Қытай жаңа дертті жариялап, халықты дүрліктірмеуге тырысқанымен, коронавирус әлемге жайылды. Негізінде, ауру ошағы деп табылған айдаһар елі де мәселенің бұлай ушығуын күтпеген сыңайлы. «Әлемді шулатпаймыз» деп өзге мемлекеттердің «уақытында ескертпеді» деген ашуына ілініп қалғандай. Тарихқа көз жүгіртсек, Қытайдан бұрындары да қауіпті әрі жұқпалы аурулар таралған. 2003-2004 жылдардағы құс тұмауы кезінде көптеген ғалымдар мен халықаралық қауымдастықтың «Қытай өз елінде таралған індет туралы кеш хабарлады» деп шағымдануы сөзімізге дәлел. Бұл жолы да әлем ғалымдары «ертерек білгенде, басқаша қам қылар ма едік» деп ҚХР-ды қырына алуда. Десек те, кез келген ел жүргізіп жатқан биологиялық зерттеуін құпия ұстауға құқылы.

Уханьда АҚШ Ұлттық денсаулық институтынан грант алған вирусологиялық зертхана бар. Американың жұқпалы аурулар бойынша негізгі маманы Энтони Фаучи «вирустың жануардан адамға таралуы мүмкін» деген нұсқасын дұрыс санайды.

Негізінен Қытайдың Ухань аймағында табиғи коронавирус ошақтары аз. Ал, Юньнан қаласында вирустың түр-түрін тасымалдаушы жарқанаттар тіршілік етеді. Дәл сол кездерде Ухань зертханасы қызметкерлерінің іссапармен ауру ошағында болуы мәселені ушықтырушы бірден-бір себеп болуы мүмкін. Ғалымдар қауіптің басы – вирустың зертханадан шығуы екенін о баста ескерткен. Ал, әлемдік қауымдастыққа осындай зертханалардың жұмысын қатаң реттеу қажет екендігі бұрыннан айтылып келеді. Бұндай қауіпті талдау жұмыстарын жүргізетін зертхана Солтүстік Кореяда да бар.

Ухань зертханасы өз ішінде жүріп жатқан жұмыстар туралы ешкімге тіс жармайды, жариялауға міндетті де емес. Дегенмен, орталық ашықтық саясатын ұстанған болса, «вирус дәл осы зертханадан шықты» деген ақпараттың жалған не рас екенін бұлтартпай дәлелдей алар еді. Бірақ, ДДСҰ комиссиясының өзі қажетті деректерді ала алмауы, әрине, көпшілік көңіліндегі күдікті еселей түседі. Жалпы «құпиялық» саясаты Қытайдың қай саласына болса да жат емес.

Гендер туралы, ақуыздар мен түрлі молекулалардың құрылымы туралы мәлімет Ұлттық биотехнологиялық ақпарат орталығында сақталады. Ғалымдар жаңа тіршілік иесі мен вирустың ДНҚ немесе РНҚ тізбегін АҚШ-та орналасқан маңызды ресурстық орталыққа жіберіп отыруы тиіс. Бірақ, Ухань институты дәл осы коронавирус туғызатын вирус түрін онда жібермегені белгілі болды.

Бастапқыда вирустың таралуына қатысты бұл нұсқаны көпшіліктің айтуға аузы бармағанымен, уақыт өте келе ғалымдардың көзқарастары да өзгере бастаған. Жақында коронавирустың шығу тегі туралы мәселені анықтау үшін Қытайға арнайы барған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі жарияланды. Белгілі болғандай, Қытай жақ деректермен бөлісуге құлықсыз екенін көрсеткен. ДДСҰ вирустың нақты сол зертханадан шығуы мүмкін деген нұсқаны толықтай жоққа шығармағанымен, дәлелдің жоқтығын айтып, жала жабудан аулақ екенін ескерткен.

БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

Вирус таралуының бір нұсқасы – ғалымдардың зерттеуі барысында болған дегенді айттық. Енді оны не үшін зерттегеніне тоқталайық. Айтпақшы, Қытайда коронавирустың бір ғана емес SARS-CoV-1, SARS-CoV-2 сияқты бірнеше түрі бар. Және ол 2020 жылы ғана пайда болмаған, бұрыннан белгілі аурудың түрі. Ғалымдар бір күні болмасын әлем пандемиямен бетпе-бет келуі мүмкін екенін білген. Сондықтан коронавирусты зерттеп, қысқа мерзімде дәрі мен вакцина жасауға оның әлсіз жағын білу үшін вирусты өсіру, тірі ортада бақылау қажеттігі туындаған.

Екпенің анықтамасына тоқталсақ, «микроорганизмдерден алынып, адам мен жануар ағзасына жұқпалы аурулардан сақтану және иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат» деп береді. Мұндағы микроағза дегені – вирустың өзі. Яғни, бір ауруға қарсы екпе жасау үшін нақты сол аурудың бактерияларын өсіріп, оны әлсіретіп, одан кейін ғана инактивациялайды. Оны өсіру үшін жасуша керек. Жасушада вирусты өсіріп, дамытып, одан кейін барып технология көмегімен әлсіретеді. Бұл – вакцина өндірісінің ескі классикалық технологиясы. Яғни, вирустың өзін-өзінен қорғаушы құрал ретінде пайдаланады. Ол – ғылым мен технологияның жетістігі. Дегенмен, қауіпті вируспен жұмыс жасағанда сақтық шаралары өте жоғары деңгейде сақталуы тиісті еді. Ғалымдардың коронавирустың таралу себебінің бірі ретінде зерттеу жұмысындағы салғырттықты көрсетуі де тегіннен тегін емес. Аса қауіпті әрі жұқпалы дерттің зертханадан тікелей таралуы да әбден мүмкін. Қанша айтқанмен, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды»…

Бұл жерде биологиялық қауіпсіздік туралы сөз қозғалып, мәселе көтерілуі керек. Қауіпсіздік мәселесі әр ел зертханасы үшін алдыңғы орында тұруы тиіс. Сондықтан биологиялық қауіпсіздік институттарының жұмысы жандандырылып, жолға қойылуы қажет. Ал, ондағы мамандардың біліктілігі туралы «шымшық сойса да, қасапшы сойсынды» еске түсіру жеткілікті.

Өзгеден сабақ алу маңызды. Айтпағымыз, бұл Қазақстанға да тікелей қатысты. Елдегі биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының жайы сын көтермейді. Кеңес заманынан бері жұмысын жалғастырып келе жатқан орталық мемлекет тарапынан өңдеуді қажет етеді. Пандемияны жұқпалы ауруларға қатысты саясатты толығымен қайта қарап, ашықтық бағытына өтудің нақты мүмкіндігі ретінде пайдалану қажет.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Түгел әлем тағдырын тәлкекке түсіріп, жер-жаһанды жүрісінен жаңылдырған тәжвирус қайдан шықса да, бүгінде әлемдік пандемияға айналды. Өткенді қазбалап, «кім әкелді», «қайдан келді» деген сұрақтардың туатыны, оған ғалымдардың бас қатыратыны заңды әрі жөн. «Біткен іске сыншы көп, піскен асқа жеуші көп» деген. Бір ғана институттың жүйесіз жұмысынан түгел әлем зардап шексе, әрине, аянышты. Десе де, бастысы – кеткенді қуалай беру емес, қателіктен сабақ алу.

Дәл осы дерт туралы сөз болғанда, әлемнің аурумен арпалысып жатқанына екінші жылдың өтіп бара жатқанын айта кеткен абзал. Халел Досмұхамедов тіл мәселелеріне қарата: «Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандар себеп», – деген екен. Сол айтпақшы, көпшіліктің «Зерттеу барысында жоспардан тыс таратып жіберді» деген айыптауына ұшыраған да – ғалымдар тобы. Аурудың емі мен екпені ойлап тапқан да – солар.

Бүгінгі күні «емнің – екпеде», «саулықтың – сақтықта» екенін естен шығармаған жөн. Қайдан келсе де, адам атаулыны сарсаңға салған вирусты жеңу барша халықтың ең ізгі арманы болып отыр.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here