«Еуро-2020» бапкерлерінің табысы қандай? (инфографика)

0
3308

Жұма, 11 маусымда коронавирус пандемиясына байланысты былтыр өтпей қалған футболдан Еуропа чемпионаты басталды. Кәрі құрлықтың финалдық кезеңінде ойнайтын 24 ұлттық құрама 10 елдің 11 қаласында доп додасының көрігін қыздырып жатыр. Әрине, құрамаларды бастап келген бас бапкерлер де осал емес. Өйткені, іріктеу кезеңінен команданы іркілтпей алып шығу оңай болмаса керек. Ал, «сен тұр, мен атайын» дейтін сол кіл мықтылардың табатын табыстары да қомақты. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін «Еуро-2020» чемпионатындағы бапкерлердің табысына тоқталады.

«А» тобы: Италия, Швейцария, Түркия, Уэльс

Италия құрамасын басқарғанға дейін 56 жастағы Роберто Манчини Италия, Англия, Түркия және Ресей клубтарын жаттықтырды. Кәсіби мансабын 2000 жылы бастаған. Қызмет барысында жеткен жетістіктері үшін түрлі сыйақыларды ескермегенде ол жылына 4,5 миллион еуро алып келді. Сөйтіп, 2017 жылы әлемдегі ең көп табыс табатын жаттықтырушылардың қатарына енді. Алайда, «Зениттегі» (Ресей) жұмысынан босатылғаннан кейін итальян бапкерінің табысы екі есе азайды. Ол Италия футбол федерациясымен 2,1 миллион еуроға келісімшартқа қол қойды. Келісім бойынша Италия құрамасы «Еуро-2020»-да үздік нәтиже көрсетсе, бапкерге қосымша бонустар төленеді.

«А» тобындағы қалған жаттықтырушылар айтарлықтай аз алады. Мысалы, Швейцарияны баптайтын 58 жастағы Владимир Петкович жылына 1,32 млн еуро алса, Түркия құрамасының 69 жастағы бас бапкері Шенол Гюнеш 1 млн еуро шамасында жалақы алады. Ал, Уэльс құрамасының 46 жастағы бас бапкері Роберт Пейдж шамамен 0,5 млн еуроға жұмыс істеп жүр.

«В» тобы: Ресей, Бельгия, Дания, Финляндия

2018 жылғы Әлем чемпионатынан кейін Ресей құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов Ресей футбол одағымен (РФО) 2+2 схемасы бойынша жаңа келісімшарт жасасты. Команда «Еуро-2020»-ға шыққанда «+2» опциясы автоматты түрде іске қосылды. Ғаламтордағы ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, 58 жастағы бапкердің жалақысы жылына 2,5 миллион еуроны құрайды, бұл дегеніңіз, «Еуро-2020»-ға барған бапкерлердің бесінші нәтижесі болып табылады. Жаттықтырушылар штабы үшін бонустар РФО бюджетінде жеке көрсетіліп тұр. Аталған чемпионатта Ресей құрамасы сәтті өнер көрсеткен жағдайда, Станислав Саламович қосымша 0,5 млн еуроға ие болмақ.

ФИФА рейтингінің нәтижесіне сүйенсек, әлемнің ең мықты құрамасының бас бапкері 48 жастағы Роберто Мартинес (Бельгия) жылына орта есеппен 1,2 миллион еуроны қалтаға басады. Жылына Дания бас бапкері 49 жастағы Каспер Юлманд 270 мың еуро, Финляндияны баптаушы 57 жастағы Маркку Канерва 190 мың еуро айлық алады.

«С» тобы: Нидерланды, Украина, Австрия, Солтүстік Македония

Нидерланды құрама командасының бас бапкері Франк де Бурдың жалақысы туралы ресми мәліметтер жарияланбаған. Алайда, нидерландтық БАҚ 51 жастағы бапкердің жылына 3-3,5 миллион еуро алатындығын жазады. Бұл шындыққа сәйкес келетін сияқты.

Украина құрамасының бас бапкері Андрей Шевченко жылына 700 мың еуромен топта екінші орында тұр. Келісімшарт бойынша 44 жастағы бапкерге «Еуро-2020»-да сәтті өнер көрсеткені үшін қосымша бонустар белгіленген болар.

«С» тобының қалған екі жаттықтырушысының жалақысы алдыңғы екеумен бәсекелесе алмайды. 55 жастағы Франко Фода (Австрия) 350 мың еуроны, ал 45 жастағы Игор Ангеловски (Солтүстік Македония) 90 мың еуроны қанағат тұтады.

«Д» тобы: Англия, Хорватия, Шотландия, Чехия

Англия құрамасы бас бапкерінің ең көп айлық алатын жаттықтырушылар қатарына енуі айтпаса да түсінікті. 50 жастағы Гарет Саутгейт жылына 3 миллион еуро табыс табады.

2018 жылы өткен әлем чемпионатында Англия турнирдің жартылай финалында Златко Далич баптайтын Хорватия құрамасынан жеңіліп қалды. Дегенмен, 54 жастағы хорват бапкерінің жалақысы жылына бар болғаны 0,55 миллион еуроны құрайды. Бұл ағылшын әріптесінен алты есе аз көрсеткіш.

Шотландиядан келген Стив Кларктың жалақысы жылына 420 мың еуро, ал чех Ярослав Шилгавының жалақысы одан 120 мың еуроға аз.

«Е» тобы: Испания, Польша, Швеция, Словакия

 «Е» тобындағы жалақы тізіміндегі көшбасшы – испан жаттықтырушысы Луис Энрике. 51 жастағы бас бапкер 1,5 миллион еуро көлемінде жалақы алды. Ал, Паулу Соузаның (Польша) жалақысы жылына 0,84 миллион, Янне Андерссонның (Швеция) жалақысы жылына 0,45 миллион еуро және Штефан Таркович (Словакия) жалақысы жылына 180 мың еуроны құрайды.

«F» тобы: Германия, Франция, Португалия, Венгрия

«Еуро-2020» үздіктері – Германия, Франция және Португалия бір топқа түскен. Бұл командалардың бапкерлері барлық қатысушылардың ішіндегі ең жоғары ақы төленетін 6 жаттықтырушының қатарына кіреді. 24 команданың ішінен ең көп жалақы 61 жастағы Йоахим Лёвке тиесілі. Германияның бас бапкері жылына 4,75 миллион еуро алады. Одан кейін Франция құрамасының жаттықтырушысы 52 жастағы Дидье Дешам (4,39 миллион еуро) тұр. Португалия бас бапкері Фернанду Сантуш командаға 2016 жылы Еуропа чемпионы атағын алып бергенін білеміз. Сол 66 жастағы бапкер жылына 2,25 миллион еуро алады. Ал, Венгрия құрамасының бас бапкері Марко Россидің жылдық еңбекақысы 300 мың еуроға бағаланған.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here