Аңырақайдан шыққан тұңғыш журналист

0
1663

Түменов Мәжит Белғожаұлы Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданының Аңырақай ауылында 1914 жылдың тамыз айында дүниеге келген. Ол өзінің өмірі туралы мына өлең жолдарымен өрнектеген:

«Айдерке-Аңырақай туған жерім,
Кірімді жуып, кіндігімді кескен жерім.
Асық атып, боқтасып, төбелесіп,
Ай ақымақ, сені ме дескен жерім!»

Әкем Мәжит 1923-1930 жылдары Абай атындағы №8 тәжірибелі-үлгілі мектепте оқыды. 1934 жылы жаңадан ашылған журналистерді дайындайтын жоғары оқу орнына түседі. Бұл жоғары оқу орнында Алаш арыстары А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, С.Асфендияров сабақ берген. Алғашқы түлектер араб, латын, қытай, орыс тілдерін жетік меңгеріп шыққан. Орталық компартиядағы үгіт-насихат бөлімі жас мамандарды жан-жаққа жұмысқа орналастырады. Әкем Орталық радиокомитетте балалар бөлімін басқарады. Сонымен қатар, «Вожатый» деген журналдың редакциясында жұмыс істейді. 1938 жылы анамыз Зәуре Олжабайқызымен отбасын құрады.

1938 жылы Орталық комитет әкемді Қызылорда қаласына жұмысқа жібереді. 1939 жылы жаңадан құрылған Жамбыл облысына, «Коммунист» газетінің редакциясына жұмысқа жібереді. 1941 жылға дейін осы редакцияда бөлім басшысы болып қызмет атқарады. «Коммунист» газетінің редакциясында қызметте жүргенде осы жерден соғысқа аттанады.

Соғыста 118 зеңбірек-атқыштар полкінде қатардағы жауынгер болады. Мәскеу, Орловск, Ржевск қалаларын фашистерден қорғады. 1944 жылы жарақат алғаннан кейін ауылға қайтады. Ауылы Самсыға келіп емделеді. 1951-1953 жылдары Орталық комитет Жоғары партия мектебін бітіреді. Жарақатынан жазылған соң Орталық партияның үгіт-насихат бөлімі Мәжитті Талғар қаласындағы «Сталин туы» газетінің бас редакторы қызметіне тағайындайды. Бұл жерде 1953 жылға дейін қызмет атқарады.

Соғыстан келген Мәжит қыл қаламын қолына алып, баспасөз қызметіне қайта оралды. Тумысынан еңбекқор әкем маңсап қуып, көкірегін көкке көтермеді. Ел басшылары сенім артып тапсырған қызметін абыроймен атқаруға тырысатын. Ерінбей-жалықпай ізденгішінің арқасында өз ісінің нағыз маманы бола білді. Бұған бір дәлел, соғыстан келген оған Жақыпбек Жанғозиннің, Орталық партияның нұсқауымен Талғар аудандық «Сталин туы» газетіне редакторлық қызметі ұсынылды. Біз сонда көшіп бардық. Соғыстың ауыртпалығын көтеріп жүрген халыққа рухани азық, ертеңгі күнге деген үмітінің отын маздататын нәрсе қажет еді. Ол газет болатын. Қан майданнан хабар күткен халық елегізіп жүретін де, газет беттерінен жақсылық хабарын іздейтін. Әкем осыны түсініп, сезіне білді. Сол себептен де өзі басқарып отырған басылым бетінде халықтың рухын жандандыратын, келер күнге сенімін оятатын мақалаларды жариялап тұрды.

Талғар аудандық «Сталин туы» газетінде үздіксіз 8 жыл редактор болған кезінде әкем елге де, достарына да сыйлы болды. Сол кезде қалыптасқан достық пен сыйластық сол азаматтардың бүгінгі ұрпағының арасында жалғасып жатыр. Ал, көзі тірі ағалары түрлі басқосуларда оның істеген жақсы істерін өз отбасында да, балаларына да үлгі етіп айтып отырады.

Тірінің тіршілігі бітпеген ғой. Соғыстан кейін елдің тұрмысын көтеру, сосын тың жерді игеру, сауаттылық пен мәдениеттілікті арттыру сияқты науқанды жұмыстар қай салада болмасын жанданып жатты. Мұндай халық үшін маңызы зор игі істе баспаның, журналистердің атқарар жұмысы, көтерер жүгі ауыр болары анық.

Жылдар өтіп, отбасымыздың да саны көбейіп, саналы ата-ана қатарына біз де қосылдық. Әйтсе де, өмір деген бір қалыпта тұрмайды. Қызығы мен қыңыры қатар жүретіні бар емес пе? Талғарда 1952 жылы «Сталин туының» кезекті саны «Сталин уы» болып басылып шығады.  Таңертең газет қолына тиген әкем де, баспа жұмысшысы (печатник) еврей жігіт те, үкімет адамдары да әбігерге түседі. Тексере келгенде еврей жігіті «Т» әрібінің түсіп қалғанын байқамапты. Дегенмен, үкімет мұндайды кешіре ме, жігітті түрмеге қамап, ал әкемді қайта-қайта жиналысқа салып, сөгіс берді. Бірінші хатшы Д.Берәлиев пен заворготдел Т.Қатаев әкемнің бұл жерде кінәсіз екендігін айтып жеткізді. Осы кісілер оны партия қатарынан шығармау керектігін, оның жоғары білімді, сауатты, балалы-шағалы, үлгілі отбасы екендігін ескеріп, қатаң сөгіс беруге шешім шығарды, сөйтіп Нарынқолға «Советтік шекара» газетіне редакторлыққа қызметке жіберіліп, ол жерде бес жылға жуық қызмет атқарды. Бізге мейірімділік танытқан тағдырымызға, рахымшылық еткен үкіметімізге шүкіршілік етіп, өз ісімізге кірістік.

1957 жылы Жамбыл ауданындағы «Ленин жолымен» газетіне редактор болып ауысады. Өмірінің соңғы күндеріне дейін осы газет редакциясында қызмет атқарды.

Түменова Сәуле Мәжитқызы, профессор

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here