Голливудта фильмге түскен тұңғыш қазақ

0
3651

Қазақстанның Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржұман Ықтымбаев тек қазақтар арасында ғана емес, бүкіл кеңестік актерлер арасында да атақты Голливудта фильмге түскен тұңғыш өнер майталманы. Оған дейін Мәскеу, Ленинград, Свердловск, Киев, Одесса қалаларында болды. Финляндия мен Польшаға да шақырту алды. Дегенмен, сол тұстағы «жабық елдің» саясаты атақты актерге еуропалық фильмдерге түсуге мүмкіндік бермеді. Сахна дейтін киелі әлемнің сертінде тұрып, көздеген биігіне шыға білген Нұржұман Байжұманұлы 14 мамырда сексеннің сеңгіріне шықты.

АКТЕРГЕ АЙНАЛҒАН ӘНШІ

Қазақ киносының ақсақалына айналған Нұржұман Ықтымбаев бүгінге дейін 200-ге тарта фильмде түрлі кейіпкерлерді сомдады. Жетпісінші жылдары «Жетінші аспан», «Атаманның ақыры», «Мәншүк жыры» сынды фильмдерде басты рөлдерді сомдам, кейіпкерлерінің бейнесін жоғары деңгейде аша білді. «Нан дәмі» эпопеясындағы Мұратәлиев рөлі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ал, сексенінші жылдары балаларға арналған фильмдерге түсіп, жағымсыз кейіпкерлерді де сомдап көрді. Актер кинода әрқилы болмысты, мінезді кейіпкерлер бейнесін жасады. Соның бірі – «Мосфильм» киностудиясы түсірген Талғат Теменовтың «Адамдар арасындағы бөлтірік» фильміндегі дөрекі мінезді Асанбектің рөлі көрермен есінде ерекше сақталып қалды.

Горбачевтың «қайта құру» кезінде Нұржұман Ықтымбаевқа итальяндықтар таспалаған «Шыңғысханда», поляктардың «Кездесуінде» басты рөлдер бұйырды. Тәуелсіз Қазақстанда «Сталинге сыйлық», «Кеш оянған махаббат», «Секер», «Балалық шағымның аспаны», «Жүк 001» сияқты көрермен көзайымына айналған картиналарға түсті. Әлемдік деңгейдегі режиссер Тимур Бекмамбетовтың «Күндізгі барлаушы» және «Түнгі барлаушы» фантастикалық фильмдерінде Зохар рөлін сомдады.

Нұржұман Ықтымбаев жас кезінде көп жұмыс істегені соншалық, оның кәсіби актерлік білім алуға да мүмкіндігі болмады. Оған қоса әу баста актер болуды армандамаған. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, педагогикалық училищені бітіргеннен кейін Жаркентте музыкалық мұғалім бола жүріп, спортқа қызыққан балаларды күреске де дайындаған. Бір күні ауыл балаларымен бірге оны «Мазасыз таң» фильмінің  «массовкасына» алып кетті. Бірақ, олар актерлермен жанжалдасып қалады. Келесі жолы оларға түсірілім алаңына тәлімгермен бірге келу бұйырылады. Сол сәт күні кеше ғана болғандай актердің көз алдында.

«Мен түсірілім болатын тауға қарай көтеріліп келе жатсам, маған қарай бір сұлу қыз келе жатыр. Жүзі таныс сияқты. Дәл солай! Бұл Сара Жорабаева болатын. Екеуіміз 1962 жылы Мәжит Бегалиннің «Тұлпардың ізі» фильмінің түсірілімінде таныстық. Фильмнің екінші режиссері болған ол мені жазғы сахнада байқады. Сол жерде мен Мәдениет министрлігінің тапсырмасымен қорытынды концерт берген едім. Оның алдында Мәскеуде көркемөнерпаздар байқауында өнер көрсетіп, әнші ретінде Гран-при жеңіп алдым. Сол кезде әлі тұрмысқа шықпаған Сара Камалқызы мені киностудияға әкеліп, Мәжит Бегалинге таныстырды. «Танабайдың рөлін көрейік», – деді ол. Мен іріктеуден өткен соң режиссерлердің соңғы жауабын күтіп бір күн бойы киностудияда болдым. Киностудияның іші у-шу. Темекі шеккен қыз-жігіттер арлы-берлі жүр. Мен кастинг нәтижесін күтуден шыдамым таусылып, кешкі рейске автобусқа мініп, Жаркентке жол тарттым. Міне, ұзақ уақыттан кейін Сарамен ойда-жоқта қайта кездесіп тұрмын. Бір-бірімізді құшақтап, сағына қауыштық. Мені кино әлеміне Сара Жорабаева әкелді. Мені сол сәтте ешқайда жібермейтінін айтты. Біздің арадағы достығымыз осы киностудиядан басталды. Сол күні мені Халық әртісі Құрманбек Жандарбековтің туған күніне алып барды. Байділда Қалтаев, Қаныбек Байсейітов, Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова сияқты қазақ өнерінің барлық майталмандары осы тойда бой көрсетті. Онда «Мазасыз таң» фильмінің режиссері Абдолла Қарсақбаев та болды. Сара Жорабаева бiр кезде: «Елдiң алты ауызын естиiк. Мына ауылдағы мұғалiм жiгiтке де сөз берейiк», – дедi. Өзiм де зорға тұрғам. Қолыма домбыра тигеннен кейiн әуелi «Боз жорғаны» шырқадым. Құрманбек ағаның жақсы көретiн әнi ғой. Халық әндерiн бiрiнен соң бiрiн шырқай бердiм. Қанабек Байсейiтов: «Әй, Абдолла! Сен екi-үш күн бұрын бiр актер iздеп едiң ғой. Мынау деген жанып тұрған жiгiт қой. Осыны көрсеңшi», – дедi. Содан келесі күні Қарсақбаевтың шақыруымен түсірілім алаңынан бір-ақ шықтым», – деп өткен күннен естелік айтты Нұржұман Байжұманұлы.

ҚАРСАҚБАЕВ МЕКТЕБІ

Нұржұман Ықтымбаев «Мазасыз таң» фильмінде шаруа Қапанның рөлін сомдады. Киностудияның көркемдік кеңесі кадрларды қарап отырып, «Сіз бұл жігітті қайдан таптыңыз?» деп сұрапты режиссерден. Содан оның жаркенттік мұғалім екенін білген олар Нұржұман Байжұманұлын Алматыға шақыртады.

«Мен сол күні «дереу келіңіз» деген жеделхат алдым. Педагогикалық училищедегі барлық шаруамды тапсыра сала жол тарттым. Алайда, кинематографистер Мәскеуге кетіп қалыпты. Мені ешкім күтіп алған жоқ. Алматыны жалғыз өзім аралап жүрдім. Бір күні Көк базардан қайтар жолда «Қуыршақ театрына актерлер керек» деген хабарландыруды көзім шалып қалды. Театрға бардым. Конкурстан өттім. 1967 жылы алғашқылардың бірі болып сол театрда еңбек еттім. Бір күні «Қазақфильмнің» директоры мені өзіне шақырып алып: «Сіз қуыршақ театрын тастаңыз, бізге тұрақты жұмысқа тұрыңыз», – деді. 1968 жылы мен киностудияға жұмысқа орналастым. Абдолла Қарсақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» фильміндегі рөлім бекітіліп қойған-ды. Жалпы, ол маған әкемдей болды. Оның көңілі қазақтың даласындай дархан еді. Өсекті ұнатпайтын, кісінің артынан сөз айтпайтын, мінезі бір тоға жан еді. Ол фильм түсірген кезде, өзіне сенімді түрде қарап, актерлердің шығармашылығына толық еркіндік беретін. Актерлерге де Абдолла Қарсақбаевпен жұмыс істеу жеңіл болатын. Мен Қарсақбаевтың үлкен мектебінен өттім. Сондықтан түсірілім алаңында ресейлік немесе голливудтық актерлерден кем түспейтінімді көрсете білдім», – деп кинодағы ұстазы туралы кең толғанды.

Абдолла Қарсақбаевтың өнеріне өзгелер де тәнті болғанына Нұржұман Байжұманұлы бір мысал келтірді.

«Кейін «Қазақфильмнен» гөрі «Мосфильмнің» түсірілімдеріне жиі қатысатын болдым. Мәскеулік режиссер досым Андрей Юреньев бір жолы мені өзінің шеберлік курсына шақырды. Оқу залына кірген кезде үлкен экраннан «Мазасыз таң» фильмін көрдім. Оны студенттерге мысал ретінде, сабақ ретінде көрсетеді екен. Сонда мен: «Бұл фильмнен қандай ерекшелік таптың?» – деп сұрадым. Сонда ол туындыны әріптесі Андрей Кончаловский де өзінің студенттеріне көрсетіп отыратынын айтты. Өйткені, фильмдегі режиссердің, актерлердің шеберлігі жоғары еді. Абдолла Қарсақбаевтан кейін көптеген режиссерлермен жұмыс істедім, бірақ ол сияқты маманды көрмедім. Голливудтық режиссер Аркадий Гордонның жұмыс істеу тәсілі біздің Қарсақбаевқа ұқсас болатын. Мен онымен 1989 жылы кеңес-америкалық туындысында бірге жұмыс істедім. «Великий самоед» картинасында суретші Тыко Вылканы ойнадым. Гордон да өз ісіне сенімді режиссер. Түсірілім жүріп жатқанда кадрларды ойша монтаждап отыратын», – дейді сексеннің сеңгіріне шыққан актер.

ОТАНҒА ОРАЛУ

Жоғарыда айтқанымыздай, түсірілімдерден қолы босамаған Нұржұман Ықтымбаевтың кәсіби актерлік білім алуға артық уақыты болмаған. Ол 1968 жылы «Қазақфильм» киностудиясы жанындағы дубляж жасайтын актерлер студиясын бітірген. Актерге сұраныстың көп түскені соншалық, тіпті Финляндия мен Польшаға да шақырту алғанымен, сол тұстағы жүйе актердің кәрі құрлықта бағын сынап көруге мүмкіндік бермеген.

Сексенінші жылдардың ортасында Горбачевтың «қайта құру» саясаты шығармашылыққа да еркіндік берді. Кеңес халқы шет елдерге шыға бастады. Содан актер Италия мен Польшада фильмдерге түсті.

1983 жылы Нұржұман Ықтымбаев туған еліне оралды. Орта жастағы актерді отандастары ұмыта бастаған еді. Актер алдымен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевпен кездесті. Өйткені, «Великий самоед» фильмінің көрсетілімі кезінде (Компартияның XXVI съезі аясында «Россия»  кинотеатрында аталған фильм делегаттарға көрсетілген, – ред.) Дінмұхамед Ахметұлы Нұржұман Байжұманұлына: «Отанға оралыңыз, жағдайыңызды жасаймыз», – деп елде қызмет етуін сұраған еді.

Нұржұман Ықтымбаев каскадерлерді пайдаланатын актерлердің қатарынан емес.

«Келісемін, түсірілім барысында қауіпті тұстар кездеседі. Бірақ, мен өз рөлімді таза алып шыққанды жақсы көремін. Қажет болса атпен шауып келе жатып, омақасып құлауға да дайынмын, сонда ғана кадрлар шындыққа сай болады. Мысалы, Нұрмұхан Жантөриннің «Медальдің үшінші жағы» фильмінің түсірілімінде омыртқамды сындырып алып, 6 ай ауруханада жаттым. Нұрмұхан аға ауруханаға күнде келіп, халімді біліп тұратын. Сол кезде маған: «Киноға өзім сияқты жігерлі адам келгені үшін қуанамын. Алайда, алған бетіңнен қайтпасаң, мүгедек болып қаласың», – деп ескерткен болатын», – дейді актер.

Тағы бір фильмнің тарихынан сыр шертсек, «Бүркіттің ақырғы жылы» фильмінің түсірілімі Саян тауларында болған. Сондағы сәтті қарт актер былай еске алады: «Сценарий бойынша бір үйір жылқының арасында қалған кезімде құлап, қабырғамды сындырып алдым. Оны ешкімге білдірмедім. Грим жасайтын қызға келіп, белімді ұстап тұратын белбеу жасап беруін сұрадым. Сол күні арнайы белбеумен ұйықтадым. Ертесі күні 2 дубльге шыдадым, үшінші, төртінші түсірілімде жаным көзіме көрінді. Түсірілім аяқталған соң қонақ үйге келіп, орамды шешсем, сынған қабырғаның сынығы терімді тесіп шығыпты. Алайда, сол кадрдағы менің актерлік шеберлігіме көрермен таңдай қақты».

Нұржұман Ықтымбаевтың айтуынша, соңғы жылдары актерді көре алмайтындар «Ықтымбаев бір ізді рөлдерді сомдап жүр» деп сын айтып жүргенге ұқсайды.

 «Мысалы, «Жолайырық» фильмінде туған жерін жас баладай шынайы сүйетін қарттың рөлін сомдадым. Одан кейін «Сталинге сыйлық» туындысында да теміржолшы Қасым арқылы күллі қазақ халқының мінезін көрсеттім. Өйткені, ол жұдырықтай жүрегіне жер аударылған кәріс, шешен, ингуш, еврейлерді сыйдыра алатын дархандығын көрсетті. Тіпті, өзі шөлдеп тұрса да, соңғы тамшы суды өзгеге береді. Осындай дархандығымыз, адалдығымыз, жомарттығымыз және қайтпас батырлығымыздың арқасында Ұлы даланы сақтап қалдық қой», – деп ақталғандай болды актер.

«Кеш оянған махаббат» лирикалық драмасына Нұржұман Ықтымбаев француз актері Жерар Депардьемен бірге түсті. Бір-бірінің тілін түсінбесе де, түсірілім кезінде қос шебер рөлдерін жоғары деңгейде алып шықты.

«Біздің бірлескен түсірілімдегі шеберлігімізді көрген жұрт таңдай қақты. Алдын ала дайындалған десті. Жерар да өте қарапайым әрі өз ісінің маманы. Өзі мотоциклды жақсы көретін актер кино үшін автокөлікті де сүйетін адам ретінде өзін көрсете білді. Бір-бірімізді ыммен түсіністік. Айтпақшы, Жерар Депардье де мен сияқты актерлік білім алмаған адам. Менің ойымша, нағыз диплом – Алладан берілген талант. Талантсыз 5 дипломың болса да, экранда көрерменге қажет образды сомдай алмайсың», – деп санайды өнер майталманы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Нұржұман Ықтымбаев биыл 80 жаста. Мерейлі жасын атап өту салтанатында актер қарапайымдылығын тағы да көрсетті. Мейрамхана алдына аяңдап жеткен қарт актер жанындағы жолдастарына: «Жігіттер, менің сексен жылдығымды қалай атап өтеміз», – деп күлді. Қарт актердің мерейтойы күтпеген сыйлықпен есте қалды. Чебоксары халықаралық кинофестивалінде (Ресей) Рүстем Әбдірашев таспалаған «Сталинге сыйлық» фильміндегі рөлі үшін Нұржұман Ықтымбаев «Ең үздік ер адам рөлі» номинациясын жеңіп алған. Сол сыйлық 12 жылдан кейін Ықтымбаевтың мерейтойында тапсырылды. Режиссердің сөзінше, 2009 жылғы марапаттау рәсімі асығыс ұйымдастырылып, актерге мақтау қағазын беріп үлгеріпті. Ал, қоладан құйылған «Анна» мүсінін поштадан салып жіберген. Ұшақтан пойызға «қонақтап» жүріп, жарты жолда жоғалып кеткен. Содан ұзақ күткен сыйлық ақыры иесін тапты.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here