Біздің тарих (Бүгін – Ұлттық домбыра күні)

0
7887

Домбыра – біздің тарихымыз, діліміз, салт-санамыз, тұрмыс-салтымыз. Оның ұлы қасиеті туралы кезінде әл-Фараби мен Абай бабамыз да айтқан. Рас, домбыра – қоңыр үнді аспап. Одан шыққан үн халықтың үні. Ол үн – тегеурінді күш, ұлтқа қайрат беретін, бірлік пен тұтастыққа шақырар ұран. Ол өзгерсе, халықтың мінез-құлқы өзгереді. Қытай елінің ежелгі әфсаналарының бірінде түрлі халықтың әуені сол халықтардың мінез-құлқымен астасып жататындығы, жауынгер түріктің күйлері ерлікке шақыратын ұран іспетті болып келетіндігі айтылған. Сондықтан арнайы Ұлттық домбыра күнін белгілеген қазаққа бұл киелі аспапты қалай әспеттесе де жарасады.

ЕЛТАҢБАСЫНА ҰЛТТЫҚ АСПАПТЫ БЕЙНЕЛЕГЕН БАШҚҰРТТАР

Ұлттық өнер аспабын идеологиялық құрал етуші елдер де бар. Мәселен, өзімізбен діндес, ағайындас башқұрт халқы ұлттық аспабы –қурайдың суретін мемлекеттің Елтаңбасына бейнелеген. Сонымен қатар, Ресей Федерациясының құрамындағы бұл елде жыл сайын «Қурай байрамы» ұлттық мерекесі өткізіліп, оған Башқұртстан президенті қатысып, қурайшыларға үлкен құрмет көрсетіледі. Осы күні ерекше  көзге түскендерге Мемлекеттік сыйлықтар беріліп, сый-сияпаттар  жасалады. Сөйтіп, башқұрт ағайындар өздерінің ел болып ұйысуына қурайдың ықпалы болғанын мақтаныш етеді. Ол туралы башқұрт зиялылары: «500 жыл бойы орыстың боданында болсақ та, біздің башқұрт ұлты болып сақталып қалғанымыз осы аспаптың арқасы, қурайдан айырылған күні бәрінен де айырыламыз», – дейді екен.

Ұлтымыздың қос ішекті домбырасымен жазылған тарих – өте күрделі тарих. Ел болып қалуымыз, жер үшін, ұрпақтың бақыты үшін бел суытпай күрес жүргізгеніміздің бәрі осы қара домбыраның еншісінде қалған дүние. Ол – мұражайға күн тиместей қойып, сыртынан қарауыл қоятын бұйым емес. Тарихтың низамын, өткеннің шерін мойындамайтын дәстүр өледі. Сол дәстүрді өлтірмеуді әріден ойлаған елдер де бар. Ол үшін атқарушы биліктің пәрмені аздық етеді. Істі тұрақты дамытып, бақылап отыратын арнайы орган керек. Әлем елдерінде ондай тәжірибелер бар. Мәселен, Польшада – Мәдениет және ұлттық мұра министрлігі, Болгарияда – Ұлттық мұра министрлігі, Египетте – Байырғы құндылықтарды сақтау министрлігі, Тәжікстанда – Дін істері, ұлттық дәстүрлер, мерекелер мен салт-жораларды реттеу мемлекеттік комитеті бар. Бізге де осылар іспетті бір мемлекеттік орган керек сияқты.

Орайы келгенде айта кетейік. Ұлттық банк жыл сайын түрлі мерекелерге, айтулы даталарға сай мерекелік тиындар топтамасын шығарады. Олардың арасында түрлі хайуандар бедерленген тиындар да бар. Бірақ, осы қатардан ұлттық мақтанышымыз домбыраны көре алмадық.

Қазақтың қара домбырасының тарихы тереңде жатыр. Тіпті, Еуропадағы шертпелі аспаптардың барлығының бабасы домбыра делінетін ғылыми пайымдаулар бар.

Қазақ ежелден домбыраны «жарты байлық», «құт бесік» деп қадір тұтқан. Домбыра қат заманда өзгеден сұрап алмаса, шекесі тырысып ауырып қалатындар болған. Мұндайда бар ашуын оқтау сабалап басатындар да кездескен. Домбыраның ұлт тарихын жазып шыққанын жоғарыда айттық.

ОДАҚ ТҰСЫНДА ХАЛЫҚТЫҢ ДОМБЫРАҒА СҰРАНЫСЫ ҚАЛАЙ ҚАНАҒАТТАНДЫРЫЛДЫ?

Бірде домбыраға қатысты мынадай әңгіме болды. Ол кезде Алматы облыстық әкімшілігінде қызмет атқаратынмын. Қызмет бөлмемде кімнен қалғанын білмедім, бір домбыра ілулі тұратын. Облыс аумағында қолға алынған «Ата кәсіп» бағдарламасына байланысты ақсақалдармен ақылдасу шарасы өтетін болып, оған республикамызға белгілі қайраткерлер Заманбек Батталханов, Әріпбай Алыбаев, Молдан Әлдербаев, Үмбетжан Нұрғазиев ағаларымыз жиналды. Белгіленген уақыттан ертелеу келген Молдан ағам қабырғада ілулі тұрған домбыраны қолына алып, қағып-қағып жіберді де, өзі куә болған бір әңгімені бастап кетті. Әңгіме ауаны дәстүрлі қазақ домбырасының жасалу барысына сайды.

«Домбырадан өзге ешбір музыкалық аспап ұлтымызды біріктіріп, рухымызды көтере алмайды, – деген Молдан ағам өзі Қазақстанның Ағаш өңдеу министрі болып қызмет атқарып жүргенде домбыраға қатысты болған әңгімеге екпін түсірді. – Кешегі Кеңес үкіметі тұсындағы аштық, соғыс жылдары халқымыз домбырадан көз жазып қала жаздады. Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында әрбір 5-6 үйде бір домбыра болса, жеңістен кейін ауылдарда 2-3 домбыра ғана қалған. Кеңес идеологиясы бізге Еуропаның мәдениетін тықпалап, жастарды баянға, балалайкаға, мандалинге, скрипкаға итермеледі. Бұл аспаптарды арнайы дүкендерден еркін сатып алуға болатын. Ал, домбыраны дүкендерден сатып ала алмайтынсың. «Домбыра тарту ескіліктің әдет-ғұрпына жатады» деген де ұғым болатын. 1976 жылы сол кездегі Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Шәңгерей Жәнібеков мәжіліс өткізіп, оған Мәдениет министрі Жексенбек Еркінбеков, Ағаш өңдеу мен жиһаз жасау министрі қызметін атқарып жүрген мен және Мемлекеттік Жоспарлау комитетінің қызметкерлері мен музыка саласының мамандары қатысты. Кураторымыз күн тәртібіндегі мәселені айта келіп: «Мәдениет министрі Жексенбек Еркінбеков жолдас Орталық Комитет алдына ұсыныс жасапты. Мәселе домбыра жасауға келіп тіреліп отыр. Сіздерді осы мәселе бойынша ой-пікірлеріңізді тыңдауға шақырып отырмын», – деді. Алғашқы болып Мәдениет министрі сөз алды. «Қазір ауылдық жерлерде клубтар, Мәдениет үйлері салынып жатыр. Жастар өнерге ұмтылып, әнші-күйшілер көбеюде. Қазақтың өзіне тән домбыра аспабы жетіспейді. Орман шаруашылығы министрлігінің Осакаровкада жасайтын домбыралары өте аз және сапасы төмен. Біздің ойымызша, сөз етіп отырған аспап өндірісін тек қана Ағаш өңдеу министрлігі жасай алады, сондықтан осы ведомствоға тапсырма беруіңізді сұраймын», – деді. Мен оған қарсылық білдірген жоқпын. Расында, домбыраның аса қажеттілігі белгілі еді. «Келесі жылғы жоспарға енгізуді Мемлекеттік Жоспарлау комитетіне тапсырыңыздар. Біз өз тарапымыздан іске дереу кірісеміз, жобаларын жасаймыз, қай жерде, қандай домбыра жасауды, қандай технологияны таңдаймыз, қажетті қаражатын есептеп шығарамыз», – дедім. Менің ұсыныстарыма Мемлекеттік жоспарлау комитеті қарсылық білдірген жоқ. Себебі, бұл мәселе Орталық Комитетте шешімін тапқан іс болатын».

Молдан ағаның айтуынша, көтерілген мәселе Орман шаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде қаралып, домбыра жасайтын кәсіпорындар айқындалған. Министрліктің жобалау және конструкторлық бюросына тиісті тапсырмалар берілген.

«Алқа мәжілісінің қаулысымен домбыра жасайтын цех құрылысын Алматыдағы жиһаз фабрикасына және Осакаровкадағы цехқа реконструкция жасап, ғимаратын кеңейту арқылы өндірістік қуатын арттыруға шешім қабылданды. Осыған орай Үкіметтің қаулысы шықты. Осыдан соң Алматыдағы жиһаз фабрикасындағы арнаулы жабдықталған цех жылына 40 мың, Осакаровкадағы цех 15 мыңнан 60 мыңға дейін домбыра жасау мүмкіндігіне қол жеткізді. Осылайша, біз жылына 100 мың домбыра жасап, халықтың сұранысын қанағаттандырып отырдық. Шығарылған домбыралар облыс дүкендерінде еркін сатылымға түсірілді, – деп әрмен қарай әңгімесін жалғады Молдан аға. – Домбыра аспабын кез келген ағаштан жасай алмайсың. Қонымды дыбыс шығаратын ағаш резонансты ақ қарағай. Біз оны Ресейдің Кострома облысынан алатынбыз, бағасы да қымбат болды. Кейін белгілі болғанындай, резонансты қасиеті бар қарағай өзіміздің Алатау етегінде де өседі екен. Кейін соны пайдаландық. Ол кезде министрлік бойынша ағаштан жасалған бұйымдардың көрмесі өткізілетін. Халықтың сұранысын, базар нарқын зерттейтінбіз. Көрмеге халық көп келетін. Бірде көрмеге Орталық Комитеттің бюро мүшелері, Үкімет басшылары келді. Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев арнайы көрмені көруге келгені бар. Димекең домбыраны қолына ұстап тұрды да: «Қанша домбыра шығарасыңдар?» – деп сұрады. Мен: «Жыл сайын 100 мыңдай домбыра шығарамыз», – деп жауап бердім. «Домбыраларыңның дауыс шығару сапасы қалай? Қане, өзің тартып жіберші», – деді. Мен домбыраны жанымдағы бесаспап маманға бердім. Ол бір күй орындап берді. Осыдан соң Димекең: «Мына жігіт министрін құтқарып қалды», – деп елді күлкіге бөледі».

Міне, домбыра жасаудың сыры осындай болған. Бұл – 2007 жылдың қазан айында болған әңгіме. 2008 жылы Молдан аға ол туралы естелік-мақала жазып, оны осы жолдардың авторына көрсеткен еді.

ОРЫСТАР ІЛУЛІ ТҰРҒАН ДОМБЫРАНЫ КӨРІП, ҚАЗАҚТАРДЫ ШОҚЫНДЫРУДАН ҚОРЫҚҚАН

Домбыраның ұлтқа ұран болғаны ақиқат ұғым. Қазақ халқын жоңғар шапқыншылығынан аман алып қалған қандай күш дегенде – домбыраның айбарын айтушылар бар. Бойына даланың бұла күші мен сынбас құпиясын үйіріп алған қара домбыра тұтас ұлтты ерлікке тәрбиелеген. Православ шіркеуінің әулиелері домбыраның үніне үрке қарап, ол барда қазақтарды шоқындыруға иліктіре алмасын аңдаған. Бұл бергі күш, алайда оның қайраты әріден басталады.

Қазақ домбырасының тарихы, күші тереңде жатыр. Оны бағзы замандардан бізге жеткен аңыз, әфсаналар, батырлар жыры мен қисса дастандар айғақтайды. Оны археологиялық зерттеулер дәлелдеп отыр. Сонау бір ескі заманда Қой қырылған қаланың (көне Хорезм қаласы) бұрынғы орнын қазғанда археологтар қазақ домбырасының арғы атасы саналатын қос ішекті аспапта ойнаған сазгерлердің саз балшықтан күйдірілген мүсіндерін тауып алған. Олардың тарихи жасы 2000 жыл деп есептелген. Ал, енді келесі болжам домбыраның 6000 жылдық тарихының барын айтады. 1986 жылы белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы «Майтөбе» жайлауынан ұзындығы 1 метр 30 см, қалыңдығы 80 см балбал тас тауып, Ықылас Дүкенұлы атындағы халық аспаптары мұражайына тапсырады. Домбыраның суреті салынған бұл тас – бізге неолит дәуірінен жеткен 6000 жылдық тарихы бар құнды мұра екендігін ғалымдар дәлелдеп шығарды.

Домбыраның шығу тарихы туралы халық арасында ауыздан-ауызға айтылып келе жатқан небір аңыз-әңгімелер де бар. Осыдан 10 жыл бұрын белгілі түркітанушы Қаржаубай Сартқожаұлы Моңғолиядан сонау V-VІ ғасырлардан бүлінбей бүгінге жеткен қара домбыраның нұсқасын тауып келді. Ғалым ол туралы: «…мынау біздің жыл санауымыздың V-VІ ғасырларында жасалған ағаш домбыра. Қазақ деген ұлы халықтың құдіретті аспабы, қазақ деген ұлы халықтың мыңдаған жылдар бойы мұңын, сырын шертіп, өмірдің де, өлімнің де бебеулетіп күйін шертіп, жан жүрегін езілтіп, жаһанмен үн қатысқан қасиетті қара домбырасы жер кіндігі – алып Алтайдан табылды. Бүгін біз «Айналайын Алтай, сенің қойныңда алтын да, күміс те, темір де, көмір де мың-миллиондаған тонналап табылып жатты. Селт етпедік. Сенің қойныңда уран да, у да, мыс та, мырыш та миллиондаған тонналап үйіліп жатыр. Былқ етпедік. Енді, міне, сенің қойныңнан қазақтың жаны – қара домбыра табылды. Бүкіл қазақ Алтайды құшақтап сүйер-ау!» – деуге толық хақылымыз. Өйткені, бұл тарихи жәдігер қазақтың байырғы ұлт екенін көрсетеді. Осы шынашақтай қара домбыра Еуразия даласын арғымақтың тұяғымен сабалап, қайқы қылышымен жарты әлемді дірілдеткен Көк түріктер бүгінгі қазақ халқының тікелей бабасы екенін әлемге дәлелдеп тұрғандай. Ерте дүниеден бізге жеткен қара домбыра қазақ ұлтының тіні де, ділі де, тілі де. Қазақтың мыңдаған жылдар бойы рухани мәдениет тудырған ұлы ұлт екенін Алтайдан табылған қара домбыра айғайлап айтып тұр», – дейді. Бұл бізге домбыраның көне аспап екенін білдіретін ескі тарихтан жеткен бір сыр.

Міне, домбыра туралы бар сыр осында жатыр.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here