Қарыз бен парыз: Несие төлеуге мүмкіндік болмаса…

0
2527

Өмірде түрлі жағдайлар орын алатыны шындық. Егер кенеттен қаржылық қиындықтың шырмауына түсіп, несиені төлеу мүмкін болмаған жағдайда не істеу қажет? Әрине, ең бастысы құқықтық тұрғыдан әрекет ету керек. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті мұндай жағдайда не істеу керектігін түсіндіреді.

НЕГІЗГІ ҚАДАМДАР

Ең алдымен шарт жасасқан несиелік ұйымға өтініш жазу керек. Мұны төлем кешіктірілген күннен бастап отыз күннің ішінде жасаған дұрыс. Бұл мерзімге жеткізбей ертерек қамдансаңыз тіптен жақсы. Өтінішіңізде шартта көрсетілген міндеттемелердің неліктен орындалмағанын түсіндіріп, шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарыңызды көрсетуіңіз қажет.

Бұл былайша болуы мүмкін:

– Сыйақы мөлшерінің төмендеуі;
– Негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;
– Қарызды өтеу әдісін немесе қарызды төлеудің басымдылығын өзгерту;
– Шарттағы мерзімді өзгерту;
– Мерзімі өткен негізгі қарызды, сыйақыны кешіріп, тұрақсыздық айыбын жою.

Кіріс нөмірі бар өтінішіңіздің көшіремесін міндетті түрде алыңыз. Осыдан соң қаржы ұйымы сіздің ұсыныстарыңызды 15 жұмыс күні ішінде қарап, жазбаша түрде жауап беретін болады. Несие беруші сіздің ұсыныстарыңызға келісе де, бас тарта да алады. Сондай-ақ, ұсыныстарыңызға балама нұсқаларды да қарастырады.

2021 жылдың мамыр айынан бастап заңнамаға біраз өзгерістер енгізілгенін айта кеткен жөн. Өзгерістер аясында банктер мен микроқаржылық ұйымдар қайта құрылымдауды жүргізу барысында несие алушының әлеуметтік жағдайы, оның табысының төмендеуі, кепілге қойылған тұрғын үйдің бірегейлігі және несиелік міндеттемелерді адал орындауы сияқты факторларды ескеруге міндетті.

Несие берушімен несиені қайта құрылымдау шарттары бойынша, келісім жасай алмаған жағдайда, өз құқыңыздың бар екенін ұмытпаңыз. Мұндай жағдайда ипотекалық қарыз алушыларды қорғау шарасының аясында несие алушыға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің көмегіне жүгінуге хақыңыз бар. Бұл кезеңде несие берушінің халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкерлердің кепілге қойылған мүліктерін тартып алуға құқығы болмайды.

НЕЛІКТЕН РЕСМИ ӨТІНІШ БЕРУ КЕРЕК?

Мәселені шешудің ең тиімді жолы – тек борышкердің ғана емес, несие берушінің де мүдделерін ескеру. Сондықтан есеп айырысу шаралары тезірек жүрсе, екі жаққа да тиімді нұсқа тезірек табылады. Қаржы институнына дер кезінде жүгіну борышкерге несие тарихын жақсы жағынан жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сотта несие берушінің әрекеттеріне қатысты дау пайда болған жағдайда, борышкердің Қаржы институтына жүгінгені оның пайдасына шешілуі ықтимал.

Несие беруші әрбір осындай жағдайға жеке тәртіппен қарайды. Қарыз алушыдан оның қаржылық жағдайы мен төлем қабілеттілігін сипаттайтын қосымша құжаттарды әкелуді талап етуі мүмкін. Мұның ішіне еңбек шарты, жұмыссыздық мәртебесін растайтын құжаттар және т.б. кіреді. Осының арқасында нақты жағдай туралы шешім қабылдау оңайырақ болады.

НЕНІ ІСТЕУГЕ БОЛМАЙДЫ?

Несие берушіден қашудың қажеті жоқ. Кешіктірілген күннен бастап,  отыз күннің ішінде қаржы ұйымы борышкерге несиені төлеу керектігі туралы хабарлайды. Хабарламада мерзімі өткен берешектің мөлшері және несие шартындағы міндеттемелер орындалмаған жағдайда не болатыны жайлы ескерту жасалады.

Егер де борышкер қаржы ұйымдарына жүгінбесе, несие беруші шартта көрсетілген барлық санкцияларды пайдалануға құқылы, яғни өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептеу немесе сотқа дейін өндіріп алу процесін бастау сынды қадамдарға бара алады. Бұдан бөлек, борышкерден тиісті қаржыны өндіріп алу үшін іске коллекторлық агенттіктің тартылуы да ғажап емес.

Коллекторлық агенттіктің қызметі жеке тұлғалардың берешегін сотқа дейін өндіріп алуға немесе реттеуге бағытталған. Егер төленбеген несие ісі коллекторларға берілсе, борышкер қарызды өтеу үшін, болмаса оның шарттарын өзгерту үшін қаржы ұйымына жүгінуге құқылы.

НЕСИЕНІ ТӨЛЕМЕУ НЕСІМЕН ҚАУІПТІ?

Біріншіден, несие беруші шартта көрсетілген міндеттемелердің орындалмағаны жайлы ақпаратты Бірінші несиелік бюроға жіберуі тиіс. Ал, бұл ақпарат сіздің несие тарихыңызда көрсетілетін болады.

Екіншіден, егер несие мүлікті кепілге қою арқылы алынған болса, онда борышкердің мүлкі сот немесе сотқа дейінгі тәртіппен сатылуы мүмкін.

Сондай-ақ, несие беруші төлем талабын бере алады (егер бұл шара шартта көрсетілген болса). Борышкердің келісімінсіз-ақ, оның банктік шотынан белгілі бір сомада ақша ұсталынып қалады. Мысалы, жалақы түскенде алынуы мүмкін. Бірақ, борышкердің шотынан ақша алынғанда заңнамада көрсетілген межеден аспауы тиіс. Яғни, борышкердің шотында қалған ақша заңмен белгіленген ең төменгі күнкөріс мөлшерінен аз болмағаны жөн.

Үшіншіден, борышкер елден кете алмайды. Ол сот қаулысымен шетелге шығуға тыйым салынған азаматтардың тізіміне енуі мүмкін. Борышкердің Қазақстаннан шығуын уақытша шектеу туралы бұл ұйғарымды соттың мақұлдауына жатады.

Сот мақұлдаған соң, борышкер қаулының көшірмесін алады. Мұны шекара қызметі де алады. Олар борышкердің қарызы өтелгені жайындағы ақпарат базада расталғанға дейін оны шетелге шығармайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Істі сотқа жеткізбеу үшін қарыздарыңызды уақытында жауып, айыппұлдар мен коммуналдық төлемдерді, алимент пен салықтарды дер кезінде төлегеніңіз абзал. Несие шартындағы міндеттемелерді орындамаған жағдайда, қарыз алушы мен оған кепілгер болған тұлға да тығырыққа тіреледі. Себебі, кепілгер де қарыз алушы сынды қаржы ұйымдарының алдында жауапты болады. Ең дұрысы, Бауыржан Момышұлының «Ең бай адам – қарызы жоқ адам» деген сөзін қаперімізде ұстайық.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here