Аязбеков әлемі (Қаламгердің екі кітабы туралы әліптеме-рецензия)

0
2278

Журналист-жазушы Жанұзақ Аязбековты мен жиырма жылдың төңірегінде білемін, аз-кем жылдар телеарнада қызметтес болдық. Жастықтың соңы, есеюдің алды дейтін желікті күндерді де бірге өткізген сәттеріміз жадымызда. Соның бәрінде мен оны ойы ұшқыр, тілі жатық елге танымал телерадиожурналист ретінде білетінмін, бағалайтынмын. Сөйтсем, білмейтінім бұдан да көп екен. Бұған оның «Бальзак неге жылады?», «Ел сөзі» деген кітаптарын оқығаннан кейін толық көзім жетті.

Әдебиет әлеміне туа бітті келетіндер де, жол-жөнекей қосылатындар да бар. Жанұзақ соның алдыңғы легіне әбден лайық.  Бала күнінен бастап өзі мұрат еткен сыншылық жолға жан-жақты дайындықпен келген қаламгер. Өйткені, оныншы сыныпта оқып жүргенде «Жастық жалыны ма?» деген рецензиясымен сол кездегі ең беделді «Жұлдыз» журналында жарқ етіп көрінуі тегін болмаса керек. Оның бер жағында КазГУ-де оқып жүріп бес жыл бойы Мәскеуде шығатын «Вопросы литературы» журналын жаздырып алып, басына жастап жатып оқуы, оның сыншылық болмысын қалыптастырудағы ең алғашқы баспалдақ болғаны анық.

Жанұзақ жай ғана рецензия жазып біреуді қолпаштай салатын сыншы емес. Ол алған объектісін астын үстіне шығара зерттеп, оған өзінің сыни көзқарасымен қарайтын талғампаз, ешкімге жалтақтамайтын, «Әдебиет – ардың ісі» деген ұғымның таразысын тең ұстайтын толыққанды әдеби сыншы. Әдебиет әлемінің күрделі бір саласы осы сыншылыққа қалай келгенін ол өзінің бір сұхбатында былай баяндапты: «Ес білгелі көркем әдебиетке құлай берілгендердің сойынанмын. Сонау кеңес заманынан бері мен әлі күнге дейін әдебиет дейтін киелі табалдырықты аттап алып, киесіз дүниемен айналысатын жазармандарға өкпелімін… Мен ұзақ жылдар бойы Бальзактың романдарын, ол туралы жазғандарды оқыдым. Соның нәтижесінде 2011 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің қатарынан екі нөмірінде (№ 23, 24) тұтастай  беттерін алып «Бальзак неге жылады?» деген атпен әдеби-сын материалым жарық көрді».

Оноре де Бальзак?! Анау-мынау емес, «Адам комедиясы» деген жүз томға жуық дәуірнамасымен бүкіл әлемді аузына қаратқан осы бір кірпияз, қазымыр, бірнәрсені аш ішектей шұбалтып жазып, адамның іші-сыртын үңгіп, жан-дүниесін астаң-кестең ғып суреттейтін ғұлама классикке жап-жас Жанұзақтың тас кенедей жабысуының сыры неде? Қазақы пайыммен айтқанда, «Құласаң нардан құла» дегендік пе? Әлде, кейіпкері Горио әкесін романның соңында өлтіріп алып, ес-түссіз жылайтын жазушыға деген іңкәр сезім бе?

Жазушы Жанұзақ «Бальзак неге жылады?» деген сын мақаласын бір отырыста жазып тастамағаны белгілі. Ол оны ұзақ жылдар бойы іштей жүз қайтара пісіріп, ой елегінен өткізіп, қырнап, сырлап, өзгелермен салыстырып, әбден иін қандырып барып жазған болуы керек. Өйткені, сыншы Бальзакты талдай отырып, ол суреттеген буржуазиялық қоғам, капитал, адам бойындағы эгоизм туралы айта келіп, оны бүгінгі қоғаммен де шендестіреді. «Әңгімеміздің сабағында, тілдің ұшында Бальзак тұрғанымен, шыны керек, көңіл мен көкейдегіміз – төл ұлттық әдебиет, қазақтың көркем сөзі» дей келе сыншы Жанұзақ соңғы жылдар бедеріндегі бір қауым жазушыларымыз жайлы да сыр суыртпақтап кетеді.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейінгі Бекежан Тілегеновтің «Қара жел», Тұрысбек Сәукетайдың «Ай қараңғы», «Жел қайық», «Қилы тағдыр», Қуандық Түменбайдың «Бекеттегі бейкүнәлар», «Сотталған домбыра», тағы басқа сәтті шығармалардың елдегі әлеуметтік-экономикалық дағдарыс жылдарының салдарынан лайықты бағасын ала алмағандығына өкініш білдіреді. Біздің қазіргі қоғамдағы кеселді жағдай – кердең көсемсігендікті, шектен шыққан мадақ, мақтану синдромын өлтіре сынайды.

Жазушының бұл жинағына біз жоғарыда сөз еткен күрделі де көлемді сараптамалық мақаласынан басқа бірқатар белгілі қоғам қайраткерлерімен, жазушыларымен сұхбаттары, театр сыны, әдеби көркем талдау мақалалары топтастырылған екен. Олардың қай-қайсысы да шебер қолдан шыққан, сауатты талдауға, көшелі ой-толғамға толы. Оның бәрін бір мақалада жіліктеп, жүйелеп айтып беру мүмкін болмағандықтан, Жанұзақтың бірнеше кітабы жайлы әліптемені «Сіз «Гамлетті» көрдіңіз бе?» деген мақаласы туралы біртоға пікір айтумен аяқтап, келесі кітабына көшпекпіз.

Гамлет! Әлем аузын ашып, айды аспанға шығарған аты шулы Шекспир 37 жасында жазған классикалық трагедия. Оның жөн-жобасы, мазмұны көзі қарақты оқырманға мәлім болар деп ойлаймыз. Ал, білмейтіндер болса, біздің Қостанай театры қойған спектакльді көрмегені үшін өкінеді.

Иә, солай! Сыншы Жанұзақ жүлге-жүлгесімен талдап, басты кейіпкердің ойына барынша жоғары баға бергені соншалық, оны жәй әдеби сыншы емес, театрдың жілігін шағып, майын ішкен майталман сыншы ма деп қаласың. Белгілі театртанушы Әшірбек Сығайдан бір кемдігі жоқ. Әдетте, театр тақырыбына кез келген журналист-жазушы бара алмайды. Бұл сыры бүгулі, астары сан қатпар қиын объекті. Ал, Жанұзақ соны сәтті меңгере білген. Талдауы, ой түйіндері салмақты, санаға қонымды.

Журналист-жазушы Жанұзақ Аязбековтің біз оқыған екінші шығармасы «Ел сөзі» деп аталатын кере қарыс қалың кітап. Ол «Қостанай таңы» кітапханасы сериясы бойынша жарық көрген. Автор кітаптың шығуына газеттің қалың оқырманы себеп болғанын алғысөзінде ашып жазыпты. Кез келген редактор өзі қызметке кіріскен сәттен бастап, басылымға жаңа рең беріп, өзгеше тақырыпта сөз қозғауға тырысады. Бірақ, оған шамасы жететіндер де, жетпей орта жолда қалатындар да бар. Жанұзақ редактор ретінде газетке қол қойғаннан бастап «Бас редактор әлемі» деген айдар ашты. Баспасөзде бұл жаңалық емес, «Редактор бағаны» деген ұғым баяғыдан бар. Онда белгілі бір оқиға немесе бір саяси мәселе жөнінде редактор талдауы берілетін. Ал, Жанұзақтікі олай емес, «Бас редактор әлемі» деп аталады. Бұл сөздің ауқымы да, аясы да кең. Мұнда еркіндік басым. Ой-толғам, саясатқа көзқарас, ішкі ой иірімі бәрі астасып жатыр. Жанұзақтың ұтқан жері осы. Алғашқы бетте мұны түсінбей, түсінсе де қызғаныш білдіріп сырттай күңкілдеушілер болғаны да бізге мәлім. Өзі бола алмайтын, болғанды көре алмайтындар арамызда әлі де жетіп артылады емес пе?!

Осы айдар сәтті болды да, оған «Ел сөзі» деген қосымша қосылды. Онда дуалы ауыздан шыққан уәлі сөздер, халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ой орамдары, сөздің інжу маржаны берілді. Әдетте, кісі кітапты бірден оқи жөнелмей аударыстырып қарап, әр тұсына көз жүгіртеді емес пе?! Мен де сөйте отырып бір жеріне «Даналық мұрағаты сияқты адамды ойландырады, тәубесіне түсіреді. Өмірдің мән-мағынасын ұқтырады. Тұнып тұрған тағылым мен таным. Өте керек кітап» деп жазып қойыппын. Сол пікірім – пікір.

Жанұзақ талай жылдар бойы ерінбей, жалықпай адамзаттың ой маржандарын жинақтап, жариялап игілікті іс жасаған. Бұл екі кітапты да әдебиетімізге қосылған мол олжа деп білейік, оқырман!

Серік ШАЙМАН, журналист

ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here