АҚШ пен Германия келісімінен кейін Украина тығырыққа тірелді ме?

0
1884
Украина газ тасымалдау жүйесі басшысының мәліметінше, ресейлік «Газпромның» украиналық «Нафтогазбен» жасасқан қазіргі келісімі 2024 жылы аяқталады, ал «Солтүстік ағыны-2» жобасы іске қосылғаннан кейін Украина бюджеті жылдағы 5-6 млрд доллар табыстан қағылады

АҚШ пен Германия атышулы «Солтүстік ағыны-2» газ құбыры жобасы бойынша келісімге келді. Олардың бірлескен декларациясы заңды құжат болып табылмайды және ешкімді ештеңеге міндеттемейді. Бірақ, бұл қадам Вашингтонның санкциялар саясатынан бас тартқанын, газ құбырының құрылысы бәрібір аяқталатынын көрсетеді. Бұл мәлімдеме Киевтің шымбайына батып, қарсылық реакциясын тудыратыны бесенеден белгілі. Тіпті, Украина «Нафтогазының» басшысы Ресейдің жобасы жүзеге асқан жағдайда, Еуропа үшін кең ауқымды соғыс болатыны туралы болжамын жасап та үлгерді.  Дегенмен, Юрий Витренко кімнің кіммен соғысатынын нақты атап өтпеді.  Алайда, барлық жағдайда да Украина бұл соғысқа қатыса алмайды. Анығында, Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, «Солтүстік ағыны-2» жобасы іске қосылғаннан кейін Украина өз әскерін қамтамасыз ете алмайды. Берлин мен Вашингтонның жасаған келісімдері Киевке шынымен де ауыр зардаптарын тигізуі ықтимал. Украина билігін Мәскеуге деген ұстанымын өзгертуге мәжбүрлеуі де мүмкін. Бүгін бұл тақырыпты «Qazaq» газеті қозғайды.

КИЕВ ЖАҢА КЕЛІСІМГЕ НЕГЕ НАРАЗЫ?

АҚШ пен Германия арасындағы келісімнің мақсаты бүге-шүгесіне дейін белгілі болғаннан кейін Жоғарғы Рада спикері Дмитрий Разумков  АҚШ конгресіне ашық хат жолдады. Хатта «Солтүстік ағыны-2» жобасы құрылысының аяқталуына жол бермеуге және санкциялар салуды жалғастыра беруге шақырды. 37 жастағы спикер ел үкіметінің мұндай белсенді ұстанымын Украинаның өзінің саяси және экономикалық мүдделерін қорғайтындығымен түсіндірді.

Жасыратыны жоқ, Ресей газының Украина арқылы Еуропаға транзиті ел бюджетіне қомақты қаражат түсіреді. Сонымен қатар, Ресей мен Батыс елдері серіктестеріне саяси қысым жасаудың маңызды құралы болып табылады. Баламалы транзиттік желінің пайда болуы Киевті шарттарды белгілеу мүмкіндігінен айырып, өте қолайсыз жағдайға қалдырады. Еуропа Украина транзитінің мәселесін бір жақты етуді әлдеқашан бастаған еді.

«Біз мынандай темірдей ережені ұстанамыз: Украинаның қатысуынсыз Украина жөніндегі келісімдер жасалмайды және бөгделердің біз үшін сыртымыздан шешім қабылдауына жол берілмейді», – деді Украина Ішкі істер министрі Дмитрий Кулеба.

2014 жылдан бастап Киевтің сыртқы саясатының бағыты Украина қатынасқан барлық халықаралық келісімдерді толық бақылау ұстанымымен анықталды. Ол Владимир Зеленскийдің алдындағы президент Петр Порошенко режимінен қалған мұра еді. Бірақ, енді ол жұмыс істемейді. «Солтүстік ағыны-2» жобасы бойынша АҚШ пен Германияның келісімі Украина өкілдерінің қатысуынсыз дайындалды. Түптеп келгенде, келісім-шарттың талаптарына әсер етуге Украинаның құзіреті жоқ болып шықты.

Енді Киев «Жобаны тоқтатудан бас тарту бүкіл Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, Еуропалық Одақ пен НАТО-ның шырқын бұзады» деп сендіруге тырысуда. Бірақ, Украина билігінің мұндай мәлімдемелері Вашингтонды иландырудың орнына, керісінше кері әсер ететін секілді. Ақ үйдің қазіргі қожайыны Джо Байден экс-президент Дональд Трамп бұзған «трансатлантикалық бірлікті» қалпына келтіруге мүдделі және оған Украина билігінің риторикасы ұнамады.

Politico басылымының хабарлауынша, Ақ үй өкілдері Украина билігіне Германиямен жасалған келісімді көпшілік алдында ашық сынауды доғаруды ұсынды. Сондай-ақ, мұндай сындар Киев пен Вашингтонның арасындағы қарым-қатынасты нашарлатуы мүмкін екенін ескертті.

Декларацияның мәтініне сүйенсек, Украина өз мүдделері үшін бекерге уайымдайды. Құжатта АҚШ пен Германияның газ құбырын саяси қаруға айналдыруға мүмкіндік бермейтіні туралы айтылған. Ресей агрессиясын көрсеткен жағдайда, Германия ұлттық деңгейде де, ЕО деңгейінде де, санкциялар деңгейінде де әрекет етеді деп болжануда. Сондай-ақ, Германия тарапы Украина арқылы газ транзиті туралы келісімді тағы 10 жылға ұзарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтындарына уәде берді.

Сонымен қатар, Ресей-Украина келіссөздерінде ара ағайындық жасап, Украинаны жалпы еуропалық энергетикалық желіге қосуға,  жаңартылатын энергия саласында Германиямен бірлескен жобаларды дамытуға көмектесуге уәде берді. Германияның Сыртқы істер министрі  Хайко Мастың пікірінше, мұны барлық мүдделі тараптарды қанағаттандыратын сындарлы шешім деп атауға әбден болады. Газ құбыры салынып, Украина арқылы газ транзиті жалғасады.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Виктория Нуланд: «Егерде Ресей энергияны қару ретінде пайдаланса немесе Украинаға қарсы агрессивті әрекеттер жасаса, Германия тиісті шаралар жасауға уәде берді», – деп мәлімдеді.

Алайда, «Солтүстік ағыны-2» жобасына жасалған дипломатиялық қысымдардан мынаны көреміз: декларациялар мен қолдау көрсету туралы мәлімделердің қауқары шамалы екендігі. Маңыздысы шешімнің қай орталықта қабылданатыны және оны кімдер қабылдайтыны. Вашингтон үшін қазір еуропалық ойыншылармен ымыраға келу маңызды болып отыр. Сондай-ақ, бұл мақсаттарына қарсы келген кез келген тараптың қарсылығы аяусыз жанышталады. Осылайша, Украинаның халықаралық процестердің тәуелсіз қатысушысы ретіндегі заңды құқы бұзылады.

Киев үшін екі мәселе бар. Біріншіден, Германия мен АҚШ-тың жасасқан келісімнің тікелей құқықтық салдары жоқ және оны жасауға міндетті де емес. «Уәделерін» бұзып, беделдеріне нұқсан келтірсе де, оларға төнер еш қауіп жоқ. Мұрты да қисаймайды. Екіншіден, тұжырымдамалары өте сақ жазылған. Түсініксіз және жалпылама сөздер жиі кездеседі. Содан жауабын табу қиын сұрақтар туындайды: «Ұлттық деңгейде әрекет ету» деген нені білдіреді?  Германия неліктен Ресей мен Украина арасындағы жаңа газ келісімшарты үшін «қолдан келгеннің бәрін» жасайды? Бұлай істеу жеткілікті ме?

ГАЗ ТРАНЗИТІ БОЛА МА, БОЛМАЙ МА?

«Солтүстік ағыны-2» жобасының іске қосылуы Украинаның шығынға батуына жол ашады. 2015 жылы жобаның жыл сайын 2 миллиард доллар шығын келтіретіні анықталды. Кейін сала мамандары шығынның одан да бірнеше есе көп болатынын мәлімдеді. Украина газ тасымалдау жүйесі операторы директорының мәліметінше, «Солтүстік ағыны-2» жобасы іске қосылғаннан кейін Украина бюджетіне жыл сайын 5-6 миллиард доллар шамасында зиян келеді.

«Ресей баламалы транзитін іске қосқан соң, Украинадағы транзиті жалғаса ма» деген мәселе басы ашық күйінде қалып отыр. Ресейлік «Газпром» Украинаның «Нафтогазымен» жасасқан қазіргі газ келісімі  2024 жылға дейін жарамды және транзиттің ең аз көлемі болжанады. 2020 жылы Ресей Украина арқылы Еуропаға 65 миллиард текше метр газ жіберсе, 2021-2024 жылдар аралығында 40 миллиард текше метр газ жеткізуге міндеттелді.

Қазіргі келісім Киев үшін өте тиімді. Атап айтқанда, онда «жүктеу және төлеу» қағидасы қарастырылған. Яғни, «Газпром» жоспарланған транзит көлемі үшін ақы төлеуге мәжбүр болды. Тіпті, транзит көлемі аз болса да төледі. Мысалы, 2020 жылы газдың ең аз жеткізілімі жылына 55,8 миллиард текше метрді құрағанына қарамастан, Ресей келісілген 65 миллиард текше метр үшін бәрібір құн төледі.

2024 жылға дейін келісімнің міндеттемелерін орындау талаптарын Ресей президенті Владимир Путиннің өзі растады. Сонымен қатар, «Газпром» жаңа келісім шарт жасауға мүмкіндік берді. Компания басшысы Алексей Миллер егер осы бағыт бойынша отын алу ағымдағы міндеттемелерден жоғары болса, Украинаның газ тасымалдау жүйесі арқылы транзит көлемін ұлғайтудың мүмкін екендігін мәлімдеді.

Сонымен қатар, Владимир Путин: «ЕО-ның Ресейдің энергия ресурстарына деген сұранысы біртіндеп артса да, Украинаның қуаттылығы маңыздылығын жоғалтпайды», – деп пікір білдірді. Бірақ, Украинаны мұндай құрғақ сөздер қанағаттандыра қоймайды. «Украинаның газ тасымалдау жүйесінің операторы» компаниясының директоры Сергей Макогонның пікірінше, еуропалық банктердің берген кепілдігімен 15 жылға арналған жаңа келісім жасалса, қанағаттанарлық нұсқа болар еді.

«Нафтогаз» басшысы Юрий Витренко да онымен келіседі. Оның айтуынша, Миллердің сатып алу көлемін ұлғайту туралы ұсынысы қолайсыз. Себебі, ол қазір тоқтатылған ресейлік газды импорттауды да қамтиды. Бұл Украинаны айтарлықтай экономикалық шығындарға батырады. Ресей әрқашан транзит шарттарына газды нарықтық бағадан жоғары бағада сатып алуды қосады. Оның есебінше, Украина Ресейден газ сатып алуда транзит үшін алатын ақшадан 5 миллиард көп қаражат жұмсаған.

Алайда, Украинаның бұл мәселедегі ұстанымы осал екендігі бәріне мәлім. Егер Ресей мен Германияның мәлімдемелеріне сенетін болсақ, транзит толықтай тоқтатылмайды. Транзит көлемі біршама азаюы мүмкін. Сондай-ақ, көлем азайған соң, Украина үшін ішкі саясаттағы шығындарын өтеу қиынға соғатыны анық. Өйткені, бұл ультиматумдық талаптарынан бас тартып, Ресеймен ымыраға келуді талап ететін дүние. Ал, бұлай ету Украина саясаты үшін екіжүзділік пен опасыздыққа пара-пар.

ТҮЙІНІ ТАРҚАТЫЛМАҒАН КҮРМЕУЛІ МӘСЕЛЕ

Украина Ресейден ұзақ уақыт бойы ресми түрде газ сатып алмады. Бірақ, іс жүзінде олар «виртуалды реверс» деп аталатын схемамен жұмыс істейді. Құжаттар бойынша «Нафтогаз» бүкіл газ көлемін Еуропаға тасымалдайды. Ал, іс жүзінде жылына 10 миллиард текше метр газ Украинаға барады. Яғни, «виртуалды реверс» схемасымен Украина газды Ресейден тікелей сатып алмай, Еуропаға жөнелтілетін газды батыстық серіктестерінен сатып алады. Осылайша, әдептілік сақталып, Ресеймен тікелей сауда жасамағанның арқасында ақша үнемделеді. Украинаның ішкі қажеттіліктері үшін жылына 30 миллиард текше метр газ қажет. Ал, транзиттің көлемі қысқарған кезде газды әлдеқайда қымбат бағаға сатып алуға тура келеді. Мемлекет өз өндірісінің көмегімен қажетті газдың үштен бірін де өндіре алмайды. Сонымен қатар, газдың қажетті көлемінің транзиттік құрылым арқылы өтуі оны орташа және төмен қысымды құбыр арқылы тұтынушыларға тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Егер транзит үзілсе, бұл үшін жаңадан инфрақұрылым құру қажет болады.

Осылайша, Украина газ транзитінің көлемі қысқаратын болса, Киевке тығырықтан шығар екі-ақ жол қалады. Біріншісі, Еуропалық жеткізушілерден газды нарықтық бағамен сатып алу және оны тұтынушыларға өз есебінен жеткізуді қамтамасыз ету. Екіншісі, Ресейден тікелей газ сатып алу нұсқасына қайта оралу. Саяси жағдайлар мен сайлаудың ықтимал салдарына орай, екінші нұсқаның таңдалуы екіталай. Ал, еуропалық компаниялардан газды нарықтық бағамен сатып алып, оның логистикалық қажеттіліктеріне шығындану газ тарифтерінің бағасын күрт өсіріп, халыққа қолжетімсіз болуына әкеледі.

Тоқ етерін айтқанда, аталған екі нұсқа да президент Владимир Зеленский үшін өте тиімсіз. Әрине, Украинаның премьер-министрі  Денис Шмыгаль 2025 жылға қарай өзінің газ өндірісін ұлғайту жоспарын жариялады. Бірақ, оның сөздері шындыққа жанаспайтын сияқты. Сірә, Украина билігі әлеуметтік жарылыстың алдын алу үшін «Газпроммен» келісімге келуге мәжбүр болады.

Украинаның газ тасымалдау жүйесінің болашағы жайындағы мәселе де өзекті. Сарапшылар инфрақұрылымдардың ескіріп, тозығы жеткенін және жаһандық модернизациялаудан өткізудің қажеттілігі туралы айтуда. Сергей Макогон техникалық қиындықтардың барын мойындайды. Бірақ, алдымен бағаларды тұрақтандыру үшін оңтайландыруды жеделдету керектігін айтады.

«Егер оңтайландыруды уақытылы жүргізбесе, Ресей транзиттен бас тартқанда Украинаның қалтасын қағуға арналған тарифтің бағасы төрт есеге артады», – деп санайды Сергей Макогон.

«Финам» басылымының сарапшысы Алексей Качаловтың пікірінше, украиналық ГТЖ арқылы газ айдаудан бас тартқан жағдайда, қуаттың едәуір бөлігі қажет болмай қалады. Ең бастысы, оны қайта жаңғырту үшін инвестиция тартудың экономикалық тұрғыда мәні болмайды.

Германия мен АҚШ арасындағы келісімде тағы бір пункт бар. Онда Украинаға «газ инесінен» жаңартылатын энергия көздеріне көшуге көмектесу үшін бір миллиард долларлық көмек қорын құру туралы уәде жазылған. Бірақ, бұл шындыққа жанаспайтын сценарий. Біріншіден, энергетика саласынының құрылымдық трансформациясы ұзақ та күрделі процесс. Ол айтарлықтай үлкен инвестицияларды және қуатты технологиялық базаны қажет етеді. Екіншіден, әзірге әлем бойынша жаңартылатын энергетика дотациялық сала болып табылады. Мемлекеттің тікелей қолдауынсыз мұндай жобалардың жүзеге асып, табысты болуы екіталай нәрсе.

Украинада экономиканың жасыл секторы мен субсидиялардың өзіндік ұқсастығы бар. Дегенмен, сала әлі де жеке компаниялардың қарауында және кәсіпкерлердің мүддесіне жұмыс істейді. Әсіресе, олигарх Ринат Ахметовтың әл-ауқатын жақсарту үшін. Мемлекет өндірушілерден өнімдерді 2008 жылы енгізілген көтерілген жоғары тариф бойынша сатып алады. Тиісінше, соңғы тұтынушылар үшін жасыл энергия өнімдерінің бағасы өсуде. Бірақ, мәселе мынада. Бағаның шарықтауын украиналық тұтынушылардың қалтасы көтермейді. Үкіметтің тарифтерді төмендету мақсатында кәсіпкермен жасаған келісімдері әрдайым сәтсіз аяқталды. Ал, Ахметовтың компанияларының бірі бағаның өзгеруіне қарсылығын білдіру үшін халықаралық арбитражға да жүгінуден тайынбайтынын мәлімдеді.

Мұндай жағдайда шетелдік қор Украинаның жасыл энергетика саласындағы сыбайлас жемқорлығын дамыту үшін қолдау көрсете алады. Бірақ, газ транзитінің көлемі қысқаратындықтан, бұлай шығындану өзін-өзі ақтамайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Украина үшін «Солтүстік ағыны-2» жобасының саяси салдары өте маңызды болуы мүмкін. Германия мен АҚШ арасындағы келісім оның тәуелсіз мемлекет ретіндегі бейнесін, Киев билігі соңғы жылдары мұқият жасаған халықаралық аренадағы маңызды ойыншы ретіндегі имиджін толығымен жойды. Оның есесі үшін Украинаға қандай да бір қолдау көрсетілмеді және экономикалық дағдарысты болдырмауға көмектесетін ешқандай да кепілдіктер берілмеді. Сөйтіп, Владимир Зеленский мен оның командасы шешімі жоқ қиын жағдайға тап болды. Энергетика саласындағы дағдарыс, тарифтердің қымбаттауы күндердің күнінде халықтың бас көтеруіне алып келетіні айдан анық. Енді мұның алдын алу өте қиын. Ел үкіметі ойынның жаңа ережесіне бейімделе ме, әлде бұл мәселені саясаткерлердің жаңа буынына мұраға қалдыра ма? Оны уақыт көрсетеді.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq»

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here