Халық санағы – 2021: Азат елдің үшінші халық санағы басталды

0
3244

Қазақстанда Ұлттық халық санағы былтыр өтуі керек еді. Дегенмен, COVID-19 пандемиясы бұған кедергі келтіріп, азат елдің үшінші халық санағы биылғы жылға қалдырылды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап 30 қазанға дейін ұлттық санақ жүргізуді тапсырды. Сөйтіп, ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы №419 қаулысымен Президент тапсырмасы орындалды. Сөйтіп, ұлттық халық санағын 2021 жылғы 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізу туралы шешім қабылданды. Оның ішінде 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін онлайн санақ жүргізіледі. Ал, 1-30 қазан аралығында планшеттер арқылы жаппай сауалнама өткізіледі. 

Биылғы халық санағы дайындық кезең, не-гізгі кезең (тікелей санақ жүргізу) және қорытынды кезеңнен тұрады. 2021 жылғы 1-30 маусым аралығында санақтың дайындық кезеңі  өтті. Бірінші кезеңнің интервьюерлері (тіркеушілер) тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың мекенжайларын, оларда тұратын халық санын нақтылау мақсатында әрбір елді мекен бойынша аралау жүргізді, 6 миллионнан астам санақ нысандарын қамтыды.

Биылғы ұлттық халық санағының жаңашылдығы заманауи цифрлық технологияларды енгізу және процесті автоматтандыру болып саналады.   Бұдан былай халық туралы деректерді жинау үдерісі төменде келтірілген тәсілдер және құралдар арқылы жүзеге асырылады:

Бірінші әдіс – sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында интернет-сауал салу жүргізу. Ол виртуалды көмекші арқылы респонденттерге орналасқан жеріне қарамастан, өздігінен санақтан өтуге, өзіне және отбасы мүшелеріне санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік береді. Сайт 2021 жылғы 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады.  Сонымен қатар, респонденттер ХҚКО-ларда, әкімдіктерде, пошта бөлімшелерінде, мектептерде және т.б. мекемелерде орналасатын арнайы ұйымдастырылған нұсқаушылық учаскелерде санақтан өте алады. 

Екінші әдіс – дәстүрлі жаппай аралап шығу. Бұл сауалнама белгіленген мерзімде онлайн-режимде санақтан өтпеген респонденттер арасында өткізіледі. Аталған әдістің жаңашылдығы – интервьюерлер электрондық планшеттерді пайдаланады. Бұл санақ қызметкерлерінің еңбек шығындарын азайтуға, адами фактордың деректер сапасына кері әсерін тигізуге, ЖСН қолданумен халық санағы деректерінің анықтығы деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңсе керек-жарақтарын едәуір үнемдеуге және деректерді жинау кезінде интервьюерлердің ыңғайлылығы мен ұтқырлығын арттыруға мүмкіндік береді.

Үй-үйді аралап шығу ағымдағы жылғы 1-30 қазан аралығында өткізіледі. Бұл ретте қамтуды және деректердің анықтығын тексеру мақсатында респонденттердің 10%-ын бақылап аралап шығады. Бұдан басқа санақ парақтарында да өзгерістер болды. Сонымен қатар, жұмыспен қамту, тілдерді меңгеру, неке жағдайы және бала туу жөніндегі сұрақтар кеңейтілді. Санақ парақтарына халықтың көші-қоны және тіршілік әрекетін шектеу туралы жаңа сұрақтар енгізілген.

Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкеловтың айтуынша, сұрақтарды БҰҰ Мүгедектік статистикасының Вашингтон тобы ұсынған. Олардың мақсаты – халық санағын жүргізу кезінде қолдануға жарамды мүгедектік критерийлеріне ерекше назар аудара отырып, денсаулық сақтау статистикасы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ету. Ал, халық санағын өткізу үшін 91 сұрақтан, нақтырақ 69 сұрақтан және 22 нақтылаушы сұрақтан тұратын санақ парақтары әзірленді.

Нұрболат Айдапкелов санақ жүргізу кезінде азаматтардан алынатын барлық шифрланған ақпарат қорғалған байланыс арналары арқылы Ұлттық статистика бюросының орталық серверіне берілетінін жеткізді.

Халық санағын жүргізу кезеңінде шифрланған деректерді санақтың орталық серверіне беру: 

– желі болған жағдайда серверге тікелей планшет арқылы; 

– ұялы байланыс желісі нашар жерлерде ЖАО (ауылдық округтердің әкімдіктері) қосылған МО БКО арқылы офлайн режимде жүзеге асырылады.

Барлық аумақтық статистика органдары қосылған IP VPN (жергілікті желі) бойынша деректерді жөнелту мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, онлайн санақтың «sanaq.gov.kz» үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету шеңберінде резервтік алаң «QazCloud» ұйымдастырылған. 

Онлайн режимде санақ өткізу кезеңінде ұялы телефоннан «88000800878» және стационарлық телефон нөмірлері үшін «1446» тегін бірыңғай телефон нөмірі арқылы санақ мәселелері бойынша консультациялар өткізу көзделген.

Ұлттық статистика бюросы басшысының мәліметінше, халық санағын өткізу кезінде бүкіл ел бойынша 32 313 адам уақытша жұмысқа тартылады. Оның ішінде 6 178 адам ағымдағы жылғы 1-30 маусым аралығында өткен санақтың бірінші кезеңіне жұмылдырылды. Сондай-ақ, халықтың негізгі санағына 26 135 санақ персоналы тартылады. Өңірлерде интервьюерлерді жинауды арнайы құрылған комиссия жүзеге асырады. Екпе алған интервьюерлер жұмысқа алынады. Олар үшін толық көлемде жеке қорғаныш құралдары сатып алынатын болады. 2018-2023 жылдарға арналған ұлттық халық санағын қаржыландырудың қажетті көлемі 9,1 млрд теңгені құрайды, оның қазіргі уақытта 3,5 млрд теңгесі игерілді.

Айта кетейік, бұрынғы КСРО құрамындағы Қазақстан халқының соғыстан кейінгі санақтары 1959, 1970, 1979 және 1989 жылдары өтті. Тәуелсіз Қазақстанда бірінші ұлттық халық санағы 1999 жылы, екіншісі – 2009 жылы болды. 2009 жылғы ұлттық екінші халық санағы Қазақстанда 16 009,6 мың адам тұратынын көрсетті. Соның 63,1%-ын қазақтар, 23,7%-ын орыстар, 2,9%-ын өзбектер, 2,1%-ын украиндар, 1,4%-ын ұйғырлар, 1,3%-ын татарлар, 1,1%-ын немістер, 4,5%-ын басқа ұлттар құрады.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here